Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық мәдени сипаты

Атырау қаласы. Жалпы білім беретін № 6 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Аманова Жанар Жұмажанқызы

Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің

ұлттық мәдени сипаты

Тіл біліміндегі салыстырмалы-салғастырмалы әдісті қолдану арқылы әртүрлі туыстас және туыстас емес тілдердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, фразеологиялық т.б. жүйелерін салыстырып, салғастырып зерттеуге болады. Бұл әдістің түп төркіні ХІХ ғасырдың басынан бастап туыстас тілдер семьясы мен тобы, олардың туыстық қатынасы мен дәрежесін зерттеуге арналған салыстырмалы-тарихи әдісте жатыр. Кейіннен осы атақты әдістің нәтижелері мен деректерін есепке ала отырып, тіл білімінің жаңа принциптері айқындалды, бұрынғы деректер жаңа мәліметтермен толықтырылды. ХХ ғасырда салыстырмалы әдіс арқылы туыстас емес тілдерді де салғастыра зерттеуге болады және зерттеу керек деген пікір кең өріс алды.

Тіл білімінің басқа салалары сияқты фразеология да бүгінгі таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып отыр. Фразеология саласын тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастыруда, оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасауда көптеген отандық және шетелдік ғалым-фразеологтардың еңбектері ерекше орын алады. Н.И.Амосова, А.В.Кунин, И.И.Чернышева, В.Флейшер (W.Fleischer), М.М.Копыленко, І.Кеңесбаев, А.Т.Қайдар, А.Д. Райхштейн, С.Е.Исабеков, С.К.Сатенова, З.Қ.Ахметжанова, Д.Добровольский, М.Сабитова, К.К.Дүйсекова т.б. атақты ғалымдардың жалпы және салғастырмалы фразеология мәселелеріне арнап жазған құнды-құнды еңбектері жарық көрді.

Еліміз егемендік алып, әлемдік өркениет биігіне ұмтылып отырған заманда, жоғары дамыған Еуропа елдерімен саяси, экономикалық, мәдениаралық қарым-қатынастың дамып отырған уақытында – қазақ тілін Еуропаның беделді тілдерінің бірі ағылшын тілімен салғастыра зерттеу – баға жетпес құнды дүние.

Соңғы 10-15 жыл ішінде қазақ тілі фразеологиясын герман (неміс, ағылшын) тілдері фразеологиясымен салғастыра зерттеуге арналған бірталай жұмыстар жарық көрді (Карбозова Г., Арғынғазина Ш., Оспанова Ф., Молдасанова А., Қапышева Г., Атаханова Р., Мықтыбаева Т. және т.б.).

Тіл бірліктерін «этнос (адам) – тіл – мәдениет» үштігіне сүйеніп зерттеу үрдісі тіл білімінің этнолингвистика, тіл арқылы ел тану, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттарына жол ашты. Аталған бағыттардың негізінде адамның тілі мен мәдениетінің өзара байланысы мәселесі жатыр. Тіл мен халықтың, оның мәдениетінің арасындағы тікелей байланыс халықтың рухынан, тілінен көрініс табады. Олай болса, тілді зерттегенде оны сол халықтың рухани байлығымен, мәдениетімен байланыстыра зерттеу қажет.

Тілді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің өкшесін баса өз бастауын алған жаңа бағыттардың бірі – тіл арқылы ел тану. Фразеология саласында бұл бағыттың алар орны ерекше, өйткені әр тілдің фразеологизмінде үлкен мазмұн – халық өмірі, мәдениеті бар. Фразеологизм мағынасындағы елтану потенциясының пайда болу принциптері тіл арқылы елтану бағытының еншісі болып табылады. Тіл арқылы елтану теориясының пайда болып дамуы фразеология саласын жаңа қырынан, яғни фразеологизмдерді кез келген халықтың ұлттық мәдени дамуының айнасы ретінде қарастыруға мол мүмкіндік береді.

Тіл мен мәдениет арақатынасын зерттейтін тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі – лингвомәдениеттану. Лингвомәдениеттану – қазіргі тіл білімінде кеңінен қолданыс тауып келе жатқан антропоцентристік бағытпен, яғни сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, тілдің функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық процестермен байланыстыра зерттеу үрдісінің нәтижесі болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейді.

Лингвомәдениеттану ғылымының алғышарттары В.фон. Гумбольдтың тіл мен мәдениеттің өзара байланысы идеясы және Э.Сепир мен Б.Уорфтың «тілдік ықтималдылық болжамымен» ұштасып жатыр. Қазіргі тіл білімінде ерекше дамып келе жатқан когнитивті лингвистиканың негізінде тілді – адам дүниетанымының кілті, адам санасында ғалам туралы түсінікті құраушы, таным модельдері арқылы ашылатын білімнің коды, шындық пен шындықты игеруші сана арасындағы дәнекер, сондай-ақ сана қызметінің нәтижесі деп қарайтын когнитивтік көзқарас жатыр.

Фразеологиялық теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен өзінің логикалық құрылымы, компаративті мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді. Фразеологиялық теңеулер табиғатын зерттеуде фразеологиялық теңеу мен метафораның өзара байланысы, ұқсастығы мен айырмашылықтарына тоқталу қажет. Осы мәселеге арналған ғылыми еңбектерде фразеологиялық теңеулер мен метафоралар тілде қатар қолданылады, себебі олар өзара тығыз байланысты деген пікір бар. Теңеу мен метафораның ортақтығы – олардың заттар мен құбылыстар негізінде фразеологиялық ассоциация жасауынан көрінеді. Алайда, оларды мазмұн жағынан ажыратып қарастырған жөн. Теңеуде салыстырушы теңеу заты және оған қажетті негіз бар. Ал метафораға ондай негіз қажет емес. Фразеологиялық теңеулер екі затты салыстырудың нәтижесі болса, метафоралар – олардың ұқсастығының нәтижесі She is a fox – ол түлкі; She is as sly as a fox – ол түлкідей қу, айлакер.

Фразеологиялық теңеулер кез келген тілдің фразеологиялық қорының елеулі бөлігін құрайды. Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан логика-философиялық және лингвистикалық категориялардың санатына жатады.

Фразеологизмдердің фразеологиялық мағынасы олардың ішкі мағыналық құрылымында жатқан бейне арқылы уәжделеді. Мысалы, қазақ тіліндегі құмырсқадай құжынаған, құмға сіңген судай, сүліктей жабысты, ағылшын тіліндегі dumb as a fish (балықтай тілсіз), as brave as a lion (арыстандай айбатты), dance like an elephant (пілше билеу) сияқты тіркестердің фразеологиялық мағыналарының ішкі формасы айқын, яғни олардың мағыналары ішкі формалары арқылы уәжделіп қалыптасқан.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық макротопқа жатады, олардың мағынасы адам мен оны қоршаған әлемнің өзара әрекетін бейнелейді. Фразеологиялық теңеулердің негізінде адам өмірі мен қызметінің тұстарын бейнелейтініне байланысты екі тілде олардың төмендегідей мағыналық-тақырыптық топтары анықталды:

1. Адам мінезі мен ақыл-ой қабілетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: Қарабайдай қатыгез, дала бүркітіндей қырағы; Ағыл.: a memory like an elephant (сөзбе-сөз: есі пілдей), яғни еске сақтау қабілеті жоғары, тамаша, as blunt as a hammer (сөзбе-сөз: балғадай ақымақ) яғни топас, т.б. 2. Адамның жағдай-күйіне байланысты ФТ-лер: Қаз.: сең соққан балықтай, жарасын жалаған иттей, жаралы арыстандай аласұрды; Ағыл.: as miserable as a bandicoot – (қалталы қөртышқандай) – бақытсыз, аянышты, as still as a mouse – тышқандай жасырынып тұру т.б. 3. Адамның сыртқы келбетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қырмызыдай ажарлы, ақ маралдай әдемі; Ағыл.: as fair as a lily – лилия гүліндей сұлу.4. Адамның өмірі мен қызметін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: түлкі қуған тазыдай соңына түсу, ит пен мысықтай өмір сүру; Ағыл.: as thick as thieves (бір-біріне ұрылардай жақын болу) – жан дос, айырылмас дос, to live like cat and dog – мысық пен иттей өмір сүру. 5. Адамның эмоциялық жағдайын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: найза үстінде отырғандай, тышқан алған мысықтай;Ағыл.: to shake /quake/ tremble like an aspen leaf – көк теректің жапырағындай қалтырау, to sit on a powder keg – оқ-дәріге толы бөшкенің (күбінің) үстінде отырғандай. 6. Адамның басқа бір адамға немесе затқа қатынасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: жыландай жек көру, құлындай шыңғырту, қойдай бауыздау; Ағыл.: hate smb like poison – біреуді удай жек көру.7. Құбылыстар мен заттардың сапасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: көздің жасындай таза (мөлдір), жаман түйенің жабуындай (келіссіз). Ағыл.: fresh as a daisy – маргаритка гүліндей жас, жаңа, cold as a frog – құрбақадай суық. 8. Түсті сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: ақ бөкеннің таңындай, орман түлкісіндей қызыл, сүттей ақ; Ағыл.: as white as driven snow/as milk – қардай/сүттей ақ, as red as a turkey-cock – күрке тауықтың айдарындай қызыл. 9. Адамның тамақтану процесін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бурадай қарш-қарш шайнау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: eat like a pig – шошқадай ішіп-жеу, drink like a fish – балықша ішу. 10. Заттар мен құбылыстардың көлемін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қойдың құмалағындай, ешкінің асығындай, иненің жасуындай; Ағыл.: as light as a drum – барабандай жеңіл.11. Арақашықтықты сипаттайтын ФТ-лер: Қаз.: есік пен төрдей, ат шаптырымдай жер, қозы/қой өрісіндей жер. Ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулерінің біз жинаған материал ішінде бұл топқа жататындары кездеспеді. 12. Уақытты сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бие сауымдай уақыт, сүт қайнатымдай уақыт, қас қаққандай. Аталмыш топқа да ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулері біз қарастырған материал арасынан кездеспеді.

Теңеу бейнесі қызметін орындаушы семалар негізінде қазақ және ағылшын тілдерінде фразеологиялық теңелеурдің мынадай топтары анықталды:

1. Күнделікті тұтыну заттар атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: сабынша бұзылу, тозған бөздей ыдырау; Ағыл.: to fit like a glove – қолғаптай дәл), as fat as butter – сары майдай толық. 2. Үй жануарлары атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тағасыз аттай тайғанау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: stubborn as a mule – есектей қиқар, squeal like a stuck pig – шала бауыздалған шошқадай шыңғыру. 3. Табиғат және қоршаған орта құбылыстарының атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: бұлттай сұрлану, жауар күндей түнеру, желдей есу; Ағыл.: look like thunder – күннің күркіреуіндей көріну, яғни ашулы, ызалы, like greased lightning – найзағайдай шапшаң, жылдам. 4. Аң атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қойға тиген қасқырдай, ақ маралдай керілу, жолбарыстай білекті; Ағыл.: as agile as a monkey – маймылдай икемді, as cross as a bear – аюдай ашулы, as cunning as a fox – түлкідей айлалы. 5. Құс атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: торға түскен қырандай, бұлбұлдай сайрау, жүнін жұлған тырнадай; Ағыл.: as drunk as (a boiled) an owl – жапалақтай мас, as gay as a lark – бозторғайдай көңілді, as a mild as a dove – көгершіндей жұмсақ. 6. Жәндік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қара құрттай қаптау, шыбындай қырылу, аш кенедей жабысу; Ағыл.: as merry as a grig – көк шегірткедей көңілді, ants in one’s pants – шалбар киген құмырсқадай, яғни ыңғайсыз, мазасыз сезіну. 7.Өсімдік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тікендей қадалау, қызыл гүлдей құлпыру, жел соққан қамыстай жапырылу; Ағыл.: grow up like mushrooms – саңырауқұлақтай өсу, көбею, shake as a leaf – жапырақтай дірілдеу, stick to smb like a bur – біреуге ошағандай жабысу. 8. Діни атауларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: жын ұрғандай жұлқыну, көктен түскен періштедей, иманындай сақтады. Ағыл.: a certain as preachig – діни уағыздай шын, айқын, as safe as a church – шіркеудей сенімді, берік, as ugly as sin – күнәдай үрейлі, қорқынышты. 9. Азық-түлік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: айрандай ұйып отыру, бал қаймақтай, балға ашытқан қымыздай. Ағыл.: as brown as a berry – жидектей қоңыр, яғни күнге күйген, as full as an egg is of meat – етке толы жұмыртқадай толық, толы, толтырылған. 10. Ауру атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: сүзектен тұрғандай. Ағыл.: avoid like the leper – алапес ауруынан қашқандай, to avoid someone or smth like the plague – чума ауруынан қашқандай. 11. Балық атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: ақ сазандай бұлқынды, тұмсығы тасқа тиген бекіредей, шабақтай шүпірлету; Ағыл.: as flat as a flounder – камбала балықтай теп-тегіс, жазық, close/dumb as an oyster – устрицадай үндемеу, мылқау, аузын ашпау, swim like a fish – балықтай жүзу. 12. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: Абылай аспас асудай, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ; Ағыл.: as game as Ned Kelly – Нед Келлидей күшті. Нед Келли атақты қарақшы, as old as Methuselah – Мафусаилдай (библия кейіпкері) кәрі, ескі, as pleased as Punch – Панчодай (көше кезіп жүретін қуыршақ театрының кейіпкері) разы, риза.

Келтірілген мысалдардан теңеу бейнесінің негізі ретінде екі тілде әр түрлі мағыналық топтардың құрамына кіретін атаулар қолданылатыны көрінеді. Олардың қолдану аясында әр тілге тән ерекшеліктермен қатар, екі тілге де ортақ белгілері де кездеседі.

Қорыта айтқанда,құрылымы әр түрлі ағылшын және қазақ тілдерінің сөздік қорындағы сан алуан атаулардың ішінде өте жиі қолданылатын, мағынаға бай, қолданыс ауқымы кең тілдік бірліктердің бірі – фразеологиялық теңеулер.

Фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі ұлттық негізді арқау ете отырып пайда болған. Олар –ұлт өмірінің айнасы, сондықтан да бойында сақталған ұлттық мәдени негіздерге сүйенеді, себебі өркениеттің өрісі қаншалықты екені де тілден бөлек дүние емес. Ендеше ұлт мәдениеті ұлт тілінен бөлінбейді. Тіл мен мәдениет – өркениет дамуының ең алғашқы кезеңдерінен бастап үйлесімділік пен сәйкестікте өмір сүріп келе жатқан құбылыс.

Тілі, ділі, мәдениеті, дүниетанымдық көзқарасы әр түрлі ағылшын және қазақ халықтарының фразеологиялық теңеулері жан-жақты, құрылымы, ішкі форма, аялық білім, жалғаса туындаған ауыспалы мағына, концепт, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу нәтижесінде тіл-тілге тән ортақ заңдылықтар, жалпыхалықтық рухани дүниелер, ұлттарға тән танымдық ерекшеліктер т.б. жөнінде бірқатар жаңа мағлұматтарға қол жеткізілді.

Ағылшын және қазақ тілдері фразеологиялық теңеулерін тақырыптық тұрғыдан топтастырғанда теңеу образы ретінде келетін екі тілдегі атаулардың кездесу жиілігі мен арақатынасында айырмашылықтар бары анықталды.

Фразеологиялық теңеулердің ұлттық белгісі олардың мағыналық ерекшеліктерінен айқын көрініс табады, себебі кез келген халықтың бүкіл мәдени және психологиялық күрделі кешенін оның қайталанбас ойлау тәсілін жинақтайды. Дегенмен екі тілге ортақ бейнелерге ие фразеологиялық теңеулер кездесетіні байқалады. Бұл құбылыс қазақ және ағылшын халықтарының дүниетанымдағы кейбір түсінік ұқсастығын дәлелдейді.

Екі тілдегі фразеологиялық теңеулердің пайда болу көздері әр халықтың тарихымен, заттық және рухани мәдениетімен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың мағыналарын, тарихи-этимологиялық көздерін лингвомәдени және лингвокогнитивтік талдау жүргізу арқылы ғана ашуға болады.

Фразеологиялық теңеулердегі жеке көріністер тек сол тілге ғана тән ерекшеліктермен сипатталып, ұлттық нақышпен бейнеленеді. Олардың лингвомәдени және танымдық сипатын ашу ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктерін танып білуге септігін тигізеді.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. – М., 1984. -370 с.

  2. Вайсгербер Л. Родной язык и формирование духа. – М., 1993. – 236 с.

  3. Сулейменова Э.Д. Казахский и русский языки: Основы контрастивной лингвистики. – Алматы, 1996. – 207 с.

  4. Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі. – 1998. – 304 б.

  5. Исабеков С.Е. Картина Мира во фразеологических единицах неродственных языков // Актуальные проблемы межкультурной коммуникации и перевода. – Алматы, 2001. – С.13-17.

  6. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті: Автореф.дисс. … филол.ғ.д. – Алматы, 2004. – 50б.

  7. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978. – 192 б.

  8. Ғабитов Т. Лингвомәдениеттануға кіріспе. – Алматы, 1996. – 128 б.

  9. Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным, 2001. – №4, – 39-44 бб.

  10. Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико-фразеологической системе языка. – Воронеж, 1996. – 104 с.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше