Абай-дана, Абай-дара қазақта
Ақмола облысы
Зеренді ауданы
Бұлақ негізгі мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
«Абайтану» үйірмесінің жетекшісі
Омарова А.О.
Әдеби кеші
«Абай-дана, Абай-дара қазақта»
Мақсаты: 1.Оқушыларға Абай қара сөздері мен өлеңдерін терең ұғындыру
меңгерту, халық өсиеттерінен нәр алу.
2.Адамгершілікке, қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеу.
Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, эстетикалық тәрбие беру.
3.Еркін, шешен, көркем сөйлеуді, өз бетімен іздене білуді дамыту.
Көрнекіліктері: кітаптар, плакаттар, суреттер, қанатты сөздер,бүктеме.
Сабақтың барысы:
1-жүргізуші: -Армысыздар, құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, оқушылар!
Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өз-өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?
Құба жон, құбақан құм, құла қырда
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?
2-жүргізуші:
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өткен кім?
Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?
Арманын аттандырып келешекке,
Біздермен осы күнгі тілдескен кім?
Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім?
Жауына найза сөзін шанышқан кім?
Өзендей құйған барын көк теңізге,
Лермонтов,Пушкиндермен табысқан кім?
1-жүргізуші: Дана Абай 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде туған. Ол әуелде ауылда Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша хат таниды. Абайды әкесі он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді.
Шығыстың ұлы ақындары шығармаларын өз бетімен оқып, ертегі, дастан, қисса сияқты әдеби мұраларымен танысады.
2-жүргізуші: Абай медреседе үш-ақ жыл оқиды, соңғы жылдары «Приходская школаға» түсіп, орысша оқиды. Бірақ мұндағы оқу ұзаққа бармайды. Жасы 13-ке келіп, ерте есейіп, ақыл-ойы тола бастаған шақта өткір, зейінді Абайды әкесі Құнанбай ел билеу ісіне араластырып, тәрбиелемек болып, оны оқудан елге алып кетеді. Осы 13 жасында Абай ауылына қонаққа келген Барлас пен Байкөкшеден бата алады.
1-оқушы:
Көрікті көңілде жыр,қолда қалам,
Өмірдің өріне өрлей басқан қадам.
Қазақтың өлеңінің ұлы атасы-
Ол Абай,мәңгі жасар ақын адам.
2-оқушы:
Ақын еді
Елдің мұңын жыр еткен,
Жарыққа алып шығу үшін түнектен.
Ақын еді ол
«Мыңмен жалғыз алысып»,
Халқын ойлап күйінішпен күні өткен.
Ақын еді ол
Жұртты аузына қаратқан,
Әрбір сөзі құйылғандай болаттан.
Ақын еді ол
Жұлдыз болып жарқырап,
Қараңғы елдің ой-санасын оятқан.
2-жүргізуші: Ел қамын ойлап «жүрегі қырық жамау болған» ұлы ойшылдың өмір жолында жалғыз қалған кездері де болды.
1-жүргізуші: Абай XIXғасырдың 90-жылдары өзінің ой-толғаныстарын қара сөздермен жазған. Абайдың қара сөздері көркем әңгіме емес, дана сөздер еді (Оқушылар қара сөздерін оқиды).
2-жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй,-дей келе кезекті әнге береміз.
Ән: «Көзімнің қарасы».
3-оқушы: Өлеңнің биік көгіне,
Шалқып бейне туған-ай.
Кең даланың төрінде,
Жаңа ақын туды Абай!
1-жүргізуші: Әжесі Зере мен анасы Ұлжан халқын,ел-жұртын сүйер мейірімділікке,үлкен жүректі ұлылыққа баулиды. Зере Абайға ел тарихын айтып,халқының тұрмыс-тіршілігімен таныстырып,жақсы мен жаманды айыра білуді үйретеді.
Көрініс «Балалық шақ».
2-жүргізуші: Мал жұтайды, өнер жұтамайды, оқуды өнер-білімнен үйрену керек екен ғой? Өнерді оқу-білімнен үйренген Абай артына мол қазына қалдырып кетті.
17-қара сөзінен үзінді.
5-оқушы: Абайды құрмет тұтып басқан алға,
Жас жүрек жыр жазудан жасқанар ма?
Дәл өзіңдей айбынды ақын болу.
Арман болып қалмақ тек басқаларға.
6-оқушы: Қастерлесін халқының жат танысын,
Қасиетіңде көп сырдың жатқаны шын.
Қарасөздің иесі қонған Абай,
Қазақтың қайсар рухты мақтанышы.
7-оқушы: Көк желекке күн еңкейді, кешкірді,
Сонда баяу бір ғажап ән естілді.
Кімнің сөзі, қандай сөз ол жырдағы?
Абай атам Пушкин болып, толғаған,
Татьянаның әні екен қырдағы.
8-оқушы: Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезде бала едім мен.
Аямасқа бекіп ең.
Ән: «Желсіз түнде жарық ай».
9-оқушы: Данышпан, заманынан иығы озған,
Әділет дүниесіне қолын созған.
Алысып адам бол деп, мыңмен жалғыз,
Ақын ер тар заманда өмірін тозған.
10-оқушы: Құр босқа ғылым таппай мақтанбадым,
Орынсыз және өнерсіз баптанбадым.
Орным бар, білімім зор, заманым кең,
Сондықтан көңіл шалқып шаттанғаным.
11-оқушы: Көз ілмей қабіріне бір түнедім,
Жыр тәңір, мен де өзіңнің бір түлегің.
Бер маған бар әлемнің жыр жүрегін,
Деп тұрып ала таңда жыр тіледім.
12-оқушы:Неткен кең, неткен жомарт шіркін баба,
Әлі де туар талай ақын, шіркін бала.
Берерін беріп өткен ақын Абай,
Ал біз ше? Борыштарымыз шынында да!
Кешті қорытындылау:
1-жүргізуші: Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ұстазы, рухани айбары, туған елінің мың жылдық мұңын шерткен Абай мұрасы мәңгілік мұра.
2-жүргізуші: Абай халықтың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық идеологиямыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту біздің ғұмырлық парызымыз.
1-жүргізуші: Қазақтың ақыны, данышпаны көп болғанымен, Абай біреу-ақ. Абай бар елдің мерейі үстем.
2-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайды тану арқылы біз халқымызды танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» деген сөзі бар.
1-жүргізуші: Ал Мұхтар Әуезов «Мен Абай тереңінен шөміштен қана іштім» десе, «Даналықты іздесең, Абайды оқы ерінбе» деген сөз және бар демек білім нәрімен сусындағың келсе Абайды оқы, жас ұрпақ!
Біз үшін Абай өмірі-үлкен тәрбие мектебі, себебі оның сөздерінің білімге, еңбекке, адамгершілікке баулитынына көз жеткізіп отырмыз.
Ақмола облысы
Зеренді ауданы
Бұлақ негізгі мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Омарова А.О.
Ашық сабақ
«Құрмалас сөйлем» /8-сынып/
Сабақтың мақсаты:
білімділік– оқушыларды құрмалас сөйлеммен таныстыра отырып, оның құрылысы мен құрылымының ерекшелігін ұғындыру;
тәрбиелік– оқушылар бойына адамгершілік, достық сезімдерін ұялату;
дамытушылығы– ой-өрісін, таным деңгейін кеңейте отырып, еріктілік, өз күшіне сенуін қалыптастыру, өткен тақырып пен жаңа тақырыпты өздігінен іздене отырып байланыстыра білу дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың түрі: ізденіс сабағы.
Пәнаралық байланыс: әдебиет.
Сабақтың әдіс-тәсілі: сұрақ-жауап, деңгейлік тапсырма, сын тұрғысынан ойлау.
Сабақтың көрнекілігі: Венн диаграммасы, мысал жазылған плакат, деңгейлік тапсырмалар.
Сабақтың барысы.
I. Ұйымдастыру кезеңі.
* Оқушылармен амандасу.
* Кезекшімен сұхбаттасу.
* Сабаққа әзірлік, сыныпты үш топқа бөлу.
* Сабақ жоспарымен таныстыру.
II. Үй жұмысын тексеру.
«Бізге мәлім деректер» бойынша 3 топқа сұрақтар беру.
1 топқа: Жай сөйлемнің қандай түрлері бар?
Жақты және жақсыз сөйлемнің айырмашылығы неде?
2 топқа: Жалаң және жайылма сөйлемнің айырмашылығы неден көрінеді?
3 топқа: Атаулы сөйлем дегеніміз не?
Қазан айы. Түнерген кеш. Баяу ескен қоңыр жел.
Бұл қандай сөйлем?
III. Жаңа сабақ.
«Мұны білген жөн»
*Диагностика сәті.
– Құрмалас сөйлем жайында не білеміз?
/ Оқушылар «миға шабуыл» әдісі арқылы білетіндерін ортаға салады./
* «Ізденіс тенденциясы» сәті
Берілген сөйлемдерді «миға шабуыл» әдісі арқылы кеңейтіп түсіндіру үшін өз беттерінше жұмыс жүргізеді.
1. Шіміркентіп ашуландырмайды, көңіл жайлауына қонып тербетеді.
2. Әрі тайымнан айырылып, әрі бәдіктен қалғаныма ыза болып, жасымды тыя алмай үйге бардым.
3. Жас бір қыз, үстінде жұқа ақ көйлек, өрілмеген қою қара шашы екіге айырылып, кеудесіне түскен.
* «Тұсаукесер» сәті.
Әрбір топ өздеріне сөйлемдерді түсіндіріп, мәліметін қорғайды. Осыдан кейін барып жаңа сабақ түсіндіріледі.
– Дұрыс, балалар, құрмалас сөйлем 2 не одан көп сөзден тұратынын, сөйтіп күрделі ойды білдіретінін сендер білесіңдер. Білімімізді толықтыру мақсатында қазір мен сендерге әлі де жеткіліксіз жайдан ақпарат беремін. Ол үшін мына Венн диаграммасына назар аударайық.
Мысалы: Зұлқия келген жұмысын баяндап отыр. Оның алдында бірнеше хаттар жатыр. Басқарма мәжілісінен шығып, Мамыт пәтеріне қарай беттеп келе жатты.
Екі немесе одан көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді құрмалас сөйлем деп атайды.
Құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен салаласа және сабақтаса байланысады.
Салаласа байланысқан құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақты болып келіп, бір-біріне тәуелді болмай, тең дәрежеде байланысады.
Мысалы, Қоңырау соғылды, сабақ басталады.
Мұқата сөйлеген Шұғылдың сөзін Хакім де естіді, бірақ бұл сөзді ол кек тұтқан жоқ.
Сабақтаса байланысқан құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақсыз болып келіп, бірі екіншісіне бағына, сабақтаса байланысады.
Мысалы, Біреу қағаз жазып, біреу іс тігіп отырса, біреу темір соғып, біреу машина жүргізіп тұр.
Пышақ қанша өткір болғанмен, өз сабын жона алмайды.
Құрамындағы жай сөйлемдердің салаласа, сабақтаса байланысуына орай құрмалас сөйлем салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, аралас құрмалас болып үшке бөлінеді.
Мысалы, Қарт әкенің қайғысын естіп, асыл перзентін жоқтаған ащы зарын тыңдағанда, біздің төбе құйқамыз шымырлады, көзімізден жас парлады.
«Жеңілден күрделіге қарай» (Меңгерту жаттығулары)
1 деңгей. «Жас лингвистер»
93-жаттығу.
1. Оқып шығып, мәтінді құрайтын сөйлемдердің қайсысы жай сөйлем, қайсысы құрмалас сөйлем екенін ажыратыңдар.
2. Тұрлаулы мүшелерін тауып, құрамына қарай талдаңдар.
3. Даналық сөздердің мағынасынан не түйгендеріңді топ ішінде анықтаңдар.
2 деңгей. «Талдау- табыс кілті»
Берілген сөйлемге морфологиялық талдау, бір сөзге фонологиялық, математикалық тәсілмен мінездеме бер.
Шөпті қалың жайып, атам арбаға жайғасты.
3 деңгей. «Ойлан!»
1. Берілген жай сөйлемдерді құрмалас сөйлемге айналдыр.
Айжан ән салды. Мен қалаға бардым. Қыстың ызғары әлі қайтқан жоқ.
2. Психологиялық жаттығу. Мазмұны жағынан байланысы жоқ берілген сөздерді қатыстырып, қызықты әңгіме құрастырып көріңдер. Мәтінде құрмаластың қандай түрін қолдандың?
Доп, үстел, от, сақал, су, шал, алма, кілем, күлкі, аққала.
4 деңгей. «Өзіндік ізденіс- білім негізі»
Әдебиетпен өтілген М.Әуезовтың «Қараш-Қараш оқиғасын» еске түсіріп, жаза отырып, құрмалас сөйлемді және оның түрлерін анықтау.
IV. «Қайталау- оқу анасы» /Сабақты қорыту/
Құрмалас сөйлемнің құрамы неше сөзден тұрады?
Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің ұқсастығы.
Қандай ойды білдіреді?
Құрмалас сөйлем дегеніміз не?
Құрмалас сөйлем түрлері.
V. Үйге тапсырма. 95- жаттығу.
Көркем әдебиеттен құрмалас сөйлемнің түрлеріне мысал жазып келу.
VI. Бағалау.
Оқушылар өзін-өзі бағалау, топтық бағалау парағымен бағаланады.
Ақмола облысы
Зеренді ауданы
Бұлақ негізгі мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Омарова А.О.
Сыныптан тыс жұмыс
«Жүзден жүйрік» сайысы
Мақсаты: 1.Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен алған білімдерін
тексере отырып,ана тілінің қасиетін таныту.
2.Оқушылардың білімін,сана-сезімін арттыра отырып,ой-өрісін
дамыту.
3.Балаларды тез, жүйелі жауап беруге,бірін-бірі тыңдай білуге,
ата-баба мұрасын қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі:Сайыс тақырыбы,жоспары,жаңылтпаштар,сандар,
мақал-мәтелдер,өлең үзінділері,жасырынған сөз т.б.тапсырмалар.
Барысы: 1. Ұйымдастыру:
а/ Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, оқушылар.
Бүгін орта буын сыныптар арасында қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінен «Жүзден жүйрік» атты сайыс өтеді.
ә/Сайыс мақсаты және жоспарымен таныстыру. Сайыс 5 кезеңнен
тұрады:
1-кезең: «Білімді мыңды жығар»
2-кезең: «Мақал- сөздің мәйегі»
3-кезең: «Ойлан,ізде,тап!»
4-кезең: «Тіл білгірі»
5-кезең: «Кім жылдам?»
б/ Сайысқа түсетін топтар мен әділ қазылар алқасын таныстыру.
в/Қатысатын топтар: «Алғырлар» және «Зерделілер»
Топ басшылары өз топ мүшелерін ,топтың атын, топ ұранын таныстырады.
г/ Сергіту сәті:
Мен қазақтың тілімін,
Беретін көп білімім,
Достасатын сендермен,
Негізгі пәннің бірімін – деп бүгінгі сайысымызды бастаймыз.
1-кезең: «Білімді мыңды жығар» кезеңінде оқушыларға қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен 20 сұрақ беріледі. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпайдан беріледі.
2-кезең: «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде берілген мақал-мәтелдердегі тастап кеткен сөзді тауып, оның орысша және ағылшынша нұсқаларын айтып, оның беретін мағынасын ашу.
Мақал-мәтелдер:
1. Өнер алды-қызыл … / Үлгі: тіл – слово -/
2. Ақыл озбайды, … тозбайды.
3. … етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
4. Айтылған . . . –атылған оқ.
5. Бірлікті . . . бұзылмас.
6. Татулық – табылмас . . ..
7. Ашу- дұшпан, ақыл . . ..
8. Көп сөз- көмір, аз сөз . . ..
9. . . . қорқақ, қол батыр.
10. Құста . . . жоқ, жылқыда өт жоқ.
3- кезең: «Ойлан, ізде, тап!» кезеңінде екі тапсырма орындалады:
1- тапсырма: Өлең шумағының авторы кім? Өлең үзіндісінде анықтауыш сұрағына жауап беретін сөзді тауып жаз.
/Қандай?/ жүрек долы қол,
/Қандай?/ сия, /қандай?/ тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер,өзің біл.
/Қандай?/ кекілі бар, /қандай?/ құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ,/қандай?/ қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, /қандай?/ жалды,
Ой желке, /қандай?/ болса сағақ.
2- тапсырма: Өлең үзіндісінің ұйқасын тап.
Мынау тұрған тайлағым,
Келмейді оны … … … .
Сирақ, мойын көрік деп,
Жүр жирафқа … … … .
Мына тұрған торайым,
Танауына … … … .
Шалшыққа кеп аунайды,
Нас баладан … … … .
Мына тұрған арғымақ,
Мінем оған … … … .
Тістемейді, теппейді,
Бос қойсам да … … … .
4- кезең: «Тіл білгірі» бұл кезеңінде оқушылар тіл тақырыбында 5 минут ішінде ойтолғау жазады.Тіл тақырыбында өлең үзінділерін жатқа айтады.
5- кезең: «Кім жылдам?» бұл кезеңде оқушылар 3 тапсырма орындайды.
2 топқа 2 түрлі жаңылтпаш беріледі.
1- тапсырма: Жаңылтпашты жаңылмай жатқа айту.
Шапанымда сан қалтам бар,
Қай қалтамда сары малтам бар?
Малтам жалғыз, қалтам сансыз,
Тапқан алсын, малтам даусыз.
Ағаны бала ағаламағаны,
Бала ағаны бағаламағаны.
Ағаны бала бағаламағаны.
Әдепті бала бола алмағаны.»
2- тапсырма: Бұл тапсырманы орындауда оқушылардың шапшаңдығы мен көрегендігін байқау. Торкөзде бірден жүзге дейінгі сандарды тез санап шығу керек.
Сөз әділ қазыларға беріліп, «Зерделілер» тобы 26 ұпай жинағанын, «Алғырлар» 25 ұпай жинағанын айтып, осы сайыста «Зерделілер» тобы жеңімпаз атанғанын айтты.
Сайысты қорытындылау: Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, құрметтеп жүрейік! Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!
