
«Айқап» журналының жарық көргеніне 115 жыл
Өткеннің өкінішін ғана емес, болашаққа бастар үмітін де арқалаған «Айқап» журналының қазақ журналистика тарихында орны ерекше. Басылым 1911 жылы Троицк қаласында Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен жарық көрді. Басылым қараңғылықтың пердесін түріп, халықты білімге, өнерге, өркениетке шақырды. Журналда ел тағдыры, жер мәселесі, оқу-ағарту және әйел теңдігі секілді өзекті тақырып көтеріліп, ұлттың мұң-мұқтажы мен арман-тілегі сөз болды.
Журналдың «Айқап» аталуының да өзіндік мәні бар. «Ай, қап!» – қазақтың өкініш пен опынуды білдірген сөз. Мұхамеджан Сералин бұл атау арқылы халықтың уақытында жасалмаған ісіне, жіберіп алған мүмкіндіктеріне назар аудартты. Бұл атау елді өткеннің қатесін қайталамауға үндеп, білім мен бірлікке шақырған рухани дабыл іспетті еді.

«Айқап» журналының 1911 жылғы №7 санында Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қызының аталарына» мақаласы – қазақ әйелінің бостандығы мен теңдігі мәселесін батыл көтерді. Автор өз дәуіріндегі қыз баланың тағдырына алаңдап, ел ағаларына үн қатты. Оның қаламынан туған әрбір ой – қоғамның үнсіз қалған жартысының жан сыры, жүрек түкпірінен шыққан жанайқайы еді.
Сол кезеңдегі қазақ қоғамында қыз баланың өмір жолын көбіне өзі емес, ата-анасы мен қалыптасқан салт-дәстүр шешетін. Қыздың арманы мен таңдауы екінші орынға ысырылып, оның білім алуына, өз болашағын өзі айқындауына мүмкіндік шектеулі болды. Осындай жағдайда Сақыпжамалдың әйел теңдігі туралы сөз қозғауы – қара бұлт торлаған аспанда жарқ еткен найзағайдай батыл қадам.
Мақала атауының өзі оқырманды ойға жетелейді. «Қазақ қызының аталарына» деген үндеу арқылы автор елдің үлкендеріне, қоғамға жауапкершілік артады. Ол қыз баланың да ер баламен тең дәрежеде білім алуға, адам ретінде құрмет көруге лайық екенін алға тартады.
«Қымбатты аталар! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз»
Сақыпжамал Тілеубайқызы
Сақыпжамал қыз баланы аяушылыққа мұқтаж әлсіз жан ретінде емес, елдің ертеңіне үлес қоса алатын саналы тұлға ретінде қарастыруды ұсынады. Оның ойынша, білімді қыз – отбасының ғана емес, тұтас ұлттың байлығы. Себебі бесіктен басталған тәрбие мен ананың тағылымы келешек ұрпақтың болмысына әсер етеді. Ол құрғақ ақыл айтумен шектелмейді, ел ағаларына тікелей тіл қатып, олардың санасына сәуле түсіруге ұмтылады. Сұрақтың астарында талап, сөздің астарында үміт, ал үміттің түбінде әділдікке деген сенім жатыр.
Осы арқылы Сақыпжамал Тілеубайқызы қазақ қыздарының тағдырын жеке отбасының мәселесі емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде көтереді. Бұл мақаланы – бір дәуірдің шежіресі ғана емес, бүгінгі күнге де жеткен рухани аманат деп санаймыз. Ғасыр өтсе де, қыз баланың қадірі, білімнің маңызы, адам құқығы мен теңдік мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сақыпжамалдың үні уақыттың шаңына көмілмей, бүгінгі ұрпаққа да ой салады.
Қорытынды
«Айқап» журналының 115 жылдық тарихы – қазақ халқының ояну, іздену және өркендеуге ұмтылу тарихы десек, Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қызының аталарына» мақаласы – сол оянудың жарқын көрінісі. Ол қазақ қыздарының үнін қоғамға жеткізіп, теңдік пен білімнің маңызын батыл көтерді. «Айқаптың» сарғайған беттерінен жеткен осы үн бүгін де құнын жойған жоқ. Өйткені ұлттың болашағы білімді ұрпақпен, ал білімді ұрпақтың қалыптасуы қыз бен ұлға бірдей мүмкіндік беруден басталады.
МЕРҒАЗЫ Ақбота,
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.
Ғылыми жетекші:
Р.С. Жақсылықбаева,
фил.ғ.к., профессор















