Ағылшын тілінің мәртебесі

Рысбаева Г.Қ.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің

шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Ағылшын тілінің мәртебесі

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақ­стан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында отыруы тиіс­тігін қадап айтты [1].Еліміздің өрениетті ел қатарына қосылып, дамуы елбасымыздың арқасында іске асып жатыр. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болу егемендік алған еліміздің жаңа даму кезеңіңде, оның дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарды калыптастыруы, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, әр түрлі дипломатиялық қызмет атқаруы ағылшын тілінің рөлін көтеруді қажет етеді. Қоғамдағы геополитикалық, коммуникациялық, технологиялық өзгерістер және интернет жүйесі арқылы тілдесу әр түрлі мамандықтағы, әр түрлі жастағы, әр түрлі қалауы, қызығушылығы бар адамдардың санын мейлінше көбейте түсуде. Осыған байланысты шетел тілдерін пайдалану қажеттілігі де артып келеді. Тіл-тек қатынас құралы емес, тілін үйреніп жүрген елдің рухани байлығын меңгеруде де үлкен рөл атқарады.

Тәуелсiздiкке қол жеткен жылдардан берi әлемдегi көптеген елдермен саяси-әлеуметтiк, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңiнен бет бұрдық. Бұл қарым-қатынастың нәтижелi болуы, ел мен елдiң, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бiрлiгiн өркендеуге тiл бiлудiң мәнi күн сайын арта түсуде. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында айтқан. 2007 жылығы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдамасында Елбасы «Тілдердің үш тұғырлығы» – «Триединство языков» мәдени жобасын кезендеп іске асыруды ұсынды. Ал 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деді [2]. Тілдердің үш тұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тіл – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.

Қазіргі заманда ағылшын тілі «21 ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды. Ағылшын тілі – халықаралық тіл дейміз, өйткені ағылшын тілі – бүгінде халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың, бизнес пен журналистиканың барлық салаларында кеңінен қолданылып келе жатқан тілдердің қатарына жатады. Бүгінгі күні зерттеушілер ағылшын тілінде сөйлеушілердің саны 1,2-1,5 млрд арасында деп тұжырымдайды. Ағылшын тілі – жер бетіндегі ең көп қолданылатын тіл. Ағылшын тілі әлемнің 75 елінде ерекше орын алады, ал 19 елде ол мемлекеттік тіл болып табылады. ХХ ғ. 60 жылдардан бастап кеңінен ағылшын тілі тарала бастады. Ағылшын тілі көптеген халықаралық ұйымдардың ресми тілі болып табылады. Оның ішінде: БҰҰ, ЮНЕСКО, Бүкіл әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы және т.б.

Ағылшын тілі сабақтарында көптілді оқытудың элементтері ғана қолданылады. Белгілі бір тақырыптарды оқытуда біріккен сабақтарда интеграция арқылы жүзеге асады. Интеграция дегеніміз – пәндердің өзара байланысын жоғары деңгейде нақтылы түрде іске асыру. Интеграция тұтастықты қалыптастырып, білімді жүйелеу мен жинақтауда әр түрлі ғылымдарды біріктіреді, бір сабаққа бірнеше оқу пәндері мақсатының бірігуіне мүмкіндік береді.

Студенттердің үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

  • студенттердің үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуда оқыту технологияларын тиімді пайдалану;
  • заманауи интерактивтік және инновациялық технологияларды қолдану;
  • үш тілде де қарым-қатынас жасауға, сөйлеуге үйрету;
  • әр студенттің тілдік қабілетін толық ашу;
  • сөздік қорын молайтуда аударма және түсіндірме сөздіктерін пайдалана алу;
  • танымдық қызығушылығын қалыптастыру.

Қазіргі тиімділігі жоғары оқыту технологияларының жалпыға танылған түрлері: модульдік оқыту, проблемалық оқыту, жеделдетіп оқыту, даралап оқыту, ақпараттық оқыту, ойындық технология, коммуникативтік технология, т.б.

Қазіргіуақытта,ағылшын тілін игерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда. Ағылшын тілін оқып-үйренемін деушілердің саны күннен-күнге көбейуде. Осы орайда, шет тілінің еліміздің оқу жүйесінде айрықша мәртебеге ие болатыны айқындалғандай. Бұл сайып келгенде, шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесінің жаңашыл бетбұрыстарды қажет екендігін тудырады.

Ағылшын тілін білу – ол тек қана сөздікпен оқу емес, сондай-ақ ағылшын тілінде сөйлеуді тыңдау арқылы қабылдау, өз ойыңызды ағылшынша еркін білдіру және дұрыс акцентпен сөйлеу.

Ағылшын тілін оқытуда алты деңгей бойынша топтар білім алады. Олар: “beginner”, “elementary”, “pre-intermediate”, “intermediate”, “upper- intermediate”, “advanced”.

1. beginner. Бұл деңгейде сөйлеудің фонетикалық дағдылары, дауысты, дауыссыз дыбыстар, дыбыстардың тіркесіп келуі, монофтонг, дифтонг, буын, екпін туралы мағлұмат алып, сөйлеудің интонациялық дағдылары қалыптасады. Сабақтар барысында күнделікті қарым-қатынастар жағдайяттары үйретіледі: сабақта, отбасында, дүкенде, көлікте, асханада, қонақ үйде т.б. Бұл деңгей соңында Сіз өзіңіз, отбасыңыз, қайда тұратыңыз, немен шұғылданатыңыз, бос уақытты қалай өткізетіңіз туралы шағын әңгіме құрастыра аласыз.

2. elementary. Бұл деңгейді Сіз мағынасын білмейтін сөздерді оқи аласыз. Сіз өзіңіз туралы қысқаша мәлімет бере аласыз және ағылшын тіліндегі мәтінді оқисыз, бірақ көп сөздерді айтуда қателер жібересіз. Сабақтар барысында ауызекі сөйлеудің грамматикалық құрылымдары: – мен оқи аламын, мен жасай аламын, мен жасағым келеді т.б., кейбір етістік шақтарын есте сақтау дағдысы қалыптасады. Тыңдау арқылы өзіңіз өтпеген сөздер мен құрылымдарды қабылдауға үйренесіз.

3. pre-intermediate. Бұл деңгейді өткеннен соң ауызекі сөйлеудің кең ауқымды етістіктерінің шақтарын біле аласыз, сондай-ақ сұрақ қоюды үйренесіз. Бұл деңгейде аудио таспаларды тыңдау кезінде алған ақпараттың кейбір деректері түсініксіз болса да жалпы мағынасын ұға аласыз.

4. intermediate.Бұл деңгейде етістіктің барлық шақтарын осы, келер, өткен шақ формаларын пайдаланып, сөйлей аласыз, синонимдер мен антонимдер есебінен сөздік қорыңыз жетіледі, телефон арқылы сұхбаттар формаларын меңгересіз, жақсы деңгейде тіл білушілердің сөйлеуін қабылдауға үйренесіз.

5. upper-intermediate. Осы деңгейде Сіз ағылшын тілін меңгерудегі биіктіктерге жете аласыз. Сіз саясат, өнер, оқыған әдебиет тақырыбына шағын баяндама жасай аласыз, пікірталастарға қатыса алсыз, бірақ көптеген ауызекі сөздер Сізді тұйыққа алып келеді. Теле-радио жаңалықтарын тыңдау кезінде барлығын түсене алмайсыз.

6. advanced. Бұл деңгейге келіп, Сіз еркін ағылшын тілі дәрежесіне қол жеткізе аласыз. Сіз өз қызметіңіз саласында барлығын айтып, түсініп және жаза аласыз.

«Тіліміздің үштұғыры» мәдени жобасын жүзеге асыру аясында академик С.С.Құнанбаева шет тілін оқытудың инновациялық теориялық-методологиялық негіздерін енгізді [3]. Шетел тілі бойынша ойлаудың жаңа түрін игерген, дүниетанымдық мәдениеті бар, көпмәдениетті сана-сезімі дамыған, сонымен қатар қазақ, орыс және шетел тілдерін жете меңгерген маманның кәсіби білікті үлгісін: а) заманауи интерактивтік және инновациялық технологияларды қолдану арқылы аудармаға оқыту бойынша ғылыми педагогикалық мамандарды; б) мемлекеттік тілдің басты роліне сүйене отырып, жобада көрсетілген барлық тілдерінде жұмыс істей алатын аудармашы мамандарды (қазақша-ағылшынша-қазақша, қазақша-орысша және т.б.) арнайы мақсатта даярлау арқылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің концептуалдық әмбебаптандырылуын қамтамасыз ету деп анықтайды. Демек, халықаралық саяси-экономикалық қатынастарды әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізуде білікті мамандарды дайындау қажеттілігі оқу мен білім саласына да белгілі міндеттерді жүктейді.

Қазақстанның қазiргi кезеңдегi қарқынды даму жолындағы елдi демократияландыру, әлеуметтiк өркендеу саласындағы талпыныстары бiлiм беру жүйесiн жаңаша өркендетiп оқыту, тәрбие үрдiсiн жетiлдiрудi талап етiп отыр. Қазақстанда білім саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі ретінде және пән ретінде де қолданылады. Ағылшын, неміс, француз, түрік, қытай, корей, парсы, араб, т.б. тілдері негізінен пән ретінде қолданылады.

Әдебиеттер:

  • Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. //Алаш айнасы, 15.12.2012.
  • Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» //Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. 6 ақпан, 2008 жыл
  • Құнанбаева С.С. Современное иноязычное образование: методология и теории А., 2005 – 262 с.
  • Рысбаева Г.Қ. Ағылышын тілі – халықаралық тіл. //Муәллим минбири. 2013. №4-5. 16-17 бб.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше