Қалалық ғылыми-практикалық конференция
Қалалық ғылыми-практикалық конференция
Баяндама
| Ғизатова Ләззат Әдиқызы
Қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Бесікті орта мектебі Атырау қаласы |
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ руханиятының көсемі
Асыл қазынамыз, ана тіліміз қазақ тіл білімі сондай – ақ ғылыми терминология туралы ой толғасақ, Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтпай кету мүмкін емес. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері, ғылыми педагогикалық, ағартушылық және ғылыми ұйымдастырушылық қызметі, қайраткерлігі қазақ тілінің, оның терминологиялық қорының дамуының тұтастай бір кезеңін қамтиды. Осы кезеңдегі тілдік тарихи деректерге сүйене отырып, біз, ғылымның озық ойларын, тәжірибесін іс жүзіне асыра аламыз. Ол бастаған сара жолды, дәстүрді сабақтастыру үшін ғалым мұрасын жан жақты зерделесек, оның маңыздылығы болашақта да көрініс табары сөзсіз.
«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл – шама қадірінше жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын…» деп, (А.Байтұрсынов шығармалар Алматы, 1989) тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан – теңіз. Біз алдымен Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімін дамытуғаы ролі мен шығармалар жинағына талдау жасап көрелік.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ғасырдың басындағы ұлт – азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Тұтас буынның төл басы болған Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы кітабы «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршылдарының зорлық- зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Ахмет Байтұрсынұлы мысал жанрының, қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы азаматтық сананың оянуына ықпал етті. Ақынның кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып шығып жұртшылықты оқуға, өнер білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеуге арналды. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл демократтық дәрежеге көтерді. Сондай – ақ Ахмет Байтұрсынұлы қазақ еліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Ахмет Байтұрсынұлының тақырыпты, идеялық көркемдік деңгейі жоғары туындылары. Ел тағыдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарынның рухани көсемі болды. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, сөзі аз мағынасы көп, тереңдігін» сыншыдығын ұғындырды. Ахмет Байтұрсынұлының Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми теориялық еңбек. Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздері термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау т.б. ғылыми теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірлеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектету, кескіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығармашылық психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап,шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. Мысалы, діндар, дәуір сындар дәуір. «Әдебиет танытқыш» сан сапалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап түсіндірген ғылыми зерттеу. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айырықша «Ер Сайын» жыры мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет тіліне негіз етіп, ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып, кететіндігін» айтты.
Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтану рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Ахмет Байтұрсынұлы әлеуметтік мәселелерге, қоғадық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демократиялық құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси әлеуметтік жағдай, оқу – ағарту, халықтың тұрмыс тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан – жақты әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде, құрылтайында араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан – жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылыми білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Бұл оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізгі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау – тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыруда ұсынған бағыты, қалыптастырған қағидаттарын айтар болсақ, біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Кез – келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізгін қалаушы ғалым ретінде Ахмет Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған.
Екіншіден, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым, осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған. Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін жүздеген әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән дефинциясын да (ғылыми анықтамасын) берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзін ғана тән белгілерін айқын көрсетумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы, Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа – соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады. (Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары – Алматы, 1989 – 192б).
Үшіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылыми салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысып, көптеген терминдер жасаған ғалым. Ғалымның термин шығармашылығындағы қызметінің бір ғана ғылым саласымен шектелмейтіндігі оның жалпы қазақ терминологиясын қалыптастырудағы орнының айрықша екендігін көрсетеді. Алайда Ахмет Байтұрсынұлының қазақ терминологиясының қалыптасуына қосқан үлесі бұлармен ғана бітпейді.
Оның Қазақстан ғылымын ұйымдастырушылардың бірі ғана емес, солардың ішіндегі аса ірі, біргей екендігін дәлелдейтін деректер ғалым мұрасына тереңірек үңілген сайын табыла береді.
Төртіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтап, оларды өзінің терминжасам тәжірибесінде кеңінен пайдаланған ғалым. Терминжасам тәсілдерінің аражігі ашылып, олардың термин шығармашылығында іске қосылуын қазақ тілі грамматикасының (сарфы) жазылуымен тікелей байланыста қарастырған жөн. Бүгінгі терминжасам тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігіне қарамастан, ол негізінен қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің құрамына енеді.
Ахмет Байтұрсынұлының жасаған терминдерінің өміршең болуының сыры – оның ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан келуінде жатыр. Ол қазақ тіліндегі сөз тудырушы жұрнақтарды, байырғы лексикалық қорды, жалпы сөз тудыру тәсілдерін ұтымды, шебер пайдалана білді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлының айтуға ыңғайлы, естуге жағымды, көңілге қонымды атаулары мен терминдері уақыт өткен сайын маңыздылығын арттырып, ұрпақтан – ұрпаққа қызмет етіп келеді.
