Түркістан қаласы, Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Өсерова Тұрсынай Бақтыбайқызы
Қазақ халқының біртуар тұлғасы А.Байтұрсыновтың «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі», деген сөзімен кез келген дамыған немесе дамушы мемлекеттің болашақтағы сенімді тірегі білімді де іскер жас ұрпақ екендігін айқындай түсті. Сондықтан да қандай да бір мемлекетке болмасын өз ұрпағын болашаққа саналы тәрбие мен сапалы білім иегері етіп дайындауда білім беру жүйесін әрдайым заманға сай жетілдіріп, даму бағытын айқындап отыру керектігі баршамызға айқын. Тарихқа жүгінсек, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Жапония мен АҚШ қоғамды дамытудың екі жолын таңдап алған болатын. АҚШ капиталды «техникаға жұмсау» жолын таңдаса, Жапония капиталды «адамға жұмсау» жолын таңдады. Нәтижесінде капиталды «адамға жұмсау» жолының тиімді болғандығын бүгінгі Жапон қоғамының алға қарап қарыштап дамуы бүкіл әлемге айқындап берді. Осы мысал Абай атамыздың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі бекер», деген сөзінің маңызын одан әрі арттыра түскендей. Қазіргі таңда Қазақстанның алдында әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына ену міндеті тұр. Қазіргі таңда елімізде бұл міндеттің орындаудың басым бағыттарын айқындалған. Осы жолда уақытпен жарысып, тереңге бойлаған жаңа заман көшіне ілесіп отыру үшін біздің еліміз үшін өркениетті елдердің білім жүйесіндегі озық әдіс тәсілдерге жіті мән бере көз жүгіртудің ешқандай артық етпесі анық. Ал енді осы тұста ғылымы мен экономикасы дамыған бәсекеге қабілетті елдердің табысты білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып өтер болсам.
Голландия. Голландияның білім жүйесі өзінің ұзақ жылғы дәстүрлері және сенімді қадамдарымен белгілі. Голландиялық университеттердің дипломдары дүние жүзінде бизнес әлеміндегі тамаша визиттік карточка болып саналады. Аталған елде әрдайым дәстүрлі емес әдістер мен теорияларға деген қызығушылық көзқарас басым болды. Сондықтан да бұл елде Европаның басқа елдеріне қарағанда вальдорфтық мектептер, монтессорлар, орталықтар ерте пайда болды. Бұл елде мектептердің жиырма шақты түрі бар. Мектептердің басым бөлігін дәстүрлі емес «альтернативтік» деп атайтын авторлық эксперименттік мектептер құрайды. Бұл мектептердегі сабақтар авторлық эксперименттік бағдарлама негізінде жүргізіледі.Бұл тәсілді елімізде қолдансақ мұғалімдердің өз тәжірибелеріне сүйене отырып авторлық бағдарламалар дайындау мүмкіндіктері артар еді. Голландиялық бірінші сынып оқушыларының жасы (4-6 жас) мектептің түріне қарап анықталады. Бастауыш сыныпта оқушылар жалпыға міндетті пәндерді оқиды. Орта мектептерде бұл пәндерге ағылшын тілі және оқушы таңдаған мамандыққа қатысты арнайы бағдарламалар қосылады. Оқушылардың таңдаған мамандықтарына қарап мектептегі оқу мерзімі анықталады.Яғни біздің елімізде де оқушыларға таңдау мүмкіндіктерінде еркіндік беру қажет секілді. Яғни болашақта оқуын одан әрі жалғастырғысы келмейтіндер орта мектептің 4 жылдық курсын аяқтайды. Ал білімін жоғары оқу орнында жалғастырғысы келетіндер емтихандардан сәтті өту үшін қажетті оқу пәндерін оқытатын бес немесе алты жылдық оқу курстарын таңдайды. Мұнда 12 жастан бастап оқушыларға банк істері мен саясатты оқыту арқылы, оларды болашақтағы лауазымды қызметке дайындау әдісі еліміздің саяси,экономикалық дамуында көшбасшы жастарды тәрбиелеуде тиімді болар еді.
Мектептердегі жалпыға міндетті білім беру екі кезеңнен тұрады екен. Біріншісі- 8 жылға есептелген бастауыш білім. Бұған балалар 4 жастан бастап қамтылатын дайындық бағдарламалары кіреді. Оқушылар 12 жастан бастап ( кіші орта мектеп) бөлімдерге бөлініп оқытылады.
Орта мектепте оқу екі негізгі бөлімге бөлінеді:
а) университет алды дайындық;
ә) жалпыға ортақ және кәсіби білім.
. Оқу мерзімі аяқталған соң оқушылар өте жоғары дайындықты талап ететін емтихан тапсырады. Бұл кезеңді оқып бітіргендігі туралы диплом бітірушілерге университет немесе басқада жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік Корея. Экономика саласындағы таңқалдырар жетістіктері үшін Оңтүстік Кореяны «азияның барысы» деп атайды. Бұл елдегі білім беру жүйесі сапалылығы мен атақтылығы тұрғысынан Европа елдері мен АҚШ-тан кем түспейді. Мұны халықаралық зерттеулер қорытындылары бойынша көрсетілген ұлттық білім беру жүиесінің тиімділігі мен оқушыларының білім саласындағы жетістіктері дәлелдейді. Кореялықтар үшін сапалы білім алу жетістікке толы кәсіби өсудің негізі болып танылады. Сондықтан да кореялықтар жоғары оқу орындарына түсу
мәселесіне ерекше құрметпен қарайды. Біз үшін ерекше көңіл аударарлық мәселе бұл елде педагогикалық мамандықтарды дайындайтын оқу орындарына мектептің ең жақсы түлектерін қабылдайды. Бұл тәсіл біздің елімізде сапалы кадр дайындау мәселесін шешуде тиімді болар еді.
Оңтүстік Кореяның білім жүйесіндегі ерекшеліктер:
-мектепке дейінгі білім беру міндетті болып саналмайды;
-6 жылдық бастауыш мектеп ( 6 жасқа толған балалар үшін);
– орта мектеп ( оқу мерзімі 3жыл);
– жоғары деңгейдегі орта мектеп ( оқу мерзімі 3жыл);
– жоғары білім.
Біздің елден ерекшелігі мұнда бастауыш мектепте оқушыларға этика, қоғамтану пәндері жүргізіледі. Бұл балаларға жастайынан патриоттық тәрбие беруде маңызды орын алады деп ойлаймын. Бастауыш сыныпты бітірген соң оқушылар орта мектепке өтеді. Бұл елде де біздің елдегі секілді білім алудың бұл тоғыз жылы міндетті болып саналады.
Орта мектептегі оқу бағдараламасы 11 негізгі пәндерден, бірнеше таңдау пәндерінен және факультативтік сабақтардан тұрады. Тағы да айта кетерлігі бұл елде оқыту үдерісіне ақпараттық технологияны ендіру мәселесіне аса көңіл бөлінгендіктен, барлық мектептер компьютер және ғаламтор желілерімен қамтамасыз етілген.
Жоғары деңгейдегі орта мектеп 2 түрге бөлінеді: жалпы және кәсіби техникалық. Жалпы профильдік мектептер қоғамдық, жаратылыстану ғылымы, өнер және шет тілдерін оқытса, кәсіби-техникалық мектептер білімді компьютерлік техника, әкімшілік істер, машина құрастыру, ауыл шаруашылығы және теңіз істері аясында береді. Яғни жоғары деңгейдегі орта мектептің оқу бағдарламасы университетке түсуге дайындық болып саналады. Тағы бір біз үшін көңіл аударарлық мәселе мұнда оқушылардың бітіруші сыныпта алған бағалары республиканың университетеріне оқуға түсуде әсерін тигізеді. Сондықтан да мұнда көптеген оқушылар сабақтан соң қосымша дайындық курстарына немесе репетиторларға барады.
Жалпы осы елдегі секілді жоғары сыныптарда оқушыларға екі бағытта білім беру біздің білім беру жүйемізде нәтижеге бағытталған сапалы білім берудің негізгі тірегі болар еді. Осы арқылы біздің мектептегі бітіруші сыныптардағы ҰБТ-ға қатыспайтын оқушылардағы мектепке құр босқа уақыт өлтіріп келіп, аттестат үшін білім алу деген көзқарастың жойылуына ықпал етер еді.
Канада. Канаданың басқа дамыған елдерге қарағанда өзгешелігі мұнда жалпы мемлекеттік білім жүйесі жоқ. Заң бойынша бұл мәселемен әрбір провинция өздері айналысады. Әрбір провинциялық білім жүйесі басқалармен аз да болса ұқсас бола тұра, сол провинцияның дәстүрі,
тарихы, мәдениетімен ерекшеленеді. Канадада елдің заңы бойынша балалар мектепте 6 немесе 7 жастан бастап, 15 немесе 16 жасқа дейін аралас сыныптарда білім алады. Оларды жоғары білімді, сабақ беруге құқық беретін лицензиясы бар мұғалімдер оқытады. Бұл осы елдегі білім жүйесінің жоғарғы көрсеткіш көрсетуінің басты себептерінің бірі деп ойлаймын.
Мектептердегі пәндер блок бойынша оқытылады: бірінші семестрде алғашқы төрт пән, екіншісінде қалғандары. Яғни әр күні сол төрт пән 75 минуттан қайталанып оқытылады. Сонымен қоса бұл елде оқушылардың өз беттерінше жұмыс істеулеріне ерекше назар аударылады екен. Әрбір оқушы берілген тапсырма негізінде жинақталған материалдар аясында өзіндік жұмыс дайындап, реферат жазады. Жұмысының қорытындысын бүкіл сынып оқушыларының алдында презентация арқылы қорғап шығады. Оқушыларды бағалау пайыз түрінде жүзеге асырылады екен.
Бітіру емтихандары өтілген тақырыптар негізінде тест түрінде немесе эссе жаздыру арқылы жазбаша түрде өтеді. Ал өнер саласындағы пәндер қатарына шығармашылық тапсырмалар беріледі. 9-сыныптан бастап мектеп оқушыға жоғары оқу орнына түсу үшін көбірек ұпай алуға мүмкінді бар пәнді таңдауға ерік береді. Ал математика, ағылшын тілі, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, компьютерлік сауаттылық міндетті пәндер болып саналады. Оқушылар бітіруші 12 сыныпта қорытынды емтихан тапсырады. Оның қорытындысы бойынша провинцияға сәйкес келетін аттестатқа ие болады. Бұл елдегі маған ұнаған бір ерекшелік жоғары сыныпта жоғары оқу орындарына құжатты қалай тапсыру керектігі оқытылады екен. Мектептерде кез келген оқушының алдағы уақыттағы қадамдарын бірлесе отырып талқылайтын арнайы кеңесшілер жұмыс жасайды. Олар оқушыларға қашан және не істеу керектігі туралы таныстырылымдар өткізіп, жоғары оқу орындарының талаптары көрсетілген бүктемелер таратады. Канада да мемлекеттік мектептер шетелдік балаларды да оқытады. Бұл мектептерде күндізгі оқыту жүйесі қалыптасқандықтан шетелдік балалар канадалық отбасыларға орналастырылады.( Бұл әдіс меніңше өзге елдің баласына канадалық отбасында өмір сүре отырып, сол елдің әдет- ғұрпымен жақынырақ танысуға жағдай жасау). Ал жекеменшік мектептерде оқушылар аралас сыныптарды немесе ұлдар мен қыздар бөлініп оқытылатын сыныптарды таңдау мүмкіндігіне ие болады. Канаданың білім жүйесіндегі тағы бір ерекшелік барлық мектептерде спортқа баса назар аударылады. Спорт оқу бағдарламасындағы негізгі пән болып есептеледі және бұл саладағы жетістіктер жоғары бағаланады. Канада мектептерінің мықты жағы-копьютермен қамтамасыз етілу деңгейінің жоғарылығы. Мұнда орташа есеппен 7 балаға 1 компьютерден келеді. Бұл әлемдегі ең озық көрсеткіш.
Сол арқылы канадалықтар заманға сай ақпараттық технологияны тиімді пайдалану мәселесін шешіп отыр. Ал енді осы Канада еліндегі секілді мектеп бітірушілермен арнайы кеңсшілердің жұмыс жасау әдісі жүйелі әрі тиімді падаланылса елімізде және менің мектебімде жастардың мамандық таңдау туралы көзқарастары өзгерер еді, мамандыққа адасып, қажеттілік нәтижесінде келу мәселесі азайар еді.
Мінекей мен жоғарыда дамыған Голландия, Оңтүстік Корея, Канада сынды елдердің білім жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өттім. Ал енді осы жерден Қазақстандағы қазіргі таңдағы білім жүйесіне ойыссам. Оқушыларға әлемдік стандартқа сай білім беру үшін мектептердің ақпараттық техникалық құралдармен жабдықталуы, білімді жастарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жағдайлар, оқушыларды әлемдік деңгейде оқыту мәселесіне мұғалімдерді дайындау ( Кембридж бағдарламасы), 12 жылдық білім беруге дайындық секілді мысалдарды келтіруімізге болады. Алайда, меніңше еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзгерісті қажет ететін мәселе мектеп оқушыларының артық оқу жүктемесі. Бұл артық жүктеме балалардың денсаулығының нашарлауына және үлгерімі төмен, оқудан жалтаратын балалардың қатарының көбеюіне апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан да біздің еліміз үшін де дамыған мемлекеттердегідей оқу бағдарламасына баланы белгілі бір кәсіпке бағыттайтын пәндерді ендіру керек деп ойлаймын. Ол үшін мектептердегі оқу мерзімін Голландияның білім жүйесіндегі секілді баланың ары қарай оқуын жалғастырғысы келетін, келмейтініне қарап анықтап алу керек секілді. Сонда жоғары оқу орнына оқуға түскісі келмейтін бала жоғары сыныпта уақытын босқа өлтірмейтін болады деп ойлаймын. Байқап отырғанымыздай аталған елдердің барлығында 12 жылдық оқу қалыптасқан. Бұл оқытудың осы жүйесіне көшу еліміздегі оқу бағдарламасындағы артық жүктеме секілді мәселені шешуге ықпалын тигізетіндігін көрсетеді. Сонымен қоса Қазақстан Кореядағы секілді педагогикалық мамандықтарға мектептің үздік түлектерін қабылдау әдісін қолданысқа ендірсе, балаға сапалы білім беру мақсатының орындалуына ықпал етер еді. Өйткені қайбір елде болмасын білім берудегі мектеп жүйесінің сапасы сол жердегі мұғалімдер тобының жұмыс сапасына байланысты. Сондықтан да біздің елімізге де білім беру ісін дұрыс жолға қоюда ең алдымен кәсіби шебер педагог дайындау ісіне қатты көңіл бөлу қажет екендігі айдан анық. Сонымен қоса елімізде Голландиядағы секілді балаларды жастайынан банк істері мен саясатқа баулитын, осы бағытта білім беретін интернаттар мен мектептер құрылса осы салада еліміздің ертеңгі тірегі болар арнай білімді ұрпақ тәрбиеленер еді. Корей еліндегі мемлекеттік мектептердегі шаш үлгісіне назар аударылуы да менің көңілімнен шықты. Бізде осы ережені ұстансақ қос бұрымы арқасында бұлғақтаған, қазақ қызы екені қолаң шашынан белгілі арулар санының артуына әсер етер едік. Сонымен қатар еліміздегі жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін біздің елімізге Канада мектептеріндегі секілді дене шынықтыру пәнін оқу бағдарламасындағы негізгі пәндердің қатарына ендірсе артық болмас еді деп ойлаймын. Ол тек сағат санын қосумен шектелмей спорттық іс шаралар жоспарланып, оқушыларға ұнататын спорт түрімен айналысуға мүмкіндік берер еді және оқушы дені сау оқушыға айналып, оларда құнды, таза ой қалыптастырар еді.
Осы тұста ойыма Ы. Алтынсаринның: «Халық мектептері үшін ең керектісі оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» деген сөздері оралып отыр. Ендеше мен есебімнің түйінді сөзі ретінде заманға сай білім беретін, кәсіби шеберлігі жоғары мұғалім болу үшін бізге міндетті түрде өзгеру керек және өзгерісті дұрыс қабылдай білу керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. А. Құсайынов ,«Әлемдегі және Қазақстандағы білім сапасындағы өзгерістер»
2.Диплом жұмысы, «Білім беру адам капиталын дамытудың алғышарты және факторы ретінде»









