Мектептегі кәсіп туралы білім беруді дамыту

Қызылорда облысы, Арал ауданы,
Жаңақұрлыс елді мекені №74 орта мектептің
қосымша білім беру маманы Исаева Жұмагүл Мырзашқызы

«Мамандықты қателеспей дұрыс таңдау дегеніміз не?», «Осы мамандықты таңдауыма ата-анам себепші болып еді. Енді өз қалауыммен екінші мамандықта оқып жүрмін», – деген сияқты сөздерді жиі есітетініміз анық. Енді, мамандықты дұрыс таңдау үшін не қажет, соған тоқталып жауап іздеп көрсек.
Әрбір оқушының жеке қабілеттері мен ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін, шеберлігін, қызығушылығын ескеріп бағыт-бағдар беру, жекелеген мамандықтар туралы терең білім беру – біздің басты міндетіміз. Ал, мектебіңде қанша оқушы болса сонша оқушының жеке-жеке қабілетін, бейімділігін анықтап бағыт беріп отыру, мамандықты дұрыс таңдауға жол сілтеу – үлкен мәселе. Сондықтан, әр мамандықтың адамға ұсынатын ерекшелігін, талабын алдымен өзіміз жақсы біліп алуымыз керек. Содан кейін ғана оқушыларға сенімді түрде толық ақпарат бере аламыз.
Мектепте бастауыш сыныптардан бастап баланың бейімін анықтау үшін түрлі анкеталар, сауалнамалар, тесттер алынып, диагностикалық картамен жұмыстар жасалады. Осылардың нәтижесіне сүйеніп әр баланың қай мамандыққа бейім екенін білгеннен кейін әрі қарай қандай жұмыстар жасалуы керек? Оқушының таңдаған мамандығына сәйкес дұрыс бағыт-бағдар беру үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады? Олардың ата-аналарының пікірін тыңдау маңызды ма? Оқушының таңдаған мамандығы жоғары немесе орта білімді қажет етеді ме? Осы сияқты сұрақтарға жауап іздеп, оқушының дұрыс, өзінің қабілетіне сай келетін мамандықты қателеспей таңдауына, мектеп оқушылары мен ата-аналарына кәсіп туралы білім беруді дамытуға үлес қосуымыз керек.
Сондай-ақ, дұрыс таңдалмаған мамандық – мамандық иесінің өзіне ғана емес, қоғамға да кері әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн.
Профессор М.Кон мамандық таңдаудың 4 кезеңін атап көрсеткен:
Бірінші кезең – әртүрлі мамандықтағы адамдарды бейнелейтін балалар ойыны.
Екінші кезең – өтпелі кезеңде балалар арманынан туындайтын керемет мамандықтарды бейнелейтін фантазия.
Үшінші кезең – бүткіл өтпелі кезең мен бозбалалық кездің бір бөлігін қамтиды. Осы кезеңде әртүрлі іс-әрекет түрлері өздерінің мүмкіндіктеріне қарай және құндылықтарына сай жинақталады және бағаланады.
Төртінші кезеңде нақты мамандық таңдау жүзеге асырылады. Бұл кезең екі бөлімнен тұрады: болашақ жұмыстың деңгейі қандай (жоғары не орта білімді қажет етеді ме?) және нақты мамандықты таңдау.
Қазіргі балалар, бақылап қарасаңыздар, ойнамайды. Ойнамаған балада жаңаша ой, идея болмайтыны анық. Сондықтан, баланы ойнау арқылы ойлай білуге үйретуіміз керек. Ол үшін біздің бастауыш сыныптармен жұмысымыздың дені маман болып ойнау, сол мамандықтың жақсы, «жаман» («қиындығын» деген мағынада) жағын оқушымен біріге отырып талдауға қойылуы керек. Бірыңғай тест, сауалнама алу арқылы баланы жалықтырып алмайық!
Мұғалімнің берген мәліметтерінен өзіне қажетін алып, оған өз ойын қосып, тамаша мамандықты ойлап тапқан бала, сол кәсіптің өзі білмейтін жақтарын сұрастырып біліп алуға ұмтылары хақ.
Ауыл балалары үшін, көбінесе, «маңызды» мамандықтар – мұғалімдік пен дәрігерлік. Себебі, ауылдық жерлерде басқа маман жоқтың қасы. Осы жағдай, біздің іс-тәжірибемізде кездесетін қиыншылық десек те болады. Жұмыс істеген алғашқы жылы (2007 жылы) «Кім болғың келеді деген?» деген қарапайым сұрақты 5-11 сыныптың оқушыларына қойып көрдім. Естіген жауабымнан шыққан нәтиже мынау: 5-6-7-сыныптарда 92% – мұғалім, 5% – дәрігер, 3% – белгісіз, 8-9-сыныптарда 83% – мұғалім, 11% – дәрігер, 3% – заңгер, 2% – белгісіз, 10-11-сыныптарда 60% – мұғалім, 16% – дәрігер, 7% – экономист, бухгальтер, 2% – программист, 2% – өнер саласы, 3% – әскери қызметкер, 2% – көлік жүргізушісі, 5% – сауда-саттық, 3% – зоотехния, агрономия салаларын таңдаған. Осылайша әр сыныпты топтап, пайыздық көрсеткішін шығару арқылы менің түйгенім – 5-сыныптан бастап кәсіп туралы ақпарат беру. Әсіресе, менеджмент, дизайнер, адвокат, сертификаттау және стандарттау ісі, журналистика, маркетинг т.б. сияқты ауыл балалары үшін онша таныс емес (атын естігенімен қандай мамандық екенін білмейтін) мамандықтар туралы көбірек ақпар беру. Бұндай мамандықтарды «Жаңа мамандықтар» деп алуды жөн санадым.
Кәсіп туралы ақпарат беру жұмысы оқушылардың оқуын әрі қарай жалғастыру немесе еңбекке араласу мүмкіндіктері туралы мәлімет беруді, кәсіби білім беретін мекемелермен танысуды, әртүрлі жалпы білім беретін мектептер жүзеге асыратын бағдарлы оқыту бағдарламалары туралы ақпарат алуды қарастырады.
Жалпы, кәсіп туралы ақпарат беруді тек қана оқушылар арасында емес, олардың мамандық таңдауына белгілі бір мөлшерде үлес қосатын ата-аналарына да жүргізу керек. Ондай жұмыстар мынандай формада болуы мүмкін: ата-аналар мен оқушылар бірге қатысатын жиын, дөңгелек үстел, ток-шоу, семинар т.б. Мысалы, өз тәжірибемнен алатын болсам, 2008-09 оқу жылының І жарты жылдығында «Мамандыққа барар жол» тақырыбында мектепішілік төрткүндік ісшара өткізілген болатын. Жоспарда: 1-күн: «Мамандық және мен» ата-аналар мен 9-сынып оқушылары арасында өткізілетін тақырыптық кеңейтілген оқу. 2-күн: «Мамандығым – мақтанышым» ауылда бар мамандармен кездесу кеші. 3-күн: «Оқушылардан алынған сауалнамаларды, тесттерді жинақтап, нәтижесін шығару». 4-күн: Қорытынды жиын. Ата-аналар, пән мұғалімдері, оқушылар арасында.
Бұл төрткүндікті өткізерден бір апта бұрын ата-аналарға ісшараның өткізілетіндігі жөнінде хабарландыру таратылды. Және әр ісшараға қатысуға шақыру билеттері берілді. Нәтижесінде қалыс қалып, келмей қалған ата-ана болған жоқ. Одан шыққан қорытынды, 12 жылдық білім беру, бағдарлы білім беру, мамандыққа баулу туралы оқушылармен бірге ата-аналар да ақпарат алды. Яғни, кәсіби ағарту жұмысы жүргізілді. Алдағы уақыттарда да мектеп бойынша ата-аналарды түгелдей қатыстырып отыруды көздедім. Себебі, пайдалы жақтарының көп екеніне көзім жетті.
2009-10 оқу жылында «12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – ұлттық мектептің ұлы мұраты» тақырыбында онкүндік іс-шара өткізілді. Мақсаты: Ата-аналар мен оқушылар арасында 12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымы мен ерекшеліктерін түсіндіру. 12 жылдық білім беру жүйесі туралы толық мағлұмат беру. Оқушылардың мамандық түрлері туралы білімін толықтыру.

Р/с Атқарылатын іс – шаралар мазмұны Орындалуы мазмұны Өткізу формасы
1 «12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – ұлттық мектептің ұлы мұраты» 15-24.ІІ.2010ж Мектепішілік онкүндік іс-шара
2 «Ұлттық мектептің ұлы мұраты»
1-11 сыныптар үшін 15.ІІ.2010ж Жиын. Жоспармен таныстыру. Баяндама.

3 «12 жылдық білім беру – оқушылар көзімен»
5-11 сыныптар үшін 16.ІІ.2010ж Оқушылар шығармашылығы
(эссе жазу, сурет, буклет, газет, өлең шығару т.б.)
4 «Менің балам – жаңа ғасыр баласы»
Ата-аналар үшін 17.ІІ.2010ж Семинар
5 «Мамандықтың бәрі жақсы»
2-8 сыныптар үшін 18.ІІ.2010ж Сахналық қойылым
(әр сынып оқушыларының бір немесе бірнеше мамандықтың иесі болып ролде ойнауы)
6 «12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымы мен ерекшеліктері»
8-сынып 19-22.ІІ.2010ж Модулдік оқыту технологиясы бойынша ашық сабақ
7 «Болашақтың тұтқасы – біздің қолымызда» 9-11 сыныптар үшін Ескерту: әр сыныптан 2-ден кем емес оқушы қатысады 23.ІІ.2010ж Таңдаған мамандығына байланысты жоба қорғау
8 Қорытынды 24.ІІ.2010ж Кеш, марапаттау
Осы онкүндік ісшара барысында «Менің балам – жаңа ғасыр баласы» тақырыбында ата-аналар арасында өткізілген семинар-тренингте ата-аналар жас ерекшеліктері мен бітірген мектептеріне қарай 4 топқа бөліп орналастырылды. 1-топ: «7 жылдық мектеп», 2-топ: «10 жылдық мектеп», 3-топ: «11 жылдық мектеп», 4-топ: «12 жылдық мектеп». Алдымен ата-аналар мен оқушыларды 12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымымен таныстырып өттім. Содан соң оқушылар тарапынан қатысып отырған ата-аналарға сұрақтар қойылды. Оқушылар: «Сіздер оқыған мектеп қандай еді?», «Қазіргі білім беру жүйесіне қанағаттанасыз ба?», «Немен, неге жаздыңыздар?», «Мұғалімдеріңіз қандай еді?» деген сияқты өздерін қызықтыратын көптеген сұрақтар қойды. 12 жылдық мектеп құрамында отырған «Балбөбек» балабақшасының бүлдіршіндері ән-би, тақпақтарын айтты. Семинар соңында, 7 жылдық мектептің өкілі, ауыл имамы, зейнеткер ұстаз Ізбасқанов Жеткер атамыз ақ батасын берді
Оқушыларды зерттеу барысында түрліше әдістерді қолдануға болады. Жұмыстың бастапқы кезінде әрбір оқушыға белгілі үлгіде жасалынған анкеталарды толтырту, одан соң оның сабақ үлгірімін зерттеу, сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарын бақылау, мектеп дәрігерінен денсаулығы жайында зерттеу, жекелеген әңгімелер және мамандық таңдау жөнінде бүкіл сыныптармен әңгімелер өткізу. Осылайша алынған мағлұматтар мұғалімдердің және ата-аналардың пікірлерімен толықтырылады. Барлығының нәтижесінде төмендегі мәселелер айқындалады: оқушы мамандық немесе оқу орнын таңдап алды ма, таңдауы оның бейімділігі мен қабілетіне сәйкес келе ме, таңдаудағы дәлелдері, оның қабылдаған шешіміне мұғалімдер мен ата-аналардың пікірі қандай. Мұғалімдерден әрбір оқушыға оның сабақ үлгірімі, бағалары, мінез-құлқы, ынта-ықыластарының, қабілеттіліктерінің, жолдастарымен өзара қатынасының және т.б. айтылған мінездемелерді алуға болады.
Оқушылардың мамандық әлемімен, техника негізімен және өндіріс технологиясымен танысуы олардың қызығуына, бейімділігіне, белгілі бір жұмысқа ынталануына көмектеседі.
Қорыта келе, мектепте кәсіп туралы білім беруді жетілдіру үшін мына нәрселерді ескеру қажет деп есептеймін:
• КТМ (кәсіптік техникалық мектеп), лицей, колледж, ЖОО-мен үздіксіз байланыста болу. Осы оқу орындарындағы оқытылатын мамандықтар туралы тереңірек білуге ұмтылу;
• Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, арнайы кәсіп туралы білім беру бағдарламасын құру, сонымен жұмыс жасау;
• Тек қана оқушылармен емес, ата-аналармен де ағарту жұмыстарын жүргізу;
• Мектептің мүмкіншілігіне қарай оқу орындарына саяхат жасау т.б.
Менің жобалауымша осы талаптардың орындалған жағдайында біздің мектеп түлектерінің, болмағанда, 90% өзінің мүмкіндіктеріне сәйкес мамандықтарды қателеспей таңдай алады.
Адамның өзіне де, қоғамымызға да пайда келтіретін маман дайындауға үлесімізді қосуға барымызды салайық. Сонда ғана біздің еліміз дамыған елдердің алдыңғы қатарында болып, ешқашан сол тұғырдан түспесі анық.

Комментариев нет

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше