Ашық сабақ

Балта шаппа, жас ұрпақ, тағдырыңа

Әбуова Ұлбала, Сейдәзімова Бибінүр-№37мектептің 3сынып оқушысы

Сейтаскарова Роза -№37мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Кіріспе

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің халқына Жолдауында 2030 жылға дейін экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігі атап көрсетілгені мәлім. Біздер, оқушылар үшін Жолдаудағы “Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты” бағдарламасы айрықша әсер етті. Шынында да, қазақ “Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі” деп бекер айтпаса керек. Гүлденген экономиканы дені сау, саналы азаматтар жасайды. Сондықтан Жолдаудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны насихаттау шараларын белсендірек жүргізгеніміз абзал. Әсіресе жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – баршаның міндеті. Біздің мемлекетіміз салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі саясатының ауқымында балалардың әл-ауқаты мен денсаулығына басым көңіл бөлінуде.

Денсаулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ.. Ал адамның денінің сау болуы өзіне байланысты.

Қазіргі күні, жан-жақты дамыған өркениетті елдердің бәрі ұлт һәм мемлекет болашағына алаңдағандықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру жолына қыруар қаржы жұмсап, қам-қарекет жасап жатыр. Осы бір игі іске біздің еліміздегі денсаулық сақтау мекемелері, қоғамдық ұйымдар және мерзімді баспасөз өкілдері де шама-шарқынша өз үлестерін қосуда. Алайда көбіне-көп аталмыш мәселенің екінші бір қыры –рухани тазалық, яғни жан саулығы назардан тыс қалып жатқаны тағы да рас. Ал ақиқатында жаны саудың ғана дені сау және иманы кәміл адам ғана осы игілікке бөленеді.

Тақырыптың өзектілігі: “Денсаулық – зор байлық” дейді дана халқымыз. Тек ойлап қарасаныз, денсаулық -адам баласына табиғат сыйлаған ең басты

байлық. Сау кезімізде сол теңдесі жоқ табиғат сыйының бағасы мен қадірін білмейтініміз өкінішті-ақ!

Шығыстың данышпаны Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып беремін» деген екен. Сондай-ақ Әл-Фараби медицинаны тек ауруларды емдеу ғана емес, денсаулықты сақтау туралы ғылым деп есептеді. Орыс ғалымдары Н.М.Боткин, И.П.Павлов, қазақстандық ғалымдар Х.Досмұхамедов, Л.З.Тель, Н.Иманғалиев, Х.Қ.Сәтбаева, Е.Омаров денсаулық жайлы ілімнің дамуына үлкен үлес қосты.

1.1 Салауатты өмір салты дегеніміз не?

«Біздің жас мемлекетіміз өседі және орнығып,

нығаяды, онымен бірге біздің балаларымыз бен неме-

релеріміз де өсіп жетіледі. Олар өз ұрпағының жауап

ты және жігерлі әрі жақсы білім алған, денсаулығы

мықты өкілдері болады… Бізге өз қоғамымызды құра

отырып, біздің азаматтарымыздың өмір бойында

дені сау болуы және оларды таза табиғи ортаның қор-

шап тұруы үшін кең өріс ала түсетін күш–жігерлерді

қолдану қажет. Осы мақсатты іске асырудағы біздің

стратегиямыз келесі бөліктерден тұрады: аурудың

алдын алу және салауатты өмір салтына ынталан-

дыру»

(Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан

Республикасының халқына Жолдауынан)

“Осы неліктен сырқатқа душар болдым?” деген сұрақ кейде адамның ойына да кіріп шықпайды. Ал, егер ой елегіне салып көрсек, бұл сұрақтың жауабын табу оңай.

Қай уақытта ұйықтайсыз? Қалай және немен тамақтанасыз? Жаяу көп жүресіз бе? Сабақтан бос уақытыңызда қалай дем аласыз? Миыңыз шаршағанда, түнде ұйықтай алмағанда нендей шаралар қолданасыз? Арақ-шараппен және темекімен, басқа да зиянды заттармен “достығыңыз” қандай?

Күн тәртібін сақтайсыз ба? Дене шынықтырумен айналысасыз? Жеке бас гигиена ережелерін сақтайсың ба? Үй, мектеп айналасын таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарайсыз ба?

Осыларды ой елегінен өткізгенде ғана не себепті дертке ұшырағандығыңызды түсінесіз. Денсаулықты сақтаудың бірден-бір дүрыс жолы – салауатты өмір салты.

Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Денсаулық сақтау шараларының құрамына:

1. Күн тәртібін қатаң сақтау;

2. Ағзаны шынықтыру, спортпен айналысу;

3. Дұрыс тамақтану;

4. Зиянды әдеттерден аулақ болу;

5. Жеке бас гигиена ережелерін қатаң сақтау;

6. Жарақаттанудың алдын-алу;

7. Күйзеліс пен кикілжіңді болдырмау;

8. Табиғатпен дұрыс қарым-қатынас жасау

9. Жұқпалы аурулардың алдын-алу тағы басқалар жатады.

Адамзат өмірге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни адам саналы да жарқын өмір сүруі қажет.

Ең алдымен әр күннің маңызын түсіне білуі қажет. Ағза қажет еткен уақытта ұйықтап, өз кезегінде сабақ оқып, жұмыс істеу керек. Мәселен, сағат 11 мен түскі 13-тің арасы шамамен дене қимылының арасы, кешкі 17 мен 19- демалыс пен қарым- қатынас уақыты. Мысалы 70 жыл өмірдің 23 жылы ұйқыға, 6 жылы – тамаққа, 5 жылы өзін-өзі күтуге, 11 жылы –жұмыс істеуге кетеді екен.

Келесі ереже: Әрдайым тәубаңызды айтып жүріңіз. Егер кімде-кім өз өміріне риза болса, сол бақытты өмір сүреді. Олар қай нәрсенің болса да жақсы жағын көреді, әрі аз ауырады, сәтсіздіктер де айналып өтеді, ең бастысы – денсаулығы мықты болады.

Мордва халқының: “Денсаулықтың шайқап алсаң кесесін, енді қайтып толтыра алмассың есесін” деген мақалы бар екен. Сол айтылғандай, денсаулықты оп-оңай жоғалтып алуға болады, оны қайта қалпына келтіріп

түзету өте қиын. Себебі, адам ағзасының қалыптасқан қызметі бұзылған соң, тез арада жөнделе салуы мүмкін емес. Еш уақытта тозған машинаның бөлшектері сияқты адам ағзасының бір ғана мүшесі ауруға шалдықпайды. Оның машинадан айырмашылығы – барлық мүшелерінің бір-бірімен тығыз байланыста болып, жоғарғы нерв жүйесі арқылы, адам миының тікелей басшылығымен жүйелі жұмыс атқаратындығында. Адамның ішкі агзаларының жүйелі жұмысын қалыптастырып, іске асыратын – оның миы мен нерв жүйелері болса, ағзаның “жанармайы” -тыныс ағзалары арқылы қанға сіңетін және қанның қызыл түйіршіктері (эритроциттер) арқылы ағзаға тарайтын оттегі мен қоректік заттар. Сонымен қатар адам ағзасында керексіз немесе пайдасыз бірде-бір “бөлшек” жоқ екені де дәлелденіп отыр.

Дұрыс ұйымдастырылған күн тәртібі – денсаулық сақтау мен оқу үлгеріміңді жақсартудың бірден-бір жолы.

Денсаулығын сақтауға, оны нығайтуға күнделікті көңіл бөлу, шынығу- әрбір саналы адамзаттың парызы. Гимнастикалық жаттығулар адам ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттырады, көңіл-күйін сергітеді, тамаққа тәбетін ашады, еңбекке құлшынысын күшейтеді. Шыныққан адам тұмаумен, жүрек қан-тамырлары ауруларымен сирек ауырады. Жүйке жүйелерін жетілдіріп, қан айналысын реттейді. Адамның ойлау қабілетін жақсартуға ықпал етеді.

1.2 . «Балта шаппа, жас ұрпақ, тағдырыңа»

Адамға қажетті ең басты байлық- денсаулық пен өмір. Міне, сондықтан барлық елдерде темекі тартуға, маскүнемдікке, есірткіге қарсы күрес етек алуда.

Біздер, яғни оқушылар осы темекі тарту, маскүнемдікке, есірткіге жол бермеуіміз қажет. Қазіргі таңда аурулардың түрі көбейіп барады. “Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды” деп данышпан Баласағұнидің айтқан сөзі рас сияқты. Өйткені, әрбір адам басында өзіне белгілі бір аурулары бар. Бірақ біз сол аурулардың шарықтауына жол бермей, оған төтеп беруіміз қажет. Яғни “Ауруын жасырған өледі” (Ә.Науаий) деген сөзге қарсы адам өз бойындағы ауруы бойынша дәрігерлерден кеңес алып, білгендерден сұрап отыруы қажет.

Ал енді еліміздегі экономикалық жағдайдың өзгеріп нарықтық қатынастардың дамуы, қоғамның әлеуметтік тұрғыда жіктеле бастауы ол мүмкіншіліктердің бірдей болмауы және осы теңсіздіктің балалардың тұлға болып қалыптасуына да өз ықпалын тигізетіні анық. Ал бұл кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың көбеюіне әкеліп соғады. Есірткі құмарлық жасарып келеді. Бұл – дабыл соғарлық жағдай. Бүгін Республикамыздағы тұрақты есірткі құмарлардың 2/3 бөлігін жасөспірімдер мен 25-30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Мамандардың айтуынша, есірткіні татып көрген немесе оқтын-оқтын тұтынған адамдардың жартысынан астамы 13-17 жаста жасаған. Есірткі құмарлықтың үдеп бара жатқаны қылмыстық ахуалдың күрт нашарлауына тікелей әсер ететіні анық. Сондықтан жастарды улап, халықтың болашағына қатер төндіріп жатқан бұл дертке аяусыз күрес, ең бірінші өзіміз, отбасымыз және мектепте басталуы қажет.

Зиянды заттардың алдын-алуға байланысты әр түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы жасөспірімдер арасында өткізілген сауалнамада күн тәртібін олардың 82,3 пайызы, спортпен 64,2 пайызы айналысады. Темекіге әуестер 6,6 пайызды құраса, оның зиянды екенінен 95,2 пайызы хабардар. Мына суреттерден зиянды заттардан болатын жағдайларды көре аламыз. Сонда «неге?» деген сұрақ келеді…

Ішімдіктің ұрпаққа әсері. Оқушыларда қорқыныш сезімі туындайды. Қазіргі ғасырда адамдар тіршілік жағдайы жақсарды. Алайда неге туу кемиді, неге өлім көбейді, неге бала өлімінің саны көп, орташа өмір ұзақтығы неге қысқарды? Бұл сұрақтардың көп жауаптарының бірі ішімдіктің пайдаланудың салдарынан туындауы шындық екендігіне оқушылармен талдау жасау арқылы қорытынды шығаруға болатындығы байқалды.

Ішкіш аналардың туған балалардың көпшілігінің әр түрлі ауытқулары болатындығы дәлелденген. Мысалы Америкада ішетін ата-анадан туған 1529 баланың 74%- ында әр түрлі ауытқулар болған. Ішімдіктің болашақ ұрпаққа, жасөспірім ағзасына әсері бойынша

оқушылар өздері рефераттар, әр түрлі баяндамалар жасап, оның зиянын талқылайды. Статистикалық есептеулер бойынша дүние жүзінде 10 млн-нан астам адамның ақыл- есі кем. Олардың көпшілігінің себебі-ата-аналарының ішімдік ішуінің салдарынан екендігі дәлелденген. Бұл деректерді пайдалану оқушыларды ойландыратыны көрсетіледі.

Кейбір мәліметтерге тоқталсақ: Мысалы француз ғалымы Демме 10 маскүнем жанұясының ұрпақтарын 25 жыл зерттегенде:

-1 жасқа жетпей өлген бала саны -25,

– Қояншық ауруымен ауырған бала саны -5,

– Су ми (гидроцифолия) ауруымен ауырған бала саны-5

– Әр түрлі дәрежедегі ақыл-ой кемшілігіне ұшыраған бала саны -12 болған. Арақ өмірдің түп қайнарын улайды. Адам өмірі 15 жылға қысқарады. Күнделікті қылмыстың 50% ішімдікпен байланысты. Егер адам ағзасында 0,1% алкоголь болса, физиологиялық қимыл: бұлшық ет әлсірейді, жүріс, тіл, бұлшық ет, сөйлеу нашарлайды, күңгірт көреді.

0,05% болса, зейіндік қимылдар: есепті қате шығарады, қырағылық азаяды, өзін ұстау қабілеті төмендейді, естігені жайлы қате тұжырым жасайды, әдеп түйсігі азаяды. Сонда адамдар осындай зардабы бола тұра оны неге пайдаланады екен?

Тарихқа тоқталсақ: ежелгі мысырда арақты құлдар ғана ішкен.

Байырғы Қытайда императорлары маскүнемдікке бой ұрғандарды өлім жазасына кескен.

Көне Грецияда ішкіштерге қайнап тұрған шарапты жұрт алдында ішкізген.

Ежелгі Римде отызға толмағандарға арақ ішуге мүлдем тыйым салынған.

Үндістанда маскүнемдерге сиырдың қайнап тұрған зәрін ішкізіп өлтірген.

Англияда арақ ішкендерді мойнына қамыт кигізіп, қаланың көшелерімен масқаралап алып жүретін болған.

Ресейде І Петр тұсында арақ ішкендердің мойнына 17 фунт тартатын медаль тағып қойған.

Америкада 1885 жылы «Құрғақ қасық» заңы енгізілген. Қай қоғамда арақ әзәзілмен барынша күресіп келген. Аристотель: «Мас болу – өз еркіңмен жындану» деп жазса, Пифагор : «Маскүнемдік – ақылдан алжасуға жаттығу»,-деген. Ал өзіміздің Абай атамыз: «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі не жақсы, не жаманды білмейді»- дейді

100 грамм сыра ішкен кездің өзінде мидың жұмыс істеп тұрған клеткаларының 3000-ы өледі, 100 грамм шарап ішетін болса-5000-ның клеткасы өледі, ішімдік ішсе – 7500 клеткасы өлетіндігі дәлелденген. Ми клеткаларының қайта қалпына келмейтіндігін ескерсек, жасөспірімдік шақтан бастан ішетін адамдардың миында қандай өзгерістер болатындығын көз алдарында елестету қиын емес. Ішімдік басқа мүшелерден көбірек жүйке жүйесі мен миға әсер етеді, өйкені ми май тәрізді заттан тұрады, ал мұндай затта спирт жақсы ериді.

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңының 7- тарау, 37- бабында: «Баланың ата-анасы басқа да заңды өкілдері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ баланы тәрбиелеу мен оған білім беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар салауатты өмір салтын және алкогольді өнімдермен темекі бұйымдарының зиянды екенін насихаттауға міндетті .Балаға алкогольді, темекіні және темекі бұйымдарын сатуға тыйым салынады.Балалар тауарлар сататын сауда ұйымдарында және мәдениет мекемелерінде, сондай-ақ балаларға арналған шараларды жүргізу кезінде шылым шегуге, темекі бұйымдарын сатуға тыйым салынады.

Балалар мекемелерінде, білім беру ұйымдарында және оларға іргелес жүз метр радиустағы аумақта алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынады.» делінген.

Еліміздің ертеңгі тізгіні жастар қолында, мемлекетіміздің алдына қойып отырғаны елулікке ену стратегиясы жүзеге асу үшін жас ұрпақтың дені сау болуы қажет. Сонда ғана өз елімізді елулік қатарынан көре аламыз. Сол үшін өз денсаулығымызды өзіміз күтуіміз қажет.

1.4 Зерттеу жұмысымда қол жеткізген деректерім:

Ұзақ өмір сүрудің құпиялары

Мәліметтерді зерттей келе ұзақ өмір сүрудің негізгі факторын нақтыладым:

1. Климат. Мысалы Кавказ климаты: «Бұл аймақтың тұрғындары теңіз деңгейінен шамамен 300-400 метрде өмір сүреді. Бұл – өмір үшін ең қолайлы жағдай».

2. Тамақтану. Мысалы, ұзақ жасайтындар жиі кездесетін Батыс Грузия халқы көбіне нанның жүгері ұнынан жасалған мамалика деген тағам түрін пайдаланады. Жаз кезінде жеміс-жидек көп жейді. Кавказ ұзақ жасаушылары көбіне етті көп қолданып, күн сайын міндетті түрде қышқыл сүт-мацони ішеді. Бұл ұлттық сусын кәдімгі айранды еске түсіреді.

Жас ұзартудың халықтық рецептері бар екен . Мысалы, у сарымсақтың сығындысын бір ыдысқа құйып алады. Сонан кейін оны 12 күн бойы әр күн сайын бір тамшысын көбейте отырып, қабылдау керек.

3. Дене шынықтыру. 214 адамның тек қана 10-ы ғана жоғары білімді болған. Қалғандары – шаруалар мен жұмысшылар. Олардың еш – қайсысы спортпен айналыспаған, бірақ дене еңбегін жақсы көрген. «Бірде-бір жалқау жүзге жеткен емес».

4. Темекі тартпау. Көп жасағандардың арасында темекі тартқандар кездескен. Бірақ, олардың еш- қайсысы оны көп тартпаған. Әйел ұзақ жасаушылар арасында темекі тартқандар кездеспеген.

5. Ұлттық ерекшеліктер. Қарттарға құрмет – ұзақ өмір сүрудің бір кепілі. «Өйткені осындай қамқорлыктың арқасында қарт өмір бойы белсенді ғұмыр кешеді». Мысалы: әйел 100 жастан асқан кезде қозғала алмай қалған. Сол кезде оның отбасыдағы он адам кезекпен әжелерін қарап, 13 жыл бойы баққан.

6. Психологиялық ерекшеліктер. «Стресс ағзаға кері ықпал етіп, ерте қартаюға әкеліп соқтырады. Біз ұзақ жасаушылардың психологияларын зерттеп, олардың күйзеліске қарсы тұру механизмге жақсы жетілгенін анықтаған. Олар күйзелісті залалсыздандырып жібереді. Яғни стресс

дертке ұласпайды». Ұзақ жасайтындардың басым бөлігінің мінездері жайдары, өздері ән салып, би билейді.

7. Ұйқы. «Күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұрады. Немерелері аталарының оянғанына қарап, уақытты дәл анықтаған. Олар ерте ұйықтап, ерте тұрады». Жаз кезінде кейде 1сағат демалып, 7 сағат ұйықтайтындар көп.

8. Дәрі-дәрмекті пайдаланбау. Ұзақ өмір сүретіндер негізінен ешқашан дәрі- дәрмек қабылдап көрмеген. «Олар ешқашан ауырмайды. Егер науқастана берсе 100 жасамас еді». Өйткені қан қысым аурулары, қант диабеті және басқа дерттер «ерте қартаюға» әкеледі. «Адам туған кезде оның жасы генетикалық тұрғыда белгіленеді. Бірақ, адам өмір сүру салты арқылы оның ұзартуға немесе қысқартуға мүмкіндігі бар». Адамның 120-125 жас жасай алатындығы дәлелденген.

Қалай болғанда да, әзірге жер шарындағы ресми түрдегі ең егде адам – 116 жасар Жапон әйелі болып есептелінеді. Былтыр Қазақстанда 130 жасар Қарағандылық әже қайтыс болған. Одан кейін ондай меже жақындағандар елде әлі табылған жоқ.

Республикадағы орташа өмір сүру жасы 66 жас болып саналады.

Мен денсаулық туралы мағлұмат ала отырып, адамның ұзақ өмір сүруі , денінің сау болуы өзіне ғана байланысты екендігін баса айтқым келеді. Бәрі де адамның өмір сүру салтына байланысты екен. Мен өзім де енді спорттық үйірмелерге, бос уақытымды босқа өткізбеуге тырысамын. Қасымдағы достарыма да үйретемін.

Қорытынды.

Салауатты өмір салты- бұл ең әуелі денсаулықты сақтау, нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Салауатты өмір салтын шыңға көтеру – адам баласының ең басты мақсаты!

Дүние мен денсаулықты уысында ұстаған Елизавета патшайым дәрігеріне: «Менің бүкіл патшалығымды алып, бір күндік ғұмыр сыйлаңызшы»,- деген екен. Қазақ әндерінде де «Басқа байлық не керек, ден сау болса болғаны» деп шырқалмай ма?

Ғасырға жуық уақыт бұрын «Қазақ» газетіне Ахмет Байтұрсынов: «… дәрі күшімен бірді, жүзді емдесе, жариялы, кең насихатпен мыңды, миллионды сақтандыруға болады.» деген екен. Олай болса, мектеп оқушылары арасында осындай денсаулықты сақтау жөнінде шаралар көбірек ұйымдастырылса екен.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасында ауылдағы денсаулық сақтауды дамытуға көбірек көңіл бөлген.

Білім және ғылым Министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы № 521 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасындағы» міндеттерде: … Білім беру ұйымдарында денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және қайта дамыту – делінген.

Қорыта келе, адам арманы, мақсат, шығар биігі мен алар асуы тек, денсаулықтың арқасында жүзеге асады. Денсаулықтың нарқы тым қымбат. Сондықтан да сатып алу мүмкін емес дер едім.

Ұсыныстар:

1. Мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған оқыту бағдарламаларын жандандырса;

2. Мектеп кітапханаларында денсаулықты сақтау мен нығайтуға арналған методикалық кітаптар мен әдебиеттер, электронды оқулықтарды көбейтсе;

3. Мектептің материалдық–техникалық базасын нығайтып, спорт құралдарымен, әсіресе жаңа түрлерімен жабдықталса, мектепте бассейн болса

4. Мектеп оқушыларының барлығына 1 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылса;

5. Әр оқушы, әр отбасы, әр ауыл өзінің тұратын жерін таза ұстап, көркейту жұмыстарын сапалы әрі талапқа сай жүргізсе;

6. Әр оқушы жыл сайын 5 ағаш егіп, оны күтіп, баптаса және есеп берсе;

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Валеология» кітабы Л.З.Тель 2001 жыл

2. ««Валеология.Дене тәрбиесі. Спорт» №2/2006 жыл

3. «Жүзге келгенде ақы сұра». «Айқын» газеті №42 (1466) 11/03/2010

26 бет.

4. «Денсаулық» журналдары

5. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы»

6. «Қазақстан Республикасының жалпы білім беру орта мектебінде зиянды заттарды қолданудың алдын-алу шаралары» Алматы-1998 жыл

7. «Қазақстан әйелдері» журналдары

8. «Өмір белестері». Е.Омаров. Қызылорда «Тұмар» 2002 жыл

9. «Салауаттану» оқулықтары

10. «Сыр бойы», «Сыр мұғалімі», «Тіршілік тынысы» газеті материалдары

11. «Ұстаз үні» газеті №1 20/01/2010 жыл

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше