Гала-концерт

20 қараша күні, сағат 19:00-де Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына орай барлық өнер ұжымдары қатысатын ауқымды Гала-концерт өтеді.
ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік филармониясы ұжымдарының Гала-концерті
Бұл кеш қазақ музыка өнерінің бай мұрасы мен алуан түрлілігін, ұжымдардың жоғары орындаушылық шеберлігін паш ететін нағыз мерекеге айналмақ. Сахна төрінде:
- Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық академиялық «Отырар сазы» оркестрі
- Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі
- ҚР үрмелі аспаптар оркестрі
- Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы
- Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті
- Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті
- Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинететі
және белгілі солистер, домбырашылар мен пианистер өнер көрсетеді.
Концерт бағдарламасы ұлттық және әлемдік классикалық музыканың інжу-маржандарын қамтиды. Қазақстанның көрнекті композиторлары Нұрғиса Тілендиевтің, Мұқан Төлебаевтың, Еркеғали Рахмадиевтің, Тілес Қажғалиевтің, Асқар Бестыбаевтың және ұлы әлемдік классиктер Людвиг ван Бетховеннің, Николай Римский-Корсаковтың, Антонио Вивальдидің, Пабло Сарасатенің шығармалары шырқалады.
Көрермендер Н.Тілендиевтің “Махамбет” күйін, “Өз елім”, “Құстар әні”, “О, туған жер” әндерін, “Аққу” күйін, сондай-ақ Абайдың “Айттым сәлем Қаламқас” әнін, М.Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсынан Мерекелік биді және Л.ван Бетховеннің Симфония №9-дан үзіндісін тыңдай алады. Сондай-ақ, домбырашылардың “Баламишка”, “Әлқисса” күй тартысы және екі фортепианоға арналған күрделі шығармалар орындалады.
Өтетін күні мен уақыты: 20 қараша, сағат 19:00
Өтетін орны: Республика сарайы, Достық даңғылы, 56 үй
Аккредиттеу және қосымша ақпарат алу үшін: [+7 708 506 80 10 Арайлы Жақсылық]
Ақпарат үшін:
Ұлттық музыка өнерінің қара шаңырағы – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы 1935 жылы құрылып, қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
1938 жылы ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілген филармонияның негізін қалап, тұңғыш директоры болған – аса көрнекті музыкатанушы ғалым, композитор, дирижер Ахмет Жұбанов. Оның ізін Е.Брусиловский, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Т.Әбдірашев сынды қазақ музыкасының алыптары жалғастырды.
90 жылдық тарихында филармония Дина Нұрпейісова, Ғарифолла Құрманғалиев, Қосымжан Бабақов сияқты дара дарындарды, сондай-ақ Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев сияқты отандық композиторлардың шығармаларының алғашқы тұсаукесерін ұйымдастырған, қазақ музыкасының алтын қорына айналған орда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы №1085 қаулысымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына «Академиялық» мәртебесі берілді.
Филармонияның ұжымдары мен жеке орындаушылары дәстүрлі және кәсіби қазақ композиторларының, сондай-ақ әлемдік классиканың үздік туындыларын насихаттау миссиясын абыроймен жалғастыруда.
