Отбасы айнасы –бала
Атырау облысы, Махамбет ауданындағы
О. Шонаев орта мектебінің биология пәні
мұғалімі Ғұмар Айгүл
Тақырыбы: «Отбасы айнасы –бала»
Ата-аналармен жұмыс
Мақсаты:
1.Ата-аналардың жанұядағы бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру;
2.Сынып ата-аналарын ынтымақтастықта, өзара сыйластықта бірлесе әрекет етуге,пікір алмасып,ой білдіруге шыңдау.
Өткізу әдісі: мақал-мәтелдер сайысы
Көрнекілік: Слайдтар, флитчарт, маркерлер, топқа бөлуге арналған қосымша материалдар.
Сынып жетекші:
Жанұя – қоғамның ең маңызды тобы, бірлестігі. Жас баланы жанұяда тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиелердің, төлтума халық педагогикасының маңызы зор. Оның өзекті арқауына ұлттық сана-сезім, қадір-қасиет, ар-ождан, ұлтжандылық, отансүйгіштік, ізгілік, ізеттілік, парасаттылық, тектілік, қайырымдылық және т.б. жататыны, олардың өмірдегі мән-маңызы сараланады. Жанұяда жас баланы ерлікке, жігерлікке, батырлық пен батылдыққа, сөз бен істің бірлігі сияқты қасиеттерге тәрбиелеудің орны ерекше.
Жанұяда, әсіресе ата-ананың, туған-туыстың айтқан сөздері, қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстар, саяси-әлеуметтік өмірде өзгерістер жөнінде оларға айтқан пікірлерді, қабылданып жатқан шешімдерге берген бағаларды т.с.с. жас бала арнайы тыңдап, мән бергенімен, ойын арасында естігенін біртіндеп белгілі бір ой қалыптастырып, тұжырымдар жасайды. Жанұяда негізі қаланған тәрбие өсе келе өмірлік нысанаға айналуы мүмкін. Халық жанұядағы тәрбиеге ерекшк көңіл бөлген. Оны «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Баланы өсіру – балапан ұшыру емес» деген мақал-мәтелдерден көруге болады. Ал «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе— ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас бол», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» – мақалдары халықтың бала тәрбиесіне, оның қалай өсіп-өнуіне, болашағына үлкен көңіл бөлгендігі байқалады. Яғни бала ата-анаға, өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі-өнегесіне қарап тәлім алады.
Баланың адам ретіндегі қалыптасуында тәрбинің негізі ата-анадан деп есептегенмен, жүрген ортаның, ағайын-туыстың, жора-жолдастың, отбасының, ең әуелгі туған жердің табиғатына дейін әсер тигізетіні рас. Бұлардың бәрі ержетіп, азамат болуда ықпал етер шартты жағдайлар деп бағаласаң, көгеріп, көркейіп өскен жастың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын діңгегі – әке-шешесі.
Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің көздері осыларда. Ананың, тәрбиешінің, ұстаздың шеберлігіне қарай бала бойында ұстамдылық, ұқыптылық, нәзіктік, кішіпейілділік қасиеттер қалыптасса, әке арқылы еңбекқорлық, батылдық, адамгершілік, азаматтық, табандылық мінезге ие болады. Сондықтан да ата-анаға, ұстазға өз жүрегінің тебіренісін, жай-күйін бала сезіміне әсер ететіндей жеткізе білуге тырысқан жөн.
Халықтың ойлаған арманына, алға қойған мақсатына жету үшін білім, еңбек, қатан тәртіп керек екенін мақал-мәтелдерден байқаймыз. Өнерпаздық дәстүрін қыз блаларға іс, өнер үйрету, ер балаларды еңбекке баулу әрекетімен жалғастырып тәрбиелеп отырған. Жастарға үлгілі-өнегелі іс-әрекеттерді үйретіп, ойлау жүйесін дамытып, ақыл-ой тәрбиесін іске асырады. Мақал-мәтелдерде тілдің адам өміріндегі маңызы туралы көп айтылған. Шешендік өнерге құрмет ертеден басталған. Ой шындығының сөз арқылы бейнелеуі, сөз арқылы көрініс табуы мақал-мәтелдерде мол дүние екендігі байқалады. Қазақ халқы сөз өнерін тәрбиенің күшті қаруы етіп өмірде пайдалана білген. Жанұяда бала тәрбиесіне лайықтап іс-әрекет, пікірлесу, пікір-сайыс негізінде өнеге көрсетіліп, өсиет айтып отыру бала тәрбиесіне зор әсерін тигізеді.. Қазақ халқындағы тәрбиенің қай түрін алсақ та, өскелең ұрпақтың ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына әсер етеді.
Мысалы: – рухани адамгершілік тәрбие – этика, әдептілік, ар намыс, шындық пен әділеттілік, ынтымақ пен бірлік, жолдастық, достық, мейірімділік, қайырымдылық ізеттілік, қонақжайлылық, парасаттылық;
– эстетикалық тәрбие – өнер /ән-күй мен би/, білім, сымбаттылық, сұлулық пен әсемдікті сезінуге, қабылдауға баулу;
– ақыл-ой мен сезім тәрбиесі – аңыз ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыс-өлеңдер, шешендік өнер үлгілері сияқты ауыз әдебиетінің бай қазыналары;
– еңбек тәрбиесі – қолөнерге үйрету, ептілік, шеберлік, жауапкершілік, ұқыптылық, табандылық пен төзімділік;
– имандылыққа тәрбиелеу – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенім, ырымдар мен тыйымдар, мақал-мәтелдер, нақыл-сөздер т.б.қасиеттерді бала бойына дарытады. Мәтел-мақалға ұқсас,ықшам келген нақыл сөз. Бірақ, айтайын деген ой тұспалдап жеткізіледі. Сөздері өткір келеді. Мақал мен мәтелді шығарған –халық. Ерте заманда елді билеп тұрған билер мен шешендердің,дана адамдардың аузынан шыққан ақылды сөздерді қазақ азаматтары қасиет тұтып, ауыздан-ауызға таратып келеді.. Мақал мен мәтелдер ескірмейді, қайта өмір ағымына байланысты көбейтіп отырады.
« Отбасы айнасы-бала» сайысы:
Сайыстың шарты – 3 топқа бөлініп, мақал сайысын өткізу.
Ата-аналардан төрешілерді сайлап алу.
І. Мақал айтып, тоқтағанша жарысу.
ІІ. Мақалдың соңын жалғастыру және мәнін, мағынасын ашу. ІІІ.«Жалғасын тап» .
1.Батыр туса – ел ырысы (Жаңбыр жауса – жер ырысы)
2.Ат айналып қазығын табар (Ер айналып елін табар).
3.Тіліңмен жүгірме (Біліммен жүгір).
ІІІ. Белгілі бір тақырыпқа байланысты мақал айту.
Төрт түлік мал туралы:
1.Мал өсірсең қой өсір
Өнімі оның көл-көсір.
2.Ат болар тай саяққа үйір,
Адам болар бала қонаққа үйір.
Оқу-білім туралы:
1.Ақыл азбайды
Білім тозбайды.
2.Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.
3. Әдепті бала — арлы бала,
Әдепсіз бала — сорлы бала.
«Жалғасын тап» сайысы
(біреуі мақалдың бір қатарын айтады, екіншісі жалғасын табады )
Өнерлі жігіт өрге озар, (өнерсіз жігіт жер соғар)
Ата көрген оқ жонар, (ана көрген тон пішер)
Жігіт адамға (жетпіс өнер де аз)
Ақыл көпке жеткізер, (өнер көкке жеткізер)
Ақыл сөз майданда да, (сайранда да керек)
Жүзден біреу шешен, (мыңнан біреу көсем)
1. Адам болатын бала алысқа қарайды.
2. Адам болатын бала — ағайыншыл,
3. Атың жаман болса, қырың кетер,
Балаң жаман болса, арың кетер.
4. Әкесін сыйламағанды баласы сыйламайды.
5.Бір бала атасына жете туады,
Бір бала атасынан өте туады,
Бір бала кері кете туады.
6. Білім таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба.
Сайыстың қорытындысын білу үшін сөз төрешілерге беріледі.
Жеңімпаз топты марапаттау.
