Кітапхана ісі мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері
Қазақ ұлттық қыздар
педагогикалық университеті,
Ақпараттық технологиялар және
кітапхана ісі кафедрасы
п.ғ.к., Г.И. Нұржанова,
аға оқытушы Ш.М.Усенбавеа,
оқытушы А.Бектемір.

Қазақстандық кітапханалар бүгінгі таңда – пайдаланушыларға тегін кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсететін, пайдаланушылардың ақпаратқа еркін жəне шектеусіз қол жеткізуін қамтамасыз ететін елдегі көптеген мəдениет мекемелерінің бірі.
Қазіргі заманауи кітапханалардың функциялары – ақпараттық, ғылыми жəне білім беру қызметтері болып өзгеріп, жұмыстың əртүрлі инновациялық нысандары мен əдістерін пайдаланылуда. Бұл кітапханалардың жұмысына жоғары білікті мамандарды тартуды талап етеді. Бүгінгі күні кәсіби шеберлік, кәсіби құндылық – кез-келген маманның қоғамдағы сұранысы мен орнын анықтайтын басты принцип. Әсіресе, кітапхана саласы ақпараттық және білім орталығы ретінде ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте жоғарғы ақпаратты біліммен қаруланған өз ісінің шебері болуы керек.
Қазіргі көпшілік кітапханалар жүйесінің алдында саланы дамыту міндеттерін шешуге, кітапханаларды дамудың маңызды стратегиялық бағыттарын ұстануға, кітапхана қызметін ресурстық қор, қаржылық және техникалық қамтамасыз ету, олардың ақпараттық және білім беру әлеуетін арттыру бойынша маңызды міндеттер тұр.
Сондықтан республиканың кітапхана саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін зерттеу өзекті болып табылады. Еліміздің жекеленген аймақтарында, жалпы Қазақстан кітапханаларында жоғары кітапханалық білімі бар мамандарының тапшылығы байқалуда, бұл –мамандықтың беделінің төмендеуі және жастардың кітапханаларда жұмыс істеуді қаламауының салдары екені белгілі.
Кітапханаларды білімді, білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу- бірінші кезекте «Кітапхана ісі» саласының мамандарын даярлауды жүзеге асыратын оқу орындарының қызметіне тікелей тәуелді.
Қазіргі уақытта республикада 9 жоғары және 13 арнаулы оқу орындары жұмыс істейді, оларда «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім беріледі.
Өздерінің білесіздер, 2019-2020 жылы студенттерді қабылдаудың ерекшелігі-білім беру гранттары жеке мамандық бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүргізіледі.
Ағымдағы оқу жылында «Кітапхана ісі» мамандығына бөлінген мемлекеттік гранттардың саны азайып, қашықтықтан оқитын бөлімдер жабылып студенттер саны айтарлықтай азайып кетті.
Кітапханаларды мамандамен қамтамасыз етудің көкейкесті мәселелерінің бірі-түлектерді жұмысқа орналастыру болып табылады. Бітірген түлектердің 80% пайызы жұмысқа орналысып жатыр.
Қазақстанның инновациялық болашағы еңбек ресурстарының сапасына тікелей байланысты болғандықтан түбегейлі жаңа әдіс және технология қажеттілігі анық.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі екенін білеміз. Мамандарды даярлау жүйесінде оқытудың дуалдық жүйесін енгізу барысында «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша жоғары кәсіби мамандарды даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында келісім-шарт жасалған.
Сонымен қатар, «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алушылар өндірістік және дипломалды тәжірибеден өтеді.
Дуалды оқыту жүйесі келешекте маманның болашақ кәсібі бойынша жұмыс орынын табу мәселесін, оқуға да, ынтасына да тікелей әсер етеді. Олардың оқу барысында өзіндік көзқарасы қалыптасып, мамандық бойынша қызыға ізденеді. Өндірістік ұжымдағы қарым-қатынасқа ерте бейімделіп, әлеуметтік ортаға үйренеді, дуалды оқыту жүйесі арқылы ересек өмірге өтуге бейімделуі жеңіл болады. Соған орай еңбек нарығында сұраныс болса, жаңа бітірген жас маманның жұмысқа тез-ақ орналастынын ерекше атап өтер едім.
Қазіргі білім беру бағдарламаларына сәйкес, кәсіби деңгейді тұрақты көтеруді қажет ететін мамандарға міндетті түрде ғылыми зерттеулер жүргізіп отыру қажет, өйткені кітапханалық ортада мамандықтың құндылығын мойындамау, қызмет көрсету деңгейіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеу сияқты келеңсіз жағдайлар белең алып келеді. Күні бүгінге дейін кітапханашы еңбегі қоғамдағы жалақысы аз төленетін мамандық болып келеді. Осыған қарамастан қоғам өзгерісінде кітапхана рухани орталық ретіндегі статусын жоғалтпай келе жатқаны көңіл қуантады, ал кітапханашы мен оқырман арасындағы қарым – қатынасының проблемаларын жою, кітапханашының кәсіби деңгейін көтеріп, дамытып отыру кітапханалардағы әдістемелік орталықтардың міндеті. Кітапханашылар үшін ең маңыздысы – жеке тұлғалық коммуникативті қасиет, оқырмандармен қарым – қатынас жасай білу болып табылады.
Қазақстанда жоғары білімді кітапханашыларды дайындайтын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Кітапханатану және библиография кафедрасында мамандар даярлау 1956 жылдан басталады, бастапқы кезде филология факультетінің құрамында кітапхана бөлімі ашылып, ол бөлім 1961 жылдың 1 қыркүйегінен жеке кітапхана факультетіне айналды. Білікті де кәсіби кітапхана ісі мамандарын даярлауда білім бұлағымен сусындатып, кітапханатану және библиография мамандығының иелері ретінде үлкен еңбек жолына аттандырған осы мамандықтың ашылғанына 2022 жылы 65 жыл толып отыр. Бұл қазіргі кезде осы мамандыққа деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді.
Қазіргі таңда «Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі» кафедрасында 6В03201 – Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайды. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Күндізгі бөлімге түсетін талапкерлерге мемлекеттік гранттар бөлінеді, ол жыл сайын көбеюде.
6В03201 – Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша бітірушілерге Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша әлеуметтік білім бакалавры академиялық дәрежесі беріледі де, олар республиканың әр түрлі типтегі кітапханаларда жұмыс атқара алады.
Қазіргі кезде Университет басшылығының қолдауымен Кітапханатану және библиография кафедрасы бакалавриатты үздік бітірген түлектерге магистратурада оқуын жалғастыру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Кафедра оқытушылары осы білім беру бағдарламасына сәйкес типтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу құралдарын, монографиялар, ғылыми мақалалар, оқу пәндері бойынша оқу-әдістемелік кешендер шығарып отырады. Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы, кітаптану, кітапханатану мен библиографиятанудың өзекті мәселелерін зерттеуге, кітапхана мамандарын сапалы, уақыт талабына сай, жоғары деңгейде дайындауға бағытталған. Жалпы алғанда барлық зерттеу жұмыстарының ғылыми және тәжірибелік маңызы зор. Кафедра оқытушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері ғылыми еңбектерде, мерзімді басылымдар мен ғылыми жинақтарда жарық көріп отырады, сонымен қатар олар жоғарғы оқу орындарында оқылатын арнайы кәсіби курстарда да белсенді түрде қолданылып келеді.
Оқытушылар құрамы республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларға, семинар-тренингтерге, дөңгелек столдарға, мастер класстарға үнемі қатысып, өздері де ұйымдастырып тұрады. Атап айтсақ, «Кітапхана ісі және білім беру: мазмұны, ұйымдастырылуы, цифрландырылуы» атты Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тəжірибелік online конференция 2021 жылдың 23 желтоқсанында өтті. Конференция жұмысына шетелдік және отандық 90-ға жуық ғалымдар, кәсіби кітапхана ісі мамандары қатысты.
ҚР Ұлттық кітапханасында Кітапханатану жəне библиография кафедрасы құрылды. Аталған кафедрада дуалды оқыту туралы келісімшартқа сəйкес ҚР Ұлттық кітапханасы 6В03201 –Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды даярлаудың практикалық орталығы ретінде құрылды. Білім алушылар теориялық жəне практикалық білімдерін шыңдайды. Оқу бағдарламаларына сəйкес Ұлттық кітапхананың əртүрлі бөлімшелері мен қызметтерінде «Кітапханалық жарнаманың теориясы мен тəжірибесі», «Инновациялық кітапханалық қызмет көрсету, «Кітапханадағы іскерлік қарым-қатынас мəдениеті», «Кітапханалық қызметтің ғылыми зерттеу негіздері», «Электронды кітапханалар жəне ресурстар» жəне басқа да оқу пəндері бойынша сабақтар өткізіледі. 6В03201 – «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша дуалды оқыту жүйесі теориялық оқытумен бір мезгілде кəсіби дағдыларды меңгеруге назар аудара отырып, қазіргі заманғы талаптарды ескеріп, ақпараттық-кітапхана ісінің мамандарын даярлауға өз үлесін қосады. Ғылым мен білімнің бұлағы кітап атаулының шоғырланған мекемесі кітапхана ісі еліміздің мəдени саласы ретінде ақпараттық білім беру жəне мəдени ағарту қызметінің жемісі болып табылады. Жаңа мыңжылдықта кітапхана ісі қайта жанданып, мəдени мекемелер арасында жоғары дəрежеге ие болып, мəртебесі биіктей түсуде.
Қазіргі таңда бұл оқу орнын бітірген мыңдаған жоғары білімді кітапханашылар қоғамымыздың түрлі саласындағы кітапханаларында үлгілі қызмет атқаруда.
Қазақстан Республикаларының кітапханаларын кәсіби мамандармен қамтамсыз ету үшін «Кітапхана ісі» мамандығына мемелекеттік гранттар саны жылдан-жылға артып келеді.
