Өзін-өзі тану пәні

«Махаббат-өмір өзегі».

Семей қаласы, №22 жалпы орта білім беретін мектеп
Пәні: Өзін-өзі тану Мұғалімі: Қайырлыбекқызы Әлия

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға махаббат, сүйіспеншілік ұғымдарының құндылық ретінде мәнін ашу.
Сабақтың міндеттері:

1. Білімділік:  «Махаббат», «сүйіспеншілік» ұғымдарының адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
2. Дамытушылық:  Сүйіспеншілік қарым-қатынастарын дамыту.
3. Тәрбиелік:  Оқушыларды өз Отанын, туған жерін, ата-анасын сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері:    Шаттық шеңбері, әңгімелесу, тыныштық сәті, дәйексөз, сахналау, шығармашылық жұмыс, жүректен жүрекке.
Көрнекіліктері:  Компьютер, интерактивті тақта, видиеофильмнен үзінді, видеоролик.

Сабақ барысы:

1.Шаттық шеңбері.

Оқушылар бір-біріне қолдарындағы күнді беруі арқылы жылы лебіздерін білдіреді. Елімізде тыныштық болсын, аналарымыз аман болсын, отбасымыз аман болсын, мұғалімдеріміз аман болсын, жер бетіндегі барлық бала әрқашан қуанышта өмір сүрсін, адамдар бір-біріне мейірімді болсын.

Мұғалім: өте жақсы балалар, осы айтылған тілегіміздің барлығы орындалатынына сенемін.

2.Әңгімелесу.

Оқушыларға сұрақ қою арқылы сүйіспеншілікпен махаббаттың адам өміріндегі ең бағалы құндылық болып табылуын түсіндіру.

Мұғалім: балалар, «данышпан ата» сендерге ақ көгершіннен хат жолдапты, сендердің ойларынды білгілері келеді екен, ал енді балалар осы сұрақтарға жауап берейікші (сұрақтар слайд арқылы көрсетіледі).

1 сұрақ. «Бәрінің бастауы-махаббат» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

2 сұрақ. Отбасының сыйластығына қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыңдар?

3 сұрақ. Жер бетіндегі ең әдемі сөз не балалар? Оқушылар Ана деп жауап береді.

4 сұрақ. Ана деген сүйіспеншілктеріңді қалай білдірер едіңдер?

5 сұрақ. Енді балалар Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік сезімдерің өзіміздің жылы сөзімізбен жеткізейікші.

Мұғалім: Адам жүрегі махаббатқа, сүйіспеншілікке толы  болса ғана мейірімділік, адалдылық сияқты асыл қасиеттер үнемі байқалып тұрады. Өмірді сүю, Отанды.,туған жерді сүю, білімге құштарлықта сүйіспеншілікке байланысты болады.

3.Дәйексөз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны  ілесін» деген халық мақалын түсіну арқылы, отбасы тәрбие баспалдағы екенін түсінеді (слайд арқылы көрсету).

Мұғалім: мысалы үйімізде ата-анамыз «жарайсың», «ақылдым менің», «қолғанатым менің», «айналайын, құлыным!» деген жақсы сөздердің балаға деген сүйіспеншілікпен көбірек айтып отырса, балада сол сөздерді пайдаланып, достарын, ата-анасын, Отанын жылы жүрекпен сезініп, соған лайықты болуға тырысады.

4.Сахналау.

Тапсырмаларды рөлдермен бөліп орындау арқылы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын, мейірімділігін көрсете біледі.

1.Үлкен мен кішінің бір-біріне ізет-құрметі,

2.Ата болып ақыл айтуы.

3.Әже болып ертегі айтуы,

4.Әке болып еркелетіп,

5.Ана болып мейірімділік төгуі,

6.Аға болып үлгі көрсетіп,

7.Іні болып көмек көрсетуі.

8.Әпке болып мейіріммен аялап,

9.Қарындас болып бауырыңда саялап.

Мұғалім: Сонда балалар қандай кезде де біз бір-бірімізге қол ұшын беріп, көмектесіп, қолдап мейірім шуағын төгіп жүруіміз керек екен.

5.Өзіммен-өзім.(үнтаспадағы ән ақырындап қосылып тұрады)Ұл балалар малдас құрып отырады, қыз балалар тізерлеп отырады. Әр баланың өз бойындағы туған жерге деген сезімін сезіндіру мақсатында, үнтаспадан құстар дауысын, судың сылдырап аққанын тыңдатып, мынадай мәтін оқуға болады:

— Балалар, денелеріңді бос ұстап, еркін тыныстаңдар. Өздеріңді туған жердің таза ауасында, туған елдің төсінде жүрміз деп елестетіңдер. Біз өз мекеніміздің көркем табиғат аясында, таза ауамен дем алып, таза суын ішіп, өз жүрегіміздегі туған жерге деген ыстық сезімімізді табиғат анаға аялы алақанымызбен білдіргіміз келіп, гүлдерді, шөптерді сипалап қоямыз.

Ал, енді балалар туған жердің табиғатын қалай сезіндіңдер?

Мәтін оқылған кезде қандай сезімде болдыңдар? (Оқушылар өздерінің алған әсерлерімен бөліседі).

6.Шығармашылық жұмыс.

Оқушылар топқа бөлініп, 1 топ: Отанына, ата-аналарына деген сүйіспеншілік сезімін өлең жолдарын шығару арқылы білдіреді.

2 топ: Туған жер, ата-анасына, туыстарына, достарына деген сүйіспеншілігін салған суреті арқылы көрсете біледі.

7.Дәптермен жұмыс.

Оқушы дәптеріндегі 1,2 тапсырманы үй тапсырмасы ретінде беруге болады.

8.Жүректен жүрекке.

Оқушылар аналарының жүрек жарды тілектерін видеоролик арқылы көреді, тыңдайды.

Балалар, аналарыңның тілегін естігенде қандай сезімде болдыңдар?

Жақсы балалар аналарың сендерді өте жақсы көреді екен, еркелетеді екен, біз сол аналардың үмітін ақтайтын үлкен тәрбиелі азамат болуға тырысамыз. Солай ғой балалар?!

Енді балалар шеңберге тұрып, бір-біріміздің қолымыздан ұстап аналарға деген ризашылығымызды әнмен білдірейік.

Ән «Ана туралы жыр».

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.