Бала тәрбиесі маңызды міндет
Бала тәрбиесі маңызды міндет
Бала тәрбиесі – отбасының жүйелі түрде жүргізген жұмысының нәтижесі. Өйткені баланың уақытын дұрыс ұйымдастыра білу, оның мектепте алған тәлім-тәрбиесінің қалыптасып, отбасында жалғасын табуы бәрі де ата-ананың басшылығы арқылы жүзеге асырылады.
Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі құшақтап арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі – бәрі-бәрі балаға оң әсерін тигізеді.Ата-ана балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан гөрі оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі. Қазақ ағартушылары да отбасы тәрбиесін назардан тыс қалдырған емес. Оның ішінде Абай Құнанбаевтың поэтикалық шығармалары педагогикалық көзқарасымен бөліп алғысыз байланыста.Оның
Ата-анаға көз қуаныш –
Алдына алған еркесі,
Көкірегінде көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті? – деген өлең жолдарында ата-аналарға бала тәрбиесінде кеңес берген. Баланы шектен тыс еркелетіп, оның талап-тілектерін орындап отыру, бала ер жеткенде кері нәтижесін кәрсететінін ескертеді. Сондықтан баланы жастайынан дұрыс әрекетке қалыптастырып, дұрыс талап қоя білу қажет екенін айтады.Абай отбасында баланы тәрбиелегенде оның жас және исихологиялық ерекшелігін ескеріп отыру керектігін насихаттайды. Оның ойы бойынша баланың ең бірінші әрі ең негізгі тәрбиешісі ата-ана болуға тиіс. «Әне, оны әперем, міне мұны берем» деп басында балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңында балаң алдамшы болса, кімнен көресің? – деп теріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алады (10-сөзі).
Абай өмірдің мәні дүниеде, байлық пен мансапта емес, мәдениет пен әдептілікте, білім мен ғылымда екенін түсіндіре келіп: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – деп адамның ең негізгі артықшылығы тәрбиесінде екенін айтады (18-сөзі). Абай сол тәрбиені беруші, баланың өсіп жетілуінің бәрі отбасына, өскен ортасына, көргендері мен байқағандарының салдары екенін, сондықтан бала жақсы тәрбие алу үшін оның ортасын, оған әсер етуші ықпалдардың жағымды болуын 19-сөзінде дәріптейді. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы маңызды міндетіміз дегім келеді.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Мөңке би ауылы
М.Тәжин атындағы орта мектебінің мұғалімі
Нұрымбетова Гүлсамал
