Бастауыш сынып

"Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері" 3 сынып

Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы,  Қапай батыр ауылы
Васильковка негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Дөненбекова Салтанат Серікханқызы

Сабақтың тақырыбы: «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері».
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік:
оқушыларға тұрлаулы мүшелерді ажырату, сөйлемде атқаратын қызметіне түсінік беру. Сөйлем мүшелері туралы білімдерін кеңейте түсу. Таза, сауатты жазу дағдысын жетілдіру.
ә) дамытушылық: оқушылардың ой — өрісін дамыту, өз ойын тез, әрі жүйелі жеткізуге дағдыландыру.
б) тәрбиелік: оқушыларды өз ана тілін сүюге, құрметтеуге, тиянақтылықа тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс – тәсілдері: сұрақ – жауап, түсіндіру, ой қозғау, ойын.
Сабақтың көрнекілігі: семантикалық карта, тест тапсырмалары, төр түлік мал төлдерінің суреттері, сұрақтар, сөйлемдер жазылған парақтар.
Сабақтың типі: жаңа сабақ

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі. Келген қонақтармен амандасу.

— Амансың ба, Алтын Күн!

— Амансың ба, Көк Аспан!

— Амансың ба, Жер – Ана!

— Амансың ба, қонақтар,

Сіздерді көріп қуанам.

— Иә, балалар, біз әрқашанда келген қонақтарға қуаныштымыз.

ІІ. Ми гимнастикасы. Ширату.

Күннің шығуы – (таң ату)

Мектептегі 45 минут – (1 сабақ)

Мемлекеттің бас қаласы – (Астана)

Күшіңе сенбе, (біліміңе сен)

Денсаулық – (зор байлық)

ІІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

1) Сабақтың ұранын еске түсіру:

Қазақ тілім — өз тілім, дана тілім,

Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.

Қастерлейді ұл – қызың мәңгі сені,

Болашағым, бақытым қазақ тілім, — дей отырып, бүгінгі қазақ тілі сабағымызды бастайық.

— Балалар, біздің бүгінгі сабағымыз өзгеше өтеді. Біз қазір 3 ауылға бөлінеміз:Абай ауылы, Ыбырай ауылы, Жамбыл ауылы.

2) Ой қозғау.

— Абай деген кім ?

— Абай – ұлы ақын.

— Ыбырай деген кім ?

— Ыбырай – алғашқы ұстаз.

— Жамбыл деген кім ?

— Жамбыл – халық ақыны. (сөйлемдерді оқушыларға көрсету)

— Бұл сөйлемде нені байқадыңдар, балалар ?

— Сөйлемдегі екі сөздің арасына сызықша қойылған. Ол екі сөз де бастауыш.

— Дұрыс айтасыңдар. Бұдан қандай ереже шығады ?

— Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен жасалса, баяндауыштан кейін сызықша қойылады. Абай – ұлы ақын.

— Дұрыс айтасыңдар, кеше біз «Бастауыш пен баяндауыш арасындағы сызықша» деген тақырыпты өткен болатынбыз. Ендеше, әр ауылдың үй тапсырмасын қлай орындағанын тексерейік.

87 – бет. 53 – жаттығу.

Ребусты дұрыс шешсең, мақал шығады. Мұндағы бастауыш пен баяндауышты табыңдар. Олардың арасына неге сызықша қойылған ?

Ребустың жауабы: «Ел іші – алтын бесік»

3) Өткенді қайталау.

— Енді, балалар, бәріміз ауыл – ауыл болып жарысайық. «Бәйге» ойынын ойнайық.

1. Сөйлем дегеніміз не ?

2. Сөйлемнің қандай түрлерін білеміз ?

3. Сөйлем соңында қандай тыныс белгілерін қоямыз ?

4. Сөйлем мүшесі дегеніміз не ?

5. Қандай сөйлем мүшелерін білеміз ?

6. Бастауыш дегеніміз не ?

7. Баяндауыш дегеніміз не ?

8. Бастауыштан кейін қай кезде сызықша қоямыз ?

9. Зат есім дегеніміз не ?

10. Сын есім дегеніміз не ?

11. Сан есім дегеніміз не ?

12. Етістік дегеніміз не ?

ІҮ. Жаңа сабақ.

— Жақсы, балалар, енді жаңа сабағымызды бастайық. Дәптерді ашып, бүгінгі күнді және жаңа сабағымыздың тақырыбын жазып қойыңыздар.

— Балалар, айтыңдаршы, қазір қай жыл мезгілі ?

— Күз, бірақ біздің жақта қыс ерте басталады. Сондықтан да қар жауып, борандар да басталды.

— Ал енді, мына екі сөйлемге назар аударыңдаршы:

1. Қар жауды.

2. Бүгін жапалақтап қар жауды.

— Осы екі сөйлемде қандай ұқсастық бар ? Қандай өзгешелік бар ? (балалардың жауабы)

— Өте дұрыс. Екі сөйлемде де қар туралы айтылып, оның жауғанын білдіріп тұр. Айырмашылығы – бірінші сөйлем бастауыш пен баяндауыштан ғана тұрады. Ал екінші сөйлемде бастауыш пен баяндауыштан басқа да сөздер қолданылған.

— Демек, балалар, бастауыш пен баяндауыш – сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Тұрлаулы мүшелер сөйлемдегі негізгі ойды білдіреді. Түсінгенімізді бекіту үшін оқулықтағы 61 – жаттығуды ауызша орындайық.

1) Оқулықпен жұмыс. 90 – бет. 61 – жаттығу.  (ауызша)

Мектепте асхана бар. Аспазшы тамақты дәмді пісірді. Балалар үзілісте асханаға келді.

90 – бет. 62 – жаттығу. (жазбаша)

Мәтінді тиісті тыныс белгісін қойып, көшіріп жаз.

Балалар Ақлима әжейге көмекке келді. Қыздар үй тазалады. Ұлдар отын жарды. Ақлима әжей балаларға риза болды.

Сергіту сәті

Жаңбыр жауар себелеп,

Тығылады көбелек.

Біз қолшатыр астында,

Би билейміз дөңгелеп.

 

2) Семантикалық картамен жұмыс. ( әр балаға жеке беріледі)

 

Сөздер

Бастауыш

Баяндауыш

Айжан

+

Оқыды

+

Биші

+

Жазды

+

Секірді

+

 

3) Оқулықпен жұмыс. 91 – бет, 63 – жаттығу.

Мақалдарды жатқа жаз. Мұндағы тұрлаулы мүшелерді тауып, астын сызыңдар. Мақалдардың мағынасын түсіндіріңдер.

1.     Әкеге қарап ұл өседі,

     Шешеге қарап қыз өседі.

2.     Жаман жолдас жолда қалдырады.

 

Ү. Қосымша тапсырма. Ойын «Кім тапқыр ?».

         Әр ауылға өзінің атауына сәйкес сөйлем құрау тапсырмасы беріледі. Бұл сөйлемдегі тұрлаулы мүшелерді табу керектігі ескертіледі. Мысалы: Абай өз өлеңдерінде жастарды білімге шақырады. Ыбырай ең алғаш рет мектеп салған адам. Жамбыл – жүз жасаған ақын.

 

ҮІ. Сабақты қорытындылау. Тест

1. Кім? не? кімдер? нелер? сұрақтарына жауап беретін сөйлемнің негізгі мүшесін:

А)Зат есім            Ә)Бастауыш            Б)Баяндауыш

2. Қандай жағдайда сызықша қойылады ?

А)Бастауыш та,баяндауыш та зат есімнен жасалса;

Ә)Бастауыш та,баяндауыш та етістіктен жасалса;

Б) Бастауыш та,баяндауыш та сын есімнен жасалса.

3. Сөйлем құрамындағы нақты сұраққа жауап беріп тұрған толық мағыналы сөздерді:

А)Сөз таптары дейміз    Ә)Сөйлем мүшелері дейміз

Б)Сөз дейміз

4. Баяндауыштың сұрақтарын тап:

А)Кім? не? кімдер? нелер?              Ә)Қандай? қай?

Б)Не істеді? не қылды?  қайтты?

5. Бастауыштың іс-қимылын білдіретін сөзді тап:

А)Етістік         Ә) Зат есім                 Б)Баяндауыш

6. Бастауыштың сұрақтарын тап:

А) Қандай? қай?      Ә)неше? нешіші?         Б)Кім? Не? кімдер? нелер?

Жауабы (болашақ МАБ-қа дайындық ретінде):

дұрыс жауаптың ішін қарамен боя.

 

ҮІІ. Үйге тапсырма. 91 – бет. 65 – жаттығу.

ҮІІІ. Бағалау.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.