Әскерден — арманға: сарбаздық жол жаңа белестерге бастады




Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды әскерден шығарып салу рәсімі өтті. Аталған оқу ордасындағы күзет ротасының сарбаздары өз борышын жауапкершілікпен орындап, тәртіп пен адалдықтың үлгісін көрсете білді.
Қызмет барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жыл бойы үздік көрсеткіштер көрсеткен мерзімді әскери қызметшілерге сарбаздар санатындағы әскери шен берілді.
Биылғы көктемгі шақырылымның әскери және кәсіби даярлықта үздік нәтиже көрсеткен алты сарбаз білім грантына ие болды. Олардың бесеуі Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орындарын таңдаса, тағы бір сарбаз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Сондай-ақ төрт сарбаз келісімшарт негізінде Отан алдындағы борышын жалғастыру үшін Қарулы Күштер қатарында қалды.
-Әскери қызмет өмірімдегі маңызды кезең болды. Уақытты бос өткізбедім, өзім армандаған оқу орнына түстім. Борышымда да өтедім, білім жолына да қадам бастым. Өз азаматтарына дәл осылай қамқорлық жасайтын мемлекет бар ма?! Бізге осы мүмкіндікті сыйлаған Қорғаныс министрлігіне алғысым шексіз, — деп атап өтті ЖОО-ға түскен сарбаз Диляр Зияудинов.
Айта кетейік, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының күзет ротасы құрылғалы бері он төрт сарбаз азаматтық ЖОО-на білім грантын жеңіп алған, он бес сарбаз Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына түссе, тағы бес сарбаз өз еркімен келісімшарт негізінде әскери қызмет өткеруге қалған.
