Жаңа сабақтар

Нұртас Адайхан: «ҰСТАЗ ҰСТАНЫМЫ – ҮЗДІКСІЗ ОҚУ»

Нұртас Адайхан Астана қаласының физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебін әртүрлілік құндылықтарына арналған шотландтық Глазгодағы ECER білім беру зерттеушілерінің беделді еуропалық конференциясында таныстырды.

Биыл Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің ашылғанына 15 жыл толады. Осы орайда аталған білім ордасында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар жайлы баяндап, талантты мұғалімдермен таныстыруды жөн көрдік.
Елорда төрінде осыдан 15 жыл бұрын есік ашқан жаңашыл мектепте табиғи дарынын, ізгілікті ізденісі мен ерен еңбегін ұштастыра білген ұстаздар қатарында физика пәнінің мұғалімі Нұртас Адайхан да бар.
Білікті ұстаз 11-12 сынып оқушыларына физиканы ағылшын тілінде оқытады. «Өзің оқып үйренбесең, өнерге де, даналыққа да қолың жетпейді» деген принципті ұстанатын ұстаз шәкірттерін өздігінен ізденуге үйретеді, оқушылардың саналы түрде білім алуына, сол білімді практикада қолдана білуіне жағдай жасауға ұмтылады.
Білікті маманның оқушылары сыртқы жиынтық бағалау нәтижесі бойынша үнемі жоғары білім сапасын көрсетіп келеді. Талапты жоғары қоя білетін қасиетінің арқасында шәкірттері желілік, республикалық жарыстарда топ жарды.
Жақында білікті ұстаз Шотландияның Глазго қаласында білім беру зерттеулері бойынша өткен ECER-2023 конференциясына қатысты. Қызықты пікір-таластар мен тамаша әріптестік байланыстар орнаған Еуропалық конференциядан ізденімпаз ұстаз көптеген тың идеялармен оралды.
Алтай аймағында дүниеге келген зерек бала жаратылыстану бағытындағы пәндерді, әсіресе математика мен физика пәндерін ерекше сүйіп оқитын. Бірнеше тілде еркін сөйлейтін адамдарға сүйсіне қарап, «мен де сондай болсам ғой» деп армандайтын кездерін қазір жымия еске алады.
Ауыл баласының алғыр, арманшыл болып өсуіне әдебиетке деген құмарлық әсер етсе керек. Кішкентайынан көп оқитын Нұртас Қазақ Ұлттық Университетіне физика мамандығы бойынша оқуға түседі. Қазақ ғалымдарынан, профессорларынан білім алған талапты жас оқуын қызыл дипломмен аяқтап, магистратураға қабылданады.
Университет қабырғасында кейбір қиналған курстастары Нұртастың қиын тақырыптарды оңай түсіндіретінін айтса, Нұртастың өзі де үйретуге икемі бар екенін, өзіне сабақ үйретудің өте ұнайтынын байқайды. Осылайша ұстаздық жолды таңдаған жас маман магистратураны аяқтаған жылы О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Беделді білім ордасында ұлағатты ұстаздардан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алған жас маман ұстаздық «ұстаханада» шыңдалуға үлкен мүмкіндік алады.
Жаңаға жаны құмар жас елімізде дарынды балаларға есігін айқара ашқан жаратылыстану бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысады. Ізденіс өрісі кеңейген маман физика пәні бойынша «кіріктірілген білім беру бағдарламасын» (қазіргі NIS programme) құрастыруға қатысады. Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламаларын құрастыруда, бағдарлы пәндердің ағылшын тілінде оқытылу әдістемесін анықтауда өзіндік үлесін қосады.
Ізденуден жалықпайтын мұғалім цифрлық әлемде туып-өскен заманауи мектеп оқушылары сандық дағдылардың кең спектріне ие деп санайды. Сондықтан ол сандық технологияларды жоғары сапалы білім берудің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қарастырады. Балалар мен мұғалімдерге білімді сандық дағдылар арқылы игеруде көмектесетін «NIS online» платформасын қалыптастыру бойынша ізденіп жүрген жұмысшы топ құрамында. Сонымен қатар Нұртас Адайхан «CLIL.KZ — көптілді білім беруге арналған онлайн-платформа» жобасын әзірлеуге де қатысты. Оқушылардың сабақтан тыс шығармашылық дамуына өз үлесін қосуға белсене атсалысатын ұстаздың әріптестерімен бірге құрастырған «NIS Intel Race» зияткерлік ойыны оқушылардың жаратыстану пәндерін оқып-үйренуге деген құлшынысы мен қызығушылығын арттыруда маңызы зор деп айтуға болады.
Үздіксіз оқып, ізденуден жалықпайтын Нұртас Адайхан 2022 жылы Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша British Study Centers білім беру орталығында тағылымдамадан өтіп, Ұлыбританияда төрт ай оқыды. Біліктілікті арттыру бағдарламасы мұғалімдердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, 11 және 12 сыныптарда жаратылыстану ғылымдарын ағылшын тілінде оқытуды жетілдіруге бағытталған болатын.
«Менің ұстанымым – үздіксіз оқу. Басқалардың артықшылығынан үлгі алуға, жаңаны оқып үйренуге әрқашан дайынмын. Білгенімді, жинаған іс-тәжірибемді әріптестермен әрқашан қуана бөлісемін», – дейді ізденімпаз ұстаз.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.