Жаңа сабақтар

Қазіргі қоғам және қыз тәрбиесі

Камшыбаева Әлия Умбеталиевна
«Жан-Нұр» жалпы орта білім беретін мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген.

Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз – ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болатыны табиғат жолынан белгілі. Әйел шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы тұрмыстың сәні мен салтанаты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетсе, дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді.
Қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ, тәуелсіз еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Сондықтан уақыт талабына сай өмір сүру үшін заман адамдардан жеке тұлғалық фактор талап ететін сияқты. Ұлттық сана сезімге сіңіп, тегімізден келе жатқан адами қасиеттерді жойып алмауымыз керек. Осы орайда сүйікті жар, ардақты ана, қыз баланың орны ерекше. Әйел қандай биік дәрежелі жұмыс істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті – өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу.
Қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана ғана емес, радио мен теледидар, газет-журналдар, кітаптар мен кинолар, кафелер мен дискотекалар әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымды және жағымсыз жақтары толып жатыр. Ата-аналар күнұзақ жұмыста болғандықтан бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.Адамға деген мейірім бала кезден ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, бауырларын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Қазіргі қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Салт-дәстүрімізге жат қылықтарға бейімделіп барады. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады.
Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда сол ұлтымыздың діні, тілі, тарихы, салт-санасы ойымызға оралады. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы қыз баланы отбасынан бастап (бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп отыруымыз керек.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.