Жаңа сабақтар

Абыройлы белес

Ата-анасының бесінші перзенті атанған Гүлбала Әлімжанқызы Ордабасы ауданы Бөген қоймасында 1958жылдың 16 қарашасында қарапайым отбасында дүниеге келген. Сулы, нулы өлкеде қатарластарымен тай-құлындай тебісіп асыр салып өскен Гүлбала 1965 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданады. Мектеп қабырғасында зейінді, зерек оқушы атанып, оның санасына өскенде “ұстаз болсам” деген ізгі арман ұялайды. Осы тұрғыда аяулы анасымен сырласып ой бөліскенде, шыны керек анасы қуанғаннан көзіне ыстық жас алатын. Өйткені, анасының жүрегіне мәңгілік ұялаған арман – ұстаз болу еді. Сол мақсат-мұратына ұрпағы қол жеткізсе, бақытқа бөленетініне күмәнданбайтын. Әкесі Әлімжан таң атқаннан күн қызарып батқанға дейін ауылдағы шағын дүкенде сатушы болып қызмет атқаратын. Ұл-қызының тіршілік қамы үшін қажеттілігінен ешнәрсені аяған емес. Жігерлі әкелері ұл-қыздарын тәрбиелеу барысында анасының сөзін әрдайым қуаттап отыратын.

Ата-анасының дұғасы қабыл болып бой түзеген қыздары — Гүлбала Әлімжанқызы Дүйсебаева мектеп бітіргеннен кейін 1976 жылы Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы пединститутқа оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдап жас маман ретінде педагогикалық еңбек жолын Шымқаладағы №12 мектеп-интернатынан бастайды. Осы мектеп-интернатта біліктілігі артып тәжірибе жинақтайды. Оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдайлар жасап білім мен тәрбиені ұштастыра мұғалімдік қызметіне төселеді. Үздіксіз білім алудан жалықпаған Гүлбала Әлімжанқызы қара шаңырағына бара қалса, бауырларымен шүйіркелесіп білім туралы сөз қозғап әңгіме өрбітіп болашақты бағдарлайтын. Неге десеңіз білімнің отын үрлеген бір шоғыр мәртебелі мамандықтың иегерлері осы жанұядан табылатын. Ағасы, әпкесі, екі сіңілісі және жеңгесі, келіні бәрі маманданған педагогтар. Міне, осындай ұстаздар ұясынан түлеп ұшқан Гүлбала 1981 жылы Дүйсебаев Әшірбек сынды жігітке тұрмысқа шығып, тағдыр айдап Түркістанға біржолата көшіп келіп, бір әулеттің ибалы келіні атанады. Осы қаладағы М.Мәметова атындағы №6орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Сол кездегі мектеп директоры Өтепбергенов Төрехан, бастауыш сыныптар бойынша директордың орынбасары Юсупова Тұрсын жас маманға ақыл кеңестерін беріп белсенділігін арттыра отырып әрдайым ынталандыратын. Ол шығармашылықпен жұмыс атқарып өз шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, кәсіби деңгейін ұштап отыратын. Оқыту барысында қол жеткізген жетістіктері ұшан теңіз. Шәкірттері алғыр, ойлары ұшқыр, білімпаз болып қалыптасып сан-салалы қалалық, мектепішілік жарыстарда, байқауларда әрдайым алғы шептен көрінетін. Бүгінде алтын ұя мектебінен қанат қаққан шәкірттері сан түрлі мамандық иелері атанған. Жұмыс барысында қоғамдық жұмысқа да белсене кірісіп кететін. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұзақ жылдар бойы кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметін мінсіз атқарады.Гүлбала Әлімжанқызы Дүйсебаева 38 жылдық ұстаздық жол торабын тапжылмастан осы аталған мектепте өткізіп ғибратты ұстаз атанды. Педагогикалық дарын иесінің өлшеусіз еңбегі еленіп іс-тәжірибесі облыс, қала көлемінде таралып, бірнеше дүркін республикалық, облыстық, қалалық Мақтау қағаздарымен, “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталады.

Бала жанының бағбаны атанған Гүлбала Әлімжанқызы адал еңбегімен елге танылған. Тіпті, қызмет еткен мектебінен зейнеткерлікке шықса да алшақтап кете алмайтыны анық. Себебі, жан жарының атына 2011жылы заман талбына сай салынған ғимараттан сынып бөлмесі безендіріліп берілді. Дүйсебаев Әшірбек осы мектептің ең алғашқы түлектерінің бірі болып саналады. Түркістан қаласына еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкер экономист Дүйсебаев Әшірбек атындағы сынып бөлмесі көзтартарлық. Артында қалған ұрпағы ұлы Данияр әке жолын қуып, қаламыздағы “Sulpaк” тұрмыстық дүкенінде экономист қызметінде, ал қыздары Гүлнара болса анасының басқан ізін жалғастырып Түркістандағы ХҚТУ- де оқытушы қызметін атқарады. Бүгінде екеуі де үйлі-баранды.

М.Мәметова атындағы №6 орта мектептің директоры Рая Серікбайқызы Ибадуллаеваның идеясымен, ұйытқы болуымен тәрбиелік мәні бар “Дара жол” тақырыбында Гүлбала Әлімжанқызы Дүйсебаеваның жеке шығармашылығына арналған айшықты іс-шара өткізілді. Зейнеткердің ұстаздық жол торабы тарқатыла айтылып көпшілікке үлгі-өнеге ретінде айшықтала көрсетілді. Сөз алған игі жақсылар мерейлі кейіпкеріміздің адамшылық қасиеттерін, еркіндігін, шығармашылығын, болмыс -бітімін, даралығын, даналығын, құрметке лайық жан екенін айтып сырлы сұхбат жүргізеді. Тосын сыйға толы мерекелі іс-шарада ұстаздың қызыққа толы балалық шағындағы дос, құрбысы келіп кейіпкерімізді шуаққа бөлеп қуантады. Абыройлы белесті бағындырған зейнеткер- ұстаз, аяулы ана, асыл әже атанған Гүлбала Дүйсебаева қимастық сезіммен тебірене отырып мөлтек сыр ақтарады. Ол жеке өмірлік әлемінде мамандық таңдауда, жар таңдауда қателеспегенін айтады. Сөз соңында ұжымына ризашылығын білдіріп ақ батасын береді. Парасатқа толы ұмытылмас кездесу іс-шараға қатысушылардың жадында ұзақ сақталары хақ.

Зейнеткерлікке табан тіреген ұстаз Гүлбала Әлімжанқызы Дүйсебаеваға зор денсаулық, шаңырақ шаттығын, отбасының амандығын тілейміз.

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.