Автор: ІЗГІЛІК НАҒИ
Адам баласы өмірге келгенде ештеңе білмейді. Әлемді танымайды, өмірдің ащысы мен тұщысын ажыратпайды. Алғашқы қадамын жасағанда біреудің қолынан ұстайды, сүрінгенде біреудің алақанына сүйенеді. Сол алақанның кім екенін уақыт өте келе түсінеді. Ол – әке.
Әке деген бір ауыз сөздің ішінде қаншама мағына жатыр. Оның үнсіздігі – тәрбие, қабағы – ескерту, маңдай тері – отбасының несібесі. Кейде ол баласына жақсы көретінін айтпайды. Бірақ таң атпай жұмысқа кетіп, түн ортасында шаршап оралуының өзі – махаббаттың бір түрі екенін бала есейгенде ғана ұғынады.
Бала күнінде әкесінің ескі аяқкиімін көріп, жаңасын алып беруді ойламаған бала есейгенде әкесінің неге үнемі өзінен кейін жүргенін түсінеді. Неге дастарқан басында еттің жақсысын балаларына ұсынғанын, неге өзінің киімін сирек жаңартқанын, неге шаршаса да баласының сабағын сұрағанын енді ғана сезеді.
Бірде бір жас жігіт әкесіне:
— Әке, мен сізге өмір бойы қарыздар болып өтемін бе?
Әкесі терезеден сыртқа қарап отырып:
— Балам, қарыздың ақшамен өлшенетіні бар, ал жақсылықтың өлшемі болмайды. Мен сенен ештеңе күткен емеспін. Тек өзіңнен кейінгі ұрпаққа адамдықтың қадірін жоғалтпай жеткізсең болды, – деген екен.
Бұл сөздің салмағын түсіну үшін кейде адамның өзі әке болуы керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде баланың әкесіне жасаған жақсылығы оның алдындағы перзенттік міндетін толық өтей алмайтыны айтылады. Тек әкесін құлдықта жүрген жерінен сатып алып, азат етуі ғана ерекше мысал ретінде келтірілген.
Бұл хадистің астарында адамды ойландыратын үлкен шындық бар. Әкенің балаға жасаған жақсылығын баланың кейінгі сый-сияпаты, берген ақшасы немесе тұрғызған зәулім үйі толық өтей алмайды. Өйткені әкенің бергені – жай ғана дүние емес, ол баланың өмірге келуіне, өсіп-жетілуіне, адам болуына жұмсалған ғұмыр.
Әке баласына уақытын береді. Жастығын береді. Кейде өз арманын кейінге ысырады. Баласының бір жетістігіне қуанып, бір сәтсіздігіне іштей күйінеді. Бірақ сол еңбегінің есебін ешқашан жүргізбейді.
Ол баласына жасаған жақсылығын дәптерге жазып жүрмейді. «Мына жылы сені оқыттым, мына жылы киіндірдім, мына жылы үйлендірдім» деп шот шығармайды. Әкенің табиғаты сондай. Бергенін міндетсінбейді, бірақ баласының адам болғанын қалайды.
Қазақтың «Алты аға бірігіп әке болмас» деген сөзі де осы шындықтың бір қырын ашады. Ағаң қамқор болуы мүмкін, туысың сүйеу болуы мүмкін, досың қиын кезде қол ұшын созуы мүмкін. Бірақ әкенің орны – бөлек.
Әке бар үйдің бір бұрышында көзге көрінбейтін тірек тұрады. Ол тірек кейде үнсіз отырады, кейде ешкімге білдірмей уайымдайды. Балаларының алдында әлсіз көрінбеуге тырысады. Бірақ уақыт ешкімді аямайды. Кеше ғана баласын иығына отырғызып көтерген әкенің бүгін таяққа сүйеніп жүргенін көргенде, өмірдің айналымы көз алдыңа келеді.
Бала кезде әкеңнің қолынан ұстайсың. Есейгенде оның қолтығынан демейсің. Бұл – өмірдің табиғи жалғасы.
Бірақ өкініштісі, кейбір балалар әкесінің қадірін ол өмірден өткеннен кейін ғана түсінеді. Телефонында сақталған ескі суретіне қайта-қайта қарайды. Даусын есту үшін бұрынғы хабарламаларын іздейді. Бір кезде жауап бермей қойған қоңырауларына өкінішпен оралады. «Әке, қалайсыз?» деген бір ауыз сөзді айтуға уақыт таппағанын сонда сезеді.
Әке тірі кезінде оның жанында отырудың өзі үлкен бақыт екенін біз неге кеш түсінеміз?
Бір ауылда қартайған әке мен жалғыз ұлы өмір сүріпті. Ұлы қалаға көшіп, кәсіп ашып, тұрмысын түзеп алады. Әкесіне жақсы үй салып береді, ай сайын ақша жіберіп тұрады. Ауылға келген сайын азық-түлігін түсіріп, қажет дүниесін түгендеп кетеді.
Бір күні көршісі қарттан:
— Балаңыз сізге жақсы қарайды екен. Үйіңізді салып беріпті, ақша жіберіп тұрады. Арманыңыз жоқ шығар?
Қарт біраз үнсіз отырып:
— Бәрі бар. Тек кейде шай ішіп отырып, баламмен екі ауыз әңгімелессем деймін. Ақша жібергенін емес, өзі келгенін күтемін, – депті.
Осы сөзді естіген адам ойланып қалады. Өйткені қартқа енді үлкен үйдің де, қымбат жиһаздың да қажеті шамалы еді. Оған керегі – баласының жанында отырып, баяғыдай әңгімелесуі, өзінің әлі де біреуге керек екенін сезінуі болатын.
Кейде ата-ананың ең үлкен тілегі – баласының бай болуы емес, аман болуы. Қымбат сыйлық емес, жылы сөз. Зәулім үй емес, бір дастарқан басындағы әңгіме.
Әкені құрметтеу тек мереке күндері сыйлық берумен шектелмейді. Оның көңілін сұрау, сөзін бөлмей тыңдау, пікіріне құлақ асу, қартайғанда сабырмен қарау – перзенттік парыздың күнделікті көріністері.
Әкеңнің мінезі қаталдау болуы мүмкін. Кейбір сөзін түсінбеуің де мүмкін. Өмірге көзқарастарың сәйкес келмеуі ықтимал. Бірақ келіспеушілік құрметсіздікке айналмауы керек. Әр ұрпақтың өз уақыты, өз талғамы бар. Дегенмен ұрпақтарды жалғайтын бір көпір бар. Ол – сыйластық.
Баланың әкесіне деген құрметі оның байлығымен, атағымен немесе қоғамдағы орнымен өлшенбейді. Әке қарапайым жұмысшы, шаруа немесе зейнеткер болуы мүмкін. Бірақ оның баласының өміріндегі орны ешбір лауазыммен өлшенбейді.
Бүгін әкеңнің қасында болсаң, телефонды бір сәтке шетке қой. Қасына отырып, жағдайын сұра. Бала кезіңдегі бір оқиғаны есіңе алып, бірге күліңдер. Қолын ұстап, маңдайынан сүй. Ол сенен көп нәрсе сұрамауы мүмкін. Бірақ сенің ықыласыңды сезінуге мұқтаж.
Өйткені ертең сен де балаңның әкесі боласың. Бүгін әкеңе көрсеткен құрметің ертең өз балаңа қалдырған өнегеңе айналады.
Адам өмірінде өтелмейтін қарыздар болады. Әкенің перзентіне берген ғұмыры – сондай қарыздың бірі. Оны ақшаға шақырып, дүние-мүлікпен өлшеу мүмкін емес. Бірақ оны құрметпен, қамқорлықпен, ізгілікпен өтеуге талпынуға болады.
Әкеңнің алдында бас ию – өзіңді төмендету емес, өзіңді адам еткен тамырыңды ұмытпау.
Әкең тірі болса, қадірін біл. Даусын естуге мүмкіндік барда хабарлас. Қолын ұстауға мүмкіндік барда ұста. Өйткені өмірде жоғалған дүниенің орнын толтыруға болады, ал жоғалған әкенің орнын ешкім баса алмайды.
Кейінгі ұрпаққа қалатын ең қымбат мұра – әкесіне құрмет көрсете білген баланың өнегесі.