«Қош бол,құтты Әліппем!»
Сабақтың тақырыбы: «Қош бол,құтты Әліппем!»
Сабақтың мақсаты:Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау; ой-өрісін дамыту;тәрбиелік мәнін қалыптастыру;
Көрнекіліктер:Әліппеге байланысты плакатқа жазылған сөздер,кеспе әріптер, нақыл сөздер.
Сабақтың барысы:Құрметті:ұстаздар,ата-аналар,келген қонақтар! Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап,оңы мен солын танымаған бүлдіршіндер бүгін,міне, 4 ай ішінде әріп танып,оқуды,жазуды,есеп шығаруды,сонымен қатар,би билеп,ән салуды үйренді.Осындай жетістіктерге жету бүлдіршіндердің ең алғаш қолдарына ұстаған оқулығы «Әліппенің»арқасы.Ендеше, «Қош бол,құтты Әліппем!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып,жазатын халге жетті
Құтты болсын,білімі балалардың!
Ата-ана қуанып шаттанады,
Оқыды деп баласы мақтанады.
Алдарына бұлардың кім шығыпты
Барлық маман мектептен аттанады.
Шашу,шашу,шашайық
Ақ сандықты ашайық
Бұл мереке,бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық.(шашу шашылады)
1-жүргізуші:
Армысыздар,мұғалімдер,әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп,ән де бүгін шырқалар.
2-жүргізуші:
Қош келіпсіз,ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
1-жүргізуші:
Қош келіпсіз,өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер.
Бүгін міне,Әліппемен қоштасады,
Азамат боп кешегі сәби еркелер.
Хормен:
Үлкенге де сіз.
Кішіге де сіз
Құрметпен сіздерге
Бас иеміз біз.
2-жүргізуші:
Жақсы білім көрімдік
Болсын сізге халайық.
Не үйреніп,не білдік
Кәне,ортаға салайық.
Мұғалім:
Бар білімнің бастауы
Бар ғылымның бастауы
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан?
Хормен: «Әліппе!»
Іші толған әріпке
Болашаққа жарық не?
Хормен:
Болашаққа жол бастар,
Ол сүйікті-Әліппе!
Ол сүйікті-Әліппе!
Мұғалім:Олай болса,бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық!
Хормен:Әліппе,Әліппе,Әліппе!
Әліппе:
Менің атым,менің атым Әліппе,
Үйрететін,үйрететін әріпке
Өнер-білім,өнер-білім үйреткен
Барлық бала Әліппені дәріпте!
Қ-сы:
Кел,балалар,келіңдер,
Әліппені көріңдер.
42 әріпті
Жатқа айтып беріңдер.
Армысыңдар,жас достар,
Армысыңдар,ата-ана!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға.
Менің атым-Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен,
Ағаң менен әпкең де.
-Сәлеметсіздер ме,менің сүйікті, достарым!Сендер мені оқып сауаттарыңды аштыңдар, жазуға,оқуға үйрендіңдер.Ал,енді бүгін маған өз білімдерің мен өнерлеріңді көрсетіңдер.
Күлменай:
Ең алғаш алғанымда әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Әлия:
Анам менің әкем де
Атам менен әжем де
Шопан,ұшқыш,ғалым да
Небір мықты дарын да
Тіл сындырып әріпке,
Ашқан алғаш Әліппе.
Хор: «Мұғалім – ол біздің»
Мұғалім:
-балалар,бүгін бізде ерекше мереке.Келген ата-аналарымыз бен қонақтарға өз білімімізді көрсетейік.Мен сендерге әріптерге байланысты жұмбақтар жасырайын, сендер сүйікті Әліппемізден үйренген әріптерді еске түсіріп, жұмбаққа жауап беріңдер.
Дөп-дөңгелек жүзік пе
Әлде шеңбер ме.
Мұны соққан ұста ма,
Әлде зергер ме?(О)
Ата-анаңмен барып сен
«Пілді»көрдің «парктен»
Осы атаулар зер салшы,
Басталған қай әріптен? (П)
Арқасын тіреп жабысып,
Екі «р» қалған жабысып
Бұл қай әріп? (Ф)
Бір қарасаң,егіншінің орағы
Жарты айға да кейде ұқсап қалады
Бұл қай әріп?(С)
-Балалар,енді мен жасырған жұмбақтардың әрқайсысының басталған әріптерін анықтай отырып,біз өзіміздің сүйікті оқулығымыздың атын жазайық.
1.Әжең әнге басады,
Әтеш ұйқы ашады. (Ә)
2.Лашын биік самғайды,
Лашын көкті шарлайды.(Л)
3.Інісіне бағалы
Іңкәр ішік сыйлады.(І)
4.Павлодарда трактордың
«П»жүр екен бұрап кілтін (П)
5.Партамызға отырдық,
Парақтап кітап оқыдық. (П)
6.Елге есті ер керек,
Ер жет өсіп ертерек. (Е)
Нұрдәулет:
Әліппем менің,әліппем,
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Күлменай:
Айналдым сені аяулы менің Әліппем,
Құралған қымбат 42 әріптен
Үйреніп,оқып,жаздым мен қолға қалам ап
Қадірледім қасиетіңді танып мен.
Жүргізуші:
Бар кітапқа бас болған
Әліппе- ғылым анасы
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Ән: «Жас дәуірдің түлегіміз»
Мұғалім:Құрметті қонақтар.Біз бүгінгі мерекеге арнап 1сынып оқушыларының қызықты суреттерінен азғантай ғана көріністер дайындаған болатынбыз,енді соны тамашалайық.
Балалар киімдерін кигенше слайд көрсету
Би: «Қояндар»
Ән: Раушангүлдің орындауында
1-ж:
Әліппе деген,-алтын жол,
Апарар сені алысқа
Жеңіл емес,ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.
2-ж:
Әліппе-білім анасы,
Әліппе-кітап данасы,
Әліппе бетін ашпаған
Адамның бар ма баласы.
Мұғалім: -Балалар,енді сүйікті Әліппеміз бен қонақтарға математикадан қалай шапшаң есептейтінімізді сынатып көрелік.
1.Көлден ұшты 7қаз,
Қайтып қонды 2 қаз.
Қонбады оның нешеуі,
Кәне,кім тез шешеді?(5)
2.Алдында 3 балапан
Артында 3 балапан.
Ақ тауық пен балапан-
Айтшы санын балақан? (8)
3.Шығармақ боп кеше есеп
Жиналған-ды бес есек
Үшеуі ұйықтап отырды,
Ынталысы неше есек? (2)
4.Табақта үш алма,
Қолымда екі алма
Қосқанда барлығын
Болады неше алма?
Бір алма атама,
Бір алма апама
Нешеуін алады,
Нешеуі қалады?(5),(3)
(Тақтаға математикадан,қосу мен азайтуға,теңсіздіктерге байланысты тапсырмалар орындату)
Мұғалім:
Жеміске құты тола ма
Бір-бірлеп теріп алмасаң
Әп-сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң.
Білім де сондай, қарағым,
Біртіндеп сіңер бойыңа,
Ұғып ал білім боларын
Шам-шырағың жолыңда
Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзін көріп пе ең,
Том-том қалың кітаптың
Басы болар – Әліппең,-деп ақын Мұзафар Әлімбаев ағамыз жырлағандай, бұл білімнің бастамасы ғана.
Әліппе:Жас достар,мен сендермен қимай-қимай қоштасқалы тұрмын.Амал қанша, қоштасуға тура келеді.Өйткені сендермен достасуға «Ана тілі»асығып келе жатыр.(Ана тілі келеді)
Хормен: -Саламатсыз ба, Ана тілі!
Ана тілі:Армысыңдар,жас достар!Бүгінгі думанды кештерің құтты болсын!Осы қуанышты сәтті мен де тағатсыздана күткен едім.Егер қатесіз,шапшаң оқи алатын болсаңдар,мені игеру аса қиын емес.
Туған елдің тілімін
Ақылы мен танымын
Түсіндірер бәріне
Ана тілі пәнімін
Ана тілі-елдігім,
Ана тілі-теңдігім
Ана тілі болмаса,
Бүтінделмес кемдігім.
Әліппе: (Ана тілінің қолын ұстап) Ана тілі бауырым,мына балғындарды өзіңе аманат етемін.Бойымдағы 42 әріптерді,буындар мен сөздерді,тіпті әңгіме, ертегілерді оқи алатын дәрежеге жеткіздім.Ендігі кезек сенікі,бауарым. Балалардың сүйіп оқитын оқулығына айналатыныңа сенімдімін.Менің қолымдағы білімнің кілті.Бұл кілт мендегі білімнің бастауы болатын.Енді бұл кілт сенікі. Аманат! Аманат! Саған аманат!
Әлия:
Қош бол,құтты Әліппем!
Көп нәрсені үйреттің
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің
Аруна:
Әліппемен қош айтысып қаламыз
Енді қолға басқа кітап аламыз
Ата-ана,қуанышқа ортақ бол
Сауатты боп шықты міне,балаңыз.
Нұрдәулет:
Күндерге күн ұласты,
Жылжып-жылжып ой асты
Ойдағыдай бітірем
Мен бірінші класты
Аруна:
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек те,
Үйреттің оны Әліппе.
Енді біз жаза аламыз,
Әріпті қосып әріпке
Ырза боп саған жүреміз
Қош бол,сүйікті Әліппе!
Әліппе: Қош болыңдар! (Қолын бұлғап кетеді)
Мұғалім:
Ана тілің –арың бұл
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте.
Енді сендер «Ана тілі»оқулығын оқитын боласыңдар.Ана тілімен тез достасып,ең сүйікті пәндерің болатынына сенемін.
Ән: «Анамның тілі»
Ән: Гүлденнің орындауында
Би:
Мұғалім:
Қымбатты,оқушылар! Сендердің зейін қойғыштықтарың,еңбек сүйгіштіктерің және білімге құштарлықтарыңның арқасында мектептегі алғашқы жеткен жетістіктерің- мен құттықтаймын.Сендер алфавиттің бүкіл әріптерін жаттап алдыңдар,әрі өздеріңнің тұңғыш оқулықтарың-Әліппе бойынша оқуға үйрендіңдер.Бірақ, Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ,оның беттері сендерді бір-бірің-мен достыққа,мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!
1-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар!
Кез келді сіздерден ақ бата алар
Ұл-қыздарың көрсетті өнерлерін
Бар қауым таңдана таңдай қағар.
Мұғалім:Құрметті ата-аналар,ұстаздар,келген қонақтар.Осымен 1 «а»сынып оқушылары дайындаған «Қош бол,құтты Әліппем!»атты мерекелік кеші аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!<br />
