Қош келдің, төрлет Наурызым

Ембі қаласы, «Достық» балабақшасы

Тәрбиеші: Унаймагамбетова Айсауле Болаткызы

Қош келдің, төрлет Наурызым!

Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру.Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл 22-наурыздан басталып, күн мен түннің теңесетінін түсіндіру.Наурыз мерекесінің басқа мерекелерден айырмашылығын білуге үйрету.Халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтауға, балаларды еңбексүйгіштікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу.

Мейрам өтетін жер салт-дәстүрге байланысты жабдықталады.Балалар ұлттық киімдерімен келеді.

Залда әсем әуен ойнап тұрады.

Тәрбиеші: Уа, халайық! Бүгін ұлыстың ұлы күні.Ата-балабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн.Жер әлемді жайнатып, әнші құстар сайратып, наурыз тойын тойлатып, Ұлыстың ұлы күні, жаңа күн келді ағайын.Той құтты болсын!Ақ мол болсын!

О, жараңдар, жараңдар,

Бәрің мұнда қараңдар.

Наурыз тойы басталды

Үлкен-кіші, кәріңді

Құттықтаймын бәріңді.

Балалар бүгін бізде үлкен мереке.Қандай мереке болмасын сәлемдесуден бастау керек.Солай ма? Ал бүгінгі амандасу өте өзгеше. Олай болса балалар, Наурыз тойында қалай сәлемдесу керектігін көрсетіп жіберейік.

Ортаға екі бала шығып амандасады.

Алдияр: Ассалаумағалейкум!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Дияр: Уағалейкум ассалам!

Ұлыс оң болсын,

Пәле-жала жерге енсін!

С.Кәусар: Сәлем құрбыжан!

Ұлыс оң болсын

Ақ мол болсын!

Адия: Ұлыс береке берсін!

Екі бала төс қағыстырып аман-саулық сұрасады.

Күн мен түн сыртта қалады.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар! Бұл мерекеде бір-бірімізбен төс қағыстырып, әдемі тілектер мен құттықтаулар айтады екен. Бұл күні ренжіскен адамдар татуласады.

Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі осы Наурыз тойы бүгін, міне, тағы есігімізді ашып отыр.Құрметті халайық!Қадірменді жәмиғат!Біздің өткен жылан жылына еш өкпеміз жоқ.Солай ма?..

Көпшілік дауысы:

-Иә, өкпеміз жоқ!

-Жоқ-жоқ!Ризамыз!Дән ризамыз!

Тәрбиеші: -Ендеше ең алдымен «өткенге салауат, болашаққа аманат» деген ата-жолымен сол Жылан жылын шығарып салайық.

-Ал Жылан жылы мына жұртың өзіңе дән риза.Қадамың құтты болды.Мың да бір рақмет саған, Жылан жылы!

-Ал өзіңнің мына жұртыңа не айтарың бар?

Жылан: Мен де халқыма дән ризамын.Менің жылымда халқым өзімдей сабырлы мінезбен бейбіт тыныштықта өткізді.Ел іргесі бүлінбеді.Ауыз-бірлігіміз бен татулығымызға селкеу түспеді.Лайым солай болғай.Өзімнің орнымды басар Жылқы жылына да тілерім осы! Әрдайым бақыт, бейбіт өмір болсын!Бөбектеріміздің жүзінен күлкі арылмасын! Аманшылықта, шалқыған шадыман көңіл-күйде жолығысайық! Көріскенше күн жақсы, халайық!

Тәрбиеші: -Ал енді, жәмиғат, ортамызға жаңа жыл-Жылқы жылын шақырайық.

-Қош келдің, жаңа Жылқы жылы! Төрлет, Наурыз, еліміздің бақ-береке, ырыс мейрамы!

(Иіліп көпшілікке тағзым еткен Жылқы бұл кезде мәз-мейрам көңіл-күйде секіріп ойнап, асыр салып көрермен көпшілікті аралап кетеді)

Жаңа жыл есігімізден жақсылық болып енсін!

Қадамыңа нұр жаусын, Жылқы жылы!

Жылқы:Армысыздар халайық,

Бармысыздар халайық.

Наурыз тойда жұп жазбай,

Жылда қарсы алайық.

Тәрбиеші: Қош келдің Жылқы жылы, төрлет ортамызға!

Тәрбиеші: Балалар міне жаңа жыл кірді Наурыз мерекесі басталды деген сөз.Парсы тілінен аударғанда Наурыз «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.Осы жаңа күнді қарсы алу үшін бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан бастаған.Көкжиекті көру үшін жазық далаға шығып адамдардың барлығы:

«Армысың, қайырымды Күн-Ана!» -деп, күнге басын иеді екен. Осы салт-дәстүрді ата-аналар орындап көрсетеді.

Әжелер, халқымыз Жаңа жыл табалдырықтан аттағанда жалғыз сәуле жарық болмас деп төрге қос шырақ жаққан екен. (әжелер ортаға шығып шырақ жағып көрсетеді)

Күн мен түн ортаға шығады: (Айзере мен Мейірімжан)

Күн: Сәулесі мол күнмін

Түн: Жұлдызы көп түнмін!

Екеуі: Бүгін біздер бірдей боп,

Теңелеміз бүгін біз!

Түн: Ал ертең күн ұзақ

Күн: Түн қысқарар бірақ!

Екеуі: Ұйқы қанбай қалып,

Жүрмеңіздер бірақ.

-Күнге тағзым еткеннен кейін, ағаларымыз, әкелеріміз қолдарына күрек алып, бұлақтарды тазартады. Бұған «Бұлақ көрсең-көзін аш!» деген сөздер айтылады. Осы бұлақтардың қасына ағаштар отырғызылады. «Бір тал кессең, он тал ек!» деген сөз осыдан қалса керек. (әкелері тал егіп, бұлақтың көзін ашып көрсетеді) Отырызылған талға ақ бүркиді.

Тәрбиеші: -Ал, халайық! Енді осы ұлыстың ұлы күні ата-салтымыз бойынша ортамызға Қызыр бабамызды шақырайық.Қызыр баба, сізден баршамызға «Наурызға деген тілегіңізді» ақ батаңызды сұраймыз!

Қызыр баба:

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын!

Көйлектерің көк болсын!

Уайым-қайғы жоқ болсын!

Қуаныштарың көп болсын!

Әумин!!!

Ақнұр қызым, ата-салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың өте жақсы екен.Үлкен рақмет.Ал қане, қандай қызықтарың бар?

Тәрбиеші: Қызыр баба, Ұлыстың ұлы күні «Наурыз жыры» айтылатынын өзіңіз жақсы білесіз.Ал қане, балаларым, «Наурыз жырын» айтайық.Қане, кім дайын?

Жанель:

Армысыздар, халайық!

Әр кез аман болайық.

Наурыз тойын қуанып

Жылда қарсы алайық.

Нұрайым:

Күттіріп келген жыл басы

Бізбен бірге тойлашы

Дастарханыма көп-көп

Береке-ырыс сыйлашы.

Мейірімжан:

Наурыз-ай ең ұлы,

Жер бауыры кеңіді.

Наурыз көже ішіліп

Көтерілді ел көңілі.

С.Кәусар:

Қыс өтіп, қар кетіп

Шырайлы жаз жетіп.

Шаруаның кенелген,

Мейрамы ежелден,

Құтты болсын бұл Наурыз!

Арсен:

Жыл басы –Наурыз мереке!

Ақ нұрға әлем боянды.

Наурыз тойы береке

Тіршілік жаңа оянды!

Қ.Әлихан:

Наурыз келді, құт болып,

Мына бізге нұр болып!

Аққа аузымыз толады

Бар жақсылық болады.

Қоблан:

Наурыз шаттық әніміз,

Салтанатты сәніміз.

Ән салып жас-кәріміз,

Би билейік бәріміз!

Жарқынай:

Ата-бабам тойлаған,

Наурызым армысың!

Қызығына тоймаған,

Дархан дала, қарлы шың.

Ернұр:

Көктем келді, наурыз келді,

Жер көгерді, ел көгерді.

Дастарханын жиып джархан,

Жақсылық пен бақыт шашқан.

Әлішер:

Қарды ерітіп жылғасы,

Наурыз келді-жыл басы.

Шуақ төкті жарық күн

Мейрамында халықтың.

Алдияр:

Жас қосатын жасыңа,

Жылбасы бұл наурыз.

Әр кіргізген асыңа

Бал татыған сары уыз.

Қызыр баба: -Ой рақмет, айналайындар!Өркендерің өсіп, талаптарыңа нұр жаусын!

Тәрбиеші: -Ал, Қызыр баба, балаларымыз тек қана тақпақтар ғана айтып қоймайды, өлеңді де әдемі шырқай алады.

Балалардың орындауындағы хор: «Наурыз»

Жәмилә:

Ал, балалар келіңдер,

Той қызығын көріңдер.

Наурыз тойға бас иіп

Күнге сәлем беріңдер.

Самғат:

Наурызбен құттықтап,

Алыс, жақын қауышты.

Көктемдегі жарқын сәт

Көңілдерге ауысты.

З.Кәусар:

Ақ түйе қарны жарылды,

Наурызды елім сағынды.

Асықшы сен де сол тойға,

Барлық жұрт мұнда ағылды.

Аманат:

Күн мен түн теңелді,

Жер шуаққа кенелді.

Соны тойлар ел енді.

Е.Кәусар:

Наурыз тойы салтымыз,

«Көгерсін!» деп халқымыз,

Көшеге тал егеді

Бабалардың үмітін,

Жас ұрпақтар ақтаймыз!

Қоблан:

Наурыз шаттық әніміз,

Салтанатты сәніміз.

Ән салып жас-кәріміз,

Би билейік бәріміз!

Инабат:

Тақпақ айтам жыл басы,

Құлағыңды салып тыңдашы.

Бар бөбекке өзіңдей,

Тыныш өмір сыйлашы.

Ислам:

Наурыз тойын әдемі,

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап әдемі

Наурыз көже пісірді.

Тәрбиеші: Қонақ келсе үйіне

Жалғыз қойын соятын.

Барын алға қоятын,

Біздің халық ер халық, -дегендей қазақ халқы қонақжай халық.

– Екінші ауылдың сері жігіттері де тойға келе жатыр, кешігіп жатыр ғой деп сырт жаққа қарай қарап қояды.Ой бәрекелді, міне өздері де жетті.Атпен шауып келе жатыр екен.

«Батырлар» биі (Дияр, Ә.Әлихан,К.Әлихан, Әлішер, Мейірімжан, Алдияр, Ернұр)

Тәрбиеші: Балалар айтыңдаршы Наурыз мейрамы жылдың қай мезгілінде келіп отыр?

Балалар: Көктемде.

Тәрбиеші: Көктемді қалай сипаттауға болады?

Балалар: Қар еріп,жер көгереді, ағаштар бүршік атады, күн жыли бастайды, құстар біздің жаққа ұшып келе бастайды, малдар төлдейді.

Тәрбиеші: Ал енді балаларымыздың көктем мезгілі жайында айтылатын тақпақтарын қабыл алыңыздар.

Ә.Әлихан:

Көктем күні күркіреп

Жаңбыр жауды сіркіреп,

Бәйшешектер дүркіреп

Шыға келді қыр түлеп.

Ұ.Нұрхан:

Көктем, көктем, көктемде,

Құстар келіп жеткенде

Қуанып бір қалайық

Әнмен қарсы алайық.

Дарын:

Көктем келді бүгін

Күнім төкті нұрын.

Сайрап барлық құстар

Ән салуға құштар.

Ажар:

Түрлі-түсті әйбат,

Гүлдер шықты жайнап

А.Кәусар:

Қызыл-жасыл аймақ,

Қырға шықты ойнап.

Б.Еркеназ:

Қар еріді, су ақты,
Күндер келді шуақты.

Байтақ дала келбеті

Түкті кілем сиқты.

Е.Диас:

Көкке бояп өңірді,

Көктем келді көңілді.

Бау- бақшада, орманада

Құстар әні төгілді.

Айдархан:

Бәйшешектен білеміз,

Көктем келіп қалғанын.

Мәз боламыз, күлеміз

Көрсек гүлін жарғанын.

Тәрбиеші:Халқымыздың кез-келген тойы айтыссыз өтпеген.Айтыс арқылы ақындар сөздің дәмдісін, әннің саздысын жеткізе білген.Олай болса, ортаға айтсыкер ақындарымызды шақырамыз.

Ұл: Алдияр, қыз: Жарқынай

Ұл:

Ата-баба дәстүрін

Үйренуден қашпаймын.

Айтыс десе тіл қызып

Қыздар іздей бастаймын.

Қыз:

Біржан болып сен шықсаң,

Ақын Сара мен болам.

Сәйгүлік боп сен шықсаң,

Аққу құсың мен болам!

Көпшілік дауыс: Ой, пәлі-ай!Тауып кетті!

Бәрекелде!

Ұл:

Бармаймын деп бақшаға,

Жылауыңды қойдың ба?

Көтерші деп арқаға

Сұрауыңды қойдың ба?

Қыз:

Ерке қызбын білесің,

Бірақ кімге күлесің?

Кәмпит сұрап өзің де,
Күнде жылап жүресің.

Ұл:

Әділ сөзді жақтаймын,

Ойдан шықсаң мақтаймын.

Лағындай еліктің

Сендей құрбы таппаймын.

Қыз:

Мен де әдептен аспаймын,

Достығыңнан қашпаймын.

Қандай ақын болсаң да

Жеңілем деп саспаймын.

Көпшілік дауыс: Ой бәрекелде!

-Көп жасаңдар!

Көсегелерің көгерсін!

Тәрбиеші: Балалар ортамызға наурыз мерекесінің құтты қонақтары, біздің сүйікті ертегілеріміздің кейіпкерлері Батыр мен Қаңбақ шалды шақырайық.

Ортаға алпамса денелі батыр сахнаға шыққан кезде қарсы алдынан Қаңбақ шал кіреді.

Қаңбақ шал: Ассалаумағалейкум, батыр еке! Жолың болсын, қайда шықтың?

Батыр: Әлейкумәссалам, Қаңбақ ата!Наурыз тойына бара жатырмын. «Достық» балабақшасындағы балалар «Батыр ағамыз келсін,-деп жатыр екен».Ойын тойға қатысып, күш сынасып қайтпақшымын.

Қаңбақ шал: Олай болса, екеуміздің жолымыз бір болып шықты.Олар тойға мені де шақырды.Енді міне, сен сияқты батырмен сапарлас болу бақытына ие болдым.Бірақ менің де саған пайдам тиер.Сен мықты, ержүрек болсаң, мен жеңілмін, әрі қумын.

Осы кезде Жалмауыз кемпір кіріп келеді.Қолында сыпырғышы бар бір нәрседен құр қалғандай жүгіріп шығады.

Жалмауыз кемпір: Ә, бәлем, мен бұлардың қайда жиналғанын біліп алдым.Мені неге шақырмаған.Егер бұлар мені тойына өздерімен бірге ертіп кетпесе, өз обалдары өздеріне, екеуін жолдан адастыру мен үшін түк емес.

Жалмауыз кемпір сыпырғышымен жолды оңды-солды сиқырлай бастайды: «Адасып кетіңдер, балабақшаға жете алмай қалыңдар»

Батыр: Сіз мұнда не істеп жүрсіз, әжеке?

Жалмауыз кемпір: Сендер тойға бара алмай қалсын деп жолдарыңды дуалап жатырмын.Ал егер мені алып кететін болсаңдар, ең қысқа жолды көрсетемін.

Батыр: Жарайды, ертіп барайық, бірақ онда қалу қалмауыңды балалар шешеді.

Қонақтар балалармен амандасады, балаларды мерекемен құттықтайды.

Қаңбақ шал: Кішкентай достар, сендердің шақыруларыңа қуанып келе жатыр едік.Жалмауыз кемпірілесіп «тойға мен де барамын деп» қалмай қойды.Біз оны ертіп келуге мәжбүр болдық.Бірақ бәрі сендердің қалауларың бойынша шешіледі.Адамға қастандық ойлап, зиян шектіргеннен басқа түк білмейтін Жалмауыз кемпір тойға қаттысын ба, әлде қайтарып жіберейік пе?

Тәрбиеші: Балалар, қонақтар бүгін қасиетті күн.Бұл мейрамда ерекше қалыптасқан салт-дәстүр бар.Ұлыстың ұлы күні бір-бірімен араз адамдар мейірімді болып, арам адамдар шыншылға айналады.Оның айқын дәлелі осы күні адамдар бір-бірімен құшақтасып, көрісіп амандасуы.Олай болса Батыр, Қаңбақ шал бүгінгі қасиетті мейрамда Жалмауыз кемпірді кешіріп, өткен-кеткенді ұмытып көрісіп амандасайық.

Музыка ырғағымен Батыр, Қаңбақ шал, Жалмауыз кемпір бір-бірімен көрісіп амандасады.

Тәрбиеші: Ұлыс күні кәрі жас,

Құшақтасып көріскен

Жаңа ағытқан төлдей

Жамырасып өріскен

Шалдар баға беріскен.

Жалмауыз кемпір: Ой-ой, маған не боп барады? Менің түрім өзгеріп барады.Жүрегім бір түрлі жылып кетті.Денем де нәзіктеніп, сұлуланып бара жатқандай.Ой, алақай мейірімді болдым,- деп иығындағы ақ орамалын басына байлап әдемі әжеге айналады.Айналайын құлыншақтарым, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Тәрбиеші: Міне, Наурыз мейрамының ерекше мейрам екеніне тағы бір көзіміз жетті.Жалмауыз кемпір мейірімді әжеге айналды.Ал енді біздің балаларымыздың өнерін тамашалаңыздар.

Батыр: Бәрекелді балалар.Тақпақты сондай жақсы айтады екенсіңдер.Ал енді Күш сынасуға, әркімнің өз ептілігін сынауға уақыт та келіп жетті.Әдемі ойындар әкелдім.

Ойындар:

1.Күш сынасу

2. Қыз қуу

3.Теңге алу

4. Арқан тартыс

Қаңбақ шал: «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі» дегендей мен де бір сендерді сынайын.Сендерден білгім келгені көктем мезгіліндегі ауа –райын болжай аладыма екенсіңдер, білейін?!

Ауа-райын болжау

1.Күн ерте күркіресе, ………. (жауын-шашынның көп болатын белгісі)

2.Торғай ерте жұмыртқаласа, ……………… (күн ерте жылынады)

3.Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса, ………… ( күн ашылады деген сөз)

4.Далада көкектің «ку-ку» деген дауысын жиі естісеңіз………….. ( алдағы күндер ашық болады)

5.Қарлығаштар аспанда самғап, биіктеп ұшса, күн ашық, төмендеп ұшса ………..

(жаңбыр жауып, жел болады)

6.Ұзақ қарға алдымен келсе, ……………… (көктем тез шығады)

7.Қыста кемпірқосақ көрінсе ……………….. (жыл берекелі, жайлы, мал төлді, егін,шөп шығымды, қуаныш көп болады)

8.Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе …………… (шөп көп болады)

9.Мысық тіреуді, ағашты тырналап мазаланса, ауа-райы …………. (қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран болады), ал керіліп ұйықтаса, онда ………

(ұзақ уақыт бойы ауа-райы қолайлы болады)

Қаңбақ шал: Ой бәрекелді, мына балалар өте ақылды екен ә?Қалай ғана ақылды балалар болды екен?

Тәрбиеші: Бұл балалар балабақшада тәрбиеленеді, апайдың айтқанын тыңдайды.Сол себептен олар өте ақылды сонымен қатар өте өнерлі.

Балалардың орындауындағы хор «Көктем вальсі»

(Музыка ырғағымен Әже кіреді,)

Әже: Уа, халайық, армысыздар. Қазағымыздың жаңа жыл мерекесі Наурыз құтты болсын!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ортамызға келген жаңа жыл құтты болсын қазағым.Наурыз шашуы жұғысты болсын!( Әже шашу шашады.)

Әже: Наурыз көже пісіріп әкелем деп кешігіп қалыппын.Құлыншақтарым Наурыз көже жайында естулерің бар ма?Оны қалай дайындайтынын білеміз бе?

«Наурыз көже» Наурыз мейрамында жасалатын ұлттық тағам.Оған 7 түрлі дәм қосылады: су, сүт, құрт, май, тұз, ет, дәнді дақылдары.Наурыз көжені тойып ішу керек.Сонда жыл бойы тоқшылық, молшылық болады деген сенім бар.Сендер де наурыз көжені тойып ішіңдер.

Тәрбиеші: -Әже, сізге көп рахмет, балаларымыз сізге осы наурыз көже жайында тақпақтар айтып бергісі келіп отыр.«Наурыз көже» жайында

Адия:

Арпа,бидай бастаған

Жеті дәмнен аспаған,

Наурыз көже ежелден

Бұл тойдағы бас тағам.

З.Нұрхан:

Бата беріп атамыз,

Бата беріп апамыз

Тәтті болып жасалған,

Наурыз дәмін татамыз.

Ақжол:

Құрт, бауырсақ шашылсын,

Наурыз тойы ашылсын.

Бір-бірінен мынау жұрт

Өнерлерін асырсын.

Тәрбиеші: Наурыз күні халқымыздың салты бойынша қыздар мереке алдындағы түнде ет пен уыздан «ұйқыашар» атты тағам дайындап,өздері ұнатқан жігіттеріне дәм таттыратын болған.Оның мәнісі ұлыстың ұлы күні ұйықтап қалмасын деген ырымнан туса керек.Ал, жігіттер қыздарға «селт еткізер»сыйлайды.Жігіттер қыздарға сыйлық сыйлау үшін айна, тарақ, иіс су, моншақ дайындайды. (қыздар кішкене тәрелкеге тағам салып жігіттерге жегізеді, жігіттер сыйлығын береді)

Тәрбиеші: Балалар, бұл мерекені тек қана біз ғана тойлап қоймаймыз, сонымен қатар басқа да шығыс елдері тойлайды екен, яғни бұл көп ұлтты мереке.Наурыз тойын «Достық мерекесі» деп айтуға болады екен. Олай болса ортаға шығыс елінен келген қыздарды шақырайық.Шығыс елінен келген өнерпаздар бар екен

«Шығыс» биі. (С.Кәусар, Б.Еркеназ, Жарқынай, Айзере, Ажар, З.Кәусар)

Тәрбиеші: Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің

Басын қосқан сан адам сан ғұрыптың

Ұлыстың ұлы күні паш етейік.

Белгісін достықпенен мәңгіліктің.

Бүгінгі тойымызда наурыз тілекті балабақшамыздың меңгерушісі Достанова Әсел Жангелдіқызына береміз!

Тәрбиеші: Ал құрметті халайық, тойдан тарқамайық.Барлығымыз әжеміз пісірген Наурыз көжеден дәм татайық!

Балдай тәтті баламыз,

Ақылдымыз, данамыз.

Қол ұстасып бәріміз

Сау болыңыз айтамыз.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше