«Аттандық бала шақтан – болашаққа!» атты бастауы ш сыныппен қоштасу кешінің сценарийі 2012-2013 оқу ж ылы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылы
№91 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Сырлыбаева Назира Ербозовна
1-жүргізуші: Армысыздар, қадірменді халайық!
Саламатсыздар ма,қымбатты ұстаздар мен ата-аналар!
Амансыңдар ма, құрметті оқушылар! Мінекей, көзді ашып-жұмғанша тағы да бір қызығы мол оқу жылы тамам болғалы тұр.Кеше ғана, яғни осыдан төрт жыл бұрын қолдарына гүл алып,мәз болып қуанып, мектеп –ананың есігін имене ашып,киелі табалдырығын тосырқай аттаған томпиған сарыауыз балапандар,балғын-балақандар міне, бүгін бар білімнің кіріспесін ашатын бастауышпен қоштасқалы жатыр.
2-жүргізуші: Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас біле білсең, білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда – деп ,Міржақып ақын айтпақшы,тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып,оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізгелі отырған «Аттандық бала шақтан- болашаққа» атты мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші :Ендеше не тұрыс? Осы қоштасу салтанатының иелерін талаптарың оң болсын деп ортаға шақырайық!
-Құштар боп өте білімге,
Бес жаста ашқан зердесін.
Қаракөз деген досымыз,
Сыныптың ең кенжесі.
2-жүргізуші:-Ару қызы қазақтың,
! Мектептің өзі озаты.
Келбеті де сымбатты,
Назлы біздің ибалы!
-Атыңнан айналайын Манас деген,
- Сенің жақсы ісіңе баға берем.
- Жеңіс туын тігерсің болашақта,
- Үміті зор сыныптың саған деген!
-Жігерге тұнған жаны бай,
Қиында жүрер арымай.
Оқуда озат бұл нағыз,
Құрдасым менің – Фараби!
-Көрмейміз оның күлгенін,
Белсеніп дағы жүргенін.
Мінезі тұйық және ауыр,
Қайырбек досым бұл менің!
– Мінезі жайлы керемет,
Өзі ұялшақ үндемес.
Үндемес қыз Аринаға
Сыныпта ешкім тең келмес!
-Сабағын жақсы оқыған
Төрт пенен бес бәрі де,
Ақерке құрбым ерекше,
Ана тілі пәніне !
-Білімді, ақылдысы сыныптағы,
Талай қиын есепті құрықтады.
Нұрперзенттің алдында талай іс тұр,
Болашақта жандырар үміт отты!
-Көктемдей көңілі гул атқан,
Ақ көңіл мөлдір бұлақтан.
Гүлнұр досым бұл менің,
Ән менен биді ұнатқан!
– Ер жігіті елімнің,
Тұлғасы көкте самғаған.
Қатысқан талай жарысқа,
Спортшы Шыңғыс сахнада!
-Ертегі құрап ойынан,
Сөзді де жақсы түйетін.
Зейнеп те біздің биші қыз,
Өнерді жаны сүйетін!
-Сабақты жақсы оқиды,
Бестігі жоқ бірақтан.
Бикелді деген құрдас бұл-
Спортты сүйіп ұнатқан!
– Білімге биік талабы,
Бестікпен оқыр сабақты.
Құрбы қыз біздің Айжандай
Есепті еппен қағады!
-Ойынға әуес көбірек,
Жұмсаса біреу жүгірмек.
Мінезі жайлы, ақкөңіл
Құрдасым бұл – Қуанышбек!
-Математика елінде жан салмайтын,
Жауабын табар талай сұрақтарға.
Сыныптың атағы бар белсендісі,
Күлімдеген Жанерке тұрады міне, қатарға!
-Жымиып күліп жай ғана,
Жүреді баяу қозғала.
Бұл біздің жақсы құрбымыз-
Камшат деген қыз бала!
-Үндемей бәрін тындырған,
Сыныптың салмақты қызы ғой.
Жымиып күлген күлкісі
Жадыраның тұйық мінезі-ай!
-Ернұр деген құрдасым,
Айтайын атын салмақтай,
Тапсырманы бұл досым,
Орындайды солдаттай!
– Мінезі сондай салмақты,
Сабағы жақсы жанжақты,
Досымыз біздің Арайлым-
Өнерге ебі бар жақсы!
-Қараса егер ден қойып,
Оқуда озар дәл менен,
Нұрәділ атты құрдасым-
Суретке құмар әнменен!
-Болса да теңдеу неше мың,
Білеміз оның шешерін.
Әсем де мықты шығарар,
Математиканың есебін!
1-жүргізуші:
- Ата-ана ,ұстаз ет-бауырларыңыз елжіреп,
- Қол соқтыңыздар құлыншақтарымыз келді- деп
- Балауса-балғын құрақтай тұр ғой құлпырып,
- Көк аспан түстес мойынтақтары желбіреп.
- 2-жүргізуші:Келіп тұр әні, бәрі де өңкей ұландар,
- Бүгінгі ұлан ,ертеңгі самғар қырандар.
- Ерікті ұл-қыздың ертеңі жарқын болсын-деп,
- Тілеуін тілеп «тәңіріден» ғана сұраңдар!
- Егемен елдің ертеңі балғын сенсің тек!
- Сана-ойыңа Һас білім терең енсін тек!
- Осындай тілек айтсын деп Маруа апайды
- Шақырдық кештің қызығын ашып берсін-деп, деген ниетпен мектебімізді 18 жыл абыроймен басқарып, биылғы оқу жылында құрметті еңбек демалысына шыққалы отырған білім алушылар мен ұстаздардың, ата-аналардың ақылшысы бола білген , мектеп жанашыры Мағауияқызы Маруа апайымызға сөз береміз!
- (Рахмет ,апай,лебізіңізге!Кеш қызығы өзіңізбен бірге болсын! )
Шағын ғана сыйлығымызды бізден ескерткіш ретінде қабыл алуыңызды өтінеміз!
1-жүргізуші: -Келесі сөзді алдағы еңбек жолында биік белестер мен алар асулары көп болсын деген балалық ізгі ниетпен мектеп директоры Ізбасар Лаура апайымызға береміз!
(Рахмет,апай! Тілектеріңіз қабыл болсын! )
Хор: «МЕКТЕБІМ»
Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне, ес біліп, етек жиған шәкірт.Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап бастауыш сыныптар арасында өткен, аудандық сайыстарға қатысқан, сыныпаралық спорттық жарыстарға қатысқан, мәнерлеп оқу мен ашық сабақтар басқа да түрлі кештер балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне,бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса, оқушыларға сөз кезегін берейік!
1.Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты.
2.Армысыздар, әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар
3.Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне, бастауышпен қоштасар,
Азамат боп, кешегі сәби –еркелер!
4.Армысың сен, алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Ән: «Ұстазым»
1-жүргізуші:-Иә, мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады.Ендеше, сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
5.Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға,
Мектеп деген даналардың мекені.
6.Мектебім – білім берер алтын ұям,
Ер жетіп сенде өстім, артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
7.Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
8.Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
9.Мектеп-үйім, ұстазым менің – ата-анам
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырланып, сан тарапқа тараған.
2-жүргізуші: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»- деп Абай атамыз
айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып, білім нәрімен сусындатқан,мектептегі анамыз-ұстаз екені бәрімізге мәлім.Балалардың ұстазға арнаған ән-жырларын айтпас бұрын,ұстаз туралы не білеміз?
10. Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға , жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім-мектептің жүрегі»-деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.
11.Дұрыс айтасың,Жанерке, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.
12.Иә, бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да,ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен.Олай болса, келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!
13.Тек үйреттің әділдікті , адалдықты,
Жирендік, ажыраттық жамандықты.
Жалғастырар ақ жолың сенің салған,
Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.
14.Жарық қүннен жылы жүзің елестер,
Құлағымда өзің берген кеңестер.
Жанарымда алыс тартқан қара жол,
Көз жұмсам да көретұғын белестер.
15.Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай,
Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай?
Мейірлене қарап қойып біздерге,
Күн астынан сабақ беріп тұрғандай!
16.Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,
Жансыз ғой әлдилеген шуақты арман.
Жатталады жан жүректе есімің,
Адамның аяулы үні сияқтанған.
17.Біздер бастауыш сыныпта жоғары сыныптарда өтілетін Әдебиет, тарих, биология, алгебра,физика, химия т.б. пәндерге негіз болатын ана тілі, математика,дүниетану,орыс тілі пәндерін зер салып оқып үйрендік.
18. Анашымдай сыр шерткен,
Ақыл-білім үйреткен.
Ана тілін оқыдық,
Ерекше зор құрметпен.
Ана тілін сүйеміз,
Құрметпен бас иеміз.
Ана тілмен қоштасамыз,
Әдебиетпен достасамыз!
19.Ойланып есеп шығартып,
Төрт таңбаны білдірген.
Ғылымдардың патшасы,
Математика данасы.
20.Қазақ тілі пәнінен,
Білім алды балалар.
Сөйлемді, сөз таптарын,
Етістіктің шақтарын,
Жалғаулар мен жұрнақтар,
Ережесін жаттадым.
5 –шіге барған соң,
Мұғалімдер бағалар
21.Ой жіберсең бәріне,
Дүниетану пәніне.
Өмір сырын үйретер,
Пәннің жақсы бәрі де.
Жер байлығы көп екен,
Игеруді қалайды.
Осының бәрін білдірген,
Дүниетану сабағы.
Шәкірттердің ұстаздарға арнаған өлең жолдарын қабыл алыңыздар!
Сіздерге айтар алғысымыз шексіз!
22.Ермек ағай саналар жеке дара,
Мектепте онсыз өтпес ешбір шара.
Деніңіз сау болсын деп тілейміз біз
Әніңізді жаттаған әрбір бала.
23.Орыс тілі қырларын бағындырған,
Сабақтары біздерді сағындырған.
Серік, Нұргүл апайлар сөйлеп кетсе,
Орысыңның өзін де жаңылдырған.
24.Кім білмейді мектепте Руслан ағайды,
Спрот десе жоқтан бар ол жасайды.
Қашанда спорт залдан табылатын,
Сыйлаймыз біз шынықтырушы ағайды.
25.Табиғат сыйлағанда сұлулығын,
Шынболаттай ағайды ұғынды кім?
Пейзаж, натюрморт, кескіндеме
Ешқайсысы таң емес маған бүгін!
БӘРІ: Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!
ХОР: «Ұстазым-айтар әнім!»
26.Иә, міне сағымдай өте шыққан 4 жыл ішінде бізді ұстаз анамыз сауатты,тәрбиелі, өнегелі азамат етіп шығарды.
Ендеше, бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа!
27.Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз,
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.
28.Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте-бірте үйренісіп,
Мектептің ережесін үйрендік көп.
29.Бірдей біздің ойымыз да сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.
30.Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім , жырларым,
Азық болар, мәңгі талай жылдарға.
31.Бастауышым-бал бұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын!
32.Бастауышым – балбұлағым!
Лаулап жанған шамшырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.
33.Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым – бал бұлағым!
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
34.Біздің жамандығымызды жасырып,жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата-анамыз.Қатарымыздың теңі болып, тамағымыз тоқ,көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.
35.Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген-дегендей,әкенің орны бөлек-ау.
36.Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін,
Ақылды балаларың оны білген.
37.Әр ана өз баласын мейірімді болса екен ,жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді.Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген.
Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!
38.Иә, дұрыс айтасың,Зейнеп.Біз болашақта саналы да,ақылды бала болып өссек, ананың арманы орындалды деген осы емес пе?
-Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың,
Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!
39.Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең-ақ мақтанышың,
Білім алып, тер төгем, еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!
ХОР: «Әкем-анам»
1-жүргізуші:Тұрғанда таң арайланып, күн күліп,
Күтіп тұр енді шәкірттер –ұл мен қыз кезек.
Көтеріп көңіл қалайық бір желпініп,
Өнерін көріп шәкірттердің бір мезет!
( оқушылар даярлаған шағын концерттік бағдарлама)
2-жүргізуші: –Мың бұрала билеген,
Аруды кім сүймеген.
Аққудайын қалықтап,
Шығыс биін билеген!
Биші қызымыз-
1-жүргізуші: Бүгін міне, қобалжулы жүрегі,
Қоштасарда тағы бір жас түлегі.
Ең алғашқы мұғалімге – ұстазға
Сөз кезегі келіп міне тұр енді!
Ұстаз тілегі: Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,
Сенімдердің айналыңдар серперіне.
Ұстаздық ақ жүректен мен тілеймін,
Тек сәттілік шәкірттерім ертеңіңе.
Айналайын жап-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен!
2-жүргізуші: Ата-ана-ұстаз –қамқоршы сенің егізің,
Санаңа сенің мейіріммен салар бек ізін
Ұл-қыздарының қуанған шаттық күніне,
Тыңдайық енді ата-аналардың лебізін!
(Ата-аналар лебізін тыңдау,рахмет айту)
1-жүргізуші: Келесі құттықтау сөз кезегін мектебіміздегі директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары –Құлмақова Мариям апайымызға береміз!
( Рахмет, апай, ізгі тілектеріңіз қабыл болсын!)
2-жүргізуші: –Үйреткен жіті бар тарихтың дерегін,
Сыналап ойға ең негізгі керегін.
Мектебімде оқу ісін мнңгерген,
Аралбай ағайға сөз кезегін беремін-деп, өз лебізін білдіру үшін мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аралбай ағайды ортаға шақырамыз!
( Көп-көп рахмет, ағай! Алдағы уақытта да сенімдеріңізді ақтаймыз деп уәде береміз!)
2-жүргізуші:Шәкіртін мынау-балауса-балғын жас шыбық,
Білім нәрімен өсірген бәрін жақсы ғып.
Қоштасар сәтте қия алмай міне тұр енді,
Мөлтілдеп ыстық жанарында жас тұнып.
Тәңірінің берген өмірдің заңы сияқты,
Білімде солай қатталған заң бар-салт-ғұрып,
Қоштасқан қиын, қоштасу қиын ұстазға,
Шәкіртін туған өзгеге беру-тапсырып -дегендей ,ендігі кезек әрине, қиын да қимас сәт төрт жыл туғанындай болып бауыр басып кеткен балапандарын келесі ұстазға аманат етіп тапсыру рәсімі:
Жетекші мұғалім: -Шәкіртім мынау-бала нақ,
Шетінен бәрі ғаламат.
Білімнің нәрін бойына
Құйып та едім саралап,
Алғыр да зерек бәрі де,
Қылықтары да ғажап-ақ.
Білімдерін көрсеттім,
Төрт пенен беске бағалап.
Кішіге қамқор болады,
Үлкенді сыйлап ағалап.
Келтірмейді деп ойлаймын,
Атыңызға жаман ат.
Мінгендері бәрінің
Табаны таймас талап ат.
Егеменді елімнің
Өресі биік біліммен
Ертеңіне жарамақ.
Болашақтың егесі
Болады үлкен азамат.
Қымбатты ұстаз-жетекші-
Шәкірттерімді осындай
Қыламын сізге аманат!
Тілек-бата беру: – Білімге қанат қаққандар, Қоштасып бізбен жатқандар.
Жас балғын шәкірттеріміз,Бастауыштан ал енді,
Бір саты биік аттаңдар!
Күтіп тұр алда сендерді,Арайлап атар ақ таңдар.
Тарихын ұғып халқыңның,Салт-дәстүр,ғұрпын сақтаңдар!
Білімді азаматтар боп, Ертеңге елді бастаңдар!
Қиядағы қырандай,Алысқа көзді тастаңдар!
Егемен Қазақстаныңның,Үлгілі ұл-қыздары боп,
Сенімін елдің ақтаңдар!
1-жүргізуші: Қиын да, қызық салтанат өтті бір бүгін,
Куәсі болдық көзбенен көріп біз бұның.
Қош десті міне, қоштасты міне қия алмай
Ұстаз бен шәкірт,
Шәкірт пен ұстаз бір-бірін!
2-жүргізуші:Осымен тамам салтанат кеш халайық!
Күніміз нұрлы, аман-сау әркез болайық!
Қоштасу кештің қызығын енді аяқтап,
Қош десіп тұрып шымылдығын кештің жабайық!
Екеуі бірге: -Ал қадірменді халайық біз сіздермен қоштаспайық! Кездескенше күн нұрлы болсын дейміз! Сау болыңыздар!
