Қоршаған орта және мен

Қызылорда қаласы

12 І.Қабылов атындағы орта мектеп

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Смағұлова Құралай Қыдырбайқызы

Сыныптан тыс жұмыс (3-сынып)

Сабақтың тақырыбы: Қоршаған орта және мен

Сабақтың мақсаты: Табиғат пен адамдар арасындағы байланысты балаларға түсіндіру.

Табиғат ғажайыптары жайында таныстыру.

Туған өлкенің табиғатына, сұлулығына деген қызығушылығын дамыту.

Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Құрал жабдықтар: қағаз, фломастер, қарындаш, үнтаспа көркем суреттер.

Әдіс тәсілдер: түсіндіру, сұрақ- жауап, әңгімелесу, ойын

Сабақтың барысы:

І Ұйымдастыру кезеңі:

Керекті құрал- жабдықтарын алып, сабаққа дайындалу.

І І Амандасу рәсімі:

Күндей жадырап,

Айдай аралап,

Жұлдыздай жарқырап,

Судай мөлдір таза көңілмен

Бүгінгі күнімізді бастайық!

Оқушылар топқа бөлініп отырады. Әр топтан бір оқушы жақсы тілектер айтады.

Шеңбер бойымен тұрған балалар қолдарымен жүректерінен жылу алып бергендей қимыл жасап, бір- бірімен амандасады.

ІІІ Көңіл – күйді көтеру. Тыныштық сәті.

Баяу сазды әуен үнімен үшке дейін санап, көзімізді жұмайық.

Бәріміз сиқырлы кілем үстіне отырайық . Сиқырлы кілем қалқып, көкке көтеріледі. Біз гүл бағына саяхатқа бара жатырмыз.

  • Қараңдаршы, гүл бағында гүлдер қандай көп !

Әсем, әдемі гүлдер жайқалып өсіп тұр !

Гүлдерге қарап күн күлімдейді.

Қараңдаршы ! Бақтағы сайраған құстардың дауысы , сылдырап аққан судың дауысы естіледі. Бетімізге самал желдің лебі еседі. Аңқыған гүлдердің хош иісі келіп тұр. Осы гүлдердің арасынан өздеріңе ұнаған гүлдерді теріп алып, ең жақын, ең жақсы көретін досыңа сыйла.

Енді сиқырлы кілемге отырып, қайтамыз.

Көзімізді ашайық.

Балалар өздеріне ұнаған гүлдерді атайды және өздерінің көңіл- күйлері жөнінде әңгімелейді . Алдын- ала қиылып дайындалған достарына сыйлаған гүлді таңдап алып үлкен ақ парақ бетіне жапсырып, гүлдер алқабын бейнелейді.

  • Қараңдаршы, қандай әсем гүл алқабы пайда болды !

Ақ гүл теріп алған балалар – бүгінөздеріңнің көңіл – күйлеріңнің ашық, достарына деген ниетінің ақ екенін көрсетіп тұр.

Сары гүл теріп алған балалар – күндей жарқырап маңайына шуақ төгіп тұр.

Қызыл гүл алғандар – көңіл күйлерің қуанышты, достарына деген ерекше махаббатын көрсетеді.

Көк гүл алғандардың ниеттері аспандай ашық, судай таза мөлдір екенін білдіреді. Әрқайсымыздың көңіл – күйіміз әртүрлі болса да, ниетіміз жақсы екен.

Сабақтың мазмұны:

Жұмбақтар шешу.

  1. Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды ( күн көзі)
  2. Тақиям толған сөк, таңертең тұрсам дым да жоқ ( жұлдыз)

3.Түсі бар көрінбейтін, бір тұтас білінбейтін

Тынысы ол тіршіліктің, ешқашан желінбейтін ( ауа)

Біздің тіршілігімізге күн, ай, жұлдыз, ауа өте қажет

  • Адам үшін осы табиғат ғажайыптарының әсері қандай?
  • Аналарың сендерді жақсы көргенде қандай сөздер айтады?
  • «Күнім» деп күнге,
  • «Айым» деп айға,
  • «Жұлдызым» деп жұлдызға,
  • «Мөлдірім» деп суға,
  • «Тынысым» деп ауаға еркелетіп теңейді, жақсы көреді.

Адам да табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан өзін қоршаған ортаға жақсылық әкелсін, әдемі, сұлу болып өссін деп, адам есімдерін күн, ай, жұлдыз, суға теңеп қойған. Мысалы: Айсұлу, Күнсұлу, Мөлдір, Жұлдыз, Айым. Табиғаттың ғажайыптары болмаса жер бетінде тіршілік болмас еді.

Су жоқ болса – құрғақшылық болады.

Ауа жоқ болса – тіршілік жоқ.

Күн жоқ болса – жарық, жылу жоқ.

Ай мен жұлдыз жоқ болса – түн қараңғы болар еді. Табиғат деген сөзді қалай түсінесіңдер?

(Оқушылардың жауаптары тыңдалады)

Мұғалім:

Біз қоршаған табиғи ортаға жер, су, ауа, күн жатады. Қоршаған табиғи орта дегеніміз – барша тірі организмдер түрлі өсімдіктер,жануарлар, жәндіктер өсіп -өніп өмір сүруге бейімделген қолайлы орта. Осы біртұтас қолайлы ортаны мекендеп, өсіп -өнетін организм үшін таза ауа, күннің нұры, таза топырақ, таза су, жылу және қоректенетін тамақ пен жем қажет. Аңдар мен құстар, балықтар мен алуан түрлі жәндіктер адаммен бірге табиғат аясында дамып жетіледі. Ауамен демалып, суды ішіп, керегіне жаратады. Жерде өсіп, піскен жемістерді жейді.Жыртқыш аңдар мен құстар сүтқоректілер және басқа да жәндіктермен қоректенеді.

-Туған жер деген сөзді қалай түсінесің?

Адамдар туған жерін не үшін сүйеді?

(Оқушылардың жауаптары тыңдалады)

  • Балалар, мына сендердің алдарыңда тұрған глобус. Мұнда жер әлемінің бейнесі түсірілген. Глобуста барлық халықтардың тұратын мекен- жайлары көрсетілген.

Жер шары- біздің ортақ үйіміз. Жер шарындағы барлық халықтар үлкен отбасы.

-Сендер өз отбасыларыңда бір- бірлеріңді қалай сыйлайсыңдар?

Отбасында бір- бірімізге жанашырлықпен қарасақ, туған жерімізде өмір сүретін адамдарға да, табиғатқа да қамқорлықпен сүйіспеншілікпен қарауымыз керек.

«Туған жер- адамға қымбат» деп бекер айтылмаған, өйткені туған жеріміз біз үшін қасиетті. Сондықтан, «Қасиетіңнен айналайын туған жер!» деп қадірлеген. Қасиетті дегеніміз – ол жерде біз дүние есігін аштық, тәй- тәй басып, алғаш рет қасиетті топырағында жүруді үйрендік, бізді өз құшағына алып, мәпелеп өсірді.

Сергіту сәті

«Қызылорданың жаңбыры» табиғат құбылыстарын көрсету.

Әңгіме

Жақсы адамның табиғатқа деген қамқорлығы туралы ертегі оқылады.

Сарыарқа даласында өте бір жақсы адам өмір сүріпті. Бір күні оның ұлы дүниеге келеді. Жақсы адам қуанғаннан ұлына сыйлық жасауға шешім қабылдайды.

Қандай сыйлық болуы мүмкін?

«Мен оған ағаш сыйлаймын Менің ұлым өскен сайын, ағаш та өсетін болады. Ол оны күтіп баптайды. Оның алғашқы жемісін жинайды. Ол ақкөңіл, еңбекқор мықты, әдепті бала болып өседі. Мен өлсем, ұлым мені ағашпен бірге есіне алатын болады.» Ақкөңіл адам алыстан кішкентай алма ағашын алып келіп отырғызады. Ағашпен бірге бала да өсті. Бір балалар есіктің алдында шыбықтан қылыш жасап, ежелгі соғысты бейнелеп ойнайды. Соғыс өте қызу жүріп, барлық әскерлер жеңіске жеткен болатын, кенеттен жақсы адамның ұлы: «Қараңдар, әне біреу тірі! Шабуылға» – деп айқайлап, кішкентай ағаштың бұтағын шыбықпен соғып жіберді. Ағаштың жапырақтары тербеліп, бұтағы қисайып сынды. Сынған орнынан мөлдір тамшы жас аға бастады.

Ағаштар тербеліп, құстар шулай бастады.

Әрі қарай не болды деп ойлайсың?

Бала қорыққанынан әкесіне жүгірді.

-Әке, әке! Ағаш жылап тұр. Ол тірі оған ауыр тиді – деп бала болған жағдайды айтып әкесімен бірге кішкентай ағашқа көмектесті.

Сынған бұтағын ауру адамның қолы сияқты арнайы орағышпен таңды. Көп ұзамай ағаштың сынған орны жазылады. Бала өзінің ағашына қамқорлық көрсете бастады, онымен сөйлесетін болды. Оны аяздан және зиянкестерден қорғады. Ол үлкен, саялы, жемісті алма ағашы болып өсті.

Рефлексия

  • Жақсы адамның баласының ісі дұрыс па, сендер қалай ойлайсыңдар?
  • Баланың орнында сен болсаң не істер едің?
  • Табиғатқа қамқорлық көрсетуді қалай түсінесіңдер?
  • Жақсы адамның баласы әдепті ме, сен қалай ойлайсың?
  • Әдепті бала қандай болады деп ойлайсың?

Балалармен ертегі желісі бойынша әңгімелеседі.

Сергіту сәті.

Жақсы – жаман ойыны.

Тез орындарынан тұрады.

  • Ағаш отырғызғысы келетіндер.
  • Құстардың ұясын бұзғысы келетіндер.
  • Бөлме өсімдіктерін күтіп баптайтындар.
  • Көшеге қоқыс тастайтындар.
  • Өсіп тұрған ағаштардың бұтағын сындырмайтындар.
  • Құстарды рогаткамен атқысы келетіндер.

Енді туылған күндерін білу.

  • Көктем айында туылғандар,

жаз, күз, қыс,т.б. сұрақтар қоюға болады.

Топтық жұмыс.

1-топқа тапсырма: Коллаж жасау.

Алдында неше түрлі сурет жатады. Мұғалім біреуінің құлағына сыбырлап, тақырыпты айтады. Балалар суреттерді таңдап жапсырады.

Соңында жапсырған суреттерін айтып қорғайды.

2-топқа тапсырма: Тағдырдың сыйлығы.

Тағдыр саған не сыйлайды?

Әр оқушы өзінің ойлаған суретін 1- ден 10- ға дейін санап салып үлгіреді.

Келесі оқушы әрі қарай жалғастырады.

Ең соңында өзінің салған суреті қайтып келеді. Тағдыр оған не сыйлайды?

3- топқа тапсырма. Сиқырлы таяқ.

Сен бұл өмірге адам болмай, не болып келер едің? Қоршаған ортадағы

заттарды, құбылыстарды есіңе түсір.

4- топқа тапсырма. Табиғат бізге не сыйлайды?

Суреттерді топтап, арасын сызықпен қосады.

Табиғаттың адамға сыйы қандай?

5- топқа тапсырма.

Адамның өсімдікке, аңдарға қандай байланысы бар?

Суреттерді топтарға бөліп жіктеу.

Әр топ өз тапсырмаларын орындап болған соң, тақтаға шығып қорғайды.

Ұжымдық жұмыс.

Жыл мезгілдерінің өзіндік ерекшеліктерін сипаттаңдар. Олардың қандай мінездерін байқайсыңдар?

Өзіңнің мінез- құлқыңды табиғат құбылыстарымен салыстырып көрші.

Қорытынды.

Туып-өскен қалаңның табиғатының тазалығы сендерге байланысты.

Өйткені сендер қоқыс шашпасаңдар, таза жүрсеңдер айнала таза болады, табиғаты әсем, сұлу, көркем болады. Әрине, бұл сендерге ғана байланысты емес. Сендердің достарыңа, жақындарыңа да байланысты. Сондықтан, ағаш отырғызып, ағаштар мен гүлдерге су құю- барлығымыздың міндетіміз.

Қоштасу рәсімі.

Біз әдепті баламыз,

Жайнай берсін даламыз.

Табиғатпен дос болып,

Қамқорлықпен қорғаймыз!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше