
Астана. – Қүләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде камералық музыка орындаушыларының «CHAMBER Music Fest» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың басты жеңімпаздары – ҚазҰӨУ студенттері. Олар бірден екі номинация бойынша топ жарып, Гран-при мен І орынды иеленді.
16–19 қараша аралығында елордада өткен байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен академиялық музыка орындаушылары қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – ансамбльдік орындаушылық шеберлікті дамыту, болашағынан үміт күттіретін шығармашылық ұжымдарды анықтау және камералық музыканы кеңінен насихаттау.
Ішекті аспаптар квартеті номинациясында қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болған Таннұр Ақбота (бірінші скрипка), Нұрдана Оразова (екінші скрипка), Елжан Шекербек (альт) және Сұлтанбейбарыс Талғатбек (виолончель) құрамындағы ансамбль Гран-при жеңіп алды.
Ал осы квартетке жас пианист Махаббат Есімжанова қосылып, фортепианолық квинтет құрамында өнер көрсетті. Нәтижесінде олар камералық ансамбльдер номинациясында І орынға ие болды. Жеңімпаз атанған бес музыканттың барлығы – Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары.
Қазылар алқасына Қазақстанның белгілі альтшысы, Федор Мавриди атындағы ішекті аспаптар квартетінің мүшесі, театр тарихы мен Қазақстандағы альт өнері туралы дәрістер оқып жүрген Нұрлан Сағымбаев төрағалық етті. Қазылар жас орындаушылардың ансамбльдік үйлесімін, дыбыс үндестігін, шығармаларды көркемдік тұрғыдан жеткізу шеберлігін және сахналық мәдениетін жоғары бағалады. Сондай-ақ музыканттардың техникалық дайындығы мен өзіндік орындаушылық ерекшелігіне ерекше назар аударды.
Байқау бағдарламасы 19 қарашада ҚазҰӨУ сахнасында өткен салтанатты марапаттау рәсімімен және лауреаттардың гала-концертімен қорытындыланды.
English summary
Young musicians from the Kazakh National University of Arts named after Kulyash Baiseitova won two top awards at the national CHAMBER Music Fest competition in Astana. Their string quartet received the Grand Prix, while the piano quintet, featuring pianist Makhabbat Yesimzhanova, won first place in the chamber ensembles category. The competition brought together academic music performers from different regions of Kazakhstan and celebrated ensemble performance and chamber music.
Қазақша аудармасы
Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жас музыканттары Астанада өткен «CHAMBER Music Fest» республикалық байқауында екі жоғары марапатқа ие болды. Олардың ішекті аспаптар квартеті Гран-при жеңіп алса, пианист Махаббат Есімжанова қосылған фортепианолық квинтет камералық ансамбльдер номинациясында І орын алды. Қазақстанның әр өңірінен академиялық музыка орындаушылары қатысқан байқау ансамбльдік орындаушылық өнер мен камералық музыканы дәріптеуге арналды.