«ТӘУ ЕТІП СҮЙГЕН БАЙРАҒЫМ, ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘУ ТАҒЗЫМ!



Қанша ақын болсын, қаншама төл перзент болсын – Тәуелсіздік ұғымы әсте қайсымызға да аса бек қымбат екені жүмле жұртқа аян.
Семей қаласының озық та мақтануға тұрарлық Оқу ордаларының бірі – «Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 Гимназияда» бір жап-жарық кеш болды десек еш асылық айтқандық емес.
Олай деуіміздің жарқын себебі, осы аталмыш гимназияның мақтаныш түлегі, әдебиет майданына өзіндік ерек стилімен келген ақын, аудармашы, жас ғалым – Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев таяу арада тарихи есімді жамылған, ескінің көзіндей сақталған, Семейдің көне кітап баспа үйі – «Жәрдем» баспасынан жарық көрген “Тәңірмен тілдесу” әлем әдебиеті аудармалары өлең кітабымен жырсүйер көпшілікпен, талапкер оқушы, ұлағат ұстаз қауымды бір реттен таныс ете келіп және орайы Тәуелсіздік мерекесі күніне тұспа-тұс келіп қалған ұлық күнге арнайы ұйымдастырылып, ақын қонақ ретінде шақырылып, өзінің жүрекжарды ақжарма жырларымен екінші үйі атанған оқу ордасын жыр жаңалығы мен рухани өрісті ойлар легін ағылтып тамсағаны рухымызды серпілтті де.
Кеш барысында оқушылар кезек-кезегімен ақынның алғадай жырларын жосылта жатқа мәнермен оқып, алма-кезек түлек ақын жайындағы өз көкейлеріндегі сәулелі сұрақтарына тұшымды жауаптарын ала алды.
Ақынның мектептегі бозбала шақтағы қызықтарын әдебиет пәні мұғалімі Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы жіпке тізгендей мөлдіретіп тұрып аңыз – афсана кейіпкері еткендей әсерлі әңгіме әуезінде толғамды ойын ақтара, әрі талантты шәкіртімен мақтана айтып берді.
Оқушылар, ақынға алғыстарын білдіріп, кеш соңында әдеттегі “Кеш қонағымен” естелік рәсімге түсіп, ұстаздары тарапынан ақындық ақ жолына сәт сапар тілек іспетті “Былғары күнделік”, “Әртістік қырлы” үлкендеу қалыптағы фотосуретті сыйға тартып, ақынның тебіреністі “Тәуелсіздік” және де Әлем әдебиеті аудармалары жинағының басты бетіндегі түркі тілдес Әзірбайжан халқының ақыны Аббас Сәххаттан бір үзік жыр – “Отан” тақырыбындағы толғау – жырымен… сондай рухты да тамаша салмақты арнада есте қаларлықтай аяқталды.
“Тәуелсіздік” “Тумасынан” – ”Тұлғасына” айналған, ойы тұлпардай жүйрік, сойы елге таныла бастаған ақынның тек қана алға ұмтылып, келешекке еңбек етіп, шығармашылық бөлек әлемімен бүткіл алашты қуантқаны біздерге үлкен мәртебе, бүтін бақыт риясындай болып көрінеді.
Айтпақшы, “Тәңірмен тілдесу” әлем әдебиеті аудармалары жыр жинағы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ұсынылған көркем әдеби туынды. Ол туындысын да Автор ақын гимназияның өзі жақсы көрген кітапхана сөресіне қолтаңбасымен сыйлады.
Ақынға тек өлең мен өнер жолы жарық болсын демекпіз!
Руслан Кәріпбаев
Абай облысы, Семей қаласы
Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 Гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
