Заманның заңғар ұлы
Гимназия сыныптары бар №16 жалпы білім беру
орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Әлішбаева Гүлмира Дабылқызы
І. Сабақтың тақырыбы: «Заманның заңғар ұлы»
ІІ. Сабақтың мақсаты. Халық жазушысы, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері , жерлес ағамыз Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығын әр қырынан таныту, оқушыларды мәнерлеп оқуға дағдыландыру және шығармашылыққа баулу.
ІІІ. Көрнекілігі: Ә.Кекілбайұлына арналған суреттер, буклеттер, кітаптар , баспасөз беттеріне жарияланған материалдар т.б.
Интерактиті тақта
ІV.Сабақ әдісі : Саяхат сабақ
V. Сабақтың түрі: Танымдық сабақ
Сабақтың жүрісі:
1. «Сандар сөйлейді» (Әбіштануға арналған сұрақтар)
2. « Әбіш-күрделінің күрделісі» (Әбішке арналған арнаулар мен лебіздер)
3. «Әбіш -тума дарын» (Әбіш өлеңдерін мәнерлеп оқу)
4. « Әбіш-философ» ( Әбіштің философиялық ой- толғамдары)
5. «Асылдың сынығы» ( Ай-ана туралы естеліктер мен сұрақтар)
6. «Менің де айтарым бар…» ( сынып оқушылары жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдерін оқиды)
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Қара нардай қатепті,
Алп,алп басқан ,алп басқан,
Маңғыстаудың жеріндей,
Маңдайы ашық марқасқам!
Қуат алған,күш алған,
Қарындастан,қандастан.
Қолдасқанмен,қолдасқан,
Арбасқанмен арбасқан.
Бұйра бұлт секілді,
Бұйра шашын қар басқан.
Бір өзі бір үй толтырып,
Отыратын қасқайып,
Жаралғандай жартастан!-деп Темірхан Медетбек ағамыз айтқандай, Әбіш Кекілбайұлы Маңғыстаудың емес, қазақ халқының тіпті, түркі тектес елдердің мақтанышына айналғаны шындық.
«Биік бәтеректің саясы да мол болатыны сияқты, үлкен таланттың да өз тұсындағыларға әсері мен өзінен кейінгілерге бергені зор болса керек – ті» деп өзі айтқандай әлем таныған сөз зергері Әбіш Кекілбайұлының туындысын оқыту, қадірлеу, дәріптеу, насихаттау бізідің парызымыз.
1. « Сандар сөйлейді» (Әбіштануға арналған сұрақтар)
1939 ж. 6 желтоқсан Кекілбайұлы Маңғыстау облысы , Маңғыстау ауданы , Онды ауылы, Мырзайыр ойында дүниеге келді.
1962 ж. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түсті.
1963 ж . Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
1962-65 ж. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметкер, бөлім меңгерушісі болды.
1969 ж С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді бітірді.
1968-70 ж Совет Армиясы қатарында саяси қызметкер.
1970-75 ж «Қазақ фильм» киностудиясында редактор болды.
1975-85 ж Қазақстан Орталық комитетінің сектор мүшесі болды.
1981 ж. «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.
1984-86 ж. Қазақ ССР Мәдениет минстрлігінің орынбасары
1986 ж. Қазақстан жазушылар одағының екіншісі хатшысы.
1989-90 ж. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қарым-қатынас
бөлімінің меңгерушісі;
1991 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ұлттық мәдениет пен тілді дамыту
жөніндегі төрағасы.
1990-93 ж. Қазақ ССР халық депутаты.
1992 ж. «Егемен Қазақстан » газетінің бас редакторы;
1992 ж. Қазақстан Республикасы Халық жазушысы. «ХХІ ғасырдың ең
көрнекті жазушысы» кітабына енгізілді.
1993 ж . Қазақстан Республикасы мемлекеттік хатшысы.
1994 ж . Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінң төрағасы.
1995 ж . Қазақстан Республикасы Советінің депутаты.
1995 ж. Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік хатшысы.
1996 ж . Қазақстан Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім
сыйлығының лауреаты.
1996-2001 ж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік хатшысы.
1999 ж «Отан» орденімен марапатталды
2002 ж. «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығы берілді
2. « Әбіш-күрделінің күрделісі» (Әбішке арналған арнаулар мен лебіздер)
«Әбіш жай ғана қазақ емес. Қазақтың да қазағы бар. Қазірше айтсақ, сапа белгісімен ерекшеленетін , сонау Маңғыстау түбегін мекендейтін , асқан жауынгер , басқа болмыс бітімі де өзге қазақтардан өзгешелеу жаратылған адай тайпасының ұрпағы.»
Тахауи Ахтанов.
« Әбіш Кекілбайұлы-күрделі талант. Күрделілік күрделі болайын деген талаптан тумайды. Ол ақылдың , мол білімнің , терең сезімнің тұнбасы. Тұнба- қашан да салмақты, қашан да баяу. Ол ақса ырғып ақпайды, ырғалып ағады, көпірудің орнына , тұңғиықтана түседі.
Алыстан орман қып көрсетіп, жетіп келсең бес түп ши тұратын сағым- мінез оның талантына жат. Онда жалтылдап көрінетін жезқұбылмалық жоқ. Ол көңілді арбайды ,бірақ көзді алдамайды. Ал, шынайы өнердің асыл мұраты- сол, кімді де болса алдамау. Алдамаған жерде ақиқат та бар.»
Жұмекен Нажімеденов.
«.. Мен Қазақстан деген елді тек картадан ғана білетінмін. Маған Қазақстанды , қазақ деген халықты білуге құштар еткен Сіздердің жазушыңыз – Әбіш Кекілбайұлы. Сол бір дана жазушыны берген халықты көргім келді. Бәрінен сол данышпанды бетпе – бет көріп, жүздесуді армандап келдім.»
3. «Әбіш тума дарын» (Әбіш өлеңдерін мәнерлеп оқу)
1. «Туған жер» Әбдіссаламова Элмира
2. «Біздің бала шағымыз» Қайыржанова Алтынай
3. «Қара талқан» Жоламанова Айдана
4. «Ақын өлімі» Насредин Гауһар
4. « Әбіш-философ» ( Әбіштің философиялық ой- толғамдары)
Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді. Үстіңдегі ақ ордаңды сауытыңнан мықты көрме – одан да оқ өтеді.
***
Еркек үшін ата-мекеннің тыныштығы , ата-бабаның аруағы , ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар?
***
Жаралы аңды жарасынан сипап , райдан қайтарасың, жаралы адамды да алыстан орағытып , ақылға шақырып , сабасына түсіресің.
***
Қас дұшпанға иінің түсіп , еңсеңді жібере берсең , сездірмей сорып, білдірмей қылғытатын асқазанша әбден жайлы жылы – жұмсақ қылып алады.
***
Бабалардың арттағы ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұрасы тіршілік алдындағы адалдықтан асқан қандай ерлік керек! Ешкімнің ала жібін аттамай , өз ырзығын адал айырған күнделікті үйреншікті бейнетті күйбең тіршілік деп күпсіп сөйлейтініміз бекер екен де. Дүниенің берекесі әркімнің өз отан, өз шаңырағы , өз өлең төсегінде үбірлі –шүбірлі өз әулетінің қамын жеп , басқаның бағы мен ырзығына көз алартпай , өз нәпақасымен өзі боп, өз күйбеңімен өзі жүргенде емес пе?
***
Өлсең де қадіріңді біліп , атыңды ұмытпайтын ел-жұртың мен ұрпағың болса , өлімнің несі үрей, несі қиянат… он сегіз мың ғаламның әрқайсысына жөн тауып берген жаратылыс жарықтықта әділетсіздік болуы мүмкін бе, сірә. Қатары сиреп , қайраты кеткен кәрі уақытын сарқып , дүние ауса несі әділетсіздік. Қайта қадірін кетіріп , болғанын толғанын көрмеген өгей ортада өлексе сүйретіп жүріп қалғаны қиянат болмай ма? Ақыл есі дұрыста жөнімен жөнелу де кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт емес пе?
5. «Асылдың сынығы» ( Ай-ана туралы және сұрақтар)
1.« Ай-ана» туралы не білесің?
2. Әбіштің балалық шағы?
3. Әбіштің шығармаларын ата?
4. Клара апайға арналған өлеңдері бар ма? (Болса айтып бер) т.б.
6. «Менің де айтарым бар…» ( сынып оқушылары жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдерін оқиды)
- Жетеу Жұлдыз (Әбіш шығармасынан монолог)
- Аязбаев Жасұлан ( Әбіш шығармасынан диалог)
- Қабаева Элфира (С.Назарбекұлы шығармасынан өлең)
- Нұрманова Ұлпан (М.Шаханов шығармасынан өлең)
- Үгітов Ақылдос (Махамбет шығармасынан өлең)
- «Маңғыстау» әні орындайтын Әріп Шәрбәну
Қорытынды сөз.
Жағаңыз жайлау,баста құндыз бөрік,
Тамсанады ұрпақтар ұл-қызкөріп,
Аспанымның шырайын келтір мәңгі,
Әбіш аға, жүр мәңгі жұлдыз болып- деп ұландар Әбіш ағамыздай парасатты, өнегесі мол ел азаматы болып өсіңдер.
