Эссе Қазіргі заманғы тәрбие жетекшісі. Ол кім?
Маңғыстау облылысы. Түпқараған ауданы. Ақшұқыр ауылы
М.Әбдіхалықов атындағы мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі Шыгысова Гулзия
Бұл күнде тәрбие және тәрбие жетекшісі туралы пікір көп. Сол көп пікір тәрбие жетекшісіне қойылған көп сынға келіп тіреледі. Сонда жақсы тәрбие жетекші қайда? Неліктен қоғам тәрбие жетекшісінен мін табуға тырысады? Сұрақ сансыз, ал жауап дүдамал.
Бүгінгі тәрбие жетекшісі дүдамал жауапқа тойтарыс беруі керек. Әртүрлі сипаттағы отбасынан шыққан сан қилы тұлғаны бір арнада тоғыстыру педагогикалық шеберлік пен орасан төзімді қажет етеді. Тәрбие жетекшісі құрылған жоспар бойынша нақты жұмыс істеп, міндеттемелерді орындап қана шектелмеу керек. Ол үнемі баланың көз алдында болып, оның әрбір қылығын, қимылын ой елегінен өткізіп, дер кезінде қорытынды шығарып отырғаны абзал. Аңдаусызда тәрбиеде кеткен ағаттық баланың болашағына аяусыз сызат түсіруі мүмкін екенін әсте есте тұтқаны жөн. Шектен тыс қаталдық немесе шектен тыс жұмсақтық жақсы нәтиже бермек емес. Байыптылық, сырбаздық, қарапайымдылық тек жеміс әкелетіні сөзсіз. Аса мәдениеттілік идеал бейне туғызады. Олай болса, тәрбие жетекшісі сырт кейпімен, қылығымен, жағымды тілімен, салиқалы жүріс – тұрысымен бала үшін тек идеал болуы керек. Әр тәрбие жетекшісі – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы,жарқын үлгісі,бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға.Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік –саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі.Тәрбие жетекшісі жан-жақты жетілген білімді, әдістемелік- шығармашылық шеберлік иесі,халықтық дәстүр,әдеп-ғұрып пен салт-сана ерекшеліктерін, әлеуметтік қарым-қатынастар түрлерін кәсіби түрде меңгеру тиіс.Ол кәсіби білімін үздіксіз жетілдірген жағдайда ғана оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамытып,ғылымға деген қызығуын қалыптастыра алады.Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай,мектеп қабырғасынан-ақ жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығару жолындағы басты тұлға- тәрбиеші. Сондықтан оның бейнесінен ұлттық колорит жібектей есіп, космосқа табынған заманның кредосы көрініс берсе, қоғам да солай қарай бет түзер еді.
Мінез –құлықтың сырбаздығы, қазіргі заманға лайық эстетикаға толық жауап беретін көркем сырт кейіп жеткіліксіз. Терең білім, эрудиция бала алдында тәрбие жетекшісі бейнесін одан әрі биіктетеді. Сондықтан көркем әдебиет, түрлі тақырыптық энциклопедиялар, танымдық әрекеттер тәрбиешінің үнемі серігі болуы керек. Тәрбие жетекшісі баланың кез келген күтпеген жерден қоятын сұрағына әрдайым даяр болудың жолын ізденіп жүруге үйреніп, баланы жарқын болашаққа жетелей, білім мен ғылымның , ақыл мен намыстың, ізгілік пен ибалылықтың, жылы жүрек пен ыстық қайраттың иесі етіп шығаруға күш –жігерін аямаса, мақсатына жеткені.
Абай ақынның қара сөздеріндегі қазақ бейнесі «баяғы жартас – бір жартас» қалпында қалғаны таңқаларлық. Ақын суреттеген қазақы даңғойлық, мақтаншақтық, жалқаулық, күншілдік, надандық Ыбырай бабамыз армандаған «тастан сарай салғызған, көзді ашып – жұмғанша жылдам хабар алғызған» заманда тіпті өршіп тұрғаны түсініксіз. Қазақы менталитеттің осал тұсын тастап, кеңпейілділігіне, қонақжайлығына, мәрттігіне, ілімге құштарлығына жаңа заман иелерін жаңа ақпаратпен астастыра баулу – бүгінгі тәрбиешінің ұлы мақсаты.
Бүгінгі заманның ата – аналары бақуатты тұрмыс кешуге бейім болғанымен, бала тәрбиесіне салғырт қарайтыны өкінішті. Үлкеннің өзімшілдігі мен надандығы осы тұста қылаң беріп, тәрбие жетекшісіне ата – анамен де тәрбие жұмыстарын жүргізуге тура келетін сәттер
туындайды. «Қиын» ата – анамен тіл табысып, оның көзін жеткізген тәрбие жетекшісінің шеберлігі кез келгеннің уысына түсе бермейді. Бірақ кез келген тәрбие жетекшісі сол шеберлікті меңгеруі қажет-ақ. «Адамның мінезін түзеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім» деп Абай атамыз айтпақшы, кез келген ситуациядан жол тауып, қоғамның іргетасын нық етіп қалайтын тәрбиеші бұл заманда қат болмауы керек, тәрбиеші атаулы болашаққа салынып жатқан сара жолдың түзу қалыптасуына атсалысуы керек.
Сонымен бүгінгі тәрбие жетекшісі қандай болу керек? Біріншіден,оның ары таза, адал, инабатты, сыпайы, парасатты, байсалды, ұстамды, төзімді,кешірімді болуы шарт.Екіншіден , ой-өрісі кең, жан-жақты білімді,өз мамандығына сай, оны сүйетін, өз ойын шәкірттеріне анық тұжырымды, дәл айтып түсіндіре білуі шарт.Үшіншіден, өз оқушыларына беделді, ұжым арасында сыйлы болуы шарт.Әрдайым тәрбиеленушілермен әдептілік қарым- қатынаста болғаны жөн. Әдептілік- мұғалімінң жоғарғы шындық, қарапайымдылық, сабырлылық, көрсетуі, өзін- өзі басқарып ұстамдылық жасауы, жат қылықтардан бойын аулақ ұстауы және әртүрлі жағдайларда оқушылармен өзге адамдармен, қарым- қатынас жасай алу ептілігін біріктіретін адамгершілік тәртібі.Әдепті мұғалім- әр уақытта оқушылардың құрметті адамы.Олардың айтқанын шәкірттер мүлтіксіз орындайды және өнеге тұтады. Сондай-ақ, жаңа ақпаратпен толық қаруланған, коммуникативтік белсенділігі жоғары, білімі мен білігі мол, жүзі жылы, жүрегі жайсаң тұлға қоғамның айнасы болатынына сенім мол.
