Ұрпақ азбасын, ұлт тозбасын десек …
Атырау облыстық «Н.Тілендиев атындағы
Кіші өнер академиясы» дарынды балаларға
арналған интернаттық мекемесі бар
мамандандырылғанмектеп
ІІ санатты химия – биология пәнінің
мұғалімі Сапарова Жайдар
Тақырыбы: Ұрпақ азбасын, ұлт тозбасын десек …
Мақсаты:
Дені сау, адамгершілігі мол, Отан сүйгіш қоғамымыздың нағыз азаматын тәрбиелеу. Оқушылар бойына салауатты өмір салтын дарыта отырып, жаман әдет-қылықтардан аулақ болуды насихаттау. Жас ұрпаққа өмір жолында дұрыс таңдау жасауға бағыт-бағдар беру;
Түрі: композиция,конференция сабағы;
Әдісі: сахналандырылған көрініс, пікірталас;
Көрнекілігі: Мультимедиялық көрсетілімдер, оқулық материалдары, сахналандырылған көрініс, тұсау кесу рәсіміне керекті құралдар, ақ, қара түсті мата, сазды әуен, ұлттық киімдер, тақырыпқа сай өлеңдер, деректі көрсетілімдер, монолог;
Барысы:
- «Ой қозғау » бөлімі
Бұл бөлімде ата-салтымыздан келе жатқан тұсау кесер рәсімі көрсетіледі.
Жүргізуші: Өмірге сәби келуі – ұрпақ жалғастығы. Әрбір ата-ана артымда жақсы ұрпақ қалсын деп тілейді. Жасаған барлық қарекеті де осыны мақсат етеді. Айталық сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен баланың тұсауы ала жіппен кесіледі. Ешкімнің ала жібін аттамасын, адал болсын деген ақ тілеу тілеп баласының тұсауын көпті көрген , парасат пайымы мол, елге сыйлы адамға кестірген.Әрбір сәбидің өмір жолындағы алғашқы қадамы осылай басталған.
(Сахнада ақ мата жайылып безендірілген. (сазды әуен жіберіледі)
Сахнада қазақы киім киген әже қайшысын, жібін дайындап отырады.Қазақ көйлек кйген екі қыз бала ортаға тұсауы кесілгелі тұрған бөбекті алып шығып, безендірілген ақ матаның үстіне алып келеді.Тұсау кесер өлеңі оқылып тұрады Әжей жіппен аяғын байлап, ақ жол тілеп баланың тұсауын кеседі. Жарық сөнеді.Барлығы сахынадан шығып кетеді.)
Тұсау кесер жыры
Қаз, қаз балам, қаз балам
Қадам бассаң, мәз болам
Бұрынғының жолы деп,
Аталардың қолы деп,
Күрмеуіңді шешейін
Тұсауынды кесейің.
Ала жіптің бар мәні
Ешкімге харам іс қылмай,
Ақ қараны айырар
Азамат боп жүр, кәні!
Тұсау кесер адамды
Таңдаудың да бар мәні
Осындай абзал адамдай
Абыройлы боп жүр кәні!
Тұсауың енді кесілді
Құлыным, кәне,жүре ғой
Балтырыңды түре ғой
Тай-құлын боп шаба ғой.
Құшағыңды жая ғой,
Қане, анаңа бара ғой.
Айналайын, құлыным
Қадамың сенің оң болсын!
Өмірде қилы жолдар көп
Қайда жүрсең жол болсын!
2. «Жол іздеймін алға қарай ұмтылып »
Жасөспірім бала ұлы жолдың торабында мақсатты жол іздеуде екендігі көрсетіледі.
Сахнада екі жол: а)өмір жолы
ә)өлім жолы
Өмір жолы- ақ матамен бейнеленген. Ақ матаның үстінде ақ жолды сомдаушы ақ киімді періште адам, сол жолда жүріп жетістікке жеткен спорт шебері, оқу орнын бітірген түлектің бейнесі сомдалады. Ақ жол тілеуші періште іс-қимылымен өзіне баланы шақырып тұрады.
Өлім жолына қара мата жайылған . Бұл жол бойында ананың ақ сүтін аяқ астына таптап, арманы мен мақсатын тұншықтырып тозаққа айналдырған өмірдің қара жолына түскен жастар сомдалады( нашақор жігіт, маскүнем қыз бала) Екі жолдың қиылысында қай жаққа аяқ басарын білмей ,шарқ ұрып ,өмір жолына қалай таңдау жасарын білмеген жасөспірім бала тұрады. (сазды әуенмен өлең оқылып тұрады)
Жалғыз аяқ соқпақ жатыр іргесінде үйімнің,
Соған шығу қиын екен өмірдегі қиынның.
Жалғыз аяқ соқпақ әкеп жолға салды шытырман,
Шимай-шимай сызығындай жүрегім мен миымның
«Жол деген көп далада да қия белде, жондарда
Адаспа, ұлым, аңдап басқын, ұрынбағын оларға »,
Деп соқпақпен ғазиз анам аттандырған мені үйден
Бетіндегі әжіміндей айғыз-айғыз жолдарға.
Сол соқпақпен жүріп келем, бір жығылып, бір тұрып
Жол іздеймін, жол іздеймін алға қарай ұмтыл
Жол шіркіннің орының да, жарының да көбін –ақ
Сүрінемін, жығыламын, қайта жүрем ынтығып.
Жол үстінде ор жоқ деуге қалай ғана нанасың
Жолдар, жолдар, үйден шалғай қайда әкетіп барасың?
3.Мағына ашу бөлімі:
ортаға екі жүргізуші шығады
Жүргізуші:-Армысыздар, құрметті қонақтар, ұстаздар, мектеп оқушылары!
Бүгінгі біздің Кіші өнер академиясының қара шаңырағында қоғамымыздың өзекті мәселесі- темекі, ішімдік, есірткі, ЖҚТБ(СПИД) ауруларына қарсы ұйымдастырылған «Ұрпақ азбасын, ұлт тозбасын десек…. » атты кешімізге келіп отырсыздар .
«Адамдардың өмірінде шарықтау сәті болады, ол оны қолынан шығарып алады, содан кейінгі күн « тар жол тайғақ кешумен ұласады »- деп ұлы ойшыл Шекспир айтпақшы адамға ең керегі- өмір жолын дұрыс таңдай білу.
Жүргізуші: Тоғыз жолдың торабында жарқын өмір сүру жолын іздеген жас ұрпаққа не айтамыз, ағайын ?! Ата-ананың ақ тілегі аяққа басылып, жан түршіктірер оқиғалар өмір соқпағында адасудан пайда болған өзекті мәселе емес пе?! Санасы кемелденбеген, жол таңдауда сансыз сергелдеңге түскен ұрпаққа дұрыс таңдау жасауға көмек берелік.Сол мақсатта арнайы келіп отырған қонақтарымызды ортаға шақырамыз.
Оқушыларды тілші, нарколог, биохимик, статист мамандықтары бойынша рөлдерге бөліп, мамандығына сай ізденуге алдын-ала тапсырмалар берілді.Әрбір маман слайдтар арқылы өзі даярлаған мәліметінің мазмұнын ашуға тырысады.
Жүргізуші: Қонақтарымызды таныстырып өтейік:
1.Атырау газетінің тілшісі – Әміржанов Бекболат
2.Нарколог-дәрігер – Доскабылова Құралай
3.Биохимик маманы- Мұратбай Ұлболсын
4.Статист Жалғабай Асхат
(оқушылар мамандарға даярлаған сұрақтарын қояды)
Жүргізуші:
Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегенің аяқ астынан сорлауы –
Аңдамай басып,
Сүрініп кетсе болғаны.
Аңдамай кейде, басамыз –дағы кердендеп,
Құлап жатамыз
Аяқ- қолымыз ербеңдеп.
Сүрініп алып есіміз қайта келгенде
Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.
Таппайсың оны,
Тартасың азап сан жылдар.
Аттай алмайсың,
Құлауың мүмкін, алдың жар.
…Не істесем екен сендерге,
Сүрініп кетіп,
Бүлініп жүрген тағдырлар!
1-оқушы: – Менің «Атырау» газетінің тілшісіне қоятын сұрағым бар. Атырау газеті облыс бойынша үлкен газет.Газет ішінде осы жат қылықтарға байланысты жеке айдарша бар ма?
Атырау газетінің тілшісі: Газетіміздің сіздер сияқты оқырмандары көп болғанына әрине, қуанамыз. Сіздер қозғап отырған өзекті мәселе – қоғамның жанын ауыртып отырған жағдай. Газетіміздің «Денсаулық » айдарында осы тақырыпта оқырмандардың көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, пайдалы еңбектер жазып отырамыз. Дәрігер мамандардың көмегімен «Есірткіге еліктеме!», «Есірткіге жол жоқ!», «Ауыр індетке қарсы тұру», «ЖҚТБ-ға жол жоқ » атты көптеген мақалалар жарияаладық. Оның өзі жасөспірімдерге, ата-аналарға қажетті нәрсе екеніне сенімдімін. Еліміздің болашағын ойлар жас өскіндер бұл жолдан аулақ болуын тілейміз, және ақпарат құралдары арқылы өз ықпалымызды тигізуден ешқашан тоқтамаймыз. Асқақ рухты ақын М. Шаханов былай дейді:
О, тағдырым,
Тірек бол тілегіме
Сабырлы ойдың қашырма сұрқын тіптен.
Қас пен достың қажырлы жүрегіне
Тек жақыннан қарауға мүмкіндік бер!
Ал егер мен өмірде қателессем ,
Жақын келген бақытқа қуанбасам,
Жақын тұрған биікке шыға алмасам,
Жақын жүріп жауымды танымасам,
Жақын жүріп досымды ұға алмасам,
Өз қайғыммен өзімді жазалағын,
Онда менің өзіме өз обалым.
2-оқушы: – Мен нарколог–дәрігерге сұрақ қойғым келеді.Елімізде нашақорлықтың жылдан-жылға беленң алып бара жатқаны ешкімге де жасырын емес. Оқушыларға нашаның зияны туралы айтып берсеңіз және болашақта мұндай індетке мойынсынбауға қандай ақыл кеңес берер едіңіз? ЖҚТБ-ның белгілері қандай болады?
Нарколог: Сұрағыңыз өте орынды. Бұдан көптеген жыл бұрын адам баласы анашаны аузына салып шайнай білген. 1975 жылы клиникалық наркология емханасы ашылды. Бір рет тартқаннан соң басы ауырып,жүйке жүйесін уландырады, бұлшық еттері шаншиды. Анаша қолданған адамның мидағы есте сақтау қабілеті тежеледі, соның салдарынан адам тез көріксізденеді.Ағзаның дамуы тоқталады. ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарды мына белгілер сипаттайды: – лимфа түйіндерінің көбеюі
– құрғақ жөтелдің болуы
– шаршағандық, қажығандық
– аяқ-қолда кенеттен сезімталдықтың жойылуы
– теріде бөрітпелердің пайда болуы
– күнделікті денеде тердің көп шығуы
– ойлау әрекетінің бұзылуы
3-оқушы: – Жер бетінде адамнан күшті тірі ағза жоқ дейміз.Солай бола тұра адам неліктен арақтан әлсіз?
Биохимик: – Бауырда дегидратация реакциясы жүреді де, ішімдіктің әсерінен этил спирті сірке альдегидіне айналады. Бұл сірке альдегиді мидың қызметін дұрыстап тұратын химиялық қосылыстарды бұзады. Организмде сірке альдегиді одан әрі тотығады да, сірке қышқылы түзіледі. Денеден гөрі мида алкогольдің мөлшері 60-70 % -ға дейін барады.Себебі ми жасушаларының құрамында май тәрізді зат-липоидтар көп.Липоид-алкогольде өте жылдам және жеңіл еритін зат.Алкогольмен қаныққан және липоид заты азайған ми жасушалары қалыпты қызмет атқара алмайды. Осының әсерінен миға қан құйылу, қан тамырларының тарылуы,соның әсерінен миға оттегі жетіспеуі пайда болады.100г сыра ішкен адамның 3000 ми жасушалары, 100 г шарап ішкенде 5000 жасушалары өледі. Ішкіш адам өмірінің бірнеше жылында полинервит(жүйке қабынуы), энцефалопатия (мидың зақымдануы), психоз ауруларына шалдығады. Өкпе рагы ішімдік ішетін адамдарда 3-4 есе көп кездеседі. Олар түрлі жұқпалы аурулармен көп ауырады.
4-оқушы: – Статистке қоятын сұрағым: темекі, есірткі, алкоголь, ЖҚТБ-ның зардаптары туралы нақты мысалдар келтірсеңіз?
Статист: – Темекі түтіні адам ағзасына өте зиян.Оны мынадай мысалдармен дәлелдеуге болады: Дүние жүзінде шылым шегетін адамдардан жылына 2,5 млн адам қайтыс болады: Шылым шегетін адам отбасы қаржысына мыңдаған теңге шығын келтіреді. Шылым шегетіндерде өкпе қатерлі ісігі 20%-ға көп.Баскетболшылардың 1 шылым шекеннен кейінгі торға доп тастауы 12 % кемиді. Әрбір шылым адам өмірін 12 минутқа қысқартады.Шылым шегетіндердің жүрегі тәулігіне 20-25 мың рет артық соғады.Олар жүрек ауруымен жиі ауырады. Шылым шекпейтіндердің тамырының соғуы 120-130 болса, шегетіндерде 180 болады. Қазіргі уақытта әлемде 40 млн-ға жуық адам ЖҚТБ ауруын жұқтырған, әр 10 секунд сайын бір адам ЖҚТБ-дан қайтыс болады, әр жыл сайын 5 млн. адам ЖҚТБ ауруын жұқтырады. Қазақстанда 16 мыңға жуық адам АҚТБ дертін жұқтырған. Соңғы деректерге келетін болсақ, республика бойынша ерлердің 57%-ы, жасөспірімдердің
40 %-ы шылым тартса, ересек адамдардың 55 %-ы үнемі арақ ішеді.Мектеп оқушыларының 29,5 %-ы нашақорлыққа ауызданған. Осы әлеуметтік дерт салдарынан қоғамымызға 10000- нан астам жетім, 4000-астам дене бітімі мен ақыл – есі кем балалар дүниеге келеді.Жастар жат қылықтардан аулақ болып, кемелденген жарқын болашаққа жол тартса деген тілегім бар.Ұрпақ азбасыншы,ұлт тозбасыншы!
1-оқушы:
Ал енді мен ақыл айтам,
Ақыл айтам таңданба.
Қорлық үшін келген жоқсың мына өмірге,
Жалғанға.
Мына өмірде, жүрегіңде,
Бойыңда ыстық қан барда.
Болмысты да, болмасты да,
Болады деп арманда!
Ал енді мен ақыл айтам,
Ақыл айтам таңданба!
Мәзіріңе, әзіріңе әулекі боп,
Алданба!
Шығатұғын күндерге де,
Ататұғын таңдарға,
Үмітпенен қарағайсың , жүрегіңде жан барда.
Өтер кетер, өтер кетер…
Дейміз ғой біз мұңайып.
Дейміз дағы, жамаймыз кеп, бір айыпқа
Бір айып.
Отандастар, ойлайықшы, ойымызға лайық,
Құласақ та, тек биіктен,
Құзға барып құлайық!
М.Мақатаев
2-оқушы: Жасың бар,жігіт –желең, жарларың бар,
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар.
Жол ұзақ, биік асу, сапар алыс,
Жаз өтер, күз де кетер,тақалар қыс.
Қамданыңдар, Болашақ деген елге,
Қандай біз сый-сияпат апарамыз.
Қорқауды, өсекшілді қатарға алма,
Кеселін тигізеді сапарға алда.
Не бетімізді айтамыз Болашаққа?
Жат қылықты қалдырмай апарғанда
Жамандық атаулыны қалдырыңдар,
Суға батыр, отқа өрте,жандырыңдар.
Болашақ деп аталған өлмес-өшпес,
Жақсылықтан жаралған тағдырың бар.
Қыз-қырқын, жігіт-желең, жарларың бар
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар!
…Тірі жетсең, Болашақ өзі айтады,
Қайсыңның қанша пұттық салмағың бар.
М.Мақатаев
4. «Тобықтай түйін »
(Жай ырғақты әуенмен монолог оқылады)
Айтарым бар менің де…
Ей,өскелең жас ұрпақ,азғындайтын не күн туды басыңа?!
Есіңді жи. Дүниенің не боп бара жатқанын ұғынарлық шамаң жоқ па?
Саңылауы жоқ қара түнекке жол тартуыңа не себеп?
Мынау қоғам, ұстаз,ата-ана, саған бұрыс жол нұсқады ма?!
Көз салсаңшы айналаңа, өмір ғажайып емес пе! Ұшан-теңіз үміт, шаттығы мол дүние, өкініш пен қуаныштың, ұшырасу мен қоштасудың жан толқытар сәттері, кемерінен асқан бақыт. Тағдыр сыйлаған қанша рахатқа кенелер едің! Жүрегіңнің әрбір соғысы қуаныш емес пе?
Орны толмас өкініш, зәрі мен уы мол қасірет бұғауы. Ойран болған шаңырақ,аяққа тапталған ар-намыс, ең әрісі ажал шырмауы. Осы ма сенің таңдауың?
Айтшы өзің, замана, тура жолдан бас тартқан ұрпағыңды бауырыңа тарта алар ма едің? Сен, мейірімді анадай бола аласың ба? Ол мейлі адам болсын, мейлі азғын болсын өзегін жарып шыққан өз перзентінен бас тартпаушы еді ғой. Уа, құдіретті дүние, есі кеткен ессіз ұрпағыңа жол сілтеші, өтінем! Бауырларым адаспасыншы, адаспасыншы, сол менің тілегім!
Жүргізуші: Қызық өмір,кім білсін,сонысымен,
Аласы мен құласы, торысымен.
Тағдыр түрлі болғанмен өмір біреу
Ұнатамын өмірді сол үшін мен.
Жүргізуші: Ұнатамын өмірдің ой-қырларын,
Сауық құрап,сайрандап,той қылғанын.
Өмір керек көлеңке ,шуағымен,
Өмір керек!
Басқаның қойдым бәрін…
(сынып жетекшісі қорытынды сөзбен аяқтады)
Құрметті ұстаздар, оқушылаар бүгінгі шараға қатысқандарыңызға рақмет. Бұл шараның мақсаты адамзат ұрпағына төніп тұрғаан ЖҚТБ, нашақорлық, шылым шегу сияқты жат қылықтарғаа жол бермеуді насихаттау, оқушылардың өмірге, адамзатқа деген сезімдерін ояту болса, бүгінгі шара өз мүддесінен шықты деп айта аламын.Осы шара барысында сыныбымдағы оқушылардың көрсеткен өнерлерін,іздемпаздығын, белсенділіктерін жоғары бағалаймын. Оқушылардың мұндай маңызды шараларға ерекше мән беріп, қоғамға қауіпті дерттің келеңсіз жақтарын бойдағы өнерлері арқылы шынайы көрсете білгендігі қуантады.
Сөз соңында баршаңызға айтарым, болашағымыз нұрлы, еліміздің ертеңі көркем болсын десек, ел болып, халық болып жаман әдеттерді ауыздықтайық.
Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда Жас ұрпақ! Тәуелсіз мемлекетіміздің уығын нық қадап, өркендеу жолына үлес қосатын сіздерсіздер. Сондықтан да жатқылықтардан бойларыңды аулақ ұстап, жақсылықтарға құштар болыңыздар.
Өз замандастарыңызбен осындай қоғамдық талдауды қажет ететін мәселелер жайында жиі пікір алмасып, заманауи ақпарат көздері арқылы білімдеріңді жетілдіре беріңіздер.
Ақ қараны айырар
