Үздік педагогтер – интеллектуалды ұлт қалыптас тырудағы әлеуетті күш
Сүйінкина Пиалаш Балтақызы,
Қостанай облысы, Ы. Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы,
ҚР білім озаты, Ы. Алтынсарин медалінің иегері
Елбасы Н. Назарбаевтың «Біз үшін болшағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы» деген сөзі бүгінде барша қазақстандықтардың жүрегінде [1,7].
Мәңгілік ел – ол келешекте барынша қуатты болатын, соған орай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі тиіс, атауы да Қазақ елі болып өзгеруі мүмкін бүгінгі Қазақстан Республикасы. Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан – 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алды. «Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы мәртебелі жолда көш бастаушылар қатарында жоғары мәртебелі мамандық иелері – педагогтер – болуы әбден қажет. Неге десеңіз, біздің болашағымыз жастардың қолында. Ал, жастарымыздың қандай болмағы ұстаздарға байланысты.
Әйтсе де мұғалімдердің көп, нағыз ұстаздардың аз екені рас. Баяндамаға арқау болған тақырып та осы заманның үздік педагогі жайында болмақ. Таңдаудың осы мәселеге түсуі кездейсоқ емес. Адами капиталы мықты ел ғана биіктерді бағындырады. Соңғы деректерге сүйенсек, Дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80%-н адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың (зауыт, фабрика, ғимараттар) үлесіне тиесілі екен. Ал Қазақстанда керісінше. Еліміздің мемлекеттік капиталының 68 %-н табиғи ресурс құраса, 21%-ы– өндірістік қорлардың еншісінде. Ал адам капиталы тек 11% екен. Яғни бұл –Қазақстанның қарыштап дамып жатқаны тек табиғи ресурстардың арқасында деген сөз. Мұнайы да, түсті металы да жоқ Жапония адам капиталының арқасында дамыған елдердің алдыңғы қатарында келеді. Ақыл-ойы озық, интеллектуалды ұлт қана ғажайыптарға қол созып, діттеген мақсаттарына жете алады. Ал, зияткер ұлт, сапалы адами капитал қалыптастыруда нағыз ұстаздардың орны ерекше.
Олай болса, «мұғалімдер қауымының алдыңғы қатары – шынайы ұстаздар деп кімдерді айтуға болады, олар лайықты бағаланып жүр ме, ұлағатты ұстазды ұлықтау мұғалім мәртебесін көтеруге ықпал ете ме?» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Ол үшін алдымен ұстаздардың ұстазы атанған, қазақтан шыққан тұңғыш педагог, ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин өнегесіне жүгінейік.
«Мен жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген сөздің Алтынсариндікі екенін көпшілік білгенімен, мұнің кімге және не себепті жазылған хатынан екеніне мән бермейді. Ол әрі ұстаз, әрі дос ретінде аса құрмет тұтқан Н.И. Ильминскийге 1882 жылы 29 шілдеде жолдаған хатында өз көңілінен шыққан мұғалім А. Мозохин туралы жаза келіп, жақсы оқытушыға қатысты жүрекжарды лебізін былайша түйіндейді: «…Сіздің арқаңызда құдай маған өз ойымдағыдай бір жақсы оқытушы бергенін мен өзіме үлкен бақыт санаймын. Мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін» [2, 242].
Ұлы ағартушының хаттарынан «жақсы оқытушы», «іскер оқытушы», «қабілетті мұғалім», «іскер оқытушылар жіберіңіз», «жақсы оқытушылар беріле ме?» секілді сөз тіркестерін жиі ұшыратуға болады. Демек, білім атты баға жетпес құндылықты қастерлеп, оны игертуде жақсы мұғалімнің орны ерекше екенін ұғынып, қабілетті маманды лайықты бағалауды қажет санаған сол кезеңнің бас ұстазы Ы. Алтынсариннің кісілігіне, көрегендігіне, кемеңгерлігіне қайран қаласың.
Мұғалім Ф. Соколовқа жазған хатындағы: «…Өзіңізге жүктелген оқу істерін өте тиімді түрде, ойдағыдай жүргізіп жатқаныңызға тағы да алғыс айтамын. Ал, мен өз тарапымнан Сіздің еңбегіңізге сай дәрежеңізді көтеруге мүмкін болғанынша тырысатыныма әбден сеніңіз» (1886 жылғы 09 қаз) деген жолдар да көп нәрсені аңғартса керек [2, 284]. Бұдан шығатын қорытынды: жақсы мұғалімді даралау, оны лайықты бағалаудың үлгісін ХІХ ғасырда Ы. Алтынсарин көрсетіп кеткен.
Жақсы маман қай кезде де сұранысқа ие. Мамандардың бәрі бірдей мықты болып кете алмайды. Олардың саны әр салада жеткілікті болғанымен, өз ісінің нағыз шеберлері аз.
«Әлемдік сарапшылар келешекте білікті кадрларға деген өткір тапшылық орнайды деп болжауда» деген мәлімет алаңдатпай қоймайды[3,2]. Бұл болжамның дәйектілігін уақыт көрсете жатар. Десек те, бүгіннің өзінде қай білім мекемесінде болсын, қатардағы мұғалімдер ұжымның басым көпшілігін құраса, өз ісіне жан–тәнімен беріліп, қызметін жоғары кәсіби деңгейде атқаратындар саусақпен санарлықтай ғана. Шынында да, кез келген ұжымға тірек болып, абыройын асқақтататын – оның талантты мүшелері. Осы орайда есімі аңызға айналған ұстаз, ҚазКСР-не еңбек сіңген мұғалім, Еңбек Ері Рафиқа Нұртазинаның мына бір сөзі тілге оралады: «Менің ойымша, бір мектепте 100 мұғалім болғанда, оның 10-ы ерекше жақсы жұмыс істесе, ол мектеп – өте жақсы мектеп».
Мәңгілік Ел атануға бел буған, болашақта Қазақ Елі атауын иеленуге бет бұрған тәуелсіз мемлекетіміз тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған Рафиқа Нұртазина, Қанипа Бітібаева, Аягүл Миразова сынды тау тұлғалар тағылымы өлшеусіз. Олардың дарабоздығын тұтас халық мойындады, жазған еңбектері ел игілігіне айналды. Бірер дәйектер келтірейік. Өзі де ұстаз, қазіргі Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаева былай деп жазады: «Рафиқа Бекеновна – эталон Учителя, верности традициям просвещения, образец неиссякаемого трудолюбия. В 75 лет она давала блестящие показательие уроки русского языка и литературы для учеников и учителей города. Теряя зрение, писала учебные пособия для обучения теперь уже казахскому языку. А в 80-летнем возрасте блестяще провела актовый урок в родной школе по творчеству Пушкина и Абая» [4,5]. Өз ісіне, деген неткен сүйіспеншілік, неткен жанкештілік! «Көзсіз ерлік» деп осындай әрекетті айтса керек.
«Қазақтың Қанипасы» атанған Бітібаеваның өз сөзіне мән берейік: «Мен ұстаз болып туғаным жоқ. Мектеп бітірген соң механизатор болдым, институтты тәмамдаған соң да көп оқыдым, іздендім, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытудың атаулы мектебін ұйымдастырдым. Қазір еліміздің түкпір – түкпірінен менің әдіс – тәсілімді үйрену үшін әріптестерім іздеп келеді, білгенімді үйретемін. 44 жасымда Кремльде қазақ тілі пәнін оқыту жайлы баяндама жасадым, КСРО-да 5-ші, ал елімізде 1-ші болып ұстаздар арасында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандым. Міне, ұстаз беделі қоғамдағы өз орныңды таба білгенде, ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде келеді».
Ұлағатты ұстаздың айтуынша, табыс – көп оқу, іздену, еңбектенудің арқасында келеді. Осы мазмұндас сөзді Елбасы Н. Назарбаев та айтқан еді: «Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал» [3,3]. 2008 жылы алғашқы екеудің бірі болып «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған, № 159 Ы. Алтынсарин атындағы мектеп – гимназияның директоры Аягүл Миразованың, оның ұжымының білім беру саласын дамытудағы үлесі үлкен. Кезінде жаңа буын оқулықтар мен оқу құралдарын жазған еліміздің 84 авторының 34-і осы мектептен екенін айтсақ, артық болмас. Ең бастысы, мұнда оқушылардың тәлім – тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мектепті «Алтын белгімен» бітірушілер аз емес. Олар «Болашақ» стипендиясымен әлемнің дамыған елдеріндегі бакалавриаттар мен магистратураларда, отандық ЖОО-ларда, оның ішінде Назарбаев Университетінде білім алып жатыр.
Аягүл Төреқызының айтуынша, мұғалім шәкіртінен көш ілгері, терең білімді, жан–жақты болуы тиіс.
Шынында да, талантты ұстаз ғана дарынды балаға жол ашып береді. Кезінде «алтын бала» атанған Қуат Есеновтің ұстазы Ганелиннің мерейі үстем екенін көпшілік біледі. Сол «алты баланың» есейіп, АҚШ университетін бітіріп, сол оқу орнына оқытушылық қызметке қалдырылуы кездейсоқ емес, Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуеті жоғары маман қай елде де, қай кезде де сұранысқа ие.
Бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылып, діттеген болашағымызға бірге жету тек жасампаз еңбектің арқасында жүзеге аспақ және сол жасампаздықтың алтын діңгегі – ерен еңбек иелері, олардың ішінде алдымен ұстаздар екені ақиқат.
Бұл ретте есімдері аталған ардақты ұстаздар тағылымы – өзгелерге өнеге. Мамандық мәртебесін көтеру мұғалімнің қолында екенін олар дәлелдеп берді.
Елбасы Н.Назарбаев: «Келешекте мұғалім мамандығы ең мәртебелі және жоғары ақы төленетін мамандықтардың біріне айналады» дегеннен бері сең қозғалып, ұстаз беделін арттыру бағытында нақты іс – шаралар қолға алына бастады. Солардың бірі – «Үздік педагог» байқауын өткізу. «Үздік ЖОО оқытушысы» республикалық байқауы 2007 жылдан, ал колледждер мен мектептер оқытушылары мен мұғалімдері арасындағы байқау 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Соңғысы әлі қолға алынбаған кезде, яғни 2012 жылы сәуір айында ТжКБ департаментінің басшысы Қ. Бөрібеков Рудный қаласында, оның ішінде біздің колледжде шаһар білім ордалары басшыларымен, педагогтермен кездесу өткізгенде, «колледж оқытушылары арасында байқау өткізілмей ме?» деген сауалды қойған мен едім.
Бірақ зейнет жасына келсе де, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүрген педагогке шектеу қойылмауы керек еді. ЖОО-ның оқытушылары арасындағы байқауда жасқа қарамайды, екінші рет қатысып, жеңімпаз атанып жүргендері де бар.
Ендігі сөз ауаның «үздік педагог деген атауға кімдер лайықты?» деген сауалға қарай бұрайық.
Байқау шартында ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарған, жетістігі мол, шығармашыл мұғалімдер байқауға қатыса алады делінген. Әйтсе де атақ – даңқ, мол қаржыны иеленіп, үздік педагог атанғандардың бәрі дерлік шын мәнісінде тарлан ба деген дүдәмалдың тууы да бекер емес. Бұған газет беттеріндегі кейбір мақалалар, сайтта жазылған пікірлер дәлел. Айталық «Оқытушылардың бәрі үздік пе?» деген материалында журналист Жолдасбек Дуанабай автор хатынан мына бір жолдарды келтіреді: «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау конкурсы адал өтетіндігіне күмәнданатын жөніміз бар. Өйткені кейде министрлік қойған талаптардың үдесінен шықпайтын оқытушыларда үздік атанып жүр…» [5,2].
Ғалым, профессор Тоқтар Есіркеповтің те айтқан сөзінің жаны бар. Экономика ғылымдары докторының: «Білім және ғылым министрлігінің сайтында жеңімпаз оқытушылардың аты–жөні ғана жазылады. Олардың еңбектерінің қандай өлшемдер бойынша бағаланғаны жайлы ақпарат жоқ. Конкурсқа қатысқандар қандай еңбегі үшін грант алғандары және жолы болмағандар не үшін өтпей қалғандары жөнінде біле алмайды. Олардың бәрі сырт үшін құпия» деуі орынды. Комиссияның сарапшылар кеңесінде кімдердің болғаны да белгісіз болып қала береді.
Десек те, көпшілікті қайткенде үздік атануға болатыны қызықтырады. Журналист Айнаш Есалидің жазуынша, “…Жылдың үздік ұстазы – атағына лайықты жандар кәсібилігімен және сол кәсіпке деген сүйіспеншілігімен, адалдығымен, мұғалімдік дарынымен, шәкіртіне деген ерекше қарым – қатынасы сияқты бірқатар қағидаттар өлшемімен анықталған” [6,4].
Менің ойымша, үздік атануға келесі өлшемдер тән болуы тиіс:
– өз пәнін терең меңгерген, сапалы білім, саналы тәрбие беретін;
– жүрегі “елім, жерім” деп соғатын, кәсіби тұрғыдан өзгелерден ерекшеленіп, ұжымына еңбегі сіңген, білім беру саласына елеулі үлес қосқан (өзі де, шәкірттері де түрлі деңгейдегі байқау, сайыстарға, конференцияларға қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған);
– ізденімпаз, шығармашылық қиялы кең, авторлық қызметпен айналысатын;
– ұжымда мойындалған, халық арасында танылған, сый-құрметке бөленген;
– кәсіби қызметінде кез келген мәселені шешетін, бәсекеге қабілеттілігі айқын, жоғары санатты.
“Жоғары санатты” демекші, олардың да деңгейі бірдей еместігі белгілі. Өмірі бір ашық сабақ өткізбей, 1-2 мақала я болмаса баяндама жазып, тыныш жүретіндері жоқ емес олардың арасында. Мәселе жоғары санатты растауда емес, қашанда соған лайықты еңбек етуде.
Қай ұжымда болмасын, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, ауыртпалықтың денін бір өзі көтеріп, барын салып жұмыс істейтін ұстаздар бар. Тағы бір ескеретін жайт: бір жерде ұзақ мінсіз еңбек етіп, зейнетке шықса да, қызметін жалғастырып жүргендерге, ұжымға жаңадан қосылғандарға қарағанда, ықылас ерекшелеу болғаны абзал. Еліне ерекше еңбек сіңірген Бибігүл Төлегенов, Асанәлі Әшімов, Хабиба Елебекова сынды өнер адамдары Президент тағайындаған стипендияны алатыны, талантты жас ақындарға Президент сыйлығы берілетіні мәлім. «Еңбегіне қарай құрметі» демекші, ұжым басшылығы, кәсіподақ комитеті ықылас танытып, нағыз майталманның көңіліне қаяу түсірмейтіндей назарда ұстағаны жөн-ақ. Алысқа бармай-ақ, 2013 жылғы тамыз кеңесінде Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев 20 үздік ұстазға 1 миллион теңгеден сыйақы бергенін келтірсек, жеткілікті болар. Демек, жер-жерде Қ. Бітібаевадай болмаса да, соған ұқсап еңбек етіп жүргендер бар. Кезінде Аягүл Миразоваға Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілгенде, мұны бүкіл ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет ретінде қабылдадық. Әйтсе де айтпаса сөздің атасы өледі дегендей, жыл сайын Үкімет тарапынан беріліп жататын наградаларға педагог қызметкерлерден ілігетіні жоқ десе де болады. Жас әншілердің, ақындардың марапатталғын жөн дейік. Ал, еңбек өтілі олардікінен бірнеше есе асып түсіп, өмір бойы қызмет атқарған ұстаз еңбегі елеусіз қалып жатса, қалай болғаны?! Нағыз ұстаздар ғана еліміздегі адами капитал сапасының өсуіне серпін береді. Олардың қатары көбеюі үшін, бұл мамандыққа нағыз лайықтыларды іріктеу қажет. Жалпы, білім сапалы болу үшін, әлемдік тәжірибеде дәлелденіп, шешуші рөл атқаратын келесі факторларды ескерген жөн:
- лайықты адам ғана мұғалім болуы керек;
- олар оқытушылық қызметінің тиімділігіне арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі қажет;
- әрбір оқушы сапалы білім алатындай жағдайды қамтамасыз ету қажет [7,33].
Лайықты адам демекші, мұғалімдік мамандыққа жастар білімі жақсы, жүрегі қалағандықтан емес, амалсыздан баратыны жасырын емес. Ал, шала білімнің салдары қандай болмағы айтпаса да түсінікті.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз: үздік педагогтер – қоғамның қозғаушы күші, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы әлеуетті құрам. Оларды дер кезінде танып, лайықты бағалау, іс – тәжірибесін насихаттау, өзгелерге өнеге ету – педагогтер құрамының сапасын арттырудың кепілі. Үздік педагогті марапаттағанымыз – барша ұстаздарды ардақтағанымыз. Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбилейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген өсиеті жадымыздан шықпасын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. 18.01.2014.
2. Ы.Алтынсарин. Таза бұлақ. Алматы, 1988. 242-б.
3.Н.Назарбаев. «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты Назарбаев Университетінде оқыған дәрісі. 06.09.2012.
4.Г.Исимбаева. Сердце отдаю детям. «Казахстанская правда» газеті. 06.03.2011.
5.Ж.Дуанабай. Оқытушылардың бәрі үздік пе? «Айқын» газеті. 20.12.2013.
6. А.Есали. Миллионер мұғалімдер. «Егемен Қазақстан» газеті. 10.10.2012.
7.А.Құсайынов. Әлемдегі және Қазқстандағы білім беру сапасы. Алматы. 2013.
.

Мақала өте мазмұнды. Үздік педагогті анықтау критерийлерін нақты анықтап жазған. Қазақстан Республикасының білім саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптар туралы ширық ойлар, тың пікірлер жазылған.
Статья мне очень понравилась. Высказано мнение о конкурсе “Лучший педагог”, о роли лучших педагогов в деле образования.
Бұл баяндамада үздік педагогтерді тану, бағалау жолдары сөз болады. Өте құнды, маңызды материал
керемет баяндама, осындай баяндамаларды жазып отыратын оқытушыларымыз көбейе берсін, Пиалаш Балтақызы жарайсыз)
Бұл материалды мен қызыға оқыдым. Неге десеңіз, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіміз жастарға білім беретін мықты ұстаздарға байланысты екені ақиқат.
бұл материал өте мазмұнды
Ұстаздық – екінің бірінің қолынан келе бермейтін абыройлы іс. Халқымызға еңбегі сіңген ұстаздарымыздың ой-пікірлері, цитаталары мен басқа да құнды деректер келтірілген автор ойын оқығаннан кейін нағыз ұстаздың қандай болуы керек екендігін ұғынасың. Мұғалім болу бір басқа, ұстаздық одан өзгерек. Міне, аталған мақаланың тұщымды мазмұны бізге осы постулатты тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Мақала маған өте ұнады. Ұстаз болу міндетін арқалаған мамандық иелерінің қандай болуы керектігі жөнінде ұтымды ойлар жазылған құнды мақала.
Ұстаздық – екінің бірінің қолынан келе бермейтін абыройлы іс. Халқымызға еңбегі сіңген ұстаздарымыздың ой-пікірлері, цитаталары мен басқа да құнды деректер келтірілген автор ойын оқығаннан кейін нағыз ұстаздың қандай болуы керек екендігін ұғынасың.
Мұғалім болу бір басқа, ұстаздық одан өзгерек. Міне, аталған мақаланың тұщымды мазмұны бізге осы постулатты тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.