Қай халық болмасын, үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Ұрпақ –бұл елдігіміздің, ұлтымыздың болашағы. Енді сол болашағымыздың танымын, білігін, тәрбиесін дәстүрге сай өміршеңдігін таныту – үлкен бақыт. Салт- дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениеттің діңгегі. Осы салт-дәстүрдің озығын насихаттау бағытында облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесінің тарихи құндылыққа ден қоя атқарған мәдени танымдық іс-шараларына көңілің марқайып қалады. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ –нің ұйымдастыруымен 2017 жылы қыркүйек айының 7 жұлдызында Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу мақсатында отбасы күніне орай Шымкент қаласында облыстық деңгейде “Халықтық дәстүр – қалыптылық белгісі” фестивалі жас отбасылар арасында болып өтті.
Рухани астанамыз Түркістан қаласынан Абдукадировтар отбасы қалалық “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Ораз Асханның ұйғарымымен осы аталған фестивальге жолдама алған болатын. Отбасы құрамына тоқталсақ: әкесі – Абдукадиров Дилшад Шәкірұлы (жеке кәсіпкер), анасы -Өскенбаева Гүлжан Центрханқызы (Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның мұғалімі), ұлдары: Шәкір Ерназар (Ататүрік №17 мектеп-гимназия, 3сынып оқушысы) мен Шәкір Азамат (Ататүрік №17 мектеп-гимназия, 1сынып оқушысы), қыздары: Шәкір Асылзат (“Әлия” балабақшасы,ересектер тобы ) пен Шәкір Гауһар (“Әлия”балабақшасы, балдырған тобы ). “Бала – бақшадағы гүлің, оны тәрбиелеу үлкен ғылым”,- дегендей, осы құрамдағы түркістандық Абдукадировтар отбасы фестивалдің төрт кезеңі бойынша өнерлерін ортаға салды. “Өлең, жыр оқу”, “Ұлттық би”, “Мемлекеттік тілде ән айту”, “Мақал-мәтел айту” бағыттары бойынша фестивальге қатысушылар өзара аса тартысты сайысқа түсті. Алғашқы кезеңде Абдукадировтар отбасы М.Мақатаевтың “Үш бақытым” өлеңін нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды, 2-ші кезеңде “Аққу” биін мың бұралып сергектікпен билей жөнелгендерінде алдарына жан салдырмады. Ұлттық киім киген сүйкімді бүлдіршіндер нағыз кәсіби әртістердей тартынбастан өнер көрсете білді. 3-ші кезеңде отанасы Өскенбаева Гүлжан Майлықожаның “Өсиет” термесін қоңыр даусымен орындап көрермендерді тәнті етті. Осы кезеңде ұлттық киім киген отанасы Өскенбаева Гүлжан рольге еніп ғасырдың парасатты Домалақ әжесіндей “Тұсау кесу” салтын сән салтанатымен сәтті көрсете білді. Мақал-мәтел айту бағытында да көштен қалмай тапқырлық танытып отбасы тақырыбында мақал-мәтелдерді айта білді.
Ізеттілік, инабаттылық, сыйластық дарыған отбасы 2015жылы Астана қаласында “Бірге өмір сүрейік” атты республикалық мазмұны терең фестивалінен бас жүлдені олжалап қайтқан болатын. Өнер қонған отбасы осы жолдан танбастан салт- дәстүрді көздерінің қарашығындай сақтап жалғастырып жүргендерін тағы да айшықтап дәлелдеді. Жуырда тағы даАбдукадировтар отбасы “Халықтық дәстүр – қалыптылық белгісі” облыстық фестиваліне қатысып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, түркістандық Абдукадировтар отбасы мақал-мәтел айту бағытында тапқырлықтарымен көзге түсіп ІІІ орынға ие боп 80000 тг. Сертификатын, ал “Ұлттық би” номинациясы бойынша 150000тг. Сертификатын иеленіп бас жүлдені қанжығаларына байлады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Е. Байқонақов осы аталған жұлдызды іс-шара бойынша құттықтау сөз сөйлеп үздік отбасыларына бұйырған жүлделерін марапаттап табыстады.
Алтын асықтай ұлдары, сүйкімді қыздары бар Абдукадировтар отбасына алтын ұрпақтарыңыз аман болып өркендері кеңге жайып ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, тек жақсылықтарымен сіздерді қуанта берсін дегім келеді. Ынтымағы жарасқан сүттей ұйыған жас отбасының ғұмыры ұзақ болып, берік отбасын Алтын тойды атап өткізуге де тәңір жазсын!
Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Түркістан қаласы.













