Баяндама
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылы
№91 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Сырлыбаева Назира Ербозовна
Тәрбие берудің негізгі мәйегі-мейірім мен сүйіспеншілікте
Бала-ол өте нәзік те сезімтал адам.Оның жанын жаралап алу өте оңай, алайда осы бір жара өмір бойы сыздап жүруі ғажап емес.Бала кезінде шешілмей қалған мәселелердің салдары ер жеткен кезде кейбір психикалық ауытқулармен бірге денсаулығына да кері әсері болатынын ұмытпаңыз.
Ғалымдардың айтуынша, балаға қол көтеру рак пен жүрек ауруына және демікпеге алып келеді.Сарапшылардың пікірінше, физикалық жарақат алып, ашудың астында қалған бала көптеген ауруларға душар болуы ғажап емес екен. Сонымен қатар физикалық зорлық-зомбылық көрген бала созылмалы ауруларға көп шалдығады.
Сарапшылар денсаулығында түрлі ақаулары бар ересек 250 адамнан сауалнама алған.Сауалнама барысында олардың бәрінен балалық шақтарын сұраған.Осы жасқа дейін қанша рет физикалық соққының астында қалғанын білген соң, созылмалы ауруларға неге шалдыққанына көз жеткізген.
Егер адам рак ауруына шалдықса, ол бала кезінде 70% айқайды көп естіп, соққыны көп жеген дейді ғалымдар.Ал жүрек ауруына мұның 30%, демікпеге 60% қатысы бар.
Осы Университеттің профессоры Майкл Хиландтың айтуынша, бала кезінде осындай аурудың бастамасы пайда болғандықтан, оларды есейген тұсында емдеп жазу қиын.Көбіне мұндайаурулар созылмалы болғандықтан адамды емдеп алу ісінде ешкім уәде ете алмайды.
Ата-аналар баланы таяққа жығып, ашудың астына алып тәрбиелеу дұрыс емес екендігін білсе екен.Кейде біздер ,яғни қазақ ата-аналары баланы таяқпен өсіреді.Бұл шындық. «Неге өйтесің?» дей қалсаң, « Мен өз баламды жақсы көрмейді дейсің бе? Ара-арасында таяқтап тұрған да дұрыс,мені бәрібір жақсы көреді» деп мәз болатындар да кездеседі.
Тәрбие берудің негізгі мәйегі- мейірім мен сүйіспеншілікте.Әсіресе кішкене балалар үшін өте қажет екенін білуіміз керек.Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады.Осы ата-аналар мен мұғалім сүйіспеншілігінің арқасында балалар толыққанды өсіп-жетіледі!
Ата – аналар, Сіздер үшін!
Балаңыз мектепке бара ма?
Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған бала үшін бұл оқиға өмірлік есінде қалатын тебіреністі шақ. Осы күннен бастап балаңызда мектепке бейімделу кезеңі басталады. Балаңыз ойын баласынан оқушыға айналады, оның әлеуметтік мәртебесі өзгерді. Балаға жаңа талап қойылады: үй тапсырмасын орындау, өзін тәртіпті ұстау, таза, әдемі жазу. Буыны қатпаған балаңыздың мектеп өміріне, сыныптастарына, мұғаліміне бейімделуіне 2 айдан 6 айға дейін уақыт керек. Ол үшін ата-аналар тарапынан қандай көмек көрсетілуі тиіс? Енді соның бірқатарына тоқтала кетейік:
– Отбасының барлық мүшелері тарапынан балаға жайлы психологиялық ахуал қалыптастыру керек;
– Мектепке бейімделу кезіндегі бүлдіршіннің өз-өзін бағалауы аса маңызды (бала неғұрлым өзін төмен бағаласа, соғұрлым ол мектепте қиындықты басынан өткереді);
– Мектептегі табыстылықтың алғашқы шарты-баланың ата-аналарының алдындағы өз-өзін бағалауы;
– Ата-аналар тарапынан баланың оқитын мектебіне, сыныбына, оның мектепте өткерген әр күніне қызығушылық білдіріліп тұруы міндетті жағдайға айналуы тиіс;
– Бөгде жандардың, тіпті құрдастарының, ата-әжесінің көзінше балаңызға сын айтудан, қорқытудан, күш көрсетіп, ұрып-соғудан аулақ болыңыз;
-Баланы тамақ бермей қойып, ұрып-соғып, психологиялық тұрғыдан әрекет етіп, жазаламаңыз;
– Мектепке оқуға алғаш барып, бейімделу кезеңінен өткен кезде балаңыздың темпераментін ескеріңіз. Баяу және тұйық балалар ересектер тарапынан әлімжеттік, мысқыл және қатаңдық сезінсе, мектеп өміріне тез үйрене алмайды, олардың мектепке деген қызығушылығы жоғалады;
-Оқу барысында балаға еркіндік беріңіз және оның іс-әрекетіне негізделген бақылау жүргізуді ұйымдастырыңыз;
-Баланы оқу барысында ғана мадақтамай, басқа жақсы әрекеттері үшін де қолпаштап отырыңыз. Оның жетістіктерін моральдық тұрғыдан ынталандырыңыз. Баланың өз-өзін бағалауы мен бақылауы, өз-өзіне ризашылық сезімінің дамуы маңызды екенін есіңізден шығармаңыз.
