Табиғат бұрышындағы өсімдіктерді күтіп, баптау
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы
«Аққайың» балабақшасының тәрбиешісі
Сәрсенбаева Орынкүл Абылайқызы
Білім беру саласы: Таным
Ұйымдастырылған оқу іс әрекеті: Экология
Тақырыбы: Табиғат бұрышындағы өсімдіктерді күтіп, баптау
Мақсаты: Балаларға табиғат өзгерістерін түсіндіре отырып, көктем мезгіліндегі ауа райы, адамдардың киім киюі туралы түсініктерін қалыптастыру. Балаларды қоршаған ортадағы табиғатқа қамқор болуға, оларды күтіп, баптауға тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері: Жайдары жанымыз,
Жауқазын шағымыз.
Күлдірген, сүйдірген,
Балалық шағымыз.
Балалар, бүгін сәуір айының он бірінші жұлдызы, жұма күні. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған оқу іс әрекеті – таным саласы, экология бөлімі бойынша өсімдіктерді күтіп, баптауды үйренеміз. Алдымен, жылдың қай мезгілі екенін еске түсірейік. Қазір жылдың көктем мезгілі. Көктемде күн жылынып, қар, мұз еріп су көбейеді. Адамдар қалың тондарын тастап, жеңіл киінеді. Ағаштар бүршік жарады, құстар жылы жақтан ұшып келеді. Құстар сайрап, дала жайнап, малдар төлдейтін шақ. Енді мына суретке назар аударайық. Сурет бойынша көктем мезгілі туралы сөйлеу.
Балалар суретке назар аударады.
Олай болса көктем туралы тақпақтарды есімізге түсірейік.
Балалар: Дала гүлге толыпты,
Аққу көлге қоныпты.
Алақай ау, алақай
Көктем қандай көрікті.
Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Мал жағалап суатты,
Сай саламен су ақты.
Енді мына суретке зер салайық. Нені көріп тұрсыңдар?
Балалар: Гүлдерді
Жарайсыңдар, бұл Раушан гүлі. Мынау гүлдің тамыры, сабағы, жапырағы ал мынау гүлдің күлтелері. Күлтелерінің түсі қызыл, сабағы жасыл, ал тамыры ақ. Бұл дала гүліне жатады. Мына суретте бөлме өсімдіктері бейнеленген. Өсімдік адамдарға пайдалы, олар бөлмені әдемі етіп тұрады, ауаны тазартады. Кейбір өсімдіктердің емдік қасиетттері де бар. Егер бір жерімізді абайсызда жарақаттап алсақ, онда мына алоэ өсімдігін жарақаттың тез жазылуына пайдалана аламыз.
Ал келесі суретте балалар гүлге су құйып, оны сүртіп жатыр. Бұл гүлді күтіп, баптаудағы маңызды әрекет.
Балалар сендер ертегі тыңдағанды ұнатасыңдар ма?
Балалар: Иә.
Үстел үсті театры
Ерте, ерте ертеде , ешкі жүні бөртеде, бұрынғы өткен заманда бір кішкентай Айжан есімді қыз болыпты. Айжан өте көңілді қыз және гүлдерді сондай жақсы көріпті. Оның түрлі түсті әрі гүлді көп көйлектері бар екен. Ол күн сайын сол көйлегіндегі гүлдердің суретін салғанды ұнатады екен. Айжан бір күні бақта серуендеп жүрсе, өзі әдемі, өзі қып қызыл гүлге кезігіпті. Гүлге қызыққаны сонша оны үзіп алмақ болады. Сол сәтте гүлге тіл бітеді. Гүл айтады:
Үзбеші мені,
Мен жақсылық кені.
Мен денсаулық емі,
Мен еркелетем сені, –
деп жалынады қызға. Айжан мұңайып қалды: «Енді қайттім, мен өз бөлмемде гүлдер болғанын қалап едім, ал мына гүл мені үзбе деп жылайды.»
Гүл: «Сен мұңайма, бүгін «Балбөбек» тобының балалары өсімдіктерді күтіп баптауды үйреніп жатыр. Солардан көмек сұрап көр.»
Балалар, Айжанға көмектесеміз бе?
Балалар: Иә, Айжанға көмектесейік.
Ендеше балалар сендер де, Айжан сен де мұқият қарап ал.
Тәжірбиелік жұмыс
Бөлме гүлін отырғызу үшін алдымен гүлді тамырландырып аламыз. Тамырланған соң бізге ыдыс қажет болады. Оған жәй топырақ емес, құнарлы топырақты гүл отырғызатын ыдысқа саламыз. Содан соң топырақ ортасында құдықша жасап, гүлді отырғызамыз. Өскен гүлді де күтіп, баптау керек. Ол үшін оған жылы жер керек және су құю қажет (Еркенұр гүлге су құюға көмектеседі). Суды жапыраққа емес, топырағына құямыз, жапырақтарын сүртіп (Шәмші гүлдің жапырақтарын сүртуге көмектеседі), топырағын қопсытып тұру қажет (Ерхан топырақты қопсытады). Сонда ғана гүл әдемі болып өседі. Көрдің бе Айжан, бөлмеңде гүл болғанын қаласаң, сен де осылай жаса. Ал, мына гүлді саған сыйға береміз.
Айжан: Рахмет сіздерге!
Балалар, ертегі ұнады ма сендерге?
Балалар: «Иә ертегі бізге ұнады.»
Олай болса, бойымызды сәл сергітіп алайық
Сергіту сәті:Гүлдей болып өсеміз,
Күндей болып күлеміз.
Қарлығаш боп ұшамыз,
Көбелек боп қонамыз.
Жарайсыңдар!
Сонымен, біз бүгін не туралы сөйлестік?
– Өсімдіктер туралы сөйлестік.
-Гүлдің сырт келбеті қандай?
-Тамыры, сабағы, жапырағы, гүлі болады.
-Гүлдердің бізге қандай пайдасы бар екен?
-Гүлдербізге қуаныш сыйлайды, бөлменің ауасын тазартады.
-Өсімдіктерді күтіп, баптау үшін не істейміз?
-Оған су құямыз, жапырақтарын сүртеміз, топырағын қопсытамыз.
-Жарайсыңдар. Ендеше сендерге жұмбақ жасырайын:
Адамдардың бәрі қызығады,
Су құймасаң, сәні бұзылады.
-Гүл
-Дұрыс таптыңдар. Олай болса, гүл туралы тақпақ айтайық.
Арасында гүлдің
Ойнап бүгін жүрдім
Қызыл, көкшіл, сары,
Әп әдемі бәрі.
Балалар, бүгінгі оқу іс әрекеті сендерге ұнады ма?
Балалар: Иә
Сендерге де көп рахмет. Ал мына көңілді гүлдің суретін , жақсы қатысқандарың үшін сендерге сыйға беремін .
Сау болыңдар!
