ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНЕН БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ФУНЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
КАСЫМОВА НУРГУЛ КАБЕНОВНА
Бастауыш сынып мұғалімі
Астана қаласы әкімдігінің
«№ 60 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК
Қазіргі заман талабы білім беру жүйесін жаңартуды, оқушылардың өмірлік дағдыларын дамытуды қажет етеді. Білім берудің басты мақсаты – оқушыны тек біліммен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге оны күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету. Осыған орай, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – білім беру жүйесінің маңызды міндетіне айналды. Бастауыш сынып – оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуының негізі қаланатын кезең. Бұл кезеңде баланың оқу мен жазуға деген қызығушылығы артып, қоршаған әлемді танып-білуге ұмтылысы жоғары болады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, мұғалімдер оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған әдістерді қолдануы керек. Әсіресе, қазақ тілі сабағы оқушылардың тілдік құзыреттілігін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуге және түрлі мәселелерді шешу дағдыларын жетілдіруге зор ықпал етеді. Функционалдық сауаттылық – оқушының алған білімін өмірдің әртүрлі жағдайында тиімді қолдану қабілеті. Ол баланың ойлау, сөйлеу, тыңдау және жазу дағдыларын дамытып қана қоймай, ақпаратты саралау, дұрыс шешім қабылдау сияқты маңызды қабілеттерін жетілдіреді. Сондықтан бастауыш сыныпта функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – келешек ұрпақтың білімді әрі бәсекеге қабілетті болуына негіз болады
Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?
Функционалдық сауаттылық – оқушылардың алған білімдерін өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларда тиімді қолдана білуі.
Бұл оқушылардың:
– ақпаратты түсіну және оны өңдей білу қабілетін;
– шешім қабылдай білуін;
– өз ойын ауызша және жазбаша сауатты жеткізуін;
– күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешу қабілетін қамтиды. Бұл дағды оқушылардың тілдік құзыреттілігін, логикалық ойлау қабілетін және коммуникативтік шеберлігін дамытуға көмектеседі. Қазақ тілі сабағында бұл сауаттылықты дамыту оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың сөздік қорын байытуға және жазбаша, ауызша тіл мәдениетін жетілдіруге ықпал етеді.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың негізгі қағидаттары: 1. Тіл үйренуге қызығушылықты арттыру. 2. Өмірмен байланысты тапсырмалар беру. 3. Ойын және шығармашылық әдістерді пайдалану. 4. Теорияны тәжірибемен ұштастыру
Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың жолдары 1.Тілдік тапсырмаларды өмірмен байланыстыру. Сабақта оқушыларға күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарды ұсыну тиімді. Мысалы, дүкенде зат сатып алу, жолда жүру ережелері туралы әңгіме құрастыру, отбасы мүшелеріне хат жазу сияқты тапсырмалар арқылы балалардың тілдік сауаттылығы артады. 2. Ойын технологияларын қолдану. Бастауыш сынып оқушылары ойын арқылы оңай әрі жылдам білім алады. Тіл үйренуге арналған сөздік ойындар, мысалы, «Сөз құрастыру», «Кім көп біледі?» секілді тапсырмалар оқушылардың сөздік қорын байытуға көмектеседі. 3. Шығармашылық тапсырмалар беру. Әңгіме жазу, ертегіні жалғастыру, сурет бойынша мәтін құрау сияқты тапсырмалар оқушылардың қиялын дамытып, өз ойын жүйелі жеткізуге үйретеді. Бұл тапсырмалар тілдік және жазбаша сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді.
4. Диалог пен пікірталас ұйымдастыру. Сабақта оқушыларды өзара сөйлесуге, пікір алмасуға үйрету олардың коммуникативтік дағдыларын жақсартады. Мысалы, «Сенің сүйікті кітабың қандай?» немесе «Қала мен ауылдың айырмашылығы» тақырыбында диалог құру арқылы балалардың еркін сөйлеуіне мүмкіндік беріледі.
5. Ақпараттық технологияларды пайдалану. Қазіргі заманғы оқыту үдерісінде интерактивті тақта, бейнематериалдар және онлайн ресурстарды қолдану оқушылардың қызығушылығын арттырады. Мысалы, тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетіп, кейін сол бойынша сұрақтарға жауап беру оқушылардың есте сақтау қабілетін жақсартады.
Сабақ барысында қолдануға болатын тиімді әдіс-тәсілдер:
1. Өмірлік жағдаяттарға негізделген тапсырмалар. Оқушылардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешу қабілетін дамыту үшін нақты мысалдарға негізделген тапсырмалар ұсынуға болады: «Саяхатқа бару үшін қандай заттар алу керек?», «Дүкенде қажетті заттарды сатып алу» диалогын құрастыру., «Мектепте жоғалған затты табу үшін хабарландыру жазу».
2. Жобалық жұмыстар. Жобалық оқыту әдісі – функционалдық сауаттылықты дамытуда өте тиімді тәсіл. Мысалы: «Менің отбасым» тақырыбында шағын альбом дайындау, «Табиғатты қорғау» туралы постер жасау., «Менің арманым» тақырыбында әңгіме немесе сурет дайындау.
3. Логикалық және танымдық тапсырмалар. Логикалық тапсырмалар оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытады. Мысалы: Сурет бойынша мәтін құрау, ребустар мен сөзжұмбақ шешу, Ертегінің мазмұнын өзгертіп, жаңа нұсқа құрастыру.
4. Ойын арқылы оқыту. Бастауыш сынып оқушылары ойын арқылы тез және жеңіл үйренеді. Мысалы: «Кім жылдам?» ойыны (берілген тақырып бойынша сөздер айту), «Жоғалған сөзді тап» (мәтіннен дұрыс сөзді табу), «Сөйлемді аяқта» (бастапқы сөздер беріліп, сөйлемді жалғастыру), т.б.
Қазақ тілі сабағында функционалдық сауаттылықты дамыту оқушылардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бұл үдеріс оларды тек оқу материалын меңгеріп қана қоймай, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйретеді. Мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі, оқытудың жаңа әдістерін қолдануы – білім сапасын арттырудың маңызды шарты. Оқушыларға нақты жағдайлардан шешім табуды үйрету арқылы біз олардың қоғамда белсенді, білімді әрі бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жағдай жасаймыз.
