Желтоқсан жұлдыздары

Қарсақбаева Айтолқын

Бастауыш сынып мұғалімі

С. Датұлы атындағы № 26 орта мектеп

Атырау қаласы

Тақырыбы:Желтоқсан жұлдыздары

Ашық тәрбие сағаты

Мақсаты: 1) Оқушыларға желтоқсан жұлдыздарының ерлігі туралы, Отаны үшін жанын аямаған еліміздің ұл-қыздарының ерлігі туралы түсінік беру.

2) Құрметтеуге, қастерлеуге, олар туралы әңгімелер мен өлең-жырларды жатқа әңгімелеуге қалыптастыру.

Тәрбиелік мәні: Оқушыларға Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және Ербол Сыпатаев туралы мағлұмат беру, құрметтеуге, қастерлеуге тәрбиелеу.

Тәрбие түрі: Патриоттық тәрбие.

Тәрбие әдісі: Сахналау, көрнекілігі,сұрақ-жауап.

Сабақтың жүрісі:

І. Ұйымдастыру.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсанына арналған «Желтоқсан жұлдыздары» атты ашық тәрбие сағатын өткізбекпіз.

1986 жылы 16 желтоқсанда қазақ елінің азаттық көктемі үшін, солақай саясатқа қарсы алғаш рет бас көтеріп, құрбан болған ұл-қыздарымыз жайлы сыр шертпекпіз. Ол оқиғаны ешбір қазақ азаматы ұмытпауға тиіс емес.

Балалар, 1986 жылы 16 желтоқсанда Брежнев атындағы алаңға жастар мен студенттер не үшін жиналып еді?

Оқушылар: Үкімет басына Колбиннің келуіне наразылық білдіру үшін.

Мұғалім: – Колбинге неге қарсы шықты?

  • Қазақстанда қазақ мектептері мен бала-бақшалары азая бастады. Қазақтар өз ана тілдерін ұмыта бастады.
  • Колбин қайдан келген?

  • Колбин Ресейден келген болатын.

  • Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесің?

  • Өз алдында дербез, еркін мемлекет, яғни ешкімге тәуелді болмай ішкі- сыртқы мәселелерді шеше алатын мүмкіндігі болуды – тәуелсіз мемлекет дейміз.

  • Сонымен біз тәуелсіздігімізді алдық па?
  • Иә, қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз.
  • Тәуелсіз мемлекет атануымызға кімдердің еңбегі сіңді?
  • Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира

Мұхамбетжанова сияқты үлкен азаматтардың.

  • Дұрыс, балалар! Бүгін бір сәт осы аты аталған азаматтарды еске ала отырып, олардың ерлігі, не үшін алаңға шыққандығын көпшілік алдында айта кетсек, артық болмас.

1986 жылғы 16 желтоқсан Алаңға жастар жиналуда.

Қолдарында «Қазақстан – қазақтардікі!», «Дербестік талап етеміз!», «Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу құқығын талап етеміз!», «Ресейге қайт!» деп жазылған транспаранттар.

Оқушы:

Желтоқсан айы естесің,

Дауыл боп бұрқап ескенсің.

Азаттық күйі қашаннан

Көкейін елдің тескенсің.

Оқушы:

Шектеліп ана тіліміз,

Оқылмай өлең – жырымыз.

Жабылып жатса мектептер,

Жадырар қалай күніміз?

Оқушы:

Тарылып жатса даламыз,

Қайтіп біз тыныс аламыз?

Қақымыз да жоқ айтуға,

Әділет қайдан табамыз?

Оқушы:

Бұрқ етті қазақ баласы,

Кеудеде өршіп наласы.

Алаңға қарай ағылды,

Таусылып барлық шарасы.

Оқушы:

Жібердік еркін ат басын,

Қиянат жанға батпасын.

Тоқырау таңын күйреттік,

Деп: «Теңдік күні батпасын!»

Оқушы:

Жанымыз жомарт қазақпыз,

Мәңгүрт боп кете жаздаппыз.

Қосайық басты, бауырлар,

Жанайық жансақ маздап біз.

Хор: «Желтоқсан желі».

Оқушы:

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім.

Екі-үш миллиция, жасақшылар ортаға шығып жастарды ұрып-соға бастайды. «Ұлтшылдар!», «Бұзақылар!», «Тәртіпсіздер!» деп ортаға қуа бастайды.

Алаңдағы қозғалысты бейнеленген оқушылар бір сәт қозғалмай тұрып қалады. Музыка әуені естіледі.

Мұғалім: Түн. Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі, бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған қазақ жастарын ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатігездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар.

Милиционер:

  • Ұстаңдар, бұзақыны! Әкетіңдер, жауып тастаңдар!
  • Савицкийді өлтірген сен бе?
  • Жоқ, мен емес.
  • Сен өлтірген! Мойныңа ал!
  • Мен өлтірген жоқпын. Өтірік жала жаппаңдар.

(Қайратты ұрып-соға бастайды).

Қайрат:

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»

Атам десең атыңдар.

Милиционер:

  • Алып кетіңдер. Бәрібір құтылмайсың, бұзақы!

Қайрат:

Шыңғырдым да, шындықты айтып жаңғырдым,

Кете бардым жетегінде тағдырдың,

Бірге өткізген студенттік шақтарды,

Хош аман бол,

Оралам ба, жан құрбым?!

ІІ Мұғалім:Ол әділеттің, шындықтың жететініне іштей сенді. Қайрат орысша – қазақшаға бірдей, өте сауатты, өз ойын ашық айтатын жігерлі, жігіт еді. Қайраттан қорыққан Колбин мен оның қолшоқпарлары одан тез құтылу үшін «Атылсын!» деп үкім шығарды.

Өкінішке орай, 1988 жылы 13 мамырда Семей түрмесіне әкелген Қайрат Рысқұлбеков 21 мамыр күні таңда өмірмен қоштасты.

Ән:«Қасқалдақ».

ІІІ Мұғалім:Желтоқсан қозғалысына қатысқандардың бірі Ербол Сыпатаев еді. Өзі сияқты студент қыздар мен ұлдарды қорғаймын деп жүргенде Ерболды жасақшылар қатты соққыға жығып, емханаға түседі де, екінші күні қайтыс болады.

Ерболдың мәйітін ауылға мұғалімдері алып барады. Ата-анасы баласын жылап жерлейді.

1986 жылғы желтоқсан жаңғырығы Өскемен қаласындағы жастар қозғалысына әсер еткен шындық. Өскемен педучилищесінің студенті Сәбира Мұхамеджанова мен мұғалімнің арасында түсінбеушілік болып Сәбираның анасын шақыртады.

Сынып жетекшісі: – Сен барлық қыздар үшін жауап берем деп едің ғой. Соны шешеңе айтшы.

Сәбира: – Өзіңіз ауылдың мұғалімі емессіз, осы сөзді қалада тұрып қалай айтасыз ауыл мұғаліміне?

Шешесі: – Менің балам сүт кенжем, өзімнен де ауыр сөз естімеп еді.

Жетекшісі: – Я, солай ма? Енді бұлардың училищеде оқу-оқымауын директор

шешеді! (Осылай деп мұғалім шығып кетеді. Осы кезде бір бала жүгіріп келеді.)

Бала: – Шолпан апай, бесінші қабаттан құлап, қызыңыз өліп қалды!

Шешесі: – Не? Менің Сәбирам ба? (Осыны айтып жылап шығып кетеді).

Мұғалім: – Міне тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студентті Ләззат Асанова өзін-өзі өлтірді деген жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың алаңда болғаны анықталды.

Музыкалық үзіліс.

Қорытынды: Желтоқсан оқиғасы! Аз ғана уақытта әлем назарын аударған толқу күштеп басылғанмен, оның мәні мен маңызы енді еш уақытта өшпейді.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» – деп Ілияс Жансүгіріп атамыз айтқандай, бұларға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

Желтоқсан – ерлік тарихымыз.

Сондықтан, тындырылған іс орынды деп бағалаймыз.

  1. Президенттің жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісімен – «Алтын жұлдыз» тапсырылды.
  1. Сәбира, Ләззат, Ерболға «Ақтау жөніндегі анықтама»қағаздары берілді.

Желтоқсан қозғалысының ақ-қарасын айыруға ат салысқан азамат ақын Мұхтар Шаханов еді. Халықтық қолдау арқасында желтоқсан құрбандарына арнап ескерткіштер ашылып, көшелерге аттарын беріп, құрмет көрсетіліп жатыр.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік.

Концерт

  1. «Желтоқсан алауы» өлеңі.
  1. «Ызғарлы желтоқсан» өлеңі.
  1. «Жорға» биі. Бишілер тобы.
  1. «Атамекен» әні.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше