Аты әнге айналған Балқадиша

Қызылорда қаласы, №211 А.Байтұрсынов

атындағы орта мектептің музыка пәні

мұғалімі Төлеутаева Ләззат Сүйінтайқызы.

1. Сабақтың тақырыбы: Аты әнге айналған Балқадиша

Сабақтың мақсаты: Ақан сері шығармашылығымен танысу.

1. Білімділік: Ақан серінің «Балқадиша» атты әнінің шығу тарихымен танысу.

2. Дамытушылық: Ән айту, есту, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

3. Тәрбиелік: инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, жан-жақты эстетикалық тәрбие беру.

Сабақ түрі: аралас

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, сөзжұмбақ шешу

Сабақтың көрнекілігі: оқулық, аспап, композитордың суреті, үнтаспа, электронды оқулық, слайд, «Жігіттер» квартеті түсірген бейнебаянды тамашалау

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру. Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу, назарларын сабаққа аудару.

2. Үй тапсырмасын сұрау. Ел еркесі Ақан сері Қорамсаұлы. «Маңмаңгер» әні.

3. Жаңа сабақ мазмұны.

1. Музыка тыңдау. Ақан серінің әні «Маңмаңгер», «Балқадиша».

2. Оқулықпен жұмыс.

3. Дауыс жаттығуы.

4. Жаңа ән – «Сырда туған баламын».

5. Сөзжұмбақ шешу.

Сабақтың барысы: Ақан серінің «Балқадиша» әнінің шығу тарихы жайлы әңгімелеу.

Әйгілі Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша» әнін тыңдаған әрбір жан басты кейіпкер Қадиша қыздың тағдырына аяушылық білдіріп, ауыр күрсінетіні сөзсіз. Бұл ән туралы ел аузында әңгіме көп. Ақанның ел аралап, сал-серілік құрып жүрген кезі. Бір күні Ақан сол кездегі есімі көпшілікке мәлім, танымал кісінің аулына бас сұғып, шілдехана тойының үстінен түседі. Ауылға танымал серінің ат басын бұрғандығы туралы естіген халық оған ілтипат көрсетіп, қошемет білдіреді. Алайда төрде отырған Ақанның жанына ешкім жақындамайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы алып-қашпа сөздердің кеңінен етек алған тұсы еді. Ақанның қиялға беріліп, жын-перілермен қатысы барын алға тартып, жас қыздар серіден үрейленген. Ақан сері де, қыздар да өздерін жайсыз сезініп, отырыстың берекесі қашқандай болады. Осы кезде Қадиша қыз «Сері ағамның жанына мен отырайын» деп Ақанның жанына келіп отырады. Мұны естіген Ақанның көңілі жайланып, іштей жібек мінезді қызға риза болып отырады. Отырыс барысында әндер орындалып, зерделі әңгіме-аңыздар айтылады. Серінің жанында Қадишаның отырғанын ағалары естіген бойда екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуын тапсырады. Алайда Қадишаның қайтқысы келмейді. Ақанның да оны жібергісі келмейді. Екеуінің арасында бір қимастық сезім орнайды. Қадиша қайтуға жиналғанда Ақан сері қолына домбырасын алып, екі шекті қағып жіберіп, жаңа бір әнді бастайды.

– Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Өзенді өрлей өскен тал Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, бар Қадиша, – деп өлеңмен қимай қоштасады.

Ақан сері Балқадишаны ұнатқанымен, оған қосыла алмайды. Себебі қызды басқа адамға айттырып қойған.

«Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген жолдарын алға тартып кейбір аңыз деректер Қадиша әу бастан, үлкен шалға атастырылған деп айтылуда. Алайда, Қадиша қыз үлкен кісіге емес, өз теңіне атастырылып, кейіннен ұзатылған.

Балқадишаның ұзатылғанын естіген Ақан сері бірнеше күн нәр татпастан жатып қалады. Сөйтіп Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Бұл әннің соңғы өлең жолдары мынадай болған:

«Кекілін кер бестінің сылағаным,

Басынан Жыландының құлағаным.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құс жастықты жылағаным.

Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол,

Шапанға ширатпалы жібек бау бол.

Атадан артық туған Балқадиша,

Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол», – деп іштегі мұң-шерін өлеңмен шығарады. Әнді «Балқадиша» деп атайды.

Ақан серінің бұл әні қазақтың кең даласына тарап кетеді.

Ұзақ мұңлы әннің 90 шумағы болған деседі. 1988 жылы Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспасынан шыққан кітабында «Балқадиша» әнінің 3 нұсқасы көрсетілген. Ән кейіпкері Қадиша Сүлеймен деген текті атаның баласымен бас қосып, үлкен әулеттің босағасын аттаған. Үш қыз, екі ұлдың анасы атанып, 1953 жылы өмірден өткен. «Балқадиша» әнін кезінде аты аңызға айналған Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков орындаған. Кейін Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Гауһар Әлімбекова, «Жігіттер» квартеті өз репертуарларына қосқан.

Музыка тыңдау. Ақан серінің әні «Балқадишаны» әнші Жүсіпбек Елебековтің орындауында тыңдау және «Жігіттер» квартеті түсірген бейнебаянды тамашалау.Әннің ырғағы ойнақы сияқты болғанымен, мұңды ән екеніне назар аударған жөн. Сөзін оқушыларға оқып беремін.

Оқулықпен жұмыс. 8-9 бетті оқу.

Дауыс жаттығуы: «Айгөлек» әнінің қайырмасын орындату.

Жаңа ән: «Сырда туған баламын.

Әні жергілікті сазгер Ақзира Еспенбетованікі;

Сөзі жергілікті ұстаз- ақын Зағира Еспенбетованікі.

1. Туған өлкем бақ маған,

Жыр елім деп мақтанам.

Сұлу Сырым саяңда,

Еркелеймін, шаттанам.

қ/сы: Сырда туған баламын,

Өнер қуған дарамын.

Мыңнан тұлпар атанып,

Жүзден жүйрік боламын. 2 рет.

2. Туған өлкем Сыр елім,

Қасиетті киелім.

Әуелете өзіңді

Әнге қосып жүремін. қ/сы:

3. Туған өлкем жайнаған,

Бақта құсы сайраған.

Балдырғанбыз бақытты,

Шаттық толы айналам.

Алдымен өзім орындап беремін, сосын үнтаспадан Жақсылықова Ботакөздің орындауында (4 сынып оқушысы) тыңдатамын. Әннің мазмұны туралы оқушылардан сұраймын. Сөзін оқытамын. Ән 3 шумақтан және қайырмадан тұрады. Көңілді, патриоттық рухта орындалады.

Сөзжұмбақ шешу.

Сөзжұмбақты дұрыс шешкенде «Балқадиша» деген сөз шығады.

1.Б І Р Ж А Н
2.Қ А Р А Т О Р Ғ А Й
3.Қ Ұ Л А Г Е Р
4. А Қ Ж І Г І Т
5.М А Ң М А Ң Г Е Р
6.А Д А С Қ А Қ
7.М И Н О Р
8.К Ө К Ш Е Т А У
9.С А Р А

1. Сарамен айтысқан ақын (Біржан)

2. Ақан серінің қыран бүркітінің аты (Қараторғай)

3. Ақан серінің жүйрік аты (Құлагер)

4. Ақан серінің шын есімі (Ақжігіт)

5. Ақан серінің Құлагеріне арнап шығарған әні (Маңмаңгер)

6. Біржан салдың әні (Адасқақ)

7. Қайғылы, мұңды көңіл күйді бейнелейтін әуен (минор)

8. Ақан серінің туған жері (Көкшетау)

9. Біржан салмен айтысқан ақын қыз (Сара)

Сабақты қорытындылау.

1. Ақан сері Балқадишамен қай кезде танысады?

2. Ақансері Балқадишамен қалай қоштасады?

3. Не себепті Ақан сері Балқадишаға қосыла алмайды?

4. Ақан серінің осы мұңды әні қалай аталады?

Бағалау: Оқушылардың жауаптарына, сабаққа белсене қатысып отырғандарына қарай білімдері бағаланады, марапатталады.

Үйге тапсырма: «Балқадиша» әні туралы оқып келу. Әнді үнтаспадан тыңдау. Сөзжұмбақты үйде аяқтау.

«Сырда туған баламын» әнін жаттау.

Аты әнге айналған Балқадиша.docx

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше