Жаңа сабақтар

Ұлағатты ұстаз

Кузягулова Саима Сайфиевна 1959 жылы маусымның 9 жұлдызында қасиетті Қазығұрттың баурайында дүниеге келген. Тыныштық пен сүйіспеншілік орнаған отбасында оның рухани жан дүниесі оянып, дүниетанымы қалыптасады. Ата-анасы оны мейірімділікке, шыншылдыққа, білімділікке тәрбиелейді. Ол 1966жылы Қазығұрттағы Қаныш Сатпаев атындағы мектептің табалдырығын тұңғыш рет аттайды. Мектеп қабырғасында өте алғыр да зерек, үлгілі оқушы атанады.

1976жылы мектепті үздік бітіріп өзінің жүрек қалауымен Шымкенттегі педагогикалық институтқа орыс тілі мен әдебиет факультетіне түсіп студент атанады. 1980 жылы институтты тәмамдап шығармашылық әрекетке бет бұрып жан қуатымен мұғалімдік қызметін бастайды. Сол кезеңде белсенділікті серік еткен жас маман келелі, тындырымды істерді атқарады. Кәсіби маман ретінде педагогикалық шығармашылығын шыңдап машықтанады. Кәсіподақ мүшесінің төрайымы атанып бірқатар қоғамдық істерді де жігерлене атқарады. Өзіндік методикасы бар. Әр сабағын ізденіспен, түрлендіріп өткізеді. Оқушыларға орыс тілі мен әдебиеті пәнінің қызықты да күрделі материалдарын меңгерту кезінде технологиялардың әдіс-тәсілдерін үнемі орынды қолданып жүреді.

Тәжірибелі, шығармашыл атанған Кузягулова Саима отбасының жағдайына байланысты 2000 жылы Түркістан қаласына қоныс аударады. Осы жылы Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9мектеп-гимназияға орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде орналасады. Содан бері осы уақытқа дейін аянбай еңбек еткен нар тұлғамыз асу –асу белдерді бағындырды. Шәкірттерінің рухани жетілуіне, білім-білігі дамыған, қоғамдағы өзгерістерге бейім жеке тұлға тәрбиелеуде ізденіспен жұмыс жасап келді. Бүгінде шәкірттері еліміздің төрт бұрышында сан-салалы қызметте. Мектеп ұжымында оның беделі асқақ, мерейі үстем жан. Өте адал, ақжарқын, мейірбан жан. Балаларды өзіне баурап алады. Ол әрқашанда оқушыларды Отаншылдық рухта, Отанды сүюге, терең білім алуға, адал еңбек етуге насихаттап тәрбиелеп, терең білім беріп жүреді. Бұл мұғалімнің ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы бар. Ол өз ісіне ғылыми тұрғыда қарайтын кәсіби шеберлігі жоғары білікті маман. Дәріс беру шеберлігін терең меңгерген. Еңбегі жанған жоғары санатты орыс тілі мен әдебиет пән мұғалімі Кузягулова Саима Сайфиевна бірнеше дүркін қалалық Әкімнің, қалалық, облыстық білім бөлімдерінің Мақтау қағаздарын, Құрмет грамоталарын иеленді. Үнемі айналасына шуақ шашып, білгенін айтып, көмегін әріптестерінен аяған емес. Осы уақытқа дейін қоғамдық салада мектеп кеңесінің төрайымы қызметін жауапкершілікпен атқарды. Әлеуметтік педагогпен бірлесе отырып балалардың хал-ахуалдарын зерттеп оларға көмектесудің жолдарын қарастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді, жағдайы төмен отбасылардың балаларына киім-кешекпен қамтуды нысанаға алып, дәйекті түрде мейірімін төге осы жұмыстардың басы –қасынан табылып тыңғылықты істер атқарады.

Ұлағатты ұстаздың абыройы асқақ, мерейі үстем, бар жиған терген қазынасы білім болса керек-ті. Міне, сол бар жиған-тергенін шәкірттердің өн бойына өткізіп адам болып қалыптасуларына сарқа күш жігерін жұмсайтын да Ұстаз. Осындай елеулі еңбегімен құрметке лайықты ұстаздарымыздың бірі — Кузягулова Саима Сайфиевна. Оның қас-қағым сәтте ұстаздық еңбек жолы зымырап өте шығып, зейнеткерлік жасқа да келіп толысыпты. Еңбек жолында тұрақтап аялдаған Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия ұжымы Кузягулова Саима Сайфиевнаны зейнеткерлікке құрметпен шығарып салды. Толағай сезімге бөленген Саима Сайфиевна ұжымға, мектеп әкімшілігіне ризашылығын білдірді. Әріптестері зейнеткерлікке жасы толған ұстаздың алдында бас иетіндерін айтып, оның жақсы қасиеттерін, атқарған қызметтерін дәріптеп жастарға үлгі-өнеге етті.

Кузягулова Саиманың әлі де толымды істер атқарып, қоғамның рухани жаңғыруына үлес қосып, қолдан келгенше елге қызмет ете беретініне бек сенімдімін. Келелі өмірдің керуеніне қосылып, ұстаздық етуден жалықпаған, қажымай​тын, қайыспайтын әріптесім әрі досым Кузягулова Саима Сайфиевнаны зейнеткерлік жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймын. Отбасына амандық, шаңырағына бақ пен береке, несібе- ризық тілеймін!

Несіпкүл Өтебаева,

Некрасов атындағы №9мектеп-гимназия мұғалімі.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.