“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” дегендей, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның байырғы түлектері, әрі қоғам белсенділері: Н.П.Спирина, М.В.Никитина, М.В. Шмарин, О.М Осиповалардан мектеп директоры Ж.А.Орынбаеваның атына 28 тамыз күні өтініш хат түскен болатын. Яғни, аманатты орындау мақсатында, өтініш иелері мектеп маңындағы “Азалы ана” ескерткішінде 50 жыл бұрын жазылған “Болашаққа хат” үндеуінің жариялану мезеті жеткендігін баяндаған еді.
2017 жылы 4 қарашада орын алатын тарихи сәтті 1967 жылғы мектепті (сол кезде №387) бітіріп кеткен түлектер мен Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия ұжымы тағатсыздана күтуде. “Елу жылда – ел жаңа” дегендей, 50 жыл сарыла күткен сарғайған қазыналы рухани көмбе, яғни “Болашаққа хаттың” (капсула) мәтіні “Азалы ана” ескерткіші маңында жария болмақ. Ұрпақтар сабақтастығының қауышуы деген осы болар, бәлкім. Міне, сол сырға толы шұғылалы күн де таяп келеді. Дайындық жұмысы қыза түсуде. Ардагер-зейнеткер ұстаздар: Керн С.Н, Шешина В.А., Спирина Н.П., Никитина М.В., Ж.Ә.Қасымова, Т.Аймұратов, М.Д.Атаханова және сол 1967ж. түлектері: Осипова О.М., Шмарин М.В., т.б. мектепке келіп ұжыммен бірлесе, келісе отырып атаулы күнді жоғары дәрежеде өткізу үшін тыңғылықты жоспар дайындауда. Үндеу хаттың ашылу салтанатына шетел асып кеткен түлектер де шақырылмақ. Осы орайда әріптестер, зейнеткерлер, түлектер, ата-аналар және жалпы қоғам белсенділерін осы аталған ісшараға қатысып қадірлі қонақ болып кетуге шақырамыз!
1967ж. 3 қараша күні Ұлы Отан соғысынан оралмаған мектеп түлектері мен жергілікті тұрғындарға арнап директор Черхван Васильевич Тюгайдың басшылығымен, қала архитекторының келісімімен мектеп ауласына “Азалы ана”атты ескерткіш тақтасы тастан қашалып, құрыштан (соғысқа аттанған жауынгерлер тізімі жазылған) құйылады, оның авторы бейнелеу өнер пәні мұғалімі В.А.Исмаилов еді. Сондай-ақ осы мектептің түлегі Спирина Н.П. (бүгінде зейнеткер, мектеппен тығыз байланыста) дәл осы жылы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып өзі түлеп ұшқан мектебіне жұмысқа орналасқан еді. Ол белсенді жас маман ретінде осы аталған ісшараға да өзінің үлесін қосады. “Өзім дегенде, өгіздей қара күшім бар”дегендей, М.В.Шмарин, Г.Чудин, Н.Баратов, А.Пашинин сынды т.б. 10-шы сынып оқушылары ескерткішті шын ықыластарымен тастан қашап өз күштерімен орнатады. Сол заманның белсенді жастары ХХІ ғасыр ұрпақтарына “Болашаққа үндеу хаттарын” арнайы жазып тастан қашалған ескерткіштің бір бұрышына көміп қалдырады. Содан бері үздіксіз салтанатты жиындарда ҰОС қаза болған жауынгерлердің ерліктерін естеріне түсіріп, “Ешкім де, еш нәрсе де ұмыт қалмайды”деп, оқушылар құрмет көрсетіп ескерткішті гүл шоғырларымен көмкереді. Отанымызды қорғаған сол кездегі батырларды әрдайым еске алады. Бұл үрдіс мектепте дәстүрге айналған. Мектеп тарихында құрыштан құйылған “Азалы ана” ескерткіші мәңгілікке өз маңызын жоймайды.
Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,
Түркістан қаласы.
1967ж. сурет (интернеттен алынды)
Несипкул Утебаева













