БҚО, Орал қаласы, Сырым ауданы, Қособа ауылы
«Сырым аудандық білім беру бөлімінің Жалпы білім беретін
Қособа орта мектеп-балабақша кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Технология пәнінің мұғалімі: Имангалиева Айдана Хайратовна
Ашық сабақ: Пейп-арт техникасы
Сыныбы: 8
Сабақтың тақырыбы: Пейп-арт техникасы
Сабақтың мақсаты:
Оқушыларға пейп-арт өнерін таныстыру, мағлұмат беру және майлықтардан (салфеткалардан) әдіс тәсілдерін жасап үйрету;
Білімділік:
Пейп-арт техникасына материалды дайындау, сәйкес эскиздердіңсуретін салу.
Дамытушылық:
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттыру; игерген композициялық ұғымын дамыту.
Тәрбиелік:
Оқушыларды ұқыптылыққа, шеберлікке, табандылыққа, жауапкершілікке дағдыландыру, өнерді қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі:түсіндіру, сұрақ-жауап, сарамандық жұмыс.
Сабақ көрнекілігі: пейп-арт техникасымен жасалған жұмыстар, дайын суреттер.
Сабаққа қажетті құрал-жабдықтар:Майлық қағазы немесе әжетхана қағазы, қайшы, ПВА желімі, бос ыдыстар, суы бар шұңғыл ыдыс, сүлгі, қара түсті гуащь, гуащь қылқаламы, ыдыс жуатын губка.
Сабақтың жоспары:
- Ұйымдастыру кезеңі.
- Жаңа сабақ
- Сергіту сәті
- Сарамандық жұмыс
- Қорытынды
- Үйге тапсырма
I. Ұйымдастыру кезеңі
1. Оқушыларды түгендеу, сынып журналына белгілеу
2. Оқушылардың құрал – жабдықтарын тексеру
3. Кабинеттің тазалығына көңіл аудару
4. Оқушылардың ынтасын жаңа сабаққа аудару.
ІІ. Жаңа сабақ:
Жаңа сабақты қысқаша түсіндіру.
Қағаздың тарихы:
Бүгінгі біздің сабағымыз қағазбен тығыз байланысты болғандықтан, біріншіден қағаздың тарихына құлақ түрейік. Ата-бабамыз темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірсе, шығыс Азия халқы қарапайым қағазды қалай пайдалану керектігін жақсы біледі, оның қыры мен сырын да жеткілікті меңгерген. Қағаз жайында, қағаздың кереметі жайында сөз қозғағанда, оның Еуропа жұртшылығына да жат дүние еместігін айта кеткен жөн. Өйткені қағаздың отаны саналатын Қытай – Азия елдерімен қатар алыста жатқан еуропалықтар да қарапайым қағазды қолөнерде таптырмас материал ретінде кеңінен қолданады.
Қытайлық азамат Цай Лунь қағазды ойлап тапқанда қандай үлкен жаңалық ашқанын, бәлкім, білмеген де болар?! Ол алғаш ағаштың ішкі бетінен алынған жаңқаны жұқалап, түрлі бейнелер салуға пайдаланыпты. Осылайша қытайлықтар жүн мен жібекті арзан және қолда бар материалмен – өсімдік талшықтары, тұт ағашының қабығы және бамбук сабақтарымен алмастырды. Мүлде жаңа материал – қағаз пайда болды. Ал оның пайда болуы ресми түрде б.э.д. 105 жыл деп саналады.
ҮІІ ғасырдың басында буддалық монах Дан Хо Жапонияға жетіп, қағаз жасау құпиясын ашады. Ал жүз жыл өткенде жапондықтар өздерінің қағаздарын шығарады, бұл сапасы жағынан Қытай қағазынан да асып түсті. Уақыт өте келе қағаз Азия елдерінен соң арабтарға, батыс елдеріне жеткен.
Қағаз – біреулер үшін тек жазу не сызу құралы болса, енді біреулер үшін қолөнерде таптырмас материал болып саналады. Қағаздан сан түрлі дүние жасауға болады. Қағаздың қыр-сырын білетіндер оны кәдеге асыру жолдарын да жақсы меңгерген. Қағазды қалай болса, солай тастамай, оны өз орнымен жұмсай білу – үлкен өнер. Ал оны керегіне жаратып, жаңа дүние жасап шығару – нағыз шеберліктің белгісі.
«Пейп-арт» өнер түрін Татьяна Аксентьевна Сорокина 2006 жылы ойлап тапқан, ол 1956 жылдың 1 мамырында туылған. Суретші,ақын, дизайнер Украйнаның оңтүстігіндегі Николаев қаласында тұрады.Балалар мен ересектерге арналған ”Әдебиет” және “Акварель” студияларының жетекшісі. Татьяна Сорокина өзінің тәрбиеленушілеріне жаңадан ерекше бір тәсіл ойлап табуды шешті. Нәтижесінде Татьяна алға ұмтылысы мен қызығушылығы арқасында оқушыларына қағазбен жұмыстануды үйретеді. Алғашында бұл техника атауы «Майлықты пластика» болатын. Осы атаумен Татьяна Сорокинаның оқушылары қол бұйымдарынан Гран-при және Халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде бірінші орынға ие болған екен. Кейін қарапайым қағаз өнеріне адамдар әуестене тартылған, бұл қолөнер қысқа уақыт ішінде танымалдылыққа ие болды.
Пейп-арт – ағылшын тілінен аударғанда– «Қағаз өнері» деген мағынаны білдіреді. Қолөнершілердің қарым-қатынасы арасында дұрыс «пейпе-арт» сөзінің бір әрпі қысқарып «пейп-арт» нысанына айналып кеткен. Атап айтқанда дәл осы атауды барлық жерде қолданады. Бұл техника декупажға қарағанда түрлі жазықтық бетінде майлық қағаздармен безендіріледі. Пейп-арттың басты ерекшелігі – қымбат модельге, күрделі қымбат жұмыстарға қатты ұқсайды, мұндай өнер тоқымашылық және кестелерден ерекшеленеді. Пейп-арттың басқа өнер түрлерінен айырмашылығы неде? Осы өнер түрлерімен таныстығы бар адамдар – декупаж, квиллинг, папье-маше сияқты, пейп-арт өнерінде де қағаз қолданады және осы тәсілдердің ұқсастықтары бар. Шындығында да осы өнер түрлерінде барлығы дерлік қағазбен жұмыс жасайды. Ал, олардың әрқайсысының әдістері және қолданылуы әр түрлі, бірақ нәтижелері мүлдем ұқсамайды. Қысқаша түсініп көрейік, пейп-арт пен квиллинг я болмаса декупажды жиі шатыстырады, ендеше олардың айырмашылықтарын салыстырып көрейік.
Квиллингтен айырмашылығы. «Квиллинг» сөзі quill – (құс қанаты) деген мағынаны білдіреді. Екі жақты түрлі түсті қағаз жолақтарын иненің ұшына орау арқылы спиральдар жасаса, кейін жазық және көлемді композицияларда орындалады, сонымен қатар оның арнайы құралдары қолданылады. Ал пейп-арттың квиллингтен айырмашылығы, негізгі элементтерінің белгілі бір нысаны бар. Қағаз қылдары, жіпшелері – тек бастапқы материал, оны кез келген нысан үлгісіне, жолақтар жасау үшін, сонымен қатар пейп-арт техникасында жұқа қағаз майлығы пайдаланылады.
Декупаж бен пейп-арт. Декупаж – өте көне қолөнер және барша әлемге белгілі. Пайдалану кезеңінде арнайы қағаздан кесілген немесе алдын ала дайындалған майлық сарындары жазықтық бетінде орындалады. Кейін қосымша толықтырылады және түссіз лакпен жылтыратады, өрнектері қол жұмыстарына ұқсас келеді.
Бүгін біздер пейп-арт техникасында бұйымдар жасауды үйренеміз. Ендешепейп-арт техникасына назар аударамыз. Қағаздың қыр-сырын қанық білетіндердің қатары – қолөнердің пейп-арт түрімен айналысатындар. Пейп-арт стилі мүлдем өзгеше. Заттарды сәндегенде жазықтық бетінде көлемді жолақтар жасалынады. Қағазды жіңішке әрі ұзыншалап қиып, оны дымқыл орамалдың үстіне қойып сулатып алып, оны шиыршықтап (спираль тәрізді), жазықтық бетіне желіммен бекітеді. Шиыршықталған қағаздан әдемілеп түрлі кез келген жазықтық бетіне (ағаш, темір,шыны,керамика ыдыстарына,қатырма қағазына, ДВП ) желімдеу арқылы орындалатын өнер. Сан түрлі жолақтар, ою-өрнекті ғажап дүниелерді жасауға болады. Тек қиялдарыңызға ерік беріп, жаныңызға жақынды тани алсаңыз болғаны.
Қауіпсіздік ережелерді еске түсірейік:
1.Қайшыны лақтырма, сермеме. Қайшының ашасын ашық тастама.
2. Қайшыны партаның оң жақ жоғарғы шетіне қой.
3. Қайшыны ұсынғанда өзің жүзінен ұстап алушыға сабын бер.
4. Желімді аузыңа, көзіңе тигізбе.
5. Желіммен жұмыс соңында қолыңды жу.
ІІІ. Сергіту сәті
Қолымызды жаяйық,
Әдемі гүлге ұқсайық
Бір жабылып, ашылып,
Орнымызға қонайық.
IV. Сарамандық жұмыс:
Керекті құрал-жабдықтар:
ПВА желімі – 600тг
Әжетхана қағазы немесе майлық қағазы- 70тг
Күміс немесе алтын түстес жылтыр ұнтақтар (құрылыс дүкенінен) – 200тг
Қолда бар материалдар:
Қара гуащь
Гуащь қылқаламы
Ыдыс жуатын губка
Ыдыс-аяққа су
Сүлгі
Қайшы
«Пейп – арт» техникасының орындалу тәсілі.
Шиыршықталған майлық қағазынан белгілі бір жазықтық бетіне қиялдарына қарай (ағаш, темір,шыны,керамика ыдыстарына,қатырма қағазына, ДВП ) желімдеу арқылы орындау.
1.Салфетка қағазын шиыршықтау.
2.Шыны ыдысқа немесе тағы да басқа жазықтықбетіне (тандаулары бойынша) жолақтар жасау.
3.Шиыршық қағаздарды жабыстыру.
4.Қара түске бояу.
5.Алтын, күмісұнтақ түстерімен жылтырату.
6.Лак жағу.
1.2.3.
4.5.6.
7.8.9.
Ү. Сабақты қорытындылау.
-Қыздар, бүгінгі сабақтан не үйрендіңдер?
-Сендер бұйымдарыңды немен безендірдіңдер?
-Жұмыстарың көңілдеріңнен шықтыма?
-Бүгінгі сабақ ұнады ма?
«Пейп-арт» техникасы беріректе шыққанымен, көптеген табынушыларын тапты. Осы техникада орындалған жұмыстар өте қызықты, әдемі, тартымды, тамаша. Оның бір артықшылығы көптеген элементтері қарапайым орындалады. «Пейп-арт» қымбат заттарды қажет етпейді, шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар табиғатқа зияны жоқ және қиындықсыз. Менің ойымша «пейп-арт» техникасында орындалған жұмыстар кез келген бөлменің бір бөлігі бола алады.
Осы еңбектің барлығын жисақ байлық, берсек тәуір сыйлық, сатсақ ақша, бір сөзбен айтқанда сән – салтанат емес пе?!
ҮІ. Үйге тапсырма
Пейп – арт техникасында бастаған жұмыстарын аяқтап келу.












