Экологиялық апаттар.
Сабақтың тақырыбы: Экологиялық апаттар.
Сабақтың мақсаты:
білімділік: Экологиялық апаттардың түрлері мен қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы түсінік беру.
тәрбиелік: Студенттерді табиғатты қорғауға, аялауға өздерінің ондағы тіршілік иелеріне қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
дамытушылық: Студенттердің бойында білім, көзқарас, сенім жүйесін қалыптастырып , сол арқылы олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілік қарым-қатынасын жан жақты дамыту.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың көрнекілігі: табиғи және техногенді апаттардың түрлері, рефераттар интерактивті тақта .
Сабақ барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
а) студенттермен сәлемдесу, түгелдеу.
б) студенттерге сабақтың мақсаты мен міндетін түсіндіру.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
Үйге берілген тапсырма Организмнің әртүрлілігі және тіршілік орталары.Үй тапсырмасын пирамида ойыны арқылы , яғни әр ұяшықта бір сұрақтан жасырылған, сұраққа дұрыс жауап беруі керек. Тақтаға қол көтеріп шыққан студент өзінің қалаған реттік санын таңдайды.
Пирамида ойыны
Сұрақтары:
1.Организмдерге қолайлы қанша тіршілік ортасы бар?
2. Құрлық – ауа тіршілік ортасын сипаттар беріңдер?
3. Топырақ қандай организмдер ортасы?
4. Аэробионттар қандай организмдер?
5. Су тіршілік ортасы бола ала ма?
6. Паразиттер дегеніміз не?
7.Эктопаразиттерді ата?
8. Эндопаразиттерді ата?
Жаңа сабақ
Табиғатта болып жататын экологиялық апаттардың ішінде төтенше жағдайларды білу өте маңызды. Өйткені бұл апаттар кенеттен пайда болады да жергілікті экожүйелер, елді мекендер аяқ астынан сұрапыл апатқа ұшырайды. Мұны біз төтенше жағдайларға жатқызамыз. Төтенше жағдайлар шығу тегіне қарай табиғи және техногенді деп бөлінеді.
Табиғи төтенше жағдайлар – табиғи құбылыстар. Оларға жер сілкінісі (зілзала), цунами, жанартау атқылау, су тасқыны, дауыл т.б. жатады.
Жер сілкіну – жер қойнауындағы энергетикалық күштердің кенеттен жер бетіне шығуы. Ол өзімен бірге сейсмикалық күшті толқындар, сілкіністер ала келеді. Жер сілкіну кезіндегі ауыр соққылар эпицентрдегі ғимараттарға, тұрғындарға үлкен апат әкеледі. Үйлер қирап, жер жарылып, адамдар опат болады. ХХ ғасырда едәуір апатты жер сілкіну Ашғабатта (1948 ж), Арменияда (1988 ж), Сахалинде ( 1995 ж), Туркияда (2000 ж), т.б. жерлерде болды. Кейбір жер сілкіністері адамның іс әрекетінен де болады, мысалы, атом бомбасын сынау, т.б.
Цунамилер – теңіздер мен мұхиттардың айдынында судың гравитациялық күштерінен пайда болатын толқындар. Бұл құбылыстар көбіне су астындағы жер сілкіну жанартаулар атқылау кезінде болса, ал техногенді жағдайда су астында ядролық қаруды сынаған кезде болады. Цунамилер кезінде теңіз кемелері мұнай таситын танкерлер апатқа ұшырап, мұнай өнімдері төгіліп, бүкіл балықтар мен құстарды улап, жаппай қырып жояды.
Атмосфера алабында да төтенше жағдайлар болып тұрады.оларға дауылдар, құйындар мен күшті желдер, т.б. жатады.
Жанартаулар атқылау. Жер қабаттарында магмалық жыныстардың жер бетіне қарай жылжуы, өзімен бірге газ бен су буларын сыртқа шығарады. Табиғат құбылысы жолындағы биоценозды, шарушылықтарды қиратып, ауаға зиянды газдарды шығарады.жанартаулар атқылау кезінде өрт, топырақ көшкіндері, су тасқындары болуы мүмкін.
Су тасу апаты. Су тасу – теңіз, көл және өзен жағалауларында болатын табиғат құбылысы. Су тасудан мұхиттар мен теңіз жағалауларындағы елді мекендер жиі зардап шегеді. Біздің республикамызда су тасу жағдайлары Іле, Жайық , Сырдария, Нұра, Тобыл, т.б. өзендер бойында көктемде жиі байқалады. Оның себебі, көктемде қар сулары қосылып, жағаны су басып кетеді. Су басқан жерлер бұзылып, ластанып, жарамсыз жерлерге айналады. Ал фаунасы мен флорасы лай су астында қалып, тіршілік мекендері бұзылып, жаппай қырылып қалуы мүмкін.
Соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейінің көтерілуі салдарынан оның жағалауындағы мұнай ұңғымаларын, мұнай қоймаларын, жолдар мен елді мекендерді, мұнай өңдейтін зауыттарды су басып қалып, мұнай өнімдері теңіз суына араласып, табиғатқа үлкен экологиялық апат әкелді.
Дауылдар ауа қысымының әсерінен пайда болып, жер бетіне күшті желдер тудырады. Ал борандар қарлы, шаңды, жауын-шашынды болып ауыл шаруашылығына ( бау-бақшаға, егістікке), ғимараттарға, табиғи биоценоздарға көп шығын келтіреді. Дауылдар мен борандар қазақстанның оңтүстік , оңтүстік – шығыс, орталық аймақтарында жиі болып тұрады.
Құйындар – ауа ағысының үйіріліп, күшті соғуы. Құйындар соққан кезде жолындағы заттарды ұшырып, қиратып, бір жерден екінші жерге апарып тастайды. Тарихта аспаннан балық, бақа жауған деген деректер бар. Ол-құйынның әрекеті.
Өрттер. Жер шарында қуаңшылық жылдары Африка, Аустралия, Орта Азия, т.б. жерлерде жиі болып тұратын өрт – өте қауіпті табиғат апаты. Ол көбінесе адамның әрекетінен болады. Табиғи өрттердің көзі – найзағай.
Орманда болатын өрттер өте қауіпті. Соңғы жылдары Қазақстан аумағында таулы ормандарда өрт жиі болуда оның себебі, демалушылардың жауапсыздығы. Сондықтан әрбір азамат, туристер тобы орман – тоғайларда демалғанда «Өрт қауіпсіздігі» ережесін бұлжытпай орындауға міндетті. Арнай өрт қоюшылар біздің елімізде және басқа елдерде де қатаң жауапқа тартылады.
Аталған төтенше жағдайлардан басқа адамның тікелей іс-әрекетінен болатын апаттар да бар.
- Автокөліктер апаты жол тәртібін, техника қауіпсіздіігі ережелерін сақтамаған жағдайда әртүрлі жолдар бойында ( теңіз, темір және тас жолдар, т.б.) болады.
- Ұшақтар апаты. Жолаушы, жүк тасымалдау, ғылыми мақсаттар, сынақ кезінде ұшақ, тікұшақ, ғарыштық зымырандар, реактивті ұшақтар апат болуы мүмкін. Бұл апаттар аумақты жерлерді қамтып, табиғатқа әртүрлі деңгейде шығын әкеледі. Әсіресе байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын ғарыш кемелері мен Жер серіктерінде болатын апаттардың қаупі ерекше. Мысалы, 1999 жылғы «Протон», 2006 жылғы «Днепр» ғарыш зымырандарының апаты кезінде қазақ жеріне зор зиян келтіргені белгілі.
- Өнеркәсіп орындарындағы апаттар. Бұл апаттар технологиялық процестердің бұзылуы, техника қауіпсіздігі ережесін сақтамау, техниканың ескілігі салдарынан болады. Әсіресе химия, мұнай, уран, атом энергиясын өндіретін өнеркәсіптердегі апаттар өте қауіпті. Олардан ауаға, суға, қоршаған ортаға зиянды заттар шығарылып, бүкіл тіршілік атаулыны жоюы мүмкін.
Аталған экологиялық апат түрлері көбінесе адамның іс-әрекетінен туындап, қоршаған ортаға орны толмайтын шығын әкеледі. Нәтижесінде, ауа, су, топырақ ластанып, ең бастысы адам баласы зардап шегеді. Төтенше жағдайларды болдырмау, теріс әрекеттерге жол бермеу, бұзылған жерлерді сауықтыру бүкілхалықтық мемлекеттік және қоғамдық игі істер болып табылады.
IV. Жаңа сабақты бекіту:
- Экологиялық апаттар нешеге бөлінеді?
- Табиғи апаттарды ата?
- Техногенді апатарға мысал келтір?
- Жер сілкінісін қандай ғылым зерттейді?
Бейне сюжет көрсету.
V. Оқушыларды бағалау.
VI. Үйге тапсырма: § 26 183 бет
Пән мұғалімі: Шыныбаева Р
