АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТЫН СҮЙГЕН АҚЫН
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТЫН СҮЙГЕН АҚЫН
Байсунова Шариза Аляйдаровна
№17 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ахмет Байтұрсынұлы – қоғам қайраткері, ақын, қазақ тілі білімі мен әдебиеттануының реформаторы. Халқымыздың біртуар перзенті, ұлт азаттық қозғалыстың көсемі «Алаш» партиясының, «Арашорда» ұлттық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткер, лингвист, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым, ақын-аудармашы, «Қазақ» газетінің (1913-1918) ұйымдастырушысы әрі бас редакторы, Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1938) қазіргі Қостанай облысындағы Сартүбек (Торғай уезінің Тосын болысының №5 ауылы) деген жерде дүниеге келген. Әкесі – Байтұрсын Шошақұлы беделді, әділетті кісі болған. Жергілікті уездің бастығына қарсылық көрсеткені үшін бас бостандығынан айрылып, 15 жылға Сібірге жер аударылады. Ахмет әкесінің інісі Ерғезының тәрбиесінде болады. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ елінің тарихында зор бетбұрыс жасаған өзгерістердің ұйытқысы болғаны баршаға мәлім. Күрескер азамат қалың қазақ бұқарасының мұң-мұқтажын көздеген ойларға толы мақалалар, өлеңдер жазады, бүкіл саналы ғұмырын халықтың білімін, рухани санасын көтеруге, намысын маса боп шағып оятуға арнайды.
Қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлы – Алаш партиясының жетекшілерінің бірі болып, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігі үшін саяси күресте шыныққан тарихи тұлға. 1910-1917 жылдары Орынбор қаласына жер аударылып, бақылауда жүрген А.Байтұрсынұлы жеке еркіндігінің осыншалық шектелуіне қарамастан, патша өкіметінің қазақ халқының экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-рухани жағынан да отарлау саясатына, халық санасының жойылуына, оның діні, тілі, ділінің қорлануына қарсы нақты істердің басында болды. Баршаға белгілі себептермен тәуелсіздігінен айрылған еліміздің ұзақ уақыттан кейін мемлекеттік құрылымға ие болуының алғашқы мүмкіндігі пайда болған шақтарда асқан көреген де білгір саясаткер екендігін танытқан А.Байтұрсынұлына қазақ залқы мәңгі борыштар екенін де ұмытпағанымыз жөн.
Ахмет Байтұрсынұлы қандай қиын-қыстау жағдайға тап болса да, ұлт мүддесін, серіктестерін ешқашан сатпағанын, адамгершілік-азаматтық бағытынан ауытқымағанын, Қазақ өлкесі Әскери-революциялық кеңесінің қазақ халқын біріктіру және оны Кеңес өкіметі жағына тарту туралы мәселені қараған 1919 жылғы 27 қазанда өткен мәжілісінде сөйлеген сөзі арқылы тағы да дәлелдеді. Осы мәжілістің хаттамасында кездесетін: «Байтұрсынов жолдас мыналарды ұсынды: 1) Қырғыз ревкомы қырғыздарға кеңес өкіметінің қырғыз халқына жалған емес, шын мәнінде автономиялық өзін-өзі басқаруды бергенін айқын көруі үшін дербес іс-қимыл көрсететін болсын; 2) барлық қырғыздарға, соның ішінде ақтар жағында Кеңес өкіметіне қарсы күресіп жүрген Торғай және Орал алашордашыларына Кеңес өкіметіне өткен жағдайда кешірім жариялансын және 3) жергілікті жерлерде Кеңес өкіметі халық сенімін қамтамасыз ететін мейлінше ақылға қонымды іс-әрекет жасауға және сол арқылы ақтар жағында жүрген және Кеңес өкіметіне сенбестікпен қарайтын адамдардың Кеңес өкіметі жағына өтуіне жәрдемдесуге шаралар қолданатын болсын»,-деген жолдар осының айғағы.
Жалынды да ойлы көсемсөз шебері, баспагер әрі ұйымдастырушы Ахмет Байтұрсынұлы өзі құрған «Қазақ» газетін осы тұрғыдан пайдалуды ұсынып, бұл басылымның алдына қойған мақсатын «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп тап басып көрсетті. Бас редактор ретінде ол кездегі білімді, зерделі азаматтардың басын қосып, оқу-ағарту, ұлт- жер мәселелерін батыл көтерді.
«Бұл газеттің қазақ ұлты тарихында алатын орны қандай?» -деген сауалға жауап іздегенде М.Әуезовтің 1923 жылы жазған төмендегі пікірі бірден ойға оралады:
«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақақ салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығына жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған есткерткіш – мәңгішік ескерткіш.
Халқымызды жарқын болашаққа бастауға бар ғұмырын арнаған Ақаңның есімі тек ХХ ғасырдың соңында ғана өз елімен қайта қауышты. 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР Жоғарғы соты А.Байтұрсынұлының қылмысы жоқ деген шешім қабылдап, оның ақталуына жол ашты.
ҚКП Орталық Комитетінің «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың, творчестволық мұрасы туралы» (1988) қаулысы қазақ елінің рухани өміріне үлкен серпіліс әенлді. Бұл есімдерді бұрын естімеген біздің ұрпаққа көп кешікпей осы тізімді жалғастырып ақталған Ш.Қүдайбербиев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б. қайта басылып шыққан кітаптарындағы тұжырымдылық пен дәлдік, мазмұндылық, көркемдік пен шеберлік ерекше әсер етті.
Ұлт тағылымын, мәдениетін, әдебиетін жаңа, биік деңгейге көтерген осынау буынның Темірқазығына айналған тұлға Абай екені олардың арнайы мақалаларынан байқалады. Бұл классикалық мұраны мойындап, оны түсінуге және әрі қарай дамытуға ұмтылыс еді. Осы топтың басшыларының бірі – А.Байтұрсынұлы реформаторлық тұрғыдан мақаласының атына өзекті, өзінің замандастары ғана емес, бүгінгі ХХІ ғасырда мойындалып отырған тұжырым қояды, яғни, Абайдың «Қазақтың бас ақыны» екенін өзге жұртқа да, өзімізге де жете ұғындырады. Аталған мақалада Ахмет Байтұрсынұлы сонау 1913 жылдың өзінде-ақ «шығармашылық» категориясы ұғымына нақты теориялық анықтама берді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған»,- деген ой қорытындысын жасайды.
Ахмет Байтұрсынұлының мұндай ойларын өзгеге өсиет ретінде ұсынып қана қоймай, өз шығармашылығы арқылы іске асырғанына оның «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтары дәлел. Ойына сөз дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе қылып, сипап айтып, не қылса, халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері – аудармаға шеберлігі.
А.Байтұрсынұлының «ағартушылыққа байланысты білдірген ойлары мен істеген істері тек оқу-білімге шақырумен тынбайды. Ол қазақ даласындағы мектептердің жайын, бала оқытудың жолдарын газет-журналдар беттерінде нақтылы сөз етеді, әсіресе бұл реттегі Қазақ төңкерісіне дейінгі хал-жағдайды жақсы көрсетеді. 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Оқу жайы» деген бас мақала жарияланады. Мұны жазған А.Байтұрсынұлы болатын. Бұл мақалада оқу-білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстырып дәлелдейді: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік»,-дейді. «Надандық» днп отырғаны, әрине, білім-ғылымнан қалыс қалушылық. Ал қалыс қалуға үлкен себеп – қазақ жерінде мектептер өте аз дейді. Оның үстінде сол мектептерде бала оқытатын мамандардың да өте тапшы екенін ашып айтады.
Қазақ халқы қараңғы дегенге, кінә халықта емес, сол қараңғылықтан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқтығында. Ахмет Байтұрсынұлы – халықты оқуға шақырған, білім-ғылымның қажеттілігін түсіндірген жалаң үгітші емес, қазақ арасында ағартушылық жұмыстарын жалпы мектеп ісін жолға қоюға көп күш салған, бала оқытып, ұстаздық еткен тәжірибелі жан. Сонымен қатар, ол – ағарту ісін жолға қою үшін қажет өзге де іс-әрекеттерді қолға алған қайраткер. Бұл іс-әрекеттер қазақ жазуына лайық графика түзу, жазу тәртібі – емлені жасау, қазақша сауат ашатын «Әліппе» жазу, ана тілін танытатын мектеп оқулықтарын жазу, бала оқытудың әдістерін көрсету. Осы орайда А.Байтұрсынұлы қазақ мәдениеті көгінде жалаң ағартушы болып қана емес, ғалым-ағартушы болып та көрінді. Ол қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде қазақ тілінде тұңғыш баяндаушы ғалым.
А.Байтұрсынұлы мұғалімдер даярлайтын оқу орнын бітірісімен, 1895 жылдардан бастап бала оқытуға кіріседі. 13-14 жыл бойы (1895-1909 жылдары арасында) ауылдық, облыстық бастауыш мектептер мен 5-6 жылдық екі сыныптық училищелерде мұғалім болып істейді. Бала оқыта жүріп, сол оқыту ісіне қажетті жағдайлар жайын ойлайды. Ең алдымен қазақ балаларының сауатын қазақша ашатын ұлттық жазу таңбалары (графикасы, сол кездегі термин бойынша «әліп-би») бар ма, екіншіден, оқыту жүйесі жолға қойылған, үкімет тарапынан ашылған мектептер бар ма үшіншіден ондай әліпбиі мен мектебі болған күнде қазақ тіліндегі «Әліппесі» мен ана тілінде оқулықтары бар ма, баланы ана тілінде оқытудың тиімді әдістері қайсы осыларға назар аударады. А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап қазақ жазуымен (графикасымен) айналыса бастайды. Сол күнге дейін өзге түркі халықтары сияқты, қазақтар да пайдаланып отырған араб таңбалары таза сол күйіндегі қазақ тілі үшін қолайлы емес екендігін біліп, оны қазақ тілінің дыбыс жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алады. Ол үшін алдымен қазақ тілінің фонетикалық құрамын зерттеуге кіріседі.
Санамалай айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы деген кім деген сұраққа былайша жауап берген болар едік. Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының саяси-әлеуметтік өміріндегі өзгерістерде теңдесі жоқ қызмет атқарған аса көрнекті қоғам қайраткері, бір сөзбен айтқанда, ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі жолында жан аямай күрескен қаһарман, кемеңгер көсем. Екіншіден, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарын жазып, білім беруді жолға қоя білген шын мәніндегі алғашқы ағартушы. Үшіншіден, араб графикасына негізделген қазақ алфавитін жасап, оқыту әдістемесін түбегейлі түрде жетілдірген ұлттың ұстазы. Төртіншіден, қазақ тілі мен әдебиетін ғылыми тұрғыдан зерттеп, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаушы дана филолог-ғалым. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышта» тұңғыш рет қазақ тілінде тізген анықтамалар мен терминдері уақыт өтсе де, өз құнын жойған емес. Бесіншіден, тәлімі терең тәржімашы. Алтыншыдан, өлең сөзге ой ұйытқан, ойшыл ақын. Жетіншіден, тұңғыш бейресми «Қазақ» атты газет шығарып, қазақ баспасөзін көркейткен көсемсөздің көшбасшысы.
