Қанқұйлы қылмыскерді торуылдау – жауынгерлік міндет

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің тастай берік білекті де білікті мерзімді әскери қызметшілері қарауыл қызметінде қырандай қырағы.
Қарауыл басшысы да әккі қимылдың адамы. Ол әрбір ауысым сайын, мұнара сақшыларын шахматтық кезекпен алма-кезек, ауыстырып отырады. Өйткені, төменде жүрген сотталушы бақылаушының болмысын танып, кім екендігін аңғармау шарт. Осы орайда Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесіндегі сақшылық қызметі жайында әскери бөлімге Павлодар қаласынан шақыртылған қатардағы жауынгер Жанат Ерәділов бөлісті.
– Ұлттық ұлан сапындағы жауынгерлік қызмет қалай өтуде Жанат? Мұнара сақшына жүктелген жауынгерлік қызмет қандай?
– Қарауылдық қызметін мұнара басында өткерген мерзімді әскери қызметшінің бойында белгісіздеу айбар пайда болады екен. Өз басым, солай сезіндім. Мұнараға шығатын әрбір баспалдақты басқан сайын жеке құрамнан оқушауланып, қаруластарыңнан бөлек, өзіңе ғана арқа сүйейтін сәттің туғанын сезінесің. Менің алғашқы түзеу мекемесіндегі мұнара сақшысы болғаным әлі есімнен кетпейді. Ең қауіптісі, алтыншы мұнара еді. Мен сол мұнараға сақшы болып түстім. Түзеу мекемесінің автокөлік жүретін күре жолмен жанасатын тұсы еді. Зуылдаған көліктер сені сергек қалпыңнан айнытпай, керісінше ширықтыра түседі. Әмбе, қылышын сүйреп келе жатқан қыс мезгіліне шығыс жұрты ертерек қамданады екен. Қыркүйектің ғұмыры шегіне жеткен уақытта темір тұлпарларына қысқы тағаларын кигізеді. Ал, қысқы дөңгелектің дауысы көліктің сұлбасы көзіңе көрінбестен, құлағыңа бірінші болып талып жетеді. Алайда, сәлден кейін қайта-қайта шытырлап жаныңнан зуылдаған көліктердің шуылы құлағыңа үйреншік дыбысы айналады екен. Дегенмен, көліктің жылдамдық ырғағы түзеу мекемесіне таяған сәтте бәсеңдей қалса дүние бір сәтке тоқтап қалғандай көрінеді. Нысанаға көлік әйнегінен көрінген қаймананың түр әлбетін алып, қандай мақсатта баяулағанын өзіңше пайымдайсың. Әлгі көліктен түзеу мекемесінен қашықтағанға дейін күдеріңді үзбейсің. Дәл солай күдікті болып көрінген көліктерді бір деммен шығарып саласың.
– Көліктердің жылдамдықты бәсеңдетпей, мұнара маңына тоқтаған кезі болды ма?
– Иә, болды. Түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтыру үшін емес, өзге себеппен аз уақытқа кідіргендер болды. Ақау берген көлігін тексеру үшін тоқтағандар кездесті. Алайда, діттеген мақсаты түзеу мекемесіне тыйым салынған зат лақтыру болған күдікті де дәл солай тоқтап, айналаны бақылап, шолып қарауы бек мүмкін. Ондай да, дәл сол көлікті есте сақтап қалу қажет. Өйткені, бір емес, екі-үш рет өтсе, шеңгелді қоршаудың ішіндегі сотталушылардың сыбайластары болуы әбден мүмкін. Олардың жымысқы әрекетке барып, тыйым салынған зат лақтыруға әрекеттеніп жүргенін аңғаруға болады. Бұл мұнара сақшысының түзеу мекемесінің сыртын ғана бақылауға алуы. Ал қоршаудың іші ше? Бұл тіптен зор, жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені, тыйым салынған затты сырттан лақтырушы өз өмірін жанпида етпейді. Оған ұсталып, немесе алғашқы жоғарыға атылған оқтан сескеніп, тым тымырақай қаша жөнеледі. Ал түзеу мекемесінің ішінен сыртқа ұмтылғандардың пиғылы бөлек. Қандай да жолмен болсын бостандыққа шығу үшін өмірін жан пида етуге әзір қылмыскерлер де бар. Мұндай әрекетке, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар барады. Олар ұрымтал сәтте қисын-амал тауып, темір тордан сытылып шыққысы келеді. Аспанға қарай, ескерту оғын атқаныңа да мән бермейді олар. Олардың арамза ойларын іске асыруда сыбайластары да қоршау сыртынан жымысқы жоспар құратыны айдан анық. Әсіресе, ауыр жазасы үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғандар алдағы өмірлерін абақтыға арнағысы келмейді. Еркіндікке шығу үшін адам сенгісіз қадамдарға барады. Жалпы іштен де, сырттан да, кез келген уақытта қауіп төнуі ықтимал. Сондықтан қызмет барысында қалғып кетуге, сондай-ақ бей-берекет жаман ойға беріліп кетуге болмайды.
– Қарауыл қызметінің ер азамат болып қалыптасуыңа тигізген үлесі бар ма?
– Менің атам мектеп оқып жүргенімде автотұрақта күзетші болды. Апам пісірген тамақты ас уақытында апарып, тасып жүретінмін. Ол кезде сегіз-тоғыз оқитынмын. Бір күні атамның ауысымында алыстан үйге қонақтар келіп, атамның жұмысын тастап үйге қарай ат басын бұруға тура келді. Сол уақытта көлік тұрағына бір сағат көлемінде мен күзетші болып қалдым. Атам кетпей тұрып, қала шетіндегі көлік тұрағы мүлдем қорқынышты көрінбейтін. Атам кеткен соң, бойымды қорқыныш биледі. Мүмкін, қаншама көліктер тұрған соң жауапкершілікті сезінген болармын. Дегенмен, менің екі күзетші серігім бары есіме түскенде, көңілім орнына түсті. Ашық тұрған қақпаның ар жағынан бөгде біреуді көрсе шәуілдей кететін екі қанден әжеутәуір күзетшіге демеу екен. Ерсілі – қарсылы кірген-шыққан жүргізушіден ақысын алып, кесте сызбаланған журналға көлік нөмірі мен уақытын шимақтап, жазып отырдым. Тұрақтың бір жағы бесқабатты үй болса, ар жағы ми далаға жалғасып, он шақырымнан кейін әуежай аумағына түйісетін. Осы бір ми далада Кеңес үкіметі ыдыраған соң, қаңырап қалған екі қабатты, бір қабатты үйлер орналасқан. Сол жақта нашақорлары бар, тіпті ересектер жиналып тұратын. Міне, маған тұрақтың ешкім мекен етпейтін, бос үйлері бар жағы қауіпті болды. Ол кезде бейнебақылау камерасы қазіргідей жыпырлай орнатылмаған шақ. Үй ауласындағы көліктердің магнитофоны мен дөңгелектері ұрланып жататын шақ. Содан ба екен, көлік тұрағында әсіресе, кешқұрым ине шаншар орын болмайтын. Күзетші ретінде атамның үдесінен шыққан мен кейбір шақта атамды түнгі уақытта алмастыратын болдым. Оған менің, түні бойы ұйықтамай теледидардан футбол көріп, үйдегілердің мазасын алатыным себеп болған сияқты. Екі-үш рет көлік тұрағына күзетші болған соң бойым үйреніп қалғандай еді. Бір күні түнгі бір де мен тұрақтағы көліктің дабылқаққышы ойнамаса бар ма? Жарығы жанып өшкен техниканың дауысының жер жармасы бар ма? Үйдегі іргесіндегі бес қабатты үйдің тұрғындары балконнан шығып, кейбірі тұраққа келіп, дабылққақышты өшіруді сұрады. Тіпті, біреулері көлігімді соғып кетті ме деп ұйқылы-ояу күйде жетіп келді. Әлгі шиқылдаған көліктің дауысы өшетін емес, тым-тырыс қап-қараңғы болып тұрған үй терезесінің барлығы жыпырлай жана бастады. Тұрғындардың мазасын алған бұл шу дауға ұласып, бастықтың да құлағына жетті. Ал, дабылқаққышы ойнаған көлік иесіне қоңырау шалғаныммен, ол алыстан келгендіктен бір сағат бойы көлік дауысы жер-жаһанға айғайлап тұрды. Учаскелік полиция да тұраққа келіп, мені тергеудің астына алды. Әйтеуір, көлік иесі келіп, ақырған темір тұлпарын тыныштыққа шақырды. Ал, мектеп оқушысының түнгі уақытта күзетші болып қызмет еткені заңға қайшы болып, содан бастап, күзетшілік қызметтен қол үздім. Ал. мында ше? Бұл жер мүлде бөлек. Бұл жерде ешқандай ағаттыққа мүлде жол жоқ. Себебі сенің мойныңда қарауылдық қызметтің міндетінен бөлек, қоршау сыртындағы қала тұрғындарының бейбіт өміріне деген жауаптылық та бар.
– Яғни, мұнара сақшысы болу күрделі қызмет болғаны ғой?
– Әрине, мен Павлодар қаласындағы ықшам аудан қалқасында орналасқан көлік тұрағы үшін ғана жауап беретінмін. Ал, бұл жерде төрт жүзге жуық қылмыскер бар. Сотталғандар жасаған қылмыстарының жазасын алып, түрмеге тоғытылды делік. Алайда қапасқа қамалып, қоғамнан оқушауланды дегенімен, шын мәнінде, түзеу мекемесі де қаланың ішінде орналасқан. Яғни, сотталушыларды қоғаммен қайта қауыштыруға айналдырған бір шеңгелді қабырға мен он метрлік жер ғана бөліп тұр. Қылмыскер сытылып шықса болғаны жайма-шуақ күн кешіп, бейбіт өмір сүрген қала тұрғындарына қауіп төнеді. Сайып келгенде, қылмыскерді ішкі жау деп санаса да болады. Сондықтан, біздің міндетті – қанқұйлы қылмыскер мен бейбіт халық арасындағы шекара сақшылары деп айтса та болады. Ұлттық ұлан сапындағы сарбаз ішкі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етуде аянбай еңбек етеді. Ішкі тұрақтылықтың өзі тарам-тарам салаға бөлінеді екен. Мысалы, менің қаруласым, қала тыныштығын күзететін жауынгерлік жасақ қатарында. Ол қала көшелерін бақылауға алып, тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етеді. Ал, мен үшін түзеу мекемесіндегі қарауылдық қызметтің маңызы бөлек. Өйткені, қылмыскерлердің қамалатын темір торды торуылдау мен үшін мақтан тұтарлық қызмет. Ертең әскерден кейін елдімекенге қайтқанда, біреу-міреу не бітірдің деп сұраса да, ауызыңды толтырып «Түзеу мекемесінде қарауылдық қызметте болдым. Қолыма қару ұстап, мұнарадан қадағаладым.» деп шімірікпей айта аласың.
– Бейбіт халықтың тыныштығын күзету қаншалықты құрметке лайық?
– Басқасын қайдам, мен үшін, құрметі бөлек, мәртебесі биік. Себебі сенің мойныңда аса үлкен жауапкершілік тұр. Жалпы, өзіңе жүктелген салмағы басым, маңызды тапсырмасы бар кез келген қызмет мен үшін мәртебелі болып саналады. Өйткені, мен қатаң түрдегі колониядан қарумен қашқан жиырма бір тұтқынға тосқауыл болған Ербол Отарбаевты үлгі тұтамын. Қарауылдағы қағілез сақшылар үшін қырандай қырағы азаматтың жауынгерлік шеберлігі – асқан ерлікке пара-пар. Ол 2010 жылы 22 маусымында Ақтау қаласындағы түзеу колониясына қарауыл ретінде әскерге шақырылып, өлшеусіз батылдыққа барды. Мен де, түрме тыныштығынын күзетуде жүрекжұтқан батылдық танытып, абыройлы қызмет еткім келеді.
Өскемендегі №17 түзеу мекемесінде тоғыз жүзге жуық сотталушы бар. Әскери бөлімдегі басқарма офицерлері қарауылдар бойынша кезекші боп тағайындалады. Әскери қызметшілер тәулік бойы, кірпік қақпай, түзеу мекемесіндегі қызметтің жоғары деңгейде орындалуын назарында ұстайды. Мұндағы тәртіптің сақталуы, бақылау-өткізу пунктеріндегі тексеру міндетін және сотталушылардың қашып кетпеуі басты назарда. Сақшылар қызметін ауысым бойынша қабылдайды. Әр ауысымдағы әскери қызметшіге қойылар талап жоғары. Себебі қарауыл сақшысының бойынан табылуы тиіс жауынгерлік қасиеттерге мұқият дағдылану қажет. Ішкі байланыс құралдары арқылы жауынгерлердің жай-күйін , белгіленген аумақтағы ахуалды біліп отырамыз. Одан қалса, қарауыл қызметі толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықтылған.
Сарбаздардың қызметке деген қызығушылығын оятып, жүктелген міндетті тез игеру жолында барлық жағдай жасалған. . Отан алдындағы борышын атқарып жатқан алты сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметін әрімен қарай өткеруге бел шешсе, екі сарбаз Павлодар қаласындағы Ұлттық ұлан әскеи институтына оқуға тапсырмақ. Міне, осыдан да сарбаздардың әскерге деген, әсіресе, Ұлттық ұлан сапындағы қарауылдық қызметке деген құлшынысын байқауға болады.
Мерзімді әскери қызметшілер кезектесіп жауынгерлік бекеттерге жеке-жеке аттануда. Ұлттық ұланның сапындағы сарбаз Жанат Ерәділ де тағы да қызметтік міндетіне кіріскелі тұр. Нағыз мұнара сақшысына тән қасиеттер жауынгер бойынан менмұндалап тұрғандай.
Рүстем Мұхаметрақым
Өскемен қаласы
