Мектепте «Жылдың үздік ұстазы» байқауы аяқталған күні директордың көңіл күйі ерекше көтеріңкі болды. Өйткені биылғы байқауда жеңімпаз болған ұстаздың марапаты да, сахнадағы сөзі де, суретке түскендегі қалпы да алдын ала ойластырылғандай мінсіз шыққан еді.
Салтанатты жиыннан кейін әріптестері жеңімпазды ортаға алып, құттықтап жатты.
— Құтты болсын! Нағыз еңбекқор екеніңді тағы бір дәлелдедің!
— Осындай ұстаздар көбейе берсін!
— Сенің орның бөлек қой!
Мақтау сөздер қарша борады. Жеңімпаз ұстаз басын төмен салып, қолын кеудесіне қойды.
— Ой, қойыңыздаршы! Мен кіммін сонша? Менде ешқандай қабілет жоқ. Бәрі кездейсоқ болды. Өзім де таңғалып тұрмын…
Осы сөзді естіген жас мұғалім Ерлан таңғалып қалды. Өйткені ол жеңімпаздың соңғы үш ай бойы байқауға дайындалғанын, тіпті демалыс күндері де мектепке келіп, портфолиосын реттегенін жақсы білетін.
«Қызық, сонша еңбектеніп, енді еңбегін жоққа шығарғаны несі?» деп ойлады ол.
Бірақ жеңімпаз ұстаздың бұл қарапайымдылығы ұзаққа созылмады. Келесі күні әлеуметтік желідегі парақшасына марапатымен түскен суретін жариялап, астына: «Көп еңбектің жемісі. Жылдар бойғы ізденіс пен табандылықтың нәтижесі. Менің деңгейіме жету оңай емес!» деп жазып қойды.
Ерлан суретке біраз қарап отырды.
Кеше ғана «Мен кіммін?» деген адам бүгін «Менің деңгейіме жету оңай емес» деп отыр.
Адамның мінезі де қызық екен. Кейде мақтаған кезде кішірейіп кетеді, ал мақтау аяқталған соң өзінен үлкен адам таппай қалады.
Мектептің екінші қабатында өзін ерекше дарынды санайтын тағы бір мұғалім бар еді. Ол өзін ешқашан мақтамайтын. Бірақ оның әрбір әңгімесі өзін мақтаудан басталып, өзін мақтаумен аяқталатын.
— Мен былтыр облыста баяндама жасадым. Одан кейін республикалық семинарға шақырды. Бірнеше жобамды министрлік деңгейінде қарастырды. Бірақ мен ешқашан атақ қуған емеспін…
Ол осы сөзді айтқанда, тыңдаушылардың жүзін шолып шығатын. Біреу бас изесе, әңгімені жалғастырады. Біреу үндемесе, соңына қосымша дерек тіркейді.
— Негізі, менің жұмысымды түсінетін адам аз. Қазір білім саласында терең ойлайтындар кемде-кем. Көпшілігі сыртқы формаға әуес.
Осы кезде жас мұғалімдердің бірі:
— Ағай, сіздің әдістемелік жобаңызды оқуға бола ма? — деп сұрады.
— Әрине! Бірақ алдымен соған лайық дайындық керек. Кез келген адам түсіне бермейді.
Ерлан оның кабинетіне бір күні кіріп, сөредегі марапаттарын көрді. Бір қабырға түгелдей алғыс хаттар мен дипломдарға толып тұр. Олардың арасында біреуі ғана ерекше көзге түсетін: «Белсенді қатысушы» деген сертификат.
Ол сертификаттың да алтын жиектелген жақтауға салынғанына таңғалды.
Адам кейде жетістігін үлкейту үшін қабырғаға жақтау іздейді. Ал кейбірі жақтауды үлкейткен сайын ішіндегі дүниенің көлемін ұмытып кетеді.
Көп ұзамай мектепте жаңа жобалар байқауы жарияланды. Директор әр мұғалімнен өз жетістіктерін таныстырып, тәжірибесін ортаға салуды сұрады.
Бірінші болып сөз алған әлгі ұстаз тағы да өзінің жетістіктерін тізіп шықты.
— Менің тәжірибем — бірнеше жылдық ізденістің жемісі. Мұндай нәтижеге жету үшін ерекше қабілет қажет. Әрине, бұл қасиет кез келген адамға беріле бермейді.
Ол сөйлеп болған соң, залда біраз үнсіздік орнады.
Келесі кезекте жас мұғалім Ерлан тұрды. Оның қолында қалың папка да, жарқыраған диплом да жоқ еді. Тек оқушыларымен бірге жасаған шағын жобасының бірнеше фотосуреті бар.
— Мен бұл жұмысты жалғыз жасаған жоқпын. Оқушыларымның ізденісі, әріптестерімнің кеңесі, директордың қолдауы көп көмектесті. Өзімнің де үйренгенім аз емес. Нәтижесі мінсіз емес, бірақ балалардың ойлауына, ізденуіне ықпал еткенін көрдім.
Залда отырғандар оның қарапайым баяндамасын тыңдады. Бірнеше мұғалім сұрақ қойды. Жоба талқыланды. Ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында директор Ерланға бұрылды.
— Мына жұмысың жақсы екен. Нәтижені де көріп тұрмыз. Бірақ өз еңбегіңді неге төмендетесің? Жасаған жұмысыңды мойындау керек қой.
Ерлан жымиып:
— Төмендетіп тұрғаным жоқ. Жасағанымды мойындаймын. Бірақ оны тек өзімнен көрмеймін. Қолымдағы қабілет те, мүмкіндік те, маған көмектескен адамдар да бар. Мен солардың үлесін ұмытқым келмейді, — деді.
Директор ойланып қалды.
Ал артқы қатарда отырған марапат иесі телефонын алып, әлдекімге хабарлама жазып жатты.
Сол кеште Ерлан үйіне қайтып келе жатып, күндізгі көріністерді ой елегінен өткізді.
Адамның бойындағы қабілет — оның өз қолымен жасаған бұйымы емес, оған уақытша тапсырылған аманат секілді. Біреуіне ақыл берілген, біреуіне өнер, біреуіне тіл, біреуіне ұйымдастырушылық қабілет дарыған. Бірақ адам сол қасиеттерді өзінің жеке меншігіне айналдырып алғанда, мақтаныш басталады. Ал барын жоққа шығарып, «менде ештеңе жоқ» деп отыра берсе, өзіне берілген мүмкіндікті де бағаламағаны.
Екеуінің ортасында бір ғана дұрыс жол бар еді: қабілетті мойындау, еңбекті бағалау, бірақ соған иелік етіп, өзгеден жоғары тұруға ұмтылмау.
Ерлан осыны ойлап, жымиды.
Ертең мектепте тағы бір жиын бар. Біреулер марапатын көрсетеді, біреулер қарапайым болып көрінуге тырысады, енді біреулер сол екеуін кезекпен орындайды.
Өйткені біздің қоғамда кейде қарапайымдықтың өзі де жарысқа айналып кеткен.
Біреулер «Мен ешкім емеспін» деп мақтанады. Екіншілері «Мен біреумін» деп дәлелдеуге тырысады. Ал шын мәнінде бір нәрсеге қол жеткізген адам өзінің кім екенін күн сайын жариялап жүруге мұқтаж емес.
Келесі күні Ерлан мектепке келгенде, дәліздегі үлкен тақтаға жаңа хабарландыру ілініпті:
«ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ АЙЛЫҒЫ БАСТАЛАДЫ!»
Хабарландырудың астында оны ұйымдастыруға жауапты адамдардың аты-жөні жазылған екен. Бірінші орында — өзін мектептің ең қарапайым қызметкері деп санайтын ұстаздың аты тұр.
Ерлан тақтаға қарап тұрып, еріксіз күліп жіберді.
Сөйтіп, мектепте қарапайымдықтың да байқауы басталды.
Енді кімнің қарапайым екенін анықтау үшін арнайы комиссия құрылмақ.
Тек комиссия мүшелерінің қарапайымдылығын кім бағалайтыны әзірге белгісіз еді.
Автор: ІЗГІЛІК НАҒИ