МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫНДАҒЫ КЕЙБІР ТАҚЫРЫПТАРДЫ Қ. ЖҰБАНОВ ЕҢБЕКТЕРІМЕН ТОЛЫҚТЫРУ

МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫНДАҒЫ КЕЙБІР ТАҚЫРЫПТАРДЫ

Қ.ЖҰБАНОВ ЕҢБЕКТЕРІМЕН ТОЛЫҚТЫРУ

Төлеуова Сая Дәулетқызы

Шалқар аудандық Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ елінің ел болып қалыптасуына елеулі еңбек қосып, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне, тілі мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қазақтың зиялы ұлдарының бірі –Құдайберген Қуанұлы Жұбанов. Халықтың басына төнген зұлмат заманның қара бұлты Құдайберген Жұбановты да айналып өтпейді. 1937 жылдың қараша айында тұтқындалып, арада бір жыл өткенде ату жазасына кесіледі. Арада 20 жыл өткен соң ғана ғалымның еңбектері көпшілік назарына ұсынылады.

М.Әуезов : «Өздігінен оқып, ғылым – білімнің әр саласынан да әжептәуір хабардар болған Құдайберген сонау ерте уақыттардың өзінде – 20 жылдар ішінде математикадан, физикадан, химиядан техникумдарда сабақ беріп, философияны , логиканы, психологияны, рефлексологияны тесіле зерттеді…Бірақ Құдайбергеннің шын ықылас қойып, мықтап бет бұрған ғылымы – тіл білімі болды», – деп [1, 76-б] Қ. Жұбановтың ғылым саласындағы еңбегіне нақты тұжырым жасаған.

Саналы ғұмырын қазақ тілінің қалыптасуына арнаған ғалым қазақ тіл білімінің алғашқы профессоры атағына ие болады. Себебі профессор Құдайберген Жұбанов қазақ тілі ғылымының барлық саласына, атап айтсақ ономастика, фонетика, термин, фология, синтаксис тараулары бойынша өндіре еңбек етті.

Ғалымның еңбектерін Р.Сыздықова жетіге бөліп қараған. Олар:

1. Фонетика

2. Қазақ тілінің грамматикасы

3. Жалпы тіл білімінің тарихи кейбір мәселелері

4. Қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуы мен тарихы

5. Қазақ жазуы, орфография, терминология

6. Оқулық , программа, методика

7. Мәдениет пен өнер мәселелері [6,25 -б]

Құдайберген Жұбанов тек қана қазақ тілінің ғана емес өзге ұлттардың тіл саласының дамуына да үлес қосқанын. Ғ.Ормановтың: «Қазақстанда емле, термин мәселелері реттелмеген ұлттар бар. Мәселен, ұйғыр, дүнген. Ұйғыр халқының республикалық мәдениет съезі емле, термин мәселелерін қарағанда осы профессордың аянбай ат салысқанын көрдік. Талай ғылыми түйіндерді шешіп берді. Ұйғыр халқы қандай риза болды десейші. Биыл ол ұйғыр халқының толық тіл грамматикасын жазып береді. Дүнген халқының тіл маманын әзірлеуге де ат салысып жүр.»,- [2 ] деген пікірінен аңғаруға болады.

Ғалымның еңбектерін қарастырған кезде оның тіл білімінің барлық салаларына үлес қосқанын аңғаруға болады. Тілді құр біліп қана қоймай, тіл саласы бойынша терең білімді жан болғанын оның «Фонетика», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Буын», «Буын жүйесінің маңызы», «Буын жігі қайткенде оңай табылады» еңбектерінен тануға болады.

Қазақ тілі ғылымында профессордың зерттеген еңбектері бүгінгі мектеп оқулықтарына енгізілмеген. Мысалы «Одағай» тақырыбын Қ.Жұбанов:

1. Шаруашылық одағайлары

2. Қатынас одағайлары.

3.Көңіл одағайларығ, – деп жіктеп берсе [5, 126-б], қазіргі оқулықтарда «Одағай» тақырыбын:

1.Шақыру одағайлары.

2.Жекіру одағайлары

3.Көңіл-күй одағайлары, – деп 3 -ке бөледі. Оқулықта «Шақыру одағайлары мал, ит- құсты шақыру, қуумен байланысты мәнді білдіреді», – деп анықтама берілген. Осы анықтаманы оқыған кезде «Шақыру одағайын» Жұбанов еңбектеріндегідей «Шаруашылық одағайы» деп атаудың дұрыс екеніне көз жеткіземіз. Қазіргі қазақ тілді жастардың өзі көп сөздердің мағынасын түсіне бермейді. Оқулықта да Ғ.Әбуханов пен С. Исаевтың «Қазақ тілі» оқулықтарында да тек шақыру одағайларын тізбектеумен шектелген. Ал Қ.Жұбановтың «Одағай» тақырыбындағы мақаласында жануардың әр қайсысына қарата айтылатын одағайларға түсінік берілген. Мысалы:

Сиырды шақырғанда- ау-хау; тәуір көргенде әукім-әукім; қайтарғанда – өк (әк), суарғанда-шәуім-шәуім; саууға шақырғанда шәуім-шәуім; боразданың басына шыққасын жегулі өгізге соп-соп;

Түйені шақырғанда – көс-көс, кәуіс-кәуіс; қайтарғанда -шөгергенде-шөк-шөк!; суарғанда – сорап-сорап.[5; 126-8б]. Бұл берілген дәлелдемелерге қарап, оның тілдік материалдарды жалаң алып қарастырмай, өмірмен, тұрмыспен салыстыра зерттегені көрінеді. Оқушылардың тест тапсыру кезінде «Шақыру одағайларының» мысалдарын шешу барысында қиналатынын мектеп мұғалімдері байқап та жүр. А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы» еңбегінде де «Шақыру одағайын» «Шаруашылық одағайы » деп атағанына сүйенсек, Қ.Жұбанов та осылай атағандықтан болашақта одағайдың түріне осы одағайдың атауын алу қате болмас еді

Ал «Жекіру одағайын» – «Қатынас одағайы» деп атау дұрыс болмақ. Себебі «жә» деген одағайды айту барысында жекіріп ғана айтылмай, жай тыйым салу үшін де айтылатынын жадымызда ұстағанымыз жөн болмақ. [5; 126-б]

Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» еңбегіндегі «Сөйлем мүшелері» атты мақаласындағы ғалымның зерттеулері мектеп оқулықтарына сұранып-ақ тұрғандай. Жалпы білім беретін мектептің 8 – сыныбына арналған оқулықтың «Баяндауыш» тақырыбында баяндауыштың құрылысына қарай қалай жіктелетіндігі, баяндауыш болатын сөз таптары туралы мағұлмат берілген.

Баяндауыш болатын

сөз таптары

Сөйлемдер
Етістіктер Мен өте қуандым.

Сен қайда жүрсің?

Сын есімдер Бәріміз бір кісінің баласындай татумыз.

Ел тоқ.

Зат есімдер Сендер бақытты адамсыңдар.

Ат-көлік, қамшы-қару.

Сан есімдер Ер кезегі-үш. Үш жердегі үш-тоғыз.
Есімдіктер Медеуі – мен. Өтегені – өзі.
Көмекші етістік пен еліктеуіш

Сөз

От жылт етті. Мылтық тарс етті.

[8, 53-б]

Сонымен бірге оқулықта «Баяндауыш сөйлемді аяқтап, ойды тиянақтайды» деген түсініктеме берілген. Егер «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Абай) деген сөйлем берілсе, баяндауыш «ермек үшін» болмақ па?

Қ.Жұбановтың еңбегінде «Ескерту» деген белгімен мынадай ескертулер жасайды.

Ескерту: І. Баяндауыш – сөйлемнің соңында келмейтін екі жері бар: Бірі- ұран сөздерде; бірі- төл сөзге жалғаса, деу сөзі баяндауыш болған жерде.

1. Ұрандарда «жасасын!», «жоғалсын!» сияқты сөздер баяндауыш болғанда, күшейту үшін, бұлар сөйлемнің басына қойылады.

Мысалы: Жасасын кеңес үкіметі!

Бітсін байлар!

2.Баяндауыш «де» сөзі боғанда («де» естістігі) басқа мүшелердің алдына шығарылады.

– Құжырайған шал ғой не хабар біледі дейсің,- дейді бір келіншек (Бейімбет).

Мұнда баяндауыш – дейді.

– Ондай ойы барларын осы бастан ашып айтыңдар?- дейді Жарықпас, қалың топты көзімен бір шолып өтіп (Бейімбет). Мұнда баяндауыш- деді

Ескерту: ІІ. Өлең сөздерде өлеңнің ұйқасы үшін сөз орны алмасып тұра береді. Соның ішінде, баяндауыш та орнынан ығысып кете береді.

Қартайдық,қайғы ойладық, ұлғайды арман (Абай).

Арман ұлғайды десе, өлең ұйқаспайтын болған соң, ұлғайды деген баяндауышты арман дегеннің алдында шығарған.

Еріксіз алған баурап шалдың күйі,

Жырлаған дертті жүрек, улы миы.

(Ілияс).

Сөз-сөзді өз орнына қойса, «Шалдың күйі еріксіз баурап алған.Дертті жүрек,улымиы жырлаған» болар еді. Баурап алған, жырлаған деген баяндауыштар өлеңнің ұйқасымы үшін орындарынан қозғалған. [5, 155-б]

«Бастауыш » тақырыбында бастауыштың сұрақтары «Кім? Не?»деген сұрақтарға жауап береді деумен шектелген. Ал Қ.Жұбановтың еңбегінде «Баяндауыштың алдына кім? не? деген сұрауларды қойып, бастауышты тауып алуға болады»,-деп бастауышты қалай табуға болатынына сілтеме жасаған.Сонымен бірге ескерту жасап, «Бастауыштың сұрауы кейде қайсысы?қандайы? қаншасы ? дегендер болып келеді. Мектебіміздегі екі жүз оқушының биыл жиырма бесі бітіріп шықты.

Қаншасы бітіріп шықты? – Жиырма бесі. Бастауыш –Жиырма бес»,- деп анықтама беріп, содан соң сөйлемдерге талдау жасап, түсініктеме берген

Сонымен қатар, «Сөйлем мүшелері» тақырыбын оқытуда Қ.Жұбанов «Баяндауыш » тақырыбын «Бастауыш» тақырыбынан бұрын қойған. Жалпы бүгінгі бағдарламадағы «Бастауышты» бұрын қойған кезде бірінші баяндауышты табуға тапсырма берілсе де оқушылар бастауышты бірінші тауып, қателесіп жатады.

Сөйлем мүшелеріне талдауда тек мектеп оқушылары ғана емес жас мұғалімдердің де қиналатынын, тіпті қателесетіні тәжірибеде кездестіріледі. Сондықтан оқушының теориялық білімін жетілдіру үшін жоғарыда айтылған ескертулердің оқулыққа енуі оқушы үшін де мұғалім үшін де тиімді болмақ.

Қ.Жұбанов оқушыға тілдің теориялық білімін терең меңгерту үшін оқу бағдарламасында «Жай сөйлемге » – 18 сағат, ал «Құрмалас сөйлемге» 32 сағат бөлген. Қазірге оқу бағдарламасында «Жай сөйлемге » – 7 сағат, ал «Құрмалас сөйлемге» – 20 сағат қана бөлінген. Бұл тараудағы әр тақырыпқа бір сағаттан ғана келсе, оқушының тілдік құрамды зерделей меңгеруіне қиындық туғызуда. Тілді білу сол тілде сөйлеумен ғана шектелмейтінін ескерсек, бүгінгі тіл сағаттарынан берілетін білімдердің оқушы сұранысын қанағаттандыруда аздық ететіні ескерілуі қажет.

Ғалымның ұзақ жылдар бойы тер төккен еңбектерін, артында қалдырған мол мұрасын сақтаудың тиімді жолы – мектеп оқулықтарына енгізу. Сонда ғана еңбектерінің ғылыми құндылықтары артып, өміршеңдігі дами түспек.

Жұбановтың бойындағы көрегендік қасиет – оның көп тілді білуі. Ғалым туралы А.Жұбановтың естелігінде жапон тілін зерттеу арқылы қытай тіліндегі қазақ туралы жазылғандарды оқуды мақсат еткенін білуге болады. Қ.Жұбановтың көп тіл білуге деген көз қарасы – бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге.

1929 жылы Қызылорда қаласында өткен конференцияда қазақ тілін латын жазуына лайықтауды жетілдіруге ұсыныстарын жасаса, сол ұсыныстардың мейілінше өміршеңдігін бүгінгі күннің проблемасымен үндескенінен аңғарылады. Сондықтан Мемлекетіміз латын жазуына көшкен кезде Жұбанов мұралары тағы да ой сүзгісінен өтері сөзсіз.

Қорыта келе, Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың барлық ғұмыры қазақ даласындағы тіл, әдебиет ғылымын жетілдіруге арнады. Уақыт өте келе оның еңбектеріне деген сұраныс заман талабымен өзі- ақ келді. Сондықтан болашақта ғалымның есімі өзінің барлық қажыр-қайратын жұмсаған ұлт өкілдерінің арасында шамшырақтай жарқырай түспек.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Құрастырған А. Жұбанов Құдайберген Жұбанов (Естеліктер) «Өнер» Алматы 1990

2. Меңдекеев Ә. «Қазақ әдебиеті» газеті 1989 ж.

3. Сыздықова Р. Уақыт ақтаған азамат «Ақтөбе» газеті 1989ж.

4. Профессор Қ.Жұбанов және ХХІ ғасыр К.Кенжебаев «Ақтөбе» газеті 2004ж.

5. Жұбанов Қ. «Қазақ тілі» жөніндегі зерттеулер Алматы 2010 ж.

6. Оразалин С., Назбиев Ж. Құдайберген Жұбановтың қазақ тіл білімі жайлы ойлары «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 1999 ж.

7. 6- сыныпқа арналған оқулық «Қазақ тілі» |Г.Т.Тұрсынова, А.А.Қасымова

8. «­Қазақ тілі» 8-сынып С.Аманжолов.А.Аманжолова.Г.Қосымова.

САЙТка дайыны.docx

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше