Әскери қызметші – Мадина Бактыбаева

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде жүрек жұтқан жауынгерлермен иін тіресе, ителгідей жұтынған нәзікжандыларды ине-жіпке тізсек, отызға жуық қыз-келіншек қалтқысыз қызмет етеді.

Арнайы жауынгерлік дайындықтан мұқалмай өтіп, өзіне артылған жауапкершілік жүгін көтере білген әйел әскери қызметшінің бірі – Мадина Бактыбаева. Әскери бөлім штабының аға маманы сержант Мадина Дәулетқанқызын әскери сала оқушы шағынан қызықтырса керек. Ел қорғап, халқынының тыныштығын күзетуді саналы ғұмырының алғышартына айналдырған жауынгердің әскери салаға деген құрметі бөлек.
– Менің атам Зәкәрия Белібаев Ұлы Отан соғысының ардагері. 1940 жылдың мамырына дейін Киев әскери округінің 30-атқыштар полкінде әскери борышын өтеді. Көнекөздің қанмайдандағы ерлікке толы оқиғалары қыз болсам да, мені еліктіре түсетін. Бала кезде құрбыларым қуыршақпен ойнаса, мен құлыншақпен ойнайтынмын. Ер балалармен қылыштасып, әлі күштіге дес бермейтінмін. Менің өжет мінезімді байқаған әкем, мені бокс үйірмесіне қатыстырды. Мен мұнда спорттық қабілеттерімді одан сайын шыңдай түстім. Қыз болсам да, қара жұдырық қауқарлы болған соң Отанымды қорғағым келді. Сондықтан болар, өзімнің болашағымды әскери саламен сабақтастырдым. Отбасым алғашында қарсылық танытқанымен, менің бұл шешімімді саналы түрде қабылдағаныма толықтай көз жеткізген соң, жолыма тұрмады. Керісінше ақжол тіледі. Өз ісіңнің сүйікті маманы болу – бұл баянды бақыттың белгісі, – дейді 6699 әскери бөлімі штабының аға маманы сержант Мадина Бақтыбаева.
Мадина Бактыбаева Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылының тумасы. Дәулетқан мен Ақжарқынның шаңырағындағы тұңғыш перзент. Ұлы Отан соғысы ардагерінен тағылымға толы тәрбие алған Мадинаның алға қойған арманы асқақ, мақсаты айқын. Жауынгер 2001 жылдың ақпан айында Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінен әскери қызмет жолын бастапты. 2013 жылы 6699 әскери бөлімінің басшылығы Мадинаның жауаптылық қабілетін жете бағалап, тыл қызметінің маманы лауазымына тағайындаған. 2017-2020 жылдары бөлініс бастығы қызметін атқарған. Қазіргі таңда дейін әскери бөлім штабының аға маманы лауазымында лайықты еңбек етіп келеді. Саптық бөлімнің құжаттамаларын жетік меңгерген ол бүгінле өз ісінің үздік маманына айналып отыр.
Мадина Дәулетханқызы өмірлік серігін де Ұлттық ұлан сапынан тауыпты. Әскери қызметші Оралбек Сеидқазыұлымен 2021 жылы отау құрып, бүгінде үш қыз тәрбиелеп отыр. Еске салайық, әйел әскери қызметшінің балалары да алдағы уақытта әскери салада тынбай қызмет етуге дайын. Қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүктің ерлігінен сусындаған жас өрімдер үшін қайсарлық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсету айнымас парыздарына айналғандай.

Капитан Нұрбек Жукубаев
6699 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше