Ұстазым – ұлағатым
Атырау облысы
Қызылқоға ауданы
Сағыз селосы
Кенбай орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Қарамурзина Асыл
Тәрбие сағаты
Бастауыш сыныптар 3г сыныбы
Тақырыбы: «Ұстазым – ұлағатым»
Мақсаттары:
Білімділік: Ұстаздардың қадір – қасиетін түсіндіре отырып, қазіргі заманда қоғам үшін еңбек етіп жүрген ұстаздарды құрметтеу.
Дамытушылық: Оқушылардың өлең шумақтар арқылы ой – өрісін кеңейту, ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Ұстаздар бойындағы нәзік мейірімді бағалай білуге, берген білімін ақтай білуге тәрбиелеу.
Тәрбие сағатының әдісі: Сұрақ – жауап, мақал – мәтелдер, нақыл сөздер, тақпақтар
Өтетін орны: мектептің акт залы
Өтетін күні: 2013 жыл
Көрнекіліктер: сахналықбезендіру жабдықтары, дербес компьютер, мультимедиалық проектор не интерактивті тақта
Тәрбие сағатының жүрісі
¾ Балалар, бізге білім сыйлаған жан кім?
¾ Ұстаздар!
¾ Иә. Ендеше, тәрбие сағатымызды ұстаздар күніне арнаймыз.
І бөлім Ұстаздар мерекелеріңізбен!
Ұстаз туралы тақпақтар
жүргізуші: Армысыздар ардақты ұстаздар. Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! 3г сыныбы оқушыларының «Ұстазым – ұлағатым» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Сәлем бердік ұстаздар баршаңызға,
Сіздермен тола берсін ортамызда.
Бүгінгі ел басқарған азаматтар,
Білім алған сіздердің арқаңызда.
Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімменен суарған шәкірттерің,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын
Ән: «Ұстазым менің, ұстазым» (Ақерке, Асыл, Нұрбақыт)
Ұстаздарым биік тұлға байсалды,
Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды.
Қуанышты жарқын тілек білдіріп,
Құттықтаймыз, ұстаздарым баршаңды. (Дәурен)
Білімнің кәусар бұлағын,
Жүресің құйып санама.
Біз үшін сенсің мұғалім,
Ұстаз да, ғылым, дана да. (Іңкәр)
Ақыл – білім көп бердің,
Анамдайсың мектебім.
Сенде өсіп көктедім,
Сенсің өмір көктемім. (Беймырза)
Оқыттыңдар ұл – қызым деп,
Күлімдеген ұстаздар.
Ән арнадық арнайы,
Тағзым ете ұстаздар! (Дияр)
Күнім деген, күлім деген,
Қамқор болған ұстазым,
Жаны жайсаң, жайдары жан.
Ұғындырған сөз сазын. (Ақбота)
Айта берсек, ұстазға сөз жетпеген,
Кімге ұстаз білім нәрін төкпеген.
Айтыңдаршы адам бар ма, өмірде,
Ұстаздарға қарыздар боп өтпеген. (Қайырбек)
Ұстазым екінші адам аялаған,
Біздерге бар білімін аямаған.
Оқысын, білім алып үйренсін деп,
Таңертен күнде құшақ жаяды алдан. (Жақсыбек)
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген. (Жаңылсын)
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар, жанды ұғып.
Ұстаз деген ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік. (Асыл)
Ән: Ұстазым (Ақерке мен Нұрбақыт)
Ұстаздар – ұлттың тірегі,
Ұстаздар – мектеп жүрегі.
Ұрпаққа жетер ұстазбен,
Халықтың ұлы тілегі. ( Әлмұхаммед)
Әр сөзі мейіріммен басталатын,
Қатайтқан шәкіртінің жас қанатын.
Білімнің нәрін сепкен ұстаздардың,
Қалайша атамасқа асқақ атын. (Нәбидолла)
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы. (Нұрбақыт)
Мынау менің сезгенім:
Ол – кластың анасы.
Өзінің де
Өзгенің
Баласы – оның баласы.
Қай кезде де, ол анық,
Қайғырмайды өзі үшін,
Біздер үшін қуанып,
Қызарады біз үшін.
Күнде «бестік» алсаң сен,
Онда басқа жоқ арман.
Ал оқымай барсың сен,
Бір тал шашы ағарған. (Ақерке)
«Ақылшым – мұғалім» (Әнуарбек Дүйсенбиев)
Сәбилік көңілден
Арналды бұл әнім
Баулитын өмірге
Ақылшым – мұғалім
Тіліңді аламын
Айтқанды ұғамын
Мен сендей боламын
Ақылшым – мұғалім
Арқаңда өзіңнің
Адам боп шығамын
Бәрі алтын сөзіңнің
Ақылшым – мұғалім
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға. (Нұрханым)
II бөлім «Білгенге маржан»
(ұстаз туралы қанатты сөздер және нақыл сөздер айтады)
Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы.
Жақсы мұраптың артынан су ереді
Жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді
Қайратсыз ашу – тұл
Шәкіртсіз ұстаз – тұл
Атпаз көрген ат таныр
Ұстаз көрген хат таныр
Ұстаз мәртебесі – ел мерейі
Ұстаздан шәкірт озар
Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла
Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады
Ұстаз ұрпақ мақтанышы
Ұстаз болу жүректің асылдығы
Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді,
Білімді жан тас қамалды күйретеді.
Жарасады сыпайылық балаға, ұстазыңа одырайып қарама
Шәкірттің жақсы болмағы ұстазынан
Ән: Ұстазым (Нұрханым, Дәурен, Нұрбақыт)
III бөлім «Ұстаз кім?»
Ұстаз кім? деген сұраққа жауап беру
1. Ұстаз – тәрбиелеуші
2. Ұстаз – мектептің жүрегі
3. Ұстаз – ұлағатты есім
4. Ұстаз – ұлы тұлға
5. Ұстаз – ұлы есім
6. Ұстаз – ұлттың тірегі
7. Ұстаз – аты мәңгілік
8. Ұстаз – киелі мамандық
9. Ұстаз – үйретуші, ақылшы
IV бөлім Жұмбақтар
| Білімнен мол сый – асы,
Балғындардың ұясы. (Мектеп) |
Білімнің жол басшысы,
Шәкірттің қолбасшысы. (Мұғалім) |
| Шәкіртке жан ашыр,
Мейірман кім, жаны асыл. (Ұстаз) |
Білімнің нәрін тереді,
Балаға тәлім береді. (Ұстаз) |
Ән: «Жарқын жүзді ұстазым»
V бөлім Қорытынды
Тәрбие сағатын қорытындылау
