«Достық қымбат өмірде»
Абдрахманова Аманқыз Бабасқызы
Мектеп алды даярлық сыныбының мұғалімі
Боран Нысанбаев орта мектебі
Атырау қаласы, Бірлік елді мекені
Өзін-өзі тану 1-сынып
Сабақтың тақырыбы: «Достық қымбат өмірде»
Мақсаты: «Достық» , «Өзара сыйластық» ұғымының адамгершілік құндылықтары ретіндегі мәнін ашу.
Міндеттері:
- балаларды достарымен жағымды қарым-қатынас жасауға үйрету;
- өзара сыйластық , өзара түсіністік , өзара көмек қарым-қатынастарын дамыту;
- татулыққа, достыққа, ұжымдылыққа тәрбиелеу;
Көрнекі құралдары: үнтаспа, сюжетті суреттер.
Шаттық шеңбері:
Балалар, сендердің бүгінгі күндерің сәтті өтсін! Барша адамзатқа, табиғатқа құрметтерің мол болсын! Балалармен бірлесіп «Дос болайық бәріміз» әні орындалады.
Дос болайық бәріміз! Сөзін жазған: Х.Талғаров
Әнін жазған: И.Нүсіпбаев Әрқашан дос, біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ілгері жүріңдер,
Достық жырын біліңдер.
Ту ғып ұстап бірлікті,
Еңбекті сүйіңдер!
Қайырмасы:
Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз.
Оқушылармен орындалған әннің мазмұнына байланысты әңгімелесу.
Мұғалім:
- Достар қандай болу керек?
- Нені ту ғып ұстап жүру керек?
- Еңбек неге жеткізеді?
- Жарқырап тұрған күннің астында нені қалайсыңдар?
Оқушылар:
Достығымыз ажырамастай тату-тәтті, достықтың туын берік ұстайтын, тыныштықты қалайтын балаларымыз,- деп әңгімелеп айтады.
Тапсырма: Оқулық бойынша «Менің достарым» тақырыбына оқушылардың әңгіме құрастыруы.
Дәйексөз: Тақырыпты ашу мақсатында «Жүз теңгең болғанша – жүз досың болсын» деген мақал сөзді жазып оның мәнін түсіндіру. Халқымыздың осы мақал сөзді әрдайым өнеге етіп айтып отырғанын, достық ең қымбат, әрі шын достар бір-бірін сатпайтынын, жүз теңге ақшаның жойылып кететінін, ал достың көптігі сенің әрбір қуанған, ренжіген кезіңде қасыңан табылатынын, сенімен берік достықтың мәңгі болатынын оқушыларға айтып түсіндіру.
Мәтінмен жұмыс:
Оқушыларға достық ,өзара сыйластық құндылықтарының мағынасын кеңірек түсіндіру мақсатында «Қарлығаш пен дәуіт» ертегісін әңгімелеп айтып беру.
Ертегі мазмұнына байланысты сұрақ жауаптар .
Ертегіні сахналау.
Ертегіні кейіпкерлендіру арқылы балаларды достыққа тәрбиелеу.
Ойын: «Мен қандай баламын»
Тақтаға күн тәріздес дөңгелек сары қағаз ілінеді .Қағаздың ортасына «Мен» деген сөз жазылады .Балалар қолдарындағы күн тәріздес сары жолақтарға достарының жақсы қасиеттерінің бірін айтып «шуақты» тақтаға кезекпен іліп отырады.
Тақтада жақсы құндылықтарға толы үлкен күн құрастырылады.
Балалар бірігіп: «Күннен мейірімділікті үйренеміз».Біз де күн сияқты достарымызға мейірімді боламыз, жақсылық сыйлаймыз.
Қорытындылау:
Балаларға өмірде достық қымбат және өте қажет, дос сенің әрдайым қасыңнан табылады, досыңа деген пейілің кең болсын, адал достық , туын берік ұстап күлімдеп жүре беріңіздер,- деген тілек айтылады.
Жүректен жүрекке
Оқушылар бір-біріне жылы тілектер, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап достықтарының берік, нық болуының куәсі ретінде мына өлеңді орындайды.
Біз – өмірдің гүліміз Сөзін жазған: Ә.Дүйсенбиев
Әнін жазған: Б.Ғизатов
Зеңгір көктем, Бол достыққа,
Нұрын төккен, Жолдастыққа,
Ортақ біздің күшіміз. Шақырады әніміз,
Жайдары өскен, Тыныштықта,
Жайнап өскен, Нұр құштық та
Біз өмірдің гүліміз. Бақыттымыз бәріміз!
