Тәуелсіздік – тірегіміз!
Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы
Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта
бастауыш сынып мұғалімі Жумадиллаева Назира
Тәрбие сағатының тақырыбы: Тәуелсіздік – тірегіміз!
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларды еліміздің қысқаша тарихымен, мемлекеттік рәміздерімен таныстыру. Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын оқушыларға жете ұғындыру, оқушылардың дүниетанымын кеңейту.
Тәрбие сағатының көрнекіліктері: Мемлекеттік рәміздер, тақырыпқа байланысты жазылған плакаттар, «Тәуелсіз Қазақстан» сурет көрмесі.
Тәрбие сағатының барысы:
Тәрбие сағаты 2 бөлімнен тұрады.
1 – бөлім : «Тәуелсіздік бастауы-Желтоқсан!»
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалады.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар !
Сіздерді еліміздің ең үлкен мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, бүгінгі тәуелсіздіктің 22 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тірегім !» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңында желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Ондаған жылдар бойы іште жинақталған наразылықтың бұрқ етуіне Мәскеудің республика халқымен еш санаспастан, ел мүлде білмейтін Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің басшысын елімізгебасшы етіп қоюы себеп болды. 1986 жылы желтоқсандағы көтеріліске жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Енді міне,осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата-бабаларымыз 3 ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузынды жүрген,тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков,Лаззат Асанова,Сабира Мұхамеджанова,Ербол Спатаев апаларымыз бен ағаларымыз қатысты.
1 – оқушы:
Желтоқсан- заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік наланың.
Қайрат,Лаззат пен Сабира
Құрбаны болған жаланың.
2-оқушы:
«Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базар кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
3-оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын,айналайын жас өркені халқымның!
4-оқушы:
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула! Лаула! Желтоқсанның мұзға жауған алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда тиісті емес еңкеюге жалауы!
5-оқушы:
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
6-оқушы: Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев,Сабира Мұхамеджанова, Лаззат Асанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді. Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп ,айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» тапсырылды.Арада 4 жыл өткен соң 1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды.
7-оқушы:
Серпіп бұлтты басқан елдің бар мысың,
Туды күнім әділетті арлы шың.
Алыс жолдан зарықтырып, шаршатып
Келдің бе сен,Азаттығым,армысың!
8-оқушы:
Желтоқсан-қайсар ерлік,қуатты күн,
Жігер оты маздаған тұрақты ұғым.
Тәуелсіздік билігі қолға қонған-
Тәңіріме Желтоқсан шуақты күн.
9-оқушы:
Желтоқсан –жадымызжа жаралы күн,
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң.
Еркіндік,егемендік,елдігімді
Емірене аңсады саналы ұғым.
10-оқушы:
Желтоқсан-тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар –ождан сәйгүлігін.
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
11-оқушы:
Желтоқсан тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде Қазағымның.
12-оқушы:
Әр дәуірдің еркіне сай
Нарқы өзгерген алтынның.
Айналайын,алтын әнім,
Жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын
Шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді,
Ел болсақ деп талпындың.
Жүргізуші:
Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде өз есімін ел жадыны мәңгілік жазып кетті.
Он екі де бір гүлі ашылмай қыршын кеткен Асанова Лаззаттың,Спатайұлы Ерболдың,Мұхамеджанқызы Сабираның,Ноғайбайұлы Қайраттың аңсаған армандары мен үміт-тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін алды! Көк жүзімен астасқан қасиетті көк Туымыз асқақ желбіреп тұр! Бір ғана өкініш бар,ол – азаттық үшін жан аямай алысқансол боздақтардың кейбірінің бүгінгі бақытты сәтімізді көре алмауы. Қуанышты күннің шуағына куә болып,ортақтаса алмауы.
Жүргізуші: Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың желтоқсан айының 16күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Биыл міне 22 жыл толып отыр.Тәуелсіздік,бұл басымызға қонған бақыт.
Көп ұлтпыз бірлігі зор,бір туысқан,
Шеңгелін сала алмас ар дұшпан.
Жасай бер еркіндікке қолы жеткен,
Тәуелсіз егеменді Қазақстан!
2 – бөлім :«Тәуелсіздік-теңдесі жоқ байлығым!»
Жүргізуші:Бүгінгі біздің дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі – осы тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Олай болса тәуелсіздігімге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп, құрметтеп келер ұрпаққа аманаттап тапсыруға тиіспіз, оны ішкі – сыртқы дұшпандардан сақтауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ.
Жүргізуші: «Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі» деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай оңай келген жоқ. Бұл Тәуелсіздік бізге қазақтың басы мен жұлын жүйкесі Кенесары арқылы, қайқы қара қылышты Бауыржан арқылы, уыз сезімді Қайраттар арқылы келді. Сондықтан оны аялауымыз керек. Біздің еліміз көптеген елдерге танылды. Қайда жүрсек те Отанымызды мақтан тұтуымыз керек.
Тәуелсіз 22 жыл туыңды биік ұстадың,
Көтерді халық уақыттың қатал қыспағын.
Көшіңді бастап бақытты болашағыңа,
Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!
13-оқушы:
Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға,
Біз көрдік қас дұшпанның балтасында.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті,
Мың жылдық күрестердің арқасында.
14 – оқушы:
Ұлан-ғайыр далам менің кеңдігім,
Ұзақ күтті – ау елім менің теңдігін
Ата – бабам армандаған, аңсаған
Ұрпақтары көрді тәуелсіздігін.
15 – оқушы:
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Күрескерлер осы күнді көрмеді.
Қаны менен жанын берген ерлердің
Есімдері биіктерге өрледі.
16 – оқушы:
Тәуелсіздік көптен күткен бақытым
Әзер жеткен баға бермес жақұтым
Өркендей бер, пейілі кең қазағым
Қалықтасын көк аспанда бақ құсым.
17-оқушы:
Тойланып мың мереке ұлыс күні,
Құйылған шаңырақтан ырыс нұры.
Халқымның бақыты үшін аз байлық па,
Тәуелсіз еліміздің тыныштығы.
Ішкі жау балағыңнан қаппасын кеп,
Сыртқы жау пәле – жала жаппасын тек.
Мен әркез отырамын Тәуелсіздік,
Қадірін білмегеннен сақтасын деп.
18-оқушы:
Бақтың құсы әр адамға қонып бір
О, Тәңірім бізді баққа жолықтыр!
Бүгін міне, тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!…
Хор. «Атамекен»
Хормен:
Қазақстан!
Туымен тұғырлы.
Елтаңбасымен еңселі.
Әнұранымен айбатты.
19-оқушы:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан – жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан – Гүлстан!
20-оқушы:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
21-оқушы:
Тәуелсіздік таң атты елімізге
Қоныстанды ата-баба жерімізде.
Еліміз аман,жұртымыз тыныш азаты бәрі,
Өзен-тоғай, тауы –тасы көлімізде.
Жүргізуші:
Тәуелсіздік, Отан, Туған ел, қасиетті тіліміз туралы қалам тартпаған ақын жоқ шығар.Енді ақындарымыздың өлеңдеріне кезек берелік.
М.Мақатаев «Отан туралы».
Д.Әбілев «Туған тілім».
М.Мақатаев «Үш бақытым».
М.Шаханов «Төрт ана».
Қорытынды
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 22 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата – бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
