Жаңа сабақтар

Қазақ халқының жыршылық өнері туралы

Нуржауов Сандыбай

Материал тақырыбы: Сыр елі — жыр елі

І. Алғы сөз.

Жыраулық өнер – жабырқаған көңілін көтеріп, қазасын астарлы сөз, күңіренген күймен есіттіріп, ас-тойын жырау-жыршысыз өткізбейтін қазақ деген өнер қонған халықтың көнермес ұлы дәстүрі. Халқымыз бодандық бұғауынан құтылып, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, әдеби-музыкалық өнердің жыраулық-жыршылық саласы болашақ ұрпақты ана тілімізде, қазақи ұлттық рухта, өнерпаз ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап бізге жеткізген дәстүрлі ұлттық мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу бірінші орынға шықты.
Жыраулық үрдіс бағзы замандардан басталып, қоғамның өзгеруіне орай кейде әлсіреп, кейде өзін тұншықтыруға, санадан сылып тастауға тырысқан жойқын тарихи оқиғаларға үнемі төтеп бере отырып, өнерпаз ұл-қыздарының дарындылығы мен табандылығы арқасында, халық тудырған және онымен мыңдаған жылдар біте қайнасқан теңдесі жоқ қастерлі қымбат қазына, бабалардан қалған бағалы асыл мұра ретінде таза бітім-болмысын, рухани-ағартушылық күш-қуатын бойына қайта жинап, бүгінгі күнге дейін жетті.
Еліміз егемендік алғалы бері Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи-мәдени мұраларды жинау, зерттеу, сақтау ісіне айрықша көңіл бөлумен келеді. Тіпті, үш жылды «Мәдени мұра жылы» деп жариялады. Бұрын-соңды қазақ елінің тарихында болмаған мұндай ауқымды бағдарлама әлі де жалғасын табуда.
Жыраулық өнерді қай тұрғыдан зерттесек те, қазақ мәдениетінде өз орны бар бұл саланың әдеби-музыкалық шығармашылық екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан, өнердің осы түрін тарихтану, әдебиеттану, музыкатану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай қарастырған абзал. Жыраулық-жыршылық өнерді бұрын негізінен тарихшы-этнографтар мен халық ауыз әдебиеті саласының ғалымдары көбірек зерттеп, музыкатанумен айналысқан ғалымдардың жыр мәтіндері мен мақамдарын тұтас қарастыра зерттегендері аз екені қынжылтады.
Эпостық, батырлық жыр-дастандардың, терме-толғаулардың, нақыл-өсиет өлеңдердің таза әдеби туынды екені даусыз болғанымен, бүкіл ішкі әлемін үнемі сиқырлы да сазды әуез тербеп жүретін әрі ділмар, әрі сөз қадірін білетін қазақ халқы кезкелген поэтикалық туындының шытырман оқиғалы әрбір эпизоды тек оның мазмұнын аша түсетін әуенмен үйлесім тапқанда ғана жан-тәнімен қабылдайды. Сондықтан, жырау-жыршылар, термешілер, әншілер мен бақсылар сияқты батырлық жырларды, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық әдеби-музыкалық туындыларды орындаушылар х�
�қында айтқанда, поэтикалық туындыға әр беретін, оны көркемдеп, ұғынықты ете түсетін әуендік туынды мен оны сүйемелдейтін аспаптар, олардың атқаратын рольдері жайлы айтпау да мүмкін емес.
Халқымыздың ғасырлар бойы біте қайнасып келе жатқан жыраулық-жыршылық ұлы өнері, сондай-ақ әдеби-поэтикалық шығармаларды тудырып, орындап, насихаттап келе жатқан жыршы-жыраулардың күрделі де нәзік иірімдерге толы, шабыттана шалқитын жүрек елжіретерлік әуезді мақамдары мен жан-дүниеңді ерекше тебіреніске толтыратын мұңды әуендері ұланғайыр даламызды басып өткен жиҺанкез саяхатшылар мен ғұлама ғалымдарды талай-талай еріксіз тамсандырғаны тарихтан белгілі. Өйткені, бұл өнер – халық даналығының сан саласының басын біріктіріп бары
п, ерекше де ұлы құбылысқа айналған біртұтас (синкретті) дүние. Жырдың мәтіні мен мақамы бірінсіз бірі болмайтын тұтас шығармаға айналмаған жағдайда, жартыкеш дүние қалпында қалмақ.
Арал өңірі деп аталатын орасан зор аймақтың әдеби-музыкалық даналық туындылары, жырау-жыршыларының атамзаманнан қалыптасқан, саналуан нәзік те сырлы мақам-әуендері музыкатану тұрғысынан жеткілікті дәрежеде зерттелмегені белгілі. Халқымыздың асыл мұраларына көңіл қояр, оларды қадірлеп-қастерлер кезеңге де қадам бастық. Мұндай кезде зерттеушілер атқарар істер ұшан-теңіз. Осыған орай, жыраулық-жыршылық мектептер тарихын, сол аймақтардың ауыз әдебиеті мен музыкалық мұраларын зерттеп жүрген және болашақта да зерттейтіндер ғылыми ны
санның тараған аумағын жағырапиялық тұрғыдан айқындап алып, нақты көрсетуге баса назар аударғаны дұрыс. Даналық өнер тудырып, оны халыққа жеткізген әйгілі жыраулар мен жыршы-термешілер сияқты табиғи таланттарды дүниеге келтірген және әлі де толассыз келтіріп жатқан киелі жер, ұлан-ғайыр қазақ даласының бір пұшпағы – Арал өңірі.
Осындай өнер қонған «Арал өңірі» атауын қазіргі кезде тек Қызылорда облысы аумағына ғана қатысты айтып жүрміз. Ал тарихи-жағырапиялық деректерге сүйенсек, олай емесі ақиқат. Жағырапиялық тұрғыдан алсақ, «Арал өңіріне» Қазақстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан республикаларының біраз бөліктері де енетінін ескеріп, бұл өлкеде бұрын-соңды қалыптасқан жыраулық-жыршылық өнерді, оны дамытуға үлес қосқан дәстүрлі мектептер тарихын, оның өкілдерін түгел зерттеуді мақсат етпедік. Ол мүмкін де емес.
Біз нысанаға алып отырған Арал өңірінің Қазақстанға тиесілі аумағы мен «Сыр бойы» аталып кеткен Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен қазақтардың әдеби-музыкалық мұраларын, аймақта өмір сүрген жырау-жыршылар мақамдарын күйтабаққа түсіру, таспаға жаздыру өткен ғасырдың 60–70-ші жылдарынан бері қарай ғана қолға алына бастады. Ал оларды нотаға түсіру ісіне соңғы жылдары ғана бетбұрыс жасалды. Бұлай кеш қалуға түрлі тарихи, саяси жағдайлар, қоғамдық құбылыстар себепші болғаны белгілі. Мәселен, ХХ-ғасырдағы кеңес дәуірінде, әсіресе, 20–
50-ші жылдар аралығындағы орысша да, діни де сауаттыларды, батырлық жырларды айтқан жыршы-жырауларды қудалаудан басталған және бірнеше дүркін қайталанған қуғын-сүргіндер, әртүрлі тыйымдар бұл саланың дамуына, тіпті сол күйінде сақталып қалуына да кері әсерін тигізбей қойған жоқ.
Халқымыздың тарихы мен әдебиетін, өнері мен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен өзге де құндылықтарын «қолдан қайта жасауға, тіпті түбегейлі өзгертуге» тырысушылыққа қарамастан отбасы, ошақ қасында болса да айтылып, алтын арқауы үзілмей келе жатқан төл өнерінің үлкен бір маңызды саласы, ағартушылық, тәрбиелік және әлеуметтік мәні зор халықтық мектепке айналған жыраулық-жыршылық, термешілік дәстүр өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қана қайта жанданды.

ІІ. Негізгі бөлім
1) Теориялық бөлім
А) Толғау тарланы — Базар жыраудың өмірі
Базар Жырау Оңдасұлы Балқы Базар (1842, қазіргі Қармақшы ауданы ауыл – 1911, Өзбекстан, Тамды ауданы Жалпақтаудеген жерде) – жырау. Руы – шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен ауылна сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болады. Базар жырау 15 – 16 ж
асында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұлан-ғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көроғлы», «Жүсіп – Ахмет», т.б.) �
�азақ тілінде жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна – тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазанқаласынан баспадан шыққан «Айман – Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап, ел арасына таратады. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анықаласы «Әр кемелге – бір зауал», «Тіршіліктің түрлері»,
«Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмір¬дің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризм¬ге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әртүрлі маусымы, туып-өскен �
�ер, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, қиянатшыл әкімдерге, арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауызекі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде,
әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері 20 ғ-да ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді.
Оның шығармаларына С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, аса жоғары баға беріп, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә. Диваев, C.Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қайнарбаев үлкен еңбек сіңірді.

Ә) Базар жыраудың шығармашылығы

Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Мар-ғұлан, Ә.Қоңыратбаевтың назарын аударған. С.Сейфуллин «Бұхар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы — Базар жырау» десе, М.Жұмабаев «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» деп Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған. Базарды атақты Тұрмағамбет шайыр Ізтілеуовтің өзі ұстазым деп ұлықтап өтсе, М.Байділдаев «Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын
, әнші жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі алған түлектер», деп оның бағасын асыра түседі.
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі — А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылған. Бұл романда дәс-түрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған.
Базар жыраудың шығармалары Кеңестік кезеңде «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» жинақтары мен «Базар жырау шығармалары» (А., «Жазушы», 1986) кітабына енсе, егеменді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сыр-дария кітапханасының» құрамында 1 том болып жарық көрді.
Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанына да көп болды.
Реті келгенде айта кетуіміз керек, Сыр сүлейлерінің шығармашылығы — қазақ әдебиеті делінетін үлкен өнердің құрамдас бөлігі, яки, бүгіннің бөлшегі. Әдебиетіміздің басқа кезеңдерімен салыстырғанда толық хатталуға жақын қалды деп жүрген ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі кез келген мәселені, демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларынсыз зерттеп-зерделеу дұрыс бола бермейді. Сондай-ақ Сыр сүлейлері шығармаларының әдебиет тарихындағы өзіндік орнын, ерекшеліктерін бүгінгі әдебиеттанудың талап-талғамына сәйкес айтып та от
ыруымыз қажет.
Негізінен ескіше (арабша) сауатты болған Сыр сүлейлері өздерінің шығармашылықтарында шығыстық классикалық әдебиеті дәстүріне шындап ден қойған болатын. Шығыстық өркениетпен аралас-құралас дамуға Кеңестік республи-калардың әдебиеті мен өнеріне саналы түрде тосқауыл қойылды. Ұлттық көркемөнеріміздің өркениетті елдердің әдебиетімен, өнерімен шығармашылық байланыста болып, сырттай түлеп, іштей түрленіп өсуіне қойылған мұндай тежеуді Сыр сүлейлері шығармашылықтары да бастан кешті. Діни сюжетті, шытырман оқиғаға толы, негізінен, гу
манистік идеяларды насихаттайтын қисса-дастандардың талайының өмірі қысқарды. Көзі қарақты, көңілі ояу адамдардың қолында қалып күні бүгінге дейін сақталып келген осындай қисса-дастандардың мазмұнында адам миын улайтындай, рухани дүниесіне теріс әсер ететіндей еш нәрсе жоқ. Керісінше, шығыстық өркениет пен әдебиет дәстүрін меңгере отырып жазылған мұндай шығармаларда мұсылман дінінің гуманистік идеялары, адамгершілік сапалар насихатталады. Бұл айтылғандар-дың Ешнияз сал, Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жү�
�іп, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылықтарына тікелей қатысты екенін айтсақ, ақиқат ауылынан алыс кетпейміз.
Базар жырау — дәстүршіл ақын. Есін білгелі ел аузындағы жыр-термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы, бұлар — оның өмірлік те, өнерлік те оқулықтары еді.
«Құлаштап дүние, сені қармансам да,
Керімі келген шығар ер Қорқыттың», — дейді Базар жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімін жай ғана атала салған деп ұғынбағанымыз жөн. Бір қызығы, Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр, толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп меңзейді. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыста дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар
жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, әдебиеттің ұлттық дәстүрін жалғастырған. Ұлан-байтақ территориямыздың кеңдігіне, баспа ісінің кешеуілдеп келуіне қарамастан, әдебиет дәстүрінің еліміздің әр жерінде қанатын кең жайып, тарап, мықтап орнығуы, тарихи әдебиет туындыларының қара тастай ұлттық дәстүрге берік болуы — бұл енді ғажайып құбылыс. Әдебиет туындыларының ұлттық дәстүрге тұрақтылығы қазақ көркем өнері дәстүрлілігінің ұзақ ғұмырлылығын және мәуелеген жемістей жасампаздығын дәлелдейд
і.
Өнердің мұраты — адамзатқа қызмет ету. Өнердің тақырыбы — адам тағдыры. Жанрлық тұрғыдан алғанда, қазақ поэзиясының дәстүрлі түрі толғаудың да туу, қалыптасу, даму арналарының болатыны секілді, мұндай процесті әрбір әдебиет өкілдерінің шығармашылығы да басынан өткереді және әрбір әдебиет өкілінің ұлттық әдебиет дәстүріне қосқан үлесі оның суреткерлік қарым-қабілеті, таланты, өмірлік тәжірибесі мен білім-білігіне тікелей байланысты болады. Осы тұрғыдан келгенде Базар жырау ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байыту�
�ы.
Базар жырау шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы айту ерекше орын алды, адам туралы жаппай айтудан толғау үлгілі өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту, мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатыны�
� артуын жолға қойды. Кез келген өнер туындысының бойынан адам бейнесі, оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым айқын көрінсе, мұндай ерекшелік әдебиеттің соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзия-мыздың тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жырлайтын Базар жырау толғауларын өз заманының үздік туындылары болды деп нық айтуға болады. Мысал үшін жыраудың «Әр кемелге бір зауал» толғауында ад�
�м, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр — бір оқтық, бай — бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады. Желге жеткізбес жүйрік аң кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр — Базарша айтқанда, бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ. «Әлі де сенде арман жоқ» делінетін толғауда да сондай:
«Көзі ақықтай сүзілген,
Маржандай тісі тізілген,
Келімі келген кермиық,
Сағағынан үзілген,
Белгілі ару қор болып —
Кімдерден жылап қалған жоқ», — делініп ару жайында, одан әрі тұлпар ат, батыр туралы айтылып кетеді. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базарлық анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес. Қазақ әдебиетінің дәстүріне өзіндік мәнерімен ендіріп жіберген осындай үздік үлгілі толғауларын Базекең одан әрі түрлендіре түседі. «Ел жақсыларында» Сыр өңірінің айтулы тұлғалары: Өткелбай сыпа, Бекетай молда, Құлбарақ батыр, Самырза, Көбек, Басықара билер, Бекмырза, Бәймен, Төртқара, Үмбе�
�тер туралы жырланады. Әрқайсысының есіміне Сыр елінің әр жерінен жер-су атаулары берілген мұндай тарихи тұлғаларымызды жырау басқаларға үлгі ете жырлайды. Осы бағыт «Сұм дүниеде» одан әрі жалғаса түседі. Сұм дүниеден бәрі өткен: олар — Әбілқайыр, Нұралы, Есім, Тәуке, Жәнібек, Абылай мен Жәңгір хандар, олар — баба түкті шашты Әзиз, Сейтпембет, Мағзам, Марал ишан, Софы Әзиз әулиелер, олар — Жабағы, Сыпа, Өтеген, Ақмырза, Қуан, Көшер батырлар, олар — Қазыбек, Төле, Әйтеке, Мөңке, Көбек, Өтетілеу, Сарытай, Тампыш, Мұрат, Киікбай билер, олар — Жанқожа,
Есет, Қыстаубай, Қасым, Сейіл, Бұхарбай, Малайсары, Жантайлақ, Сәмет, Тоғанас, Қарадос, Өске, Бұдабай, Серәлі, Садыр, Орынбай, Шернияз, Шыман, Өтеген, т.б. батырлар мен билер, ақындар мен жыраулар. Бұл айтылғандар — Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ жұртшылығына танымал есімдер. Базар жыраудың ақындық орбитасының кең де кемелдігіне таңғалу өз алдына, осыншама тарихи тұлғаларды қамтып жырлау, олардың өмірін өзгелерге үлгі ете отырып толғану Базар жырауға дейінгі ешбір жырауда болған емес. Өз өлкесі мен елінің елеулілерінің есімдерін елеп,
өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау — Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі сырбойылықтардың жоғарыда аталған есімдерге бейжай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын естіп, жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны өнердің арқасы, Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек. Аталған толғаулардағы осыншама адамдардың аттарының аталуы, оларға бірде тікелей, кейде жанама түрде болса да мінездеме, сипаттама жасалуы, сөйте отырып, әділ биліктің, көшелі ой мен пайымды парасаттың, сұл�
�лық пен батырлықтың, отансүйгіштік, туған жерге, елге адалдық, т.б. адамгершілік қасиеттердің насихатталып отыруы Базар жырау тұсындағы толғау үлгілі поэзиямыздың өскен өрелі биігі, жеткен жетістігі болып табылады. Адам-дық бітім-болмысқа, адамгершілік қасиеттерге қатысты нысанаға алынған, мысалға келтірілген кісі аттары, толғау кейіпкерлері бір қарағанда екінші жоспарда, негізгі мәселенің фонында ғана жырланып, өтетіндей болып көрінгенімен, шынтуайтында, мұндай ерекшелік толғау жанрының уақыт пен кеңістік алдындағы мүмкіншілі�
�ін молайта түсіп, өлең өміріне адам кейпінің, бейнесінің дендей түсуіне жағдай жасап отыр. Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғаудың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкін-шілік жасайды. Толғау өлең өміріне әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлат
а түсу — Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы.
Демек, Базар жырау туындылары өз кезі үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де көркем шығарма ретіндегі қызметін мінсіз атқарған құнды дүниелер болды деп айта аламыз. Екіншіден, толғау жанрының үздік үлгілері күйінде әдебиет тарихына үлкен үлес болып қосылған Базар жырау толғаулары өз кезіндегі әдебиет өкілдері шығармашылықтарының дамуына игілікті әсер етті, бұл бағытта жетекшілік рөл атқарды, қазақтың кәсіби жазба әдебиетінің қалыптасып, дамуына толық алғышарт бола аларлықтай жағдайда болды. Жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, бірден к�
�сіби әдебиеттің даңғыл жолына түсіп, дамуға бет алған қазақ әдебиетінің құнарлы топырағы Базар жырау сияқты сирек таланттыларымыздың шығармашылығы болғанын түйіндер едік. Ақырында Базар жырау толғаулары өлкеміздің тарихынан мол мағлұмат беретін ғылыми дерек көзі ретінде де аса бағалы А.Тоқмағанбетовтің Сыр өңірінің көркем шежіресін жасаған «Жыр күмбезі», «Көтерілген күмбез» романдарының материалы Сыр сүлейлерінің шығармашылығы болғаны көп жайды аңғартса керек.
Кез келген көркем туынды өмір құбылыстарының күнгей жақтарымен бірге, көлеңкелі тұстарын да көрсете алуымен құнды. Базар жырау толғауларындағы негізгі тақырыптар: өткінші дүние, өзгермелі өмір, адам өмірінің қысқалығы, т.б. жырланғанда адамдық мінез-құлықтың жақсы жақтарының айтылуымен бірге, жағымсыз тұстары да сыналып отырады. Оның: «Нарманға», «Лепес туралы», «Маутанға», «Қаражан болысқа» толғаулары — осы бағыттағы туындылар. «Қаражан болысқа» — 220 жолдан тұратын көлемді туынды. Базар жыраудың осындай көлемі жағынан ұзақ толғаула
рының кейінгі ұрпаққа жетуінің бір сыры олардың сол кездің өзінде-ақ хатталып отырғанынан болуы керек.
Базар жырау «Қаражан болысқа» толғауында:
«Баласы батыр Қабақ, молда Қисық,
Қолыңа қалам алып жазшы хатқа,
Себеппен азын-аулақ айтып толғау,
Жаздым сөз жақсыларға сынатпаққа», — дейді.
Ұзақ толғауды айтылған заманда хаттап үлгеруге қаншалықты мүмкіншіліктің болғанынан бейхабар біз қалай болғанда да түйдек-түйдегімен беріліп отыратын орамды ой, кестелі сөз, ойлы образдарды талантты, шығармашылық қарым-қабілеті, импровизациялық қуат-күші таластыра алатындай туынды «Қаражан болысқа» сияқты дүниелердің жарыққа шығуында тоқсан толғану, күрделі шығармашылық акт, процесс жүріп өтетінін ескерсек, Базар бабамыздың тума таланттылығына тағы да ден қоя түсеміз. «Қаражан болысқаның» тақырыбы — тойына арнайы шақырып, жырл�
�тып астына арық ат мінгізген болысқа Базар жыраудың ренжігені, ал идеясы — сараңдықты сынау, адамгершілік мәселесі. Міне, осы мәселені Базар жырау 220 жол көлемінде ұзақ толғаған. Толғаудың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі негізгі ойды, идеяны ашу үшін шебер қиюластырылған. Базар жырау бірден Қаражанның сараңдығын бетке баса жөнелмейді, оқырманын ойға шақырып, тыңдарманын тебіреніске түсіріп, адам болмысындағы мінез-құлықтар сырын ұзақ толғап кетеді. «Біреу — мәрт, біреу — жомарт, біреу — нәмәрт» дегендей, сыңайлы адамдар арасын
дағы алыс-беріс қарым-қаты-настардың қазақы тұрмыстағы орнын, маңызын жырлай отырып, оларды жіктеп-жіліктеп тастап отырады. Тыңдарманын еріксіз баурайтын толғаудың әр жолы — ойлы, тұжырымды, әр сөзі — алтын, бейнелі, үлігілі.
Ойды ашып отыруда:
«Арғымақ шаба алмайды тер қатқан соң,
Арық ат қисаңдайды ер батқан соң», — дегендей, поэтикалық контраст құрайтын жолдарды жиі қайталап отыру — Базар жырау стиліне тән ерекше әдіс. Базар жырау тол-ғауларындағы ой мен сезімнің белгілі оқиға сілемімен, сюжеттік желімен беріліп отыратынына «Қаражан болысқадағы»
«Сыпалар тыңдап сөзді мен айтқан соң,
Еміреніп есіткендер судай тынды,
Көңіліне жағып Кеңес ұнатқан соң,
Ұлықсат еттің болыс таң атқан соң», — делінетін жолдар дәлел. Осындай баяндаулар арқылы негізгі идеяны бірнеше қырынан келіп қайталап отыру тақырып ашудағы кәсіби шеберліктің жарқын мысалы болатынын жоққа шығара алмаймыз. Болыстың сараңдығын айтпас бұрын Қаражанның руы Кетеден шыққан игі жақсыларды, атақты адамдарды: Бекмырза, Пірен, Тұңғышбай, Дәуім¬шар, Қитар, Жұбанбай, Нысанбай, Бекет, Аман, Барақ батыр, Садыр молда, Мыңжасар, Ешнияз, Мырзабектерді жақсы жақтарынан атап өтеді. Домбыраның құлақ күйін келтіргендей осыларды термелеп
атап алғаннан кейін:
«Қаражан асып тудың Жиенбайдан,
Мен сені кем көрмеуші ем Атамтайдан,
Дүниенің қызығына түсемін деп,
Талайлар құр қалып жүр абыройдан,
Өзі арық, өзі жауыр, алжыған көк,
Қолыңа қапелімде түсті қайдан», — деп бір түйреп кетеді. Осындай мазмұндағы тирадалар ұзақ толғаудың өн-бойына бірнеше рет қайталанып отырады. Мақтамен бауыздағандай сараңдықтың сырын сызылта отырып түйрей беру сөз түсінетін адамға оңайға соқпасы анық. Базар жырау Қаражанды сөз өнерінің құдірет-күшімен осылайша тірілей өлтіргенге ұқсай¬ды.
Саф алтындай жарқыраған, қарапайым да қатпарлы, мазмұнды әрі мағыналы, нақты, затты, көркем, бейнелі, шырайлы ана тіліміз, сөз мәйегі мен асылы — Базар жыраудың әдеби мұрасының айрықша сипаты. Тіл шұбарлан¬баған, мөлдіреген сұлу сөз дала жырауларының соңғы өкілі Базар жыраудың шығармашылығында тұнып тұр.
Ашығын айтар болсақ, Базар жыраудан кейінгі Сыр сүлейлерінің шығармаларында тіл шұбарлау элементтері кездеседі, араб-парсы сөздерінің орынды-орынсыз қолданылулары ұшырасады.

Б) Базар жырау жайындағы әңгімелер

Қай заманда болмасын, қазақ даласы еліне елеулі, халқына қалаулы беделді адамдарға кенде болмаған. Ол адамдар ел ішінде береке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың ұйытқысы бола білген. Солардың бірі XIX ғасырда өмір сүрген Базар жырау Оңдасұлы (Өтемісов) қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған тұлға.
Жұмамұрат Шәмші — тарих ғылымдарының кандидаты.
Ол өзінің жүрек тебіренткен толғауларымен Сыр бойынан бастап Еділ, Жайық, Қарақалпақ өңіріне жақсы танымалы.
Сыр бойында жасаған Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сияқты ақын-жыраулар Базарды ұстаз тұтқан. «Жыраулардың жүйрігі» деп бағалаған. Шынында да Балқы Базардың өз төңірегіндегі барша сүлейлерге сырсандық, шеберхана болғаны анық.
Белгілі Құлназар ақын:
…Таласып онан ешкім аса алмайды,
Тең келмес бүгінгі адам Базекеңе,
Болмаса Жиренше мен Асан Қайғы,
– десе, Тұрмағамбет ақын:
– …Балқы Базар – білгенге, атақты, әйдік астана.
Жұмыла жанды жиып ап, Жырласа бітпес күн-түні, – деп Базар жырауды өлең сөздің сарқылмас қорына балайды.
Ақ жаңбырдай ақтарылған ақпа жыраудың телегей-теңіз бұрқанған талантына өз замандастары да, кейінгі ақын-жыраулар да бас иген. Базардың асқан дарынды, айтулы ақын екенін байқаған Сәкен Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау», – деп жоғары бағалаған.
Базар шығармалары Кеңес дәуірінде ғана жинала бастады. Ақын мұраларына алғаш назар аударып, баға берушілер – Ә.Диваев, С.Сейфуллин мен Ә.Марғұлан болды.
1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағында және 1931 жылы Сәкен Сейфуллин құрастырған «Ескі әдебиет нұсқаларында» Базардың бір топ өлеңдері тұңғыш рет жарық көрді. 1965 жылы «Үш ғасыр жырлайды» жинағында жыраудың сегіз жүз жолдай термелері мен толғаулары жарияланды. Кейін орыс тілінде басылған «Поэты Казахстана» (Ленинград, 1978 ж.) антологиясында Базар көрнекті ақындар қатарында аталса, 1984 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабына бір топ шығармалары енгізілді.
Базар Оңдасұлы бұрынғы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында Жаңадарияның Шірік-Рабат деген жерінде (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) 1841 жылы күз айында дүниеге келген.
Базардың жастық шағы жетімдікте, жоқшылықта өтеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, байлардың қозысын бағады. Он алты жасында жыраулық даңқы шығып, жалпы жұртқа таныла бастады.
Ақынның туған жері – Сыр бойы десек те, кейінгі ат жалын тартып мініп, атағы жайылған мекені – қазіргі Өзбек жерінде қалып қойған Навоий облысы, Тамдыбұлақ ауданы болған. Бейіті сондағы Жалпақтау деген жерде. Базардың ескіше ата-тегі: Кіші жүздің Шөмекей тайпасы, Балқы руы. Шөмекей төртке бөлінеді: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Бозғылдың бес баласының біреуі – Қайқы. Қайқының Балқия деген әйелінен үш ұл: Қыдыр, Темір, Полат туады. Осы үшеуінен тараған ұрпақтарының бәрі Балқия шешелерінің атымен Балқы аталып, Шөмекейдің Балқы руы қал�
�птасады. Жоғарыдағы Қайқының үш ұлының біреуі Полаттан – Жауқашты, Жауқаштыдан – Отарбай, Отарбайдан – Байсейіт, Байсейіттен – Қарақұл, Қарақұлдан – Ермек, Ермектен – Базардың әкесі Оңдас туады.
Базар он жасқа жетпестен жетім қалып, нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Әкесінің Өтеміс болып кетуі содан. Ақын болып халыққа танылған соң, өз руының атымен Балқы Базар аталып кеткен. Оны ақынның өзі былай түсіндіреді:
…Сөйле, тілім, жалпыдан,
дариядай тасып шалқыған.
Тіл жексұрын көрінер,
тимеске тиіп шарпыған…
Елі-жұртың бұзылар,
қиянат етсең зарпынан.
Таусылмас қайнар кен едім,
кешегі жүйрік мен едім.
Жүлде алған байрақ алдынан,
Кіші жүздің кенжесі.
«Дөйт» ұранды Шөмекей –
шыққан бір Базар Балқыдан.
Бүкіл өмірі – өлеңге, өлеңі – өмірге айналған жырау жарық дүниеге жыр болып келгендей. Ол туралы ақиқатқа қоса аңыз да көп. Соның бірі төменгідей:
Базар жастай жетім қалып, Тәспен деген байдың қозысын бағып жүреді. Шөмекейдің Аспан руында Айпара атты ақын қыз болады. Бір күні сол ақын қыз қасына жеңгесін ертіп, он шақты түйемен су әкелуге «қаққа» барады. Оған ғашық жігіттер аз болмайды. Өзі сұлу, өзі өнерлі қызға кім қызықпасын? Алайда олар Айпараның ақындығынан, от ауыз, орақ тілді шешендігінен сескеніп, маңайлай алмайды екен. Қыздың үнемі соңынан еріп, үнемі дәмелі болып жүрген жігіттер бұл жолы да жақындауға тәуекел етпейді. Он шақты түйеге жүк болар суды ыдыстарға құйып толтыр�
�, арту жас қызбен жеңгесіне оңай соқсын ба? Екеуі де әбден шаршайды. Суды түйеге артыспаған жасық жігіттерге ыза болып тұрған Айпараның қасына сол маңда қозы бағып жүрген жасөспірім бала Базар келеді.
«Апа, шелегіңді артысайын ба?» – депті. Содан соң, жасын да сұрап білгісі келген сияқты. Оған ашуланған Айпара былай дейді:
«Бастаған жұғысың ба сөздің басын,
Бұл жерде саған мені кез қылғасын.
Айтыпты бұрынғылар деген қайда,
Сұрама аттың тісін, ердің жасын.
Одан да емін неге сұрамайсың,
Күте алмай бір басыңды таз қылғансың…»
Мезгілінде ас ішіп, ұйықтамайтын, жылы алақан көрмейтін жетім балада қайбір күй болсын? Расында да Базардың басы таз болса керек.
Мірдің оғындай сөз сүйегінен өткен Базар жауап сөз қайыра алмағанына намыстанып, ызаланып жылап жіберіпті…
Осы бір оқиға Базардың есінде мәңгі қалады. Өйткені ол осы жолы бұрынғыдан да қатты ширығады. Сөзден есесі кеткенге күйінеді. Ақындықты, шешендікті арман етеді. Шамасы, бұл болашақ ақиық ақынның тұңғыш рет жер тарпуы, қанат сілкуі болса керек.
Жастай жетім қалған Базар оқып, білім алған емес. Табиғатынан дарынды зерек бала бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған. Базар өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді тани білген дәуір қайшылықтарының бетін ашып, келелі ой қозғаған. Әрине, әлеуметтік мәселерді танып — білу барлық жырауларға тән қасиет. Олар қай жерде де тыңдаушыларын таң қалдырып, ерлікті, елдікті дәріптеген. Керек жерінде
кімнің де болса бет-жүзіне қарамай, айтарын бүкпей, батыл айтып, адам бойындағы жасық қасиеттерді өлтіре сынап, тілімен турап тастайтын болған.
Базардың әлеуметтік мәселерді көтерген «Әр кемелге – бір залал», «Сұм дүние» сияқты философиялық толғауларында «алғыр қыран, қамал бұзар батыр, жел жетпес жүйрік, күн тимес сұлу» бәрі де дүниеден өтеді. Мәңгі еш нәрсе жоқ. «Аранға түскен аюдай күйі қатты жараған, қаңтардағы бурадай, азу тісін қайраған» хандар да, «Аузына көпті қаратқан, алдынан топты таратқан» күміс көмей, тілінен бал тамған шешендер де дүниеден озады. Оларға бақ, дүние ара тұра алмайды. Жыраудың пайымдауынша тіршілікте көрген қызығың мен қуанышың өткенші жаңбырдай қ�
�сқа, бұлдыр сағымдай тұрақсыз, сондықтан адам ойындағы барлық асылын, бойындағы қуатын жақсылыққа жұмсауға тиіс. Өмірді босқа өткізіп, қапы қалмау үшін әрбір кісі ақыл-парасаты мен күш-қайратын пайдалы іске жұмсап, нағыз азаматтарша мәнді өмір сүруге міндетті.
Жырау пәни, болмыс жайлы толғана келіп, адамгершілік моральді уағыздайды, өмірде тату-тәтті тұрмыс құрып, адал кәсіппен айналысып, бірлесіп, тірлік етуге шақырады. Ар-ұятын сатып, дүние-атақ үшін азбаған адал тұлғалар мен көпке қамқор, халыққа еңбегі сіңген ерлер есімі ғана ел есінде сақталып, мәңгі жасайды деген қорытынды шығарады.
Базар сарай ақынына да, кітаби ақынға да ұқсамайды. Ол хат танымаса да естігенін есте сақтаған, білгені мен түйгені өте көп, топжарған талант иесі. Дәстүрлі қазақ жырының бесігінде тербетіліп, тағлым түйеді, өнегелі өсиет айтады. Өмір мен көңіл құбылыстарын шендестіре отырып, пайымды тұжырымдар жасайды. Орамды ойларын көркем кестелейді:
Қарғадан қарға туар қарқылдаған,
Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған.
Дегендер: «Мен жақсымын» толып жатыр,
Пайдасы өз басынан артылмаған!
Алаштың адамының бәрі мәлім –
Кім қалды таразыға тартылмаған.
Тақылдап, пысықсынып сөйлейтін көп
Екпіндеп ұшқыр аттай қарқындаған.
Базарды әуелі жырау дедік. Жыраулардың өлең құрылымы негізінен толғау. Толғаулардың кейінгілер үлгі аларлықтай терең мағыналы нақыл, өсиеттерге бай болып, ұйқасы, белгілі ырғағы, әуені болуы керек. Базар шығармалары жоғарыдағы шарттарға толық сай келеді. Жырау толғаулары негізінен ойға, сезімге құралған. Пікірі тұтас, айтары мол, ойы терең, жүйелі болып өріледі. Базардың қай өлең-толғауларын алмайық, бәрінен ақын өмір сүрген кезеңнің тыныс-лебі еседі. Сол кездегі қоғамдық ортаның түсінік-танымы, мінез-құлқы суреткерлік шеберлікпен а�
�ылады. Өмір мен заман жайлы терең ой қозғаған ақын шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ол елдің жай-күйін, адам басындағы мұң — зарын, халықтың өткені мен болашағын шебер жырлаған.
Базар өмірі сән — салтанатты өмір емес. Тар жол, тайғақ кешулі ғұмыр. Қуғын көріп, қасірет шегеді, түрмеге де қамалады. Қаншама қарсылық дүлей күшке кездессе де, қайсар ақын тілін тартпайды. Базардың көзінің тірісінде де ел — жұрт оны жоғары бағалаған. Базарды білген ел, көрген кісілердің айтуынша, ол ерекше кескінді, батыр адам болғанға ұқсайды. Домбырасымен қоса қару асынып жүрген. Өмірінде қанша қуғын — сүргін көрсе де, табиғаты ақын кісі ешкімге қару жұмсамаған.
Базар жыраудың Пірлібек, Нұрлыбек, Әмзебек, Нақыпбек деген төрт ұлы, Балзада, Күлзада деген қызы болған. Жыраудың өнер қонған балалары Әмзебек пен Балзадасы екен. Олар өнерімен халыққа танылмай тұрып, жастай өліп кетеді. Әмзебек әкесі Базардан үш жыл бұрын, яғни 1908 жылы қайтыс болады. 1911 жылы 12 қазан күні жыр дүлдүлі Балқы Базар Тамдыбұлақ ауданына қарасты Жалпақтау деген жерде қайтыс болады. Қабірі басына кейінгі жылдары ескерткіш құлпытас қойылған. Жалпақтаудағы мектепке, Ақтақырдағы кітапханаға, Тамдыбұлақтың бір көшесіне Базар ес
імі берілген.

В) Оқушыларға жыршылық өнерді түсіндіру жолдары

Оқушыларға қазақтың жыршылық өнерімен таныстырудың жолдары өте көп. Балаларға ойын арқылы, сабақ арқылы. Экскурция арқылы таныстыруға болады. Қазақтың жыршылық өнерін балаларға әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы таныстыруға болады.
Оқушыларға қазақтың жыршылық өнерін түсіндіру үшін көптеген әдіс-тәсілдер қолданған жөн. Олардың қазақтың жыршылық өнері туралы түсініктерін қалыптастыру үшін жыраулардың суретерін көрсету арқылы экскурсия ретінде сабақ өткізген жөн. Ол мұғалімнің шеберлігіне байланысты болады.

Сабақ үлгілер
Сабақтың тақырыбы: Сыр елі. Жыр елі. « Толғау тарланы- Базар жырау»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Балаларға қазақ өлкесінде ғасырлар бойы қалыптасқан ақындар мен әншілер, жыршылар мен күйшілерді таныстыра отырып, толғау тарланы — Базар жырау, жайлы мағлұмат беру. «Әр нәрсенің парқы бар» атты толғауын, «Жақсы мен жаман» термесін тыңдатқызу.
Дамытушылық: Қазақстанда жыршылық — термешілік өнермен сусындағандардің бірі – Базар жырау жайлы түсініктерін қалыптастыру. Термені тыңдата отырып, жақсы мен жаманды айыра білу қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: «Сыр елі – жыр еліне» саяхат жасай отырып, сан ғасыр тарихы бар, қазақ халқының мәдени дәстүрін танып білуге, термені дұрыс тыңдай білуге, әнді ырғағына сай айта білуге, балаларды Отанын, туып өскен жерін сүюге, ардақтап, құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Дәстүрлі
Сабақтың типі: Аралас сабақ
Көрнекіліктер: Магнитофон, үнтаспа, Базар жырау, композиторлар жайлы қысқаша мағлұмат, плакаттар, суреттер (алманың суреті), портрет, сергіту сәті, мақал-мәтелдер, сөз жұмбақ, т.б.
Сабақтың жоспары:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
А) Балаларды сабаққа ұйымдастыру
Ә) Үй тапсырмасын сұрау. (Бұқар жырау термесі
II. Жаңа сабақ
1. «Сыр елі- Жыр елі»
а) Кіріспе әңгіме («Сыр елі- Жыр елі»)
ә) «Толғау тарланы – Базар жырау» (өмірмен таныстыру).
2. Тыңдату бөлімі.
а) Кіріспе әңгіме ( «Жақсы мен жаман» термесі)
ә) термені тыңдату ( «Жақсы мен жаман» термесі)
3. Ән айту. («Біз – туған ел баласы» )
а) кіріспе әңгіме (әнге)
ә) Композиторлар К.Қуатбаев, Қ.Ыдырысов жайлы мағлұмат бару
б) Ән тыңдату
в) Мазмұнын талдау. (3 шумағын, отан, кесілген, ырыс, төсінде, несібі, т.б.сөздеріне түсіктеме беру)
с) әннің әуенін үйрету
д) қайта әнді орындату
III. Қорытынды бөлім.
А) Бекіту. («Сөз жұмбақ»)
Сабақтың барысы:
І. а ) – Сәлеметсіздерме, балалар!
— Қане барлығымыз құрал-жабдықтарымызды алып, тынышталып,маған қарайық!
II.1.а) –Балалар, бүгін біз сабақта «Сыр елі — жыр еліне» сапар шегеміз.
«Сыр елі — жыр елі» дегеніміз не дейсіңдер ғой? Онда мен сендерге ол туралы айтып берейін.
– Қане дұрыс отырып, құлақ салып тыңдаңдар.
Қазақстанның әр өлкесінде, тарихында, мәдени дәстүріне, түрлі басқа ерекшелігіне байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық, әншілік, жыршылық, күйшілік мектептер бар.
Балалар сендер осы уақытқа дейін Арқаның Біржан, Ақан, Жетісудың Кенен сияқты ақындарымен және Батыс Қазақстандағы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей секілді ірі күйшілердің орындаушылық дәстүрімен таныстыңдар. Енді Қазақстанның жыршылық — термешілік өнертепкен жерінің бірі — Сыр елімен танысасыңдар. Сыр елінің ақындық — жыраулық, жыршылық мектептеріне, оның терме, толғау үлгілеріне тоқталамыз.
ә) Енді солардың ішінде заманы Абаймен тұстас, өз еліне кезінде ерекше дарынмен аты шыққан ақынның бірі – Базар жырау.Ондасұлымен танысамыз (портретін көрсету, тақтаға іліп қою керек).
Базар Ондасұлы қазіргі Қызылорда облысынын Қармақшы ауданы 1843 жылы дүниеге келген. Енді Базар жыраудың балалық шағына көз салсақ: Базар бала кезінде қозы бағып жүріп, далада ұйықтап қалса керек. Ақ денелі, ақ таяқты, ақ сақалды бір кісі бұған келіп «Балам, мандайыңа берейін бе, таңдайына берейін бе?» – депті. Қарны ашып, шөлдеп жатқан бала: «Ата, таңдайыма бер», – дейді. Содан бала Базар өлең айтып ояныпты.
Табиғатынан дарынды, зерек бала ақын – жыраулардың жырларын, халық мақал – мәтелдерін көңіліне түйіп өседі. Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау тарланы – Базар жырау.
2.а) -Балалар, енді біз Базар жыраудың «жақсы мен жаман» термесін тыңдаймыз. Бұл термеде адамның жақсы және жаман қасиеттерін, адамның ұнамды, ұнамсыз мінездерін насихаттап, жаман деген немене? Жақсы деген немене? екендігін ашып көрсеткісі келеді. Ата — бабаларымыз «Адамның жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші талай мақал – мәтелдер бар.
-Ал, балалар сендер, қалай ойлайсыңдар. -Жақсы деген немене ? Жаман деген немене?
-Мысалы, әдепті, инабатты, кішіпейіл, ақкөңіл адамды жақсы адам дейміз Ал, әдепсіз, үлкенді сыйламайтын, тәртіпсіз, жат қылықтары бар, арсыз, ешкіммен санаспайтын адамды жаман адам дейміз.
-Дұрыс айтасыңдар.
-Енді мен сендерге Абай атамыздың мынадай қара сөзін оқып берейін: («Абайдың қара сөздері» кітабынан оқып беріп, талдап өтемін).
ә) -Ал, енді балалар дұрыс отырып, термені тыңдаңдар. Қалай отырушы едік? Дұрыс отыру қалпын сақтаймыз. (Термеде не туралы айтылған? Сөзін талдау).

«Әр нәрсенің парқы бар»
Базар жырау
Жақсы мен жаманның
Арасы жермен аспандай.
Басқарсың бір күн басыңа
Іс түскен кезде, сескенде-ай.
Мырза менен сараңды-
Өлшестіріп қарасаң.
Ғалым менен наданды
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп асқандай.

(Термені аяғына дейін тыңдату. Сөзін талдау)
3.а) -Балалар, сендер алдыңғы сабақта қандай нотамен танысып едіңдер?
-Дұрыс айтасыңдар! Ал енді бүгінгі сабақтар (жартылық) (төрттік) нотамен танысып, олардың саналуына көңіл бөлейік. (тақтаға ноталардың суретін іліп қоямын).
б) -Балалар, қараңдаршы, мынау алманың суреті. Мына алма бүтін алма. Бұл да бүтін нота секілді. Ал, алманы екіге қақ бөлсек не болады? Екі алма, яғни бұл дегеніміз жартылык екі нота. Сонда, енді осы бір жарты алманы екіге қақ бөлсек не болады? яғни 2 төрттік нота болады. Сонда, қараңдаршы балалар, бүтін нота біреу, екеу, үшеу, төртеудеп саналса, жартылық нота осы бүтін нотаның жартысы, яғни төрттік нота 1-еу деп саналады.
-Бұл сендерге түсінікті болды ма?
— Түсінікті болса, мен сендерге мынадай қысқаша ойын ойнатайын.
— Мен – сендерге нотаны көрсеткенде, яғни не О, не ♪, не ♪, нота болуы мүмкін. Сендерге нотаны қолмен соғып, санауларың керек.
«Әр жартыға екіден, Төрттік нота бекіген»-дегенді қалай түсінесіңдер?
-Яғни, бір жартылық нотада екі төрттік нота бар дегенді білдіреді.
-Дұрыс айтасыңдар.
в) – Балалар енді мынадай жаттығуды орындайық. Кітаптың 50-бетін ашыңдар. 50-беттің жоғарғы жағында ноталар жазылған. Сендер ноталарды танисыңдар және нота сауатын білесіңдер, яғни ноталарды санай аласыңдар.
— Ал, енді, ноталарды атаңдаршы.
До, до, ре, ре, до.
-Дұрыс атадыңдар.
-Енді қандай ноталар берілген. Соған көңіл аударайықшы.
-♪ (төрттік) және ♪(жарты) ноталар.
— Енді осыларды санайық және қолмен соғып айтайық.
— До, до, ре,ре, до 1-еу, 2-еу, 3-еу, 4-еу, 1- еу, 2- еу
— Енді осы жаттығуды үнтаспадан айтып көрейік.
с) – Енді бәріміз орнымыздан тұрып, мына жаттығуды жасайық.
Сергіту сәті.
Ау, балалар! балалар!
Апа қалай жүреді?
Апа былай 2
Апа былай жүреді!
Ау, балалар! балалар!
Ата қалай жүреді?
Ата былай2
Ата былай жүреді!
Ау, балалар! балалар!
Солдат қалай жүреді?
Солдат былай2
Солдат былай жүреді!
Ау, балалар! балалар!
Аққу қалай ұшады?
Аққу былай 2
Аққу былай үшады!
Ау, балалар! балалар!
Аққу қалай қонады?
Аққу былай2
Аққу былай қонады!

Терменің екінші шумағында, Отанымыздың кең байтақ, ешқандай жерге жетпейтінін, онда жасыл шөп өсіп, жерінде малы көп, жасыл желегі көп екеніні айтып, мұның бәрі менің несібем дейді. Яғни несібем деген, осының бәрі менің қолымда бар алтын қазынам, байлығым дегенді білдіреді. Ал, үшінші шумағында біз жастарға сенеміз, еліміздің болашағы жастар, яғни сендер екендігін айтып отыр. Болашақты әрі қарай жалғастыру үшін, қолда барды сақтап, дамыту үшін сабақты жақсы оқып, үлкен адам болыңдар дейді. Жақсы оқысаңдар, бұл сендердің еңбектеніп, жұ
мыс істегендерің. Сондықтан балалар жақсы оқып, Отанымыздың адал, ақылды, білімді, парасатты, тәртіпті азаматтары мен азаматшалары болыңдар демекпін.
с) Әннің әуенімен айтып көрейік.
д) Әнді қайталап, ақырғы рет айтқызу.
III. а) Балалар енді мына сөзжұмбақты шешейік.
Сөзжұмбақ.
т е р м е ш і
э п о с
ә л қ и с с а
т о л ғ а у
м а қ а м ы
б а Я н а у ы л
1) Термені орындайтын адам?
2) Грек тілінен әңгіме, өлең, жыр деген мағынаны білдіретін сөз?
3) Жыр мазмұнын қара сөзбен, түрлі қимыл-қозғалыстарымен беруді не деп атайды?
4) Жыраудың ішкі ойын, сезімін, өмірге, табиғат құбылыстарына көзқарастарын білдіруді не деп атайды?
5) Әннің әуені бар, ал терменің несі бар?
6) Бұқар жыраудың туған жері.
— Оқушылар, сонымен біз бүгінгі сабақта: Қайда сапар шектік? Қайда саяхатқа шықтық? Қандай жыраумен таныстық? Ол кісі туралы не білесіңдер? Базар жыраудың қандай термесін тыңдадыңдар? Термеде не жайлы айтылған? Бүгінгі сабақта қандай нотамен таныстыңдар? Қандай әнмен таныстыңдар? Әнде не жайлы айтылады екен?
— Сонымен балалар, бүгінгі сапарымызды осымен шектейік. Жыр елінің төңірегіне үңілдік, Сыр елінің тарланы. – Базар жыраумен таныстық. Ол кісі Отаны мен жері үшін аянбай еңбек еткен, еркіндікті аңсап өскен, жақсы мен жаманды айыра білген, жат қылықтардан алшақ болған. Балалар сендер де, Отандарынды сүйіп, туған жерлеріңді құрметтеп, қадірлейді, – деп сенемін. Қолда барды аялайық. Ол үшін сабақты жақсы оқларың керек.
— Сау болыңдар
ІІІ. Қорытынды
Байтақ даланы мекендеген қазақ халқының даналық шығармашылық дәстүрінің, оның ішінде жыраулық — жыршылық өнерінің құпиясы соңғы ширек ғасырдан бері алыс-жақын шетел ғалымдарының бірден-бір зерттеу объектісіне айнала бастады. Бұған дәлел – Ленинградта, Алматыда, Парижде, т.б. қалаларда халықаралық деңгейлердегі фольклорлық фестивальдардың неше дүркін өткізілуі. Осы фестивальдарда, тіпті «музыка өнері саласында ешбір халық алдымызға шығып көрмеген» деп жүрген батыс білгірлерінің өздерін таңдай қақтырған қазақтың ежелгі әдеби — му
зыкалық даналық туындылары, әсіресе, өзіміз зерттеп жүрген Сыр, Арал өңірі жыраулық — жыршылық, термешілік дәстүрінің көптеген өркениетті елдер өнерінен кем түспейтіні, кей жанрларда, тіпті озық екені еріксіз мойындалып, соңғы 15–20 жылда әлемдік сахнадан өзінің тиісті орнын алып, өнер сүйер қауымды тәнті етіп келеді.
Қазіргі заманғы жыраулық дәстүр – күрделі құбылыс. Олай болуының өзіндік алғышарттары мен себептері бар. Сондықтан да, бұл дәстүр халықтық өнердің жеке саласы ретінде зерттеуге тұрарлық. Бұл жөнінде осы дәстүрді көп жылдан зерттеп жүрген белгілі музыкатанушы ғалым А.Б.Құнанбаева «қазіргі кезде, әдетте батырлық жырлар деп саналатын классикалық жырлар мен жыраулық дәстүрдің таралуы, өзгеруі және заман талаптарына бейімделуі, өміршең болу себептері сияқты өзекті мәселелерінің өте маңызды, сондай-ақ жеке дара зерттелуге лайықты ныса
н» екенін айтады.
Бізге жеткен жыраулық — жыршылық дәстүрлі өнер батырлық жырлармен ғана шектелмей, әртүрлі өзгерістерге ұшырай келе және әр заманның қатаң талабына бейімделе отырып, өз ауқымына сол жырдың бір бөлшегіне және уақыт өте келе жеке-жеке шығармаларға айналған әңгіме, хикая, нақыл-өсиет термелер түріндегі шығармаларды да енгізіп отырған. Өз кезегінде, олар да заман мен халық талабына сай және авторлар мен орындаушылардың қарым — қабілетіне қарай қайта жаңғырып, жаңа мазмұн мен сапаға ие болып, өзіндік құрылымы мен баяндау әдістері бар мазм�
�ны бай және күрделі де көлемді шығармаларға айнала берді.
Жыраулық өнер – жабырқаған көңілін көтеріп, қазасын астарлы сөз, күңіренген күймен есіттіріп, ас-тойын жырау — жыршысыз өткізбейтін қазақ деген өнер қонған халықтың көнермес ұлы дәстүрі. Халқымыз бодандық бұғауынан құтылып, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, әдеби-музыкалық өнердің жыраулық-жыршылық саласы болашақ ұрпақты ана тілімізде, қазақи ұлттық рухта, өнерпаз ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап бізге жеткізген дәстүрлі ұлттық мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу бірінші орынға шықты.
Жыраулық үрдіс бағзы замандардан басталып, қоғамның өзгеруіне орай кейде әлсіреп, кейде өзін тұншықтыруға, санадан сылып тастауға тырысқан жойқын тарихи оқиғаларға үнемі төтеп бере отырып, өнерпаз ұл — қыздарының дарындылығы мен табандылығы арқасында, халық тудырған және онымен мыңдаған жылдар біте қайнасқан теңдесі жоқ қастерлі қымбат қазына, бабалардан қалған бағалы асыл мұра ретінде таза бітім — болмысын, рухани — ағартушылық күш — қуатын бойына қайта жинап, бүгінгі күнге дейін жетті.
Еліміз егемендік алғалы бері Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи — мәдени мұраларды жинау, зерттеу, сақтау ісіне айрықша көңіл бөлумен келеді. Тіпті, үш жылды «Мәдени мұра жылы» деп жариялады. Бұрын — соңды қазақ елінің тарихында болмаған мұндай ауқымды бағдарлама әлі де жалғасын табуда.
Жыраулық өнерді қай тұрғыдан зерттесек те, қазақ мәдениетінде өз орны бар бұл саланың әдеби-музыкалық шығармашылық екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан, өнердің осы түрін тарихтану, әдебиеттану, музыкатану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай қарастырған абзал. Жыраулық-жыршылық өнерді бұрын негізінен тарихшы-этнографтар мен халық ауыз әдебиеті саласының ғалымдары көбірек зерттеп, музыкатанумен айналысқан ғалымдардың жыр мәтіндері мен мақамдарын тұтас қарастыра зерттегендері аз екені қынжылтады.

IV. Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. Алматы, 1975, 13-б.
  2. Ерзакович Б.Г., Қоспақов З.Қ. Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы. А., 1986, 3-б.
  3. Уәлиханов Ш. Таңдамалы.2-бас., «Жазушы», Алматы, 1985, 164-б.
  4. Әуезов М. ХІХ менХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы. Алматы. 1933 ж.
  5. Абылкасымов Б. Жанр толгау в казахской устной поэзии. Алматы. Наука, 1984
  6. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Кітапта, Ақ жол. Алматы Жалын. 1991 ж.
  7. Жамбыл Жабаев. 2 томдық шығ. жинағы. Алматы. Жазушы, 1982 ж.

Мазмұны:

І. Алғы сөз
Қазақ халқының жыршылық өнері туралы…………………………………….. 3 бет
ІІ. Негізгі бөлім.Теориялық бөлім
А) Толғау тарланы – Базар жыраудың өмірі…………………………………… 6 бет
Ә) Базар жырау жайындағы әңгімелер…………………………………………. 14 бет
Б) Оқушыларға жыршылық өнерді түсіндіру жолдары…………………. 19 бет
ІІІ.Қорытынды……………………………………………………………………………. 25 бет
ІV.Пайдаланылған әдебиеттер………………………………………………………27 бет<br />

анкета.docx

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.