Жауынгер және жазушы Б. Момышұлы бейнесі арқылы оқушыларды батырлыққа тәрбиелеу.

Жауынгер және жазушы Б. Момышұлы бейнесі арқылы

оқушыларды батырлыққа тәрбиелеу.

Атырау облысы, Исатай ауданы ,Хамит Ерғалиев ауылы,

Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектеп.

Жоғары санатты , бастапқы әскери даярлықты

ұйымдастырушы- оқытушы Қабиев Парух Ғатауұлы.

«Біздің тарихымыз-батырға бай тарих,

халқымыз батырлықты биік дәріптеп,

азамат пен кісіліктің символы, үлгісі

санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-

ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек.

Өткенін білмеген, тәлім- тәрбие, ғибрат

алмаған халықтың ұрпағы түл, келешегі

тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы-батыр

халық».

Б. Момышұлы.

Кіндік қанымыз тамып, өскен өз Отанымызды қорғау әр азаматтың міндеті.Бұл халқымыздың әскери қызметшілерге білдірген үлкен сенімі.Ата-бабаларымызға арман болған егемендігіміз тұғырлы, баянды болу үшін ел Президенті Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Ұлттық қауіпсіздік дегеніміз аумақтың тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанның тәуелсіз егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету».(«Қазақстан-2030» Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы).

Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, Отаншылдықты, елжандылықты дарыту-қазіргі кезде көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» статегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде еліміздің тұтастығын, оның ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды Отаншылдық, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеуді жүктейді.

Бүгінгі өскелең ұрпаққа Отан сүйгіштік, ұлттық сана-сезім қажет. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талаптанумен сіңеді. Осы қасиеттерді ұрпақ бойына дарытатын- ұстаз, ата-ана, тәрбиеші, қоршаған орта екені даусыз.

Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзі Отан десек, оның мазмұны туған жер, ұлттық тіл, ұлттық дәстүр, олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерін ұялатып, ізгі ерлік істер қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы десек болады.

Әр балаға өз еліне деген патриоттық рух қалыптастыру үшін оның бай тарихына, болашағына деген жауапкершілік сездіретін әрекет жүйесін жасауымыз керек.Патриотизм өз-өзінен қалыптаспайды, бала кезінен «Қазақстан- менің Отаным, мен Отанымның алдында борыштармын» деген ойларды сіңіру қажет. Бүгінде оқушыларға отансүйгіштік тәрбие беруден халықтық дәстүрге негізделген батыр-бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін насихаттау барынша нығайып келеді. Елімізді білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде «Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру « туралы айтылады.

Қазақтың патриоттық, Отансүйгіштік тәрбиесі тереңнен тамыр тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүние тану көзқарасының, ақыл ойымен салт-дәстүр, мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпайынша, келер ұрпақты патриоттық Отан сүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырмайынша алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен қайратын жұмсайтын Отаншыл азаматтарды, яғни, нағыз патриоттарды тәрбиелеп шығару мүмкін емес.

Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Патриотизм Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын тікелей сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз- жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан: өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді».

«Алғашқы әскери дайындық»-өзінің атына сәйкес әскери өнер әліппесі. Болашақ жауынгердің әскери өнерді меңгеру сапасы да осы әліппеден басталатыны сөзсіз.Жастарды «әскери өнер әліппесіне» жүйелі, педагогикалық ,әдістемелік заңдылықтарды сақтай отырып тұрақты үйретсек, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына қазіргі заман талаптарына сай толыққанды нағыз сарбазда даярлап бере аламыз.

Ал оқыту процесіндегі бұл заңдылықтар сақталмаған жағдайда болашақ жауынгерлердің әскери даярлығының сапасыз болары да анық.

Қарулы Күштерге қандай сарбаз керек екендігіне жоғарыда тоқталдық, ал оны Бауыржан Момышұлы сөзімен айтсақ:

«…Оқыту дегеніміз не? Бұл- өте қатал түрде тәрбиелеу жолымен солдат кәсібінің («мамандығының» П.Қ.) техникасын үйрету. Барлық айла-тәсілдерді солдат снарядта жаттығу орындайтын гимнасттай дағдылы түрде істей беретіндей дәрежеге жеткізу керек» (Б. Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы, 1 том. 39-бет.Алматы, «Жазушы» баспасы 2004ж)

Жалпы білім беретін оқу орындарындағы «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің басты міндеті де осы талаптар деңгейінде болуы шарт.

Елбасының Жолдауынан және басқа да заңды күші бар қаулылардан туындайтын талаптарды орындау барысында алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту әдістемелерін жақсарту үшін көптеген ізденістер керек. Ол дегеніміз әскери білімді меңгерту, оқушылардың дене шынықтыру тәрбиесіне көңіл бөлу және жастардың бойына өз Отанына деген патриоттық сезімдерді қалыптастыру. Нәтижесінде мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шыққан түлектер әскер қатарына шақырылған кезде қысқа уақыттың ішінде аз ғана шығынмен әскери мамандықты меңгеріп, өз Отанының қорғаушысы болу.

Біз жазушы, тәлімгер Б. Момышұлының еңбектерін оқи отырып, оның шығармаларынан патриоттық тәрбиенің қайнар көзін табатынымыз айқын…

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі- Момыш, шешесі- Рәзия. Әкесі жаны жомарт, көзі ашық, көкірегі ояу кісі. Отбасыларында 4 қыздан кейін әкесі Момыш елуді еңсерген шағында Бауыржан дүниеге келіпті. Тәуіржан деген інісі бір жасында қайтыс болған. Әкесінен аздап хат таныған Бауыржан көрші Евгеньевка ауылындығы орыс мектебінде бір жыл оқып, келесі жылы Жамбыл қаласына келіп, бастауыш мектепті бітіреді.

1921 жылы Шымкенттегі жетіжылдық мектепке түсіп, 1928 жылы бітіреді. Жиырма жастан сәл асқан кезде ол міндетті әскери қызметке шақырылып, өзінің бүкіл болашағын Қызыл Армиямен мәңгілікке байланыстырды.

Бауыржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Ол лейтенант шенінен бастап полковник атағына дейін көтерілді, взвод, батальон, полк және дивизия басқарды.

Б. Момышұлы басқарған бөлімшелердің жау шабуылын қайтарып, көрсеткен ерліктері аз емес. Оның батырлығы және соғыс өнерін жетік білетіндігімен көзге түскені осы тұс.

1941 жылы Москва түбінде 27 рет сәтті шайқас жүргізді. Батырдың 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалғаны, 2 рет өлімші болып жараланғаны «Ақиқат пен аңыз» кітабында жазылған.

1955 жылы Армиямен қоштасты. 11 ай қызыл әскер, 14 ай взвод командирі, 9 ай атқыштар полк штабының бастағының орынбасары, 6 ай республикалық әскери комиссияның аға нұсқаушысы, 5 ай батальон орынбасары, 8 ай атқыштар полкінің командирі, 3 ай дивизия командирінің орынбасары, 6 ай дивизия командирі, 5 жыл әскери академияда әскери профессор болды.

1955 жылы қаруын қаламға айырбастап, азаматтық өмірге ауысқанда әдеби шығармаларымен де өз биігіне көтерілді.

Біз Бауыржан атамыздың сонау сұрапыл соғыс күндерінде қатыгез жаумен қалай шайқасқанын, азаматтық қасиеттерін майдангерлер ауызындағы сан-алуан естеліктер, кинофильмдер мен жыр жолдары арқылы Александр Бек пен Александр Кривицкий, Мәлік Ғабдуллин мен Алексей Кузнецов және Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары арқылы кеңінен білеміз.

Ұлы Отан соғысынды қазақ халқының ұлттық батырына айналған Бауыржан Момышұлы бұлтта ойнаған жасындай Москва түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан, ерен ерлігі мен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды.

Мәскеуде қазақтың қайсар ұлы, Кеңес Одағының Батыры Б. Момышұлы туралы орыс тілінде жарық көрген « Аңызға айналған батыр» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі болып өтті.Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында Мәскеуде №229 жалпы білім беретін орта мектептің аты берілді. Батырдың туғанына 100 жыл толу қарсаңында Мәскеу қаласындағы аталған мектептің берілуі де кездейсоқ емес.Крюкова стансасында орналасқан бұл мектеп Зеленоградтың орталығында тұр. 1941 жылғы қарашадағы Мәскеу үшін айқастың соңғы шебі де осында болған. 8-гвардиялық дивизияның Б. Момышұлы басқарған жауынгерлері жауды осы жерде Мәскеуге өткізбей кері қайтарған. Қазір мектепте батыр- Панфиловшыларға арналған музей бар. Онда Б. Момышұлына қатысты стенд жасалған.

Гвардия полковнигі Б. Момышұлының бұдан 68 жыл бұрын айтқан тарихи сөздері, бүгінгі егеменді еліміздің іргетасын нығайтуға, жастарды әскери өнерге тәрбиелеуге, Қазақстан туын жоғары ұстап, Отанын жаудан қорғауға дайын болуға, намысын аяққа таптатпай, жоғары ұстауға шақырады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процес білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамытуын қойып отыр. Қазіргі таңда педагогика ғылымының бір ерекшелігі баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруда.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында» оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдау да көп нұсқаулық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез-келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік бар.

Мен өз сабағымда оқытудың жаңа технологиялық әдістерінің ішінді педагогика ғылымдарының кандидаты Марал Мәденқызы Жанпейісованың Модульдік оқыту технологиясын пайдаланамын. «Алғашқы әскери дайындық сабағында баланы патриоттық, отансүйгіштік рухында тәрбиелеу» тақырыбында шығармашылық жұмыспен айналысып келемін.

Алғашқы әскери дайындық сабақтарында мен негізінен дифференциалды, ұжымдық және жұптық оқыту әдістерін қолданамын. Әсіресе, практикалық сабақтарда саптық даярлық бойынша сабақтар алдыңғы сабақтарда дағдыланған машықтардың ұмытылмауы үшін жүйелі түрде және бірдей уақыт аралықтарында өткіземін.

Әскери-патриоттық тәрбие жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, ұлттық армия сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге баулиды. Бала әрдайым өмірге қызыға қарайды, бәрін үйренгісі келеді, еліне керекті азамат болып өскісі келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жасөспірімдердің отансүйгіштік, елінің патриоты мен азаматы болып қалыптасуына көңіл бөліп отыр.Патриоттық тәрбие беру- оқушының саналы көзқарасын қалыптастыру. Алғашқы әскери дайындық пәнінің енгізілуі, оған байланысты әскери патриоттық тәрбиенің тереңдеуі, Отанымыздың саналы және белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға, талантты әскери кадрлар даярлауға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Жастарды Отанды қорғауға даярлау, жас азаматтардың патриоттық тәрбиесіне танымдары мен мінездерін қалыптастыру ауыр және сан қырлы процесс. «Отанды сүю отбасынан басталады», отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Патриот, ержүрек адамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеудің негізі мектепте қаланады.

Пәннің міндеті келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азамат даярлау. Сабақ барысында ұжымдық қорғаныс жұмыстарына, сабақтан тыс уақытта жаттығу жұмыстарын өткізуге аса көңіл бөлінеді. Ұжымдық қорғаныс жұмыстары алғашқы әскери дайындықты оқытудың негізгі бір бөлімі. Оқушылар теориялық сабақта алған білімдерін ұжымдық қорғаныс жұмыстары кезінде іске асырып, өздерінің білімдерін, біліктілік дағдыларын жетілдіреді.

Патриоттар даярлаудағы жауапкершілікті неғұрлым терң сезініп,бар мүмкіндікті пайдаланып, шыныққан шымыр отансүйгіш азаматтар даярлау ісіне АӘД пәні мұғалімдеріне үлкен талап қойылады, сондықтан оларға өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз, сонымен қатар білімді, тың ақпараттардан хабары мол болуы шарт.

Қазақ халқының тәрбие жүйесіндегі жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды.

Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстаннның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз-Қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру»-деп жазды.

Ұлттық негізде ерлік және жауынгерлік тәрбие беруге байланысты халық қаhарманы Б. Момышұлының « Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» атты мақаласында халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдарымен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне тоқтала келе, жоспарын ұсынады. Одан төрт тарау мысал келтірейік:

1.Әдет және әдеп. Үлкенді сыйлау, парыз бен ар-ұятты қасиет тұту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойын ұсынушылық, адамды бәрінен де ардақтау, адам бойындағы адамгершілік, Отанға, елге, халыққа, үй- ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді:

  1. Асық, жасырынбақ және жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, ширақтыққа, табандылыққа және басқа да жақсы жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейді;
  2. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Бәдік айтыс, той, айтыс тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер саласы. Бұл арқылы жасөспірімдер мен қыздар өлеңді суырып салып айтуға машықтанады, ауыз әдебиеті мен музикаға сүйіспеншілігін арттырады, ой- өрісін кеңітеді, өткірлік пен ептілікке үйренеді;

3.Көкпар, бәйге, аударыспақ- батылдыққа ,ептілікке баулып, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар. Бұл ойындар ер жігіттің бойында, Отан солдатына қажетті игілікті рыцарлық қасиетті тәрбиелейді.

Жас ұрпақты халқымыздың құнды еңбектерімен жасынан намысты, Отанын сүйетін, адамгершілігі терең етіп тәрбиелесек мерейіміз үстем болады деп ойлаймын.

Сабақты жоспарлау және оқыту әдістемелерін жетілдіру мақсатында әр тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып тарих, география, әдебиет, салауаттану және құқықтану пәндерін байланыстырып, жаңаша кіріктірілген сабақ өткізуге әбден негіз бар.

Оқушылардың бойына қайсарлық, батылдық және патриоттық сезімді қалыптастыруда тарихи жеке тұлғаларды, оның ішінді әскери қолбасшылардың белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты көрсеткен ерліктері мен соғыс тактикасындағы қолбасшылық өнерлерін дәріптеу оқушылардың жадында қалары сөзсіз. Мысалға: жас ұрпаққа өнеге болатын аттары аңызға айналған батыр бабаларымыз – Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев және Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыз тағы басқалары болмақ.

Оқушының әскери мамандыққа және пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін тарих пәнін тактикаалық дайындық тарауына , сонымен қоса патриоттық тәрбиеге негіз болатын тақырыптарға да қолдануға болады. Мысалы: 10- сыныпта «Қазіргі заманғы ұрыс сипаты» тақырыбын өткен кезде «Ұрыс дегеніміз не?» деген сұраққа «Ұрыс –соғысушы жақтардың ұйымдасқан түрдегі қарулы шайқасы, ұрыста әскерлердің қимылдары мақсаты мен уақыты жағынан бірлікте болады әрі шайқас онша үлкен емес, атыс және тактикалық кеңістікте өрістейді.

Ұрыстың басты да негізгі мақсаты- дұшпанның адам күшімен қару-жарағын жою, құрту. Дұшпанның қарсылық көрсете алмайтындай етіп сағын сындырып, моральдық күші мен қабілетін басып, жаншу, басқаша айтқанда, ұрыстың басты мақсаты-жаудың көзін жою…» (Бауыржан Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы, 1 –том, Алматы, «Жазушы», 2004 ж.94-95 беттер),- деп жауынгер атамыздың өз сөзімен жауап беруім ұтымды шықты.

«Қорғаныс дегеніміз не?» деген сұраққа қосымша 1941 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Кеңес әскерлерінің қорғаныс шептері туралы тарихи деректерді әңгіме түрінде айтып кетуге болады.

Мысалға: Брест қамалының қорғанысы, Москва түбіндегі қорғаныстар кезіндегі жауынгерлердің соғыс даласындағы асқан ерліктерін оқушылардың санасына суреттей отырып жеткізсек тақырыпты аша білгеніміз.

Білімділік пен тәрбиелік негізді басшылыққа ала отырып, бір тақырыптың деңгейіндегі сабақты жоспарладық дейік. Осы тақырыпты толық ашып бекіту үшін алғашқы әскери дайындық мұғалімі тарихи деректерді қолдана білуі керек. Тактикалық дайындық бөліміндегі тақырыптарды нәтижелі түрде ашып бекіте білудің тағы бір әдісі тақырыпқа байланысты көркем кинофильмдердегі оқиғаларды талқылау.

Жалпы әскери ұрыс әрекеттерін теориялық түрде жай бағдарлама мен оқулықтың негізінде түсіндірсек ол оқушыға ешқандай қызығушылық туғызбайды. Мысалы : « Бетпе-бет ұрыс», «шабуыл», «маневр түрлері, ұрыстағы атыс жүйесі деген түсініктерді алғаш оқығанда оқушылар жаттанды түрде түсінеді де, ой елегінен өткізе қорытындылай алмауы әбден мүмкін. Тақырыптың мазмұнын жаттанды түрде оқыту көбінесе оқушының есінде сақталып қалмайды.

Тактика- ұрыс жүргізу өнері өз алдына жеке бір ілім екенін түсіндіру мен оқушыларды еңбексүйгіштікке баулимыз, сондай-ақ ер жігітке әскери маман болу халық арасында үлкен құрмет екенін айтудың артықшылығы жоқ.

Мұғалім оқу бағдарламасының шеңберінде қалмай оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің немесе жолдастарының әскери және еңбек жолындағы ерліктің үлгісі болатын оқиғаларды айта отырса, оқушылар үлкен әсер алмақ.

Оқушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери жарғыларымен таныстырғанда әскери тәртіптің басқа мемлекеттік тәртіптен айырмашылығын, жарғылардың талаптары мен ерекшеліктерін айта отырып, еңбек заңындағы еңбек тәртібіне байланысты кейбір баптары мен салыстырмалы түрде түсіндіруге болады, бұл жерде құқықтану пәні мен байланыстылық қажет.

«Әскери тәрбиенің басты мақсаты жауынгердің бойында әскери қызметтің, жауынгерлік өмірдің қиындығы, мұқтаждығы мен ауыртпалығын жеңе алатындай қабілеттілікке тәрбиелеу, денесін , оның рухы мен еркін қиындықтан тайсалмайтындай етіп шынықтыру.Командирдің әміріне мойын ұсыну- бұл да ауыр нәрсе. Әскери тәрбиенің мәні қиындық пен ауыртпалықты, мұқтаждықты және қорқынышты жеңе аларлық қабілеттілікке баулу, тәрбиелеу, ал бұл тек парасатты адамның ғана қолынан келетін іс». (Бауыржан Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы, 1-том, Алматы, «Жазушы», 2004ж.36-37 беттер)

Сабақты талапқа сай ұйымдастыру, оқыту әдістерін жаңаша түрлендіріп өткізудегі мақсат білім берумен қоса патриотизмді қалыптастыру, Абай атамыз айтқандай, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру.

Сабақ өткізу кезінде жаңа технологиямен шығармашылық жұмысты байланыстырып өтемін. Сабақта заман талабына сай компьютер техникасы, интерактивті тақта, мультимедияны пайдаланамын.

Сабақтың тақырыбы: Бауыржан Момышұлы – батыр тұлға.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға Халық қаhарманы Бауыржан Момышұлы туралы жан-жақты

мәлімет бере отырып , білімдерін толықтыру.

Дамытушылық: Оқушының ой еркіндігін ояту, шығармашылық белсенділігін шыңдау. Бауыржан Момышұлының ерлігін дәріптей отырып, ойларын дамыту.

Тәрбиелік: а) Отанын , халқын сүюге, атамекенін қорғауға жетелеу.

ә) Ұлттық тәлім- тәрбие беру.

б) Саяси патриоттық тәрбие беру.

Пәнаралық байланыс: Тарих, әдебиет.

Сабақтың түрі: Кіріктірілген сабақ.

Сабақтың барысы:

1.Ұйымдастыру.

2. Интерактивті тақтадан: Бауыржан Момышұлының фотосуреті көрсетіледі.

3.Фоннан: мына өлең жолдары оқылады.

Кешіп өтіп кешегі от жалыннан,

Дүниеге ерлігімен танылған.

Кең жауырынды , Талғардай тік иықты,

Бөрі кеуде , бүркіт қабақ Бауыржан.

Қалтыраған отынан жау ордасы,

Панфиловтың жорықтағы жолдасы,

Даңқ туын майдандағы көтерген,

Гвардия бөлімінің қолбасы.

Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,

Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.

Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,

Тарихтың түпкірінен сөз келгенде- деп батыр атамыз өзі айтып кеткендей Бауыржан атамыз биыл 103 жасқа толып отыр.Арамызда өзі болмаса да «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай атаның артында ұрпағына мәңгі өлмес ерлік істері, мақал-мәтелдері, тау суындай мұралары қалды.

Оларды танып білу, зерделеу, зерттеу оқушылар үлесінде.

Ендеше бәріміз тік тұрып Қаhарман жазушы батырымызды 1 минут үнсіз еске алайық.

Үнсіздік.

Оқушылар бүгінгі сабақта атамызды жан-жақты тану мақсатында арамызға әдебиетшілер, тарихшылар, журналистер келіп отыр.Ендігі сөз кезегін тарихшыларға беремін.

1 тарихшы (оқушы):

Бауыржан Момышұлы – Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Көлбастау ауылында Момыш есімді азаматтың отбасында дүниеге келді. Анасының аты- Рәзия.Отызыншы жылдардың бас кезінен 1956 жылға дейін әскер сапында болды. Ал соғыс кезінде Алматы маңында жасақталған 316- шы атқыштар дивизиясы құрамында болды.

2 тарихшы (оқушы):

1941 жылдың күзінен бастап, соғыс аяқталғанға дейін талай-талай қиян-кескі шайқастарға қатысады. Батальонды, полкты, дивизияны басқара жүріп, ерекше қаhармандық және тапқырлық көрсетеді.

3 тарихшы (оқушы):

Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қатарында мыңдаған қазақстандықтар шайқасқан Кеңес жауынгерлері барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүргізді. Кеңес Қарулы Күштері орасан зор қиыншылықтарды жеңе отырып төтеп берді, күш жинап, жауды Москва түбінде алғаш рет ірі жеңіліске ұшыратты.

4 тарихшы (оқушы):

Москва үшін шайқасқа И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы қолбасшылық еткен батальонның жауынгерлері ерекше табандылық көрсетті.

5 тарихшы (оқушы):

Б. Момышұлы 207 ұрысқа қатысқан, 5 рет қоршауда жүріп шайқасқан, 2 рет ауыр жараланған.

Жалпы Ұлы Отан соғысында А. Матросовтың ерлігі-207 рет қайталанса, біздің панфиловшылардың ерлігін ешкім қайталай алмады. Москва түбінде фашистер 500 мың адамын жоғалтып, 1300 танктен айырылды, 2300 зеңбірек, 15 мыңнан астам машина мен басқа да техникаларынан айырылды. Мұндай шығынды фашистер көрмеген еді. «Біз жеңілмейміз!» деген фашистік армия шынымен талқандалды.

2 тарихшы (оқушы):

Бауыржан Момышұлы –әділ, өткір, шыншыл, қырағы, айбынды, арлы, рухы күшті әскери басшы.

4 тарихшы (оқушы):

Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысын аға лейтенант шенінде бастап, батальон командирі ретінде соғысып, соғысты полковник шенінде дивизия командирі болып аяқтады. Яғни Ұлы Отан соғысынан 9 гвардиялық дивизияның командирі болып оралды (оған 1945 жылдың басында тағайындалған болатын). Сонымен қатар Б. Момышұлы соғыстан кейін 1946 жылы Москвадағы әскери академияны бітірген тұңғыш қазақ.

2 тарихшы (оқушы):

Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерліктері үшін қазақстандық 497 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Оның ішінде бұл атаққа 1990 жылдың 11 желтоқсанында Б. Момышұлы да кешеуілдеп барып ие болды.

6 тарихшы (оқушы):

Бұл 1941 жыл еді. Қазақстандық генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен 1941 жылы 15 шілдеде Алматы облысы Талғар қазақ станциясында Қазақстан мен Қырғызстан ұландарынан 1073 атқыштар полкі жасақталды. Генерал Панфилов басқа полктардан ерекшелеп «Талғар полкі» деп ат қойды. Полк осы атымен Отан тағдыры қыл үстінде тұрғанда неміс басқыншыларына қарсы әділетті ұрысқа кірісті.

Журналист:

8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, майор Б. Момышұлына жауынгерлік мінездеме:

1910 жылы туған, 1942 жылдан БК(б)П мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік тегі-қызметші. Жалпы білімі орта, әскери білімі- бір жылдық.

1932-1934 жылдары Қызыл Армия қатарында әскери борышын атқарған.

1941 жылдың қыркүйегінен майданға аттанған. Қазақ халқының адал ұлы, өзінің Кеңес елінің абыройы мен тәуелсіздігін қолына қару алып қорғап жүрген, осы халықтың таңдаулы өкілдерінің бірі-майор Момышұлы үкімет наградасына ұсынылды.

Бауыржан(оқушы):

Панфиловтан бата алып,

Артыма ерді мың солдат.

Тағдырын маған тапсырып,

Ел ұлдары мың солдат.

Белуардан қан кешіп,

Жүзден аса соғыста

Бал орнына у ішіп,

Қан майданда қан кешіп,

Намыс туын көтердік.

Қимылдады мың батыры,

Мыңға татып бір батыр,

Атамекен жері үшін,

Қасиетті ел үшін,

Болмай қалар кім батыр!?

Ендігі сөз Б. Момышұлының жазушылық жағына тоқталу негізінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшара апайға беріледі.

-Оқушылар, Б.Момышұлы соғыс тақырыбында қалам тербеген талантты да, атақты жазушы ретінде тарихта қалғаны өздеріңе аян.

-Ендеше, Б.Момышұлының қаламынан шыққан шығармалар көп. Солардың бірегейін ғана атасақ «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Менің отбасым», «Майдандас достарым», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Адам қайраты», «Артымызда Москва», батыр бабамыздың өзі туралы жазылған А. Бектің «Арпалыс», «Волокалам тас жолы», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармалары дәлел. Енді оқушылардың зерттеп , ізденген жұмыстарына кезек берейін:

1-әдебиетші:

Бауыржан бабамыз соғыстан кейін жоғары әскери академияны бітіреді.1956 жылы демалысқа шығып, біржола шығармашылық жұмыспен айналысады.Ол орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазады. Оның «Біздің отбасы», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер» сияқты кітаптары бірнеше шетелдік тілдерге аударылып басылған.

2-әдебиетші:

Б. Момышұлы –ерекше тұлға. Сондықтан да ол туралы жазылған көркем шығармалар, өлең-жырлар, тіпті халық арасында кеңінен тараған ауызекі әңгімелер де көп-ақ. Соларда қазақ халқының осы біртуар азаматының білімділігі, дарындылығы, ерекше батылдығы, жарлы-жақыбайларға, кемтарларға аса қамқорлықпен қарайтыны, кем адамдарды ерекше сыйлайтындығы сияқты көптеген қасиеттері айтылады. Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан үзінді келтіре кетсем, ол кісі былай деді: «Кейде менің есіме, өнеге алған, тәлім үйреткен, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіре ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен әжем, ата-анамның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді».

3-әдебиетші:

«Жаным-арымның садағасы» деген сияқты ерекше мағынасы бар халық мақалы, орыстың кемеңгер қолбасшысы А.В.Суворовтың: «Әскери машықта азаптансаң, ұрыста қиналмайсың» деген тамаша қағидасы, Панфиловтың «Солдат жаумен шайқасқанда өлу үшін емес, өмір сүру үшін шайқасады» деген нақыл сөзі бабамыздың күнделікті іс-әрекетінде бұлжымас ереже, жетекші нұсқау болды.

4-әдебиетші:

Б. Момышұлы соғыс жылдарында қатал әскери бастық болып қана қоймай, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, дарынды да талантты сардары бола білді. Жауынгерлерді қан майданда халықтың қасиетті тапсырмасын, сүйікті Отанымыздың абзал аманатын абыроймен адал орындайтын жалынды патриоты етіп тәрбиелеу үшін Б. Момышұлы халықтың даналығынан туған мақал- мәтелдерді, қанатты сөздерді, өсиеттері мен қағидаларды кеңінен пайдаланып отырды. Бауыржан атамыздың мына қанатты сөздері: «Опасызда Отан жоқ», «Епсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды», «Командир-аға, солдат-іні» сөздері соған дәлел.

5-әдебиетші:

Қиян-кескі арпалыс тұсында Бауыржанның өзі де сол дәуірге дөп келетін көптеген нақыл сөздерді тудырып еді. Солардың біразын мысалға келтірейін:

1.Әдіссіздік- әлсіздік, ептілік те ерлік.

2.Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық!

3.Өжеттіктен не пайда, ерлігі мен ақылы көпті батыр етпесе!

4.Жігіт болсаң жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін.

5.Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.

6.Ашуыңа ақылыңды жеңдірме.

7.Хас батыр ұрпағы бардың арманы жоқ.

6-әдебиетші:

«Б.Момышұлы тек атақ-даңқы шыққан батыр ғана емес, терең ойлы, өзіндік пікір толғанысы бар, алғыр да тапқыр азамат»- деп бағалаған қазақ халқының заңғар жазушысы М. Әуезов.

Бауыржан (оқушы):

Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,

Я өліп,я болмаса өлтіретін.

Жүректе жанып тұрған жұлдызыңды,

Жандыратын болмаса сөндіретін.

Соғыста бір-ақ заң бар, мен білетін,

Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.

Жас қаның туған жерге босқа ақпасын,

Онсыз сен көре алмайсың жердің бетін!

1-журналист:

«Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады»- дейді Б.Момышұлы. Ол халықтың, ұрпақтың рухының сынбауын армандады.

Оның образы арқылы:

-Отанына деген сүйіспеншілікті, өз парызын шексіз қызмет етуді шыншылдықпен әділдікті, шыдамдылықпен төзімділікті, батылдық пен қаhармандықтың қандай қасиетті екенін ұғынамыз.

-Б. Момышұлының- жазушы, көрнекті қолбасшы болғанын батыр бойынан байқаймыз.

2-журналист: Қорыта келгенде, батыр ата Бауыржанды кім деп танимыз?

Оқушылар интерактивті тақтаға жазады.

қайсар бір сөзді

текті әулет ұрпағы өктем

айбатты көрег көреген

дана кісілікті тану

адал тура шешен

3-журналист:

-Енді Бауыржан дүниесін терең жинақтап , ғылым тілімен қандай баға беруге болады?

-Филология

-Этнопедагогика

-Этнопсихология

-Этномәдениет

-Этнофилософия

-Этнография-

сынды ғылым салаларын қамтиды.

Ал ендігі кезекте Бауыржан атамыздың туған жеріндегі мұражайға барған ауылымыздың азаматы Мағауия ағамыздың сол мұражайда түскен фото суреттерімен танысайық. (интерактивті тақтадан Мағауия ағамыздың мұражайда түскен фото суреттері көрсетіледі)

Мұғалімдердің қорытынды сөзі.

Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,

Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.

Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді.

Тарихтың түпкірінен сөз келгенде, –деп ақын, батыр атамыз жырлағандай ол кісіні дәріптеуді сабақ көлемінде ғана қолданбай, сабақтан тыс шараларда да насихаттадым.

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Бауыржан жұлдызды болған күн- қазақтың

жұлдызы жанған күн»

Мақсаты: Қазақтың қаhарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттау,оларды отансүйгіштікке баулу,Қарулы Күштер қатарына жан-жақты жастарды тәрбиелеу.

Міндеті:1.Халқымыздың ұлы перзенті , ерліктің ерен үлгісі болған Бауыржан Момышұлының өмірін үлгі тұту;

  1. Батыр ағаның ерліктері мен еңбектері арқылы өткен тарихымызға қызығушылығын арттыру;
  • Тарихи тұлғаларды құрметтеуге тәрбиелеу, оқушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулу, тарихи шығармалар арқылы ой-өрістерін кеңейту;

  • Көрнекіліктер:

    Б. Момышұлының суреті, интерактивті тақта, нақыл сөздер;

    «Ежелден ел тілегі-ер тілегі,

    Адал ұл ер боп туса- ел тілегі».

    «Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды».

    Тәрбие сағатының әдісі: 10а,б сынып взвод бөлімшелері арасындағы сайыс.

    Тәрбие сағатының түрі: кіріктірілген.

    Тәрбие сағатының құрылымы:

    1.Ұйымдастыру: «Ер есімі-ел есінде».

    2.Еске алу минуты- «Мәңгі ізің өшпейді»

    3.Танысу кезеңі «Мен білемін» ойыны.

    4.Тарихи мәлімет «Ұлы Отан соғысы жылдарында».

    5. «Біздің мәңгі есімізде». «Мұрагер» сайысы.

    6. « Мәңгі бейнең есімізде» (жыр шашу)

    Жүру барысы:

    1.Ұйымдастыру. Жүргізуші:

    Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біле отырып, болашаққа қадам басады. Болашаққа рухани мәдениетімен қатар ұрпағының ұлттық қасиеттерін сақтауды үлгі етеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тарихи оқиғалардың баса ауқымдысы Ұлы Отан соғысы. «Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деп дана халқымыз айтқандай, қан майдандарда қол бастап, елдің намысын жауға таптатпаған батыр бабаларымыз аз емес. Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты Кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында, сапында 30 ұлттың өкілі бар Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның 28 батыры Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ержүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған 10» «а» сынып оқушыларының дайындаған «Бауыржан жұлдызды болған күн-қазақтың жұлдызы жанған күн» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймын.

    Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелінсін!

    Әкелсін туын,көтеріп асқақ айбыным,

    Қуантып елді.жасартып мәңгі ай, күнін,

    Паш етіп жатқа қазақтың дархан байлығын!

    (Оқушылар Әнұранды орындайды. Туды оқу озаттары Ахметқали А, Сағидуллин М, Рамазан М әкеледі)

    2. «Мәңгі ізің өшпейді» тақырыбындағы еске алу минуты.

    Жүргізуші:

    Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан батыр аталарымызды орнымыздан тұрып, 1 минут үнсіздікпен еске алуларыңызды сұраймын. Рахмет, отырыңыздыр!

    3.Танысу кезеңі. «Мен білемін» ойыны.

    Жүргізуші:

    Әр оқушы өзінің аты-жөнімен бірге Кеңес Одағының және өзі білетін Атыраулық Кеңес одағының Батырларын айтады. Ал келесі оқушы алдыңғы оқушының айтқанын қайталап, өзін таныстыра отырып, бір Батырды қосып айтады. Кімде –кім қателеспей дұрыс айтса, жеңімпаз болады.

    Жүргізуші:

    Алғашқы әскери дайындықты ұйымдастырушы-оқытушы П. Қабиевке сөз кезегі беріледі.

    4. «Ұлы Отан соғысы жылдарында» (тарихи мәлімет)

    5. «Біздің мәңгі есімізде».

    Жүргізуші:

    -Біз Бауыржан Момышұлы туралы қаншалықты білетінімізді сайысу арқылы тексеріп көреміз. Бөлімшелер арасында «Мұрагер» сайысын өткіземіз. Әр бөлімшеге төмендегідей тапсырмалар беріледі.

    1 бөлімше: Бауыржан Момышұлының өмірі.

    2бөлімше: Б.Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі туралы деректер.

    3 бөлімше: Бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректер.

    «Өшпес ерлік-ұрпаққа мұра».

    1 бөлімше: 1) Бауыржан Момышұлының өмірі туралы деректермен Ахметқали Арайлым мультимедия проекторы арқылы баяндады.

    2) Көрініс: «Бауыржанның әскерге аттанар алдындағы бейнесі» (қатысушылар: автор, Бархан Борис Михайлович – республикалық банк меңгерушісі, Бауыржан және оның әкесі)

    Автор:Бауыржан амалсыздан үстіне әскери киім киіп, беліне наган асынып, командир болып шыға келді. Қызмет орнымен есептесіп, үйімен қоштасып қайту үшін оған бір апта уақыт берілді. Банк меңгерушісі өз кабинетіндегі барлық қызметкерлерді жинап, Бауыржанның әкесіндей мейірбандықпен сөз сөйледі.

    Банк меңгерушісі:– Міне , жолдастар, бүгін ортамыздан ең таңдаулы қызметкерлеріміздің бірін сүйікті армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз. Қымбатты Бауыржан, абыройлы болғайсың, қарағым. Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Біздің айтар өсиетіміз осы. Қызыл Армияның қатарында қызмет ету-совет азаматы үшін ең елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан тек сенің ғана еншіңе тиіп отыр. Жолың болсын, балам…

    Автор: Бауыржан екі айлық демалыс қаражатын алып, сексенге тақап қалған кәрі әкесімен қоштасу үшін Алматыдан шығып, Бурныйға тартады. Алыс жолға аттанар сәтінде әкесі Бауыржанға өзінің ақ батасын береді.

    Әкесі:-Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын.

    Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын.

    Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың,

    Найзадай болсын намысың.

    Ер жігітке бәрі сын.

    Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма,

    Қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!

    Бауыржанның монологы:

    Осы ақ батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін төбеме көтеріп келемін.

    2 бөлімше: 1) Мультимедиа проекторы арқылы Құбайдолла Жанерке Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі жайлы баяндайды.

    2) Көрініс «Бауыржанның жауынгерлік тұлғасы». (қатысушылар: автор, дивизия комиссары Егоров Сергей Александрович, Бауыржан Момышұлы)

    Автор: Жұрт жайғасқандай болып, дабыр басылғаннан кейін дивизия комиссары сөзге кірісті. Ол дивизияның екі айлық жауынгерлік жолына шолу жасады.

    Дивизия комиссары: – Бірақ , мен сіздерді мұны айтуға шақырғаным жоқ. Мен сіздерге басқа нәрсе айтқалы тұрмын. Ол мынадай мәселе. Осы қазір, сіздер мен біз аса ауыр ұрыстарды басымыздан кешіріп, демалысқа шыққан сәтімізде сонау Алматыдан жаңадан тағы бір ұлттық құрама жасақталып жатқан көрінеді. Ол құрама дивизия ма , бригада ма анығын білмеймін. Міне, осы құрамаға сіздерді жіберу туралы бұйрық келді. Сіздерге елге барып, сол құраманың жауынгерлін үйретіп, содан кейін соғысқа бастап келу міндеті жүктелетін көрінеді. Кәне, бұған сіздер қалай қарайсыздар?

    Автор: Мұны естігенде алғашында жауынгерлер үнсіз қалды. Одан кейін әркімдердің өзара күбірі білінді. Ешкім дыбыс шығарып, комиссардың сұрағына тікелей жауап бермеді. Сол кезде өзгеше бір өктем үн саңқ ете қалды.

    Бауыржан: – Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! Мен солдатпын. Мен бұйрыққа бағынамын. Егер біздің жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы қазір-ақ Алматыға қарай тата беремін. Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. 8-ші гвардиялық дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қызыл қанымыз қалды. Дивизияның гвардия атағын алуға бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Осы дивизия құрыған жерде біздің де бәріміз қалмай құрып бітуіміз керек! Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Жауынгерлік ар-намыс менен осында , жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етті.

    Дивизия комиссары: Мен Сізді ұқтым, жолдас Момышұлы! Ұқтым. Тағы кімде пікір бар?

    Автор: Жауынгерлердің бәрі де осы пікірге қосылатындықтарын айтты. Ал Егоров болса үзеңгілес болған жігіттерінен айырылып қаламын ба деп іштей сасқалақтап отырды.

    3 бөлімше: 1) Батыр ағаның бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректермен Сағидоллина Мөлдір таныстырды.

    2) Көрініс: «Бауыржанның ақындық тұлғасы немесе бейбіт күнде Жамбылмен кездесуі».

    (қатысушылар: автор, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы)

    Автор: Сол күні кешке Сәбит пен Бауыржан Ұзынағашқа барды. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем берді. Жамбыл Сәбитке сығырая қарады.

    Сәбит:– Ассалаумағалейкум, тәте! Мынау майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген балаңыз. Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Сізге арнайы сәлем бере келді.

    Жамбыл:– Түсі тым суық екен, болса болар! Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы?

    Бауыржан:– Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Жүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен- оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке.

    Автор: Бауыржанға риза болған ақсақал өзінің ақ батасын береді.

    Жамбыл:– Әй, Сәбит, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен. Жайыңдар алақандарыңды, батамды беріп жіберейін.

    Әумин!

    Батрдың жолы болсын!

    Самғаған қолы болсын!

    Түсі де суық екен,

    Ісі де долы болсын, аллауәкпар!

    6. «Мәңгі бейнең есімізде!» (жыр шашу)

    Жүргізуші:

    Жыр оқимын,

    Жүрегім дүрсілдеп мен.

    Ерлігі қайталанбас батырларды

    Ақындар жырға қосып

    Жүрсін көптен.

    1) Қалижан Бекхожин «Атыңды мен естідім»

    2) Мұқағали Мақатаев «Ақ тұлпарым бар еді саған деген»

    3) Мыңбай Рәш «Ерлік дастаны»

    4) Сырбай Мәуленов «Батыр ағам Бауыржанға»

    5) Қасым Аманжолов «Бауыржан»

    6) Т. Әб»шұлы «Абзал аға»

    7. Қорытынды.

    Жүргізуші:

    Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,

    Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,- деп Сұлтанмахмұт жырлағандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын ұмытуға еш құқымыз жоқ. Біздер сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз. Бауыржан атаға арнаған 10-сынып оқушысы Ерсайынова Гүлфанидің өлеңін ұсынамын:

    Ақыл, сөзді көңілге түйіп алғандаймын,

    Көк жүзінде қыран болып самғаймын.

    Ұлы жолын Бауыржандай атамның,

    Жаңа ғасыр ұланы болып жалғаймын.

    Тербейді мені бейбітшілік жыр әні,

    Қалықтасын халқымның ән-ұраны.

    Бауыржан атындағы мектептерде,

    Өсіп келед Бауыржаншыл қыраны.

    Ата сөзін әрқашанда құп алам,

    Оттай лаулап жанатұғын мен болам.

    Егеменді тәуелсіз Қазақстанымның,

    Лаулап жанған Бауыржаншыл қызы болам!

    Жүргізуші: 1990 жылы ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысы бойынша Бауыржан Момышұлына Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Осы атақ берілген кездегі сөзінде Н. Ә. Назарбаев «Бауыржан жұлдызды болған күн-қазақтың жұлдызы жанған күн», – деп толғана айтқан еді. Жас ұрпақ осы ұлылардан үлгі алуы үшін халқымыздың, еліміздің аты тірі кезінде-ақ аңызға айналған Батыр Бауыржан Момышұлы ерлігі мен даңқы туралы сөз қозғадық, еске түсірдік. Жас ұрпақты ұлы адамдардың өмірінен үлгі алуға, ұлы істерге бастау, олардың әрқайсысын Ұлы тұлға етіп өсіруге баулу мақсатында Бауыржан Момышұлының ерлігіне арналған тәрбие сағаты өз мәресіне жетті.Белсене қатысқан барлық оқушыларға рақмет!

    «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей баяндамамды қорыта келе , туған елін, жерін сүйетін, Отанын қорғайтын білімді, саналы, рухани бай, мәдениетті, үлкенді сыйлап, салт-дәстүрлерді қастерлейтін азамат етіп тәрбиелеу- басты міндетіміз. Қазақ халқы намысты қолдан жібермеген, ержүрек халық. Батыр халықтың ұрпағы екендігімізге мақтануымыз керек. Ата –бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді жалғастыруымыз біздің басты мақсатымыз болып табылады. Біз, жазушы, жауынгер

    Б. Момышұлының еңбектерін оқи отырып оның шығармаларынан патриоттық тәрбиенің қайнар көзін табатынымыз айқын. Елім, жерім, Отаным дейтін намысты ту қылып ұстаған, Отанымызға шын берілген адал ұлдарымыз болса, Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз.

    Ендеше батыр ,қолбасшы Б. Момышұлының тұла бойы тұнған талант, сол талантты атамыздың еңбегін өмірімізге шамшырақ ете білейік.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1.Б. Момышұлы екі томдық шығармалар жинағы, 1,2- том.

    Алматы. «Жазушы» 2004 жыл.

    1. Қазақстан мектебі журналы 2008 жыл. №1, 7, 9
  • Алғашқы әскери дайындық оқулығы. Алматы «Мектеп» 2006 жыл.

  • «Алғашқы әскери дайындық. Өмір қауіпсіздігі негіздері» журналдары

  • 2009 жыл № 2,3,4,6. 2008 жыл №1,2.

    1. «Алғашқы әскери дайындық» журналдары 2007 жыл №1, 2006 жыл №2,

    2005 жыл №2.

    Добавить комментарий

    Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

    Больше на

    Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

    Читать дальше