«Армысың, әз Наурыз!»
«Армысың, әз Наурыз!»
Фанфар. (Тақпақтар оқылады)
1-Жүргізуші: Келіңдер наурыз тойға бәрің бүгін,
Аямас өнерпаздар ән мен жырын
Тойлайық халық тойы Наурызымның
Шуағын жерге төккен бақыт күнін
2-Жүргізуші: Наурыз қайтып оралды аты да аңыз
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз
Үй-дастарқан,даламыз-сахнамыз,
Ұлы мейрам-Наурызға шақырамыз!
Музыка-Қобыз үні. Осы сәтте ортаға АНА шығады, «Аластау» рәсімін жасайды, болғаннан кейін 2 жүргізуші шығады
1-Жүргізуші: Апа, сіз наурызға дайындалып жатырсыз ба?
Ана: Ия, шырағым, наурыз тойына қарсы аластау жасап, дайындалып жатырмын.
2-Жүргізуші: Ендеше, Апа, Жаңа жылдың амандығын тілейікші, (құшақтасып) «Ұлыс оң болсын», «Ақ мол болсын», «Наурыз құт әкелсін», «Ұлыс береке берсін», «Бестік баға мол болсын», «Туған елім бай болсын».
Ана: Көршілерге барып, құттықтап келейін.
Ана кетеді
1-Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар. Наурыз тойы құтты болсын.
2-Жүргізуші: Қиялмен көркейіп тау мен дала,
Кәусар бұлақ сыңғырлап сай-салада.
Көк торғындай аспанда күн күлімдеп,
Көктем келді гүл жайнап айналада- деп ақындар жырлағандай, мінекей шуағын төгіп, күлімдеп, жер бетін әдемі гүл дестесімен көмкеріп, ару-көктем де келіп жетті.
Қоңырау үні естіледі
Қуыршақ мінгізген, мойнына қоңырау таққан, басына үкі таққан сиыр малын ортаға шығару.
1-Жүргізуші: Апай, бұл не боп кетті өзі, мынау бір түсініксіздеу болды ғой, мен түсінбей тұрмын.
2- Жүргізуші: Күнжан, бұл біздің дәстүріміз ғой, ертеде ата -бабаларымыз осындай дыбыстармен келе жатқан жаңа жылды жамандықтан тазартып, келер жылды түнгі үште қарсы алатын болған.
1-Жүргізуші: түсінікті, Апай, көзіңізді жұмыңызшы (Маңдайға жағады)
2-Жүргізуші: – Не істедің ? Жұрттан ұят болды ғой.
1-Жүргізуші: Ренжімеңізші апатай! Наурыз күні ешкім бір – біріне ренжуге болмайды, қайта бір – бірінен ренжіскендер кешірім сұрауы керек. Ал мен сіздің маңдайыңызға «Күннің құты дарысын» деп ырымдап, «Қызыл жоса» ырымын жасадым.
2-Жүргізуші: Жарайды ендеше.
1-Жүргізуші: Наурыз тойы келгенде не болады? Біз оны неге көп күттік апай?
2-Жүргізуші: Күнжан , Наурыздың келуі туралы Аналарымыздың өз ауыздарынан естиікші.
Музыка – Аналар ортаға шығады
Алма : Көк тұңғиығын қақ жарып бір гуіл өтеді екен;
Тәнін тазартқан Пенделердің Түйсігі түрленіп;
Жанын пәктеген Кісілердің Санасы сәулеленеді екен;
Гүлнұр: Парасатын риялаған Тұлғалардың Ақылы нұрланып:
Рухын ізгілеген Жәуанмәрттің жүрегі нәрленеді;
Төрт түліктен Әз дыбысын естіген Қой үркіп:
Суда жүзген Балық сезіп, бір аунап түседі екен;
Назгүл: Көк құты көзін ашады;
Қап тауының Көк құсы аяғын жерге басады екен;
Көк Өгіз қара жерді бір мүйізінен екіінші мүйізіне ауыстырып;
Кеудесін қақ жарып Көк атаның күні шығады;
Кеудесін қақ жарып Жер ананың көгі шығады екен балам;
Салтанат: Кеудесі беріш Қара тасты қақ жарып Су шығады;
Кеудесі қуыс Желмаяны керіп Жел шығады;
Қиғағы бергек, Қу жақты серпіп Сөз шығады;
Жер Ананың тоң Кеудесі жібіп,тас Емшегі иеді;
Самарқанның Көк тасы ериді.
2-Жүргізуші: Осылай болады екен, Күнжан. Жаңа келген әз Наурыз ендеше, құтты болсын, ағайын!
1-Жүргізуші: Ата жолын қуайық,
Салт-дәстүрді сыйлайық.
Наурыз келсе, құт келгені халайық,
Шашу шашып,ел боп қарсы алайық.
1-НОМЕР: Шашу шашылып жатқанда, «Тойбастар» биі.
1-Жүргізуші: Шашудан ауыз тидік, енді жаңа жылдық төс қағыстырайық та?
2-Жүргізуші: «Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен
Ұлыс күні кәрі – жас
Құшақтасып көріскен» ,
Қане, құрметті көрермендер,ендеше бәріміз орнымыздан тұрып, төс қағыстырып,бір-бірімізге наурыз тілегін айтысайықшы:
- Оң жағымыздағы көршілерімізбен төс қағыстырайық.
- Енді сол жағымыздағы көршілерімізбен төс қағыстырайық.
- Арттағы отырған көршілермен
- Алдында отырған көршілермен
- Жасың құтты болсын
- Өмір жасың ұзақ болсын
- Ұлыс бақты болсын
- Төрт түлік ақты болсын!
- Ұлыс береке берсін!
- Пәле – жала жерге енсін!
1-Жүргізуші: Күндіктері қайқиып,
Келіншек шығар кейкиіп
Сәукелесі саудырап, – демекші әр үйдің берекесін келтіріп, ырысын тасытар ақ жаулықты аналар мен жас келіндердің бал бармағымен 7 түрлі тамақтың қоспасынан дайындалған, Наурыз көжеден ауыз тигендер де арманда, тимегендер де арманда.
Муызка Келіндер көже алып шығады. Көже беріліп жатқанда, ән айтылады
2-НОМЕР:
2-Жүргізуші: Қыз шығады қылмиып
Екі көзі жаудырап.,
Гүл секілді майысып,
Сұлулықпен есті бірақ тандырады
3-НОМЕР:
1-Жүргізуші: Бозбала шығар бұрқырап,
Құлын – тайдай шұрқырап …
Батылдықпен өр басып,
От жалындай жарқырап.- демекші ұлдарымыз ұсынған қазақтың берекелі бауырсағынан ауыз тиіңіздер.
Музыка. Сынып ұлдары бауырсақтармен шығады. таратып жатқанда, ән орындалады.
4-НОМЕР:
Кішкентай бала: Сүйінші!,Сүйінші!, Наурызгүл келе жатыр, Сүйінші, ағайын, сүйінші.
2-Жүргізуші: Міне, бәріміз күткен Наурызгүл да келді.
Музыкамен – Наурызгүл ортаға келеді
Наурызгүл: Сәлем, ата-аналар!
Қыдыр ата, бабалар.
Айналайын балалар,
Сәлем анам- Алтын Күн.
Сәлем менің халқыма!
1-Жүргізуші: Балалар, сөзіме құлақ салыңдар. Наурызгүл – қар астынан бүршік жарып шығатын көктемнің алғашқы гүлі. Көктемнің алғашқы гүлі ашқанда Қыдыр баба келген. Мұсылман халқында Қыдыр ата елге тек жақсылық әкелетін, жақсылыққа бастап, қолдап жүретін ұлы бейне. Қанекей, бәріміз бірге Жаңа жылда жақсы, ізгі тілектерді тілейікші. Қыдыр баба мүмкін біздің де ортамызда отырған шығар. Қанекей бәріміз бірге алақан жайып, Қыдыр бабаның батасын алайықшы.
Осы сөздерден соң, қобыз үніне қосылған Бата беріледі.
1-Жүргізуші: Наурыз мерекесімен құттықтау үшін, сөз кезегін ортамыздағы үлкен кісіге – береміз.
құттықтауы
-Құрметті ата-аналар, балалар ! Қазақ атам қашанда тойды тойбастарсыз өткізбеген.Ендеше біз де той бастап өзіміздің өнерімізді көрсетейік.
«Тойбастар» рәсімі.
-Ендігі кезекті ұлттық ойынға берелік . Ұлдар қол күреседі. Ата-ана мен бала арасында «Арқан тартыс» ойыны. Қыздар мен арасында «Алтыбақан»
2-Жүргізуші: Құрметті қонақтар, біз бүгін ән айттық мың бұрала би биледік, ойнадық тойладық, енді «Қара жорға» биін ортаға шақыратын кез де келіп жетті.
«Қара жорға» биі
МЕН: Осымен, біздің бүгінгі мерекелік концертіміз өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!
Н.Наушабаев атындағы Затобол орта мектебі
Дайындаған: Байшина Б.Е
